ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ БАҒАЛАУЫШТЫҚ ҚЫЗМЕТІ

 

Сарекенова Қ.Қ.

Филология ғылымдарының кандидаты,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті қазақ тіл білімі кафедрасының

доценті, Астана, ҚАЗАҚСТАН

 

Фразеологиялық тұлғалардың эмоционалдылығы дегеніміз ­­– бұл олардың түрлі сезімдерді, эмоцияларды білдіру мүмкіндігі. Прагматикалық функцияларды білдіретін тілдік амалдарға экспрессивтілік пен бағалауыштықпен сипатталатын фразеологиялық тұлғаларды жатқызуға болады. Сондықтан оларды жоғарғы ақпараттылық пен эмоционалдылық реңкті білдіретін мазмұны бай, тұлғасы ықшам құралдар болып табылатындығы фразеологизмдердің эмоционалдылығын анықтай түседі.

Фразеологиялық тұлғалар мағынасының эмоционалды компоненті – олардың семантикалық құрылымындағы негізгі коннотациялардың бірі. Образды метафоралық, экпрессивті және стилистикалық мағыналармен қатар бұл коннотация фразеологиялық тұлғалардың стилистикасында маңызды орын алады. Түсіндірме, фразеологиялық сөздіктерде фразеологизмдердің мағыналық құрамының маңызды бөлімі қамтылу керек. Шындығында, бұл мәселе жеріне жеткізіле берілмей жүр. А.И.Молотков «Орыс тілінің фразеологиялық сөздігіне» кіріспе мақаласында: «Сөздікте фразеологизмдердің эмоционалды-экспрессивті бағасы өте шектеулі түрде беріледі... Бұл шектеу әр фразеологизмнің айқын эмоционалды-экспрессивті сипаттамасы туралы айтылған негіз жоқтың қасы және осы қатынаста белгіні қалыптастырудың қиындығымен түсіндіріледі. Әйткенмен де, кейбір фразеологизмдер сөздікте әзіл, мысқыл, тұрпайы, жақтырмау, дөрекі т.б. белгілермен көрсетілген. Мұндай белгілердің қойылуы фразеологизмдердің эмоционалды-экспрессивті реңктері туралы мәселенің шешілуіне практикалық жақтан келуін ғана білдіреді», - деп жазады [1, 18].

Фразеологизмдердің көпшілігі эмоционалды-экспрессивті қасиетке ие. Мұндай эмоционалды-экспрессивті сөздер көбінесе сөздіктерде арнайы белгіленеді. Мысалы,

Отырса опақ, тұрса сопақ. Әзіл. Күн озған сайын Жамалдың отырғаны опақ, тұрғаны сопақ көріне берді [2, 146].

Ернін шүйіру. Менсінбеу.

Оспанның бұны сырттан қыжыртып жүрген қабағын сан естігенде (нұрғаным) түк қымсынбай, ернін шүйіріп «есуас» деп қана қоятын [2, 67].

Атқа жеңіл телпекбай. Келеке.

Нағыз атқа жеңіл Телпекбайдың өзі. Шаршадым, қажыдым дейтін кісің ол емес, тапсырылған істі бас шайқамай атқара береді [2, 29].

Көзің аққыр, көзің ақсын. Қарғ.

Көзің аққыр, көзің ақсын! Ей, Құнанбай, аруақ қане, қарғыс атқыр! – деп Бөжей айқай салып еді [3, 137].

Ауыз ашар. Діни.

Уа, бәрекелді, қатын байғұс ауыз ашарын әзірлеген екен ғой [3, 508].

Міне, сөздіктерде берілген қазақ тіліндегі фразеологизмдердің қатарынан аз да болса осындай эмоционалды-экспрессивті белгілерді іздеп табуға болады. Фразеологиялық сөздіктерде «кейбір фразеологизмдерде» ғана көрсетілуін түсінуге болады. Әйтсе де кез келген стилистикалық классификацияның дәл берілуі оларға қойылатын негізні критерийлер анықталмағандықтан және ол соншалықты мүмкін болмағандықтан қиынға соғады.

«Фразеологизмдер – күрделі лингвистикалық бірліктер. Олардың күрделілігі тек құрылымдық түрлері мен синтаксистік модельдердің көпшілігімен ғана емес, сонымен қатар тематикалық және семантикалық көп жақтылығымен, сондай-ақ ойдың түрлі эмоционалды-экспрессивті реңктерін бейнелеу мүмкіндігімен түсініріледі», - деп академик Ә.Т.Қайдардың айтқанындай [4, 202] ғалымдардың барлығы фразеологизмдердің эмоционалды-экспрессивті реңкін мойындайды.

Эмоциялар физиологиясы саласындағы соңғы ғылыми деректер адам организмінде физиологиялық қозғалыстар эмоциямен қатар жүретінін көрсетіп отыр. «Организмдегі кез келген эмоционалды реакция симпатиялық және парасимпатиялық әсерлердің бірлесіп әрекет етуімен ерекшеленетіні айқын. Мысалы, адам мұңайғанда жүрек қан тамырлар жүйесінің қозғалыстарының жұмысы өзгереді де, қуанғанда тыныс алуы өзгереді» [5, 73-74]. Мұндай физиологиялық қозғалыстардың тілдегі ФТ-мен көрінуі мынадай болар еді. Қаны қайнау, қаны басына шабу//тебу – қатты уайымдау, қайғыру салдарынан қан қысымының көтерілуі; бір ысып, бір суу – қатты әсерлену жағдайымен байланысты дене температурасының өзгеруі; жүрегі жарылу – стресс алған жағдайда жүрек қағысының жиіленуі т.с.с. А.М.Эмированың айтуынша, адам эмоциясы саласымен байланысты тілдік бірліктерді лингвистикалық талдау психологиялық ұғымдар шкаласын, мысалы, психологияның өзінде жоқ «эмоционалды жағдай» ұғымын, неғұрлым дәл анықтайды [6, 70].

Сонымен, фразеологиялық тіркестердің ерекше бір қасиеті – оның эмоционалдылығы. Тілде тек номинативті функцияны ғана атқаратын жеке сөздерден айырмашылығы фразеологизмдер тілде де, сөйлеуде де эмоционалды тәсіл ретінде жұмсалады. «Фразеологизмы... рождаются в языке не для того, чтобы называть какие-либо появившиеся предметы и явления, а для того, чтобы через образное представление характеризовать уже названное слово, понятие, характеризовать его, выражая отношение к нему, оценку его с точки зрения той социальной среды, в речи которой употребляется данная фразеология. То есть фразеологизмы удовлетворяют потребность носителей языка в выразительности» [7, 81].

Айтушының эмоционалды-бағалауыштық қатысы импликативті түрде бейнелі фразеологиялық тұлғамен байланысты. Сөзіміз дәлелді болу үшін, мынадай мысалдар келтіруге болады: ақымақ – тек рационалды баға, есек – рационалды және эмоционалды, су ми – рационалды және эмоционалды; ары қарай осылай салыстырар болсақ, онда, босқа (іссіз) жүру мен екі қолы алдына сыймау, шошқа тағалау; өсектеу мен ағаш атқа мінгізу; жазалау мен сазайын беру, ит терісін басына қаптау; алдау мен мұзға отырғызып кету; ашулану мен зәрін шашу т.с.с. мысалдар жай сөз бен фразеологизм арасындағы айырмашылық айқын екенін көрсетеді. Жай сөз көзқарастың рационалды бағасын ғана білдірсе, ал ФТ рационалды бағамен қоса сөйлеушінің айтып тұрған оқиғасына деген сезімін қоса білдіреді. Бұл сезім осы тіркесті таңдауымен жүзеге асырылып тұр. Екі қолың алдыңа сыймай бос отырғанша, өнерге үйренсең етті (Т.Ахтанов, Шырағың сөнбесін), (жай ғана бос отырған жоқ, не істерін білмей отыр, бұл жерде мысқылмен айтылып тұр); Сенің адал яки күнәлі екеніңді анықтап жатар кім бар? Ағаш атқа мінгізеді де жібереді, сонан соң арыңды арашалап көр (М.Сқақбаев, Пенде ғұмыр), (ол туралы жәй ғана айтып қоймайды, өсектейді, сонымен қатар жек көріп, болмағанды болғандай етіп айтады). Құрман оны берген жоқ, сұрайын деген Жақсылыққа тағы да бұрынғыша зәрін шашып, маңына дарытпаған (М.Әуезов, Шығ.), (тек қана ашуландырмайды, сары уайымға салдырады, сондай-ақ жақтырмайды). Сол жылы Нұртаза болыстың ит терісін басына қаптағаныңыз әлі есімде (Т.Әлімқұлов, Кертолғау), (тек жазалап қана қоймай, сазайын беріп, наразылық білдіру). Келтірілген мысалдардан ФТ өзімен қоса мәтін мен рационалды бағаны толықтырып тұрған қатынас-сезімді әкелетінін көреміз. Осы «қосымша» эмоционалды-бағалауыштық модусты В.Н.Телия «эмотивтілік» деп атайды [8, 203]. Сонымен рационалды бағалау мен эмоционалды қатынас табиғатындағы айырмашылық мынада: біріншісі «дүние суретінің» бағалауыштық реңкімен, екіншісі психоэмоционалды «жан жағдайымен» сәйкес келеді.

Сөздер тәрізді ФТ-ның да экспрессивті реңкті мағынасы контексте сезім-жайды, немесе қатынас-сезімді, немесе екеуін де білдіретін мынадай предикаттарды көрсетуге болады. Мысалы: Намыссызсың ғой, сен, – деді Х наразылықпен және жаратпай, мұнда бірінші предикат осы жағдай үшін өзекті болып тұрған сезім жайды білдіріп тұрса, екіншісі қатынас сезімді айқындап тұр. ФТ-да осылай көрсетуге болады, мысалы: Осыда әкесінің басы қалды ма екен, – деді Х ашумен (немесе кейіп) және ұнатпай; Ол оның ит терісін басына қаптады, – деді Х ризашылықпен (немесе қуанып) және мақұлдап; Отырып алып, көршісін ағаш атқа мінгізіп жіберді, – деді Х ашумен (немесе наразылықпен) және кінә артып; Ол түкке тұрмайтын дәрігер, – деді Х наразылықпен және менсінбей; Ол салт атты, сабақ қамшылы, – деді Х ашумен және жек көріп т.с.с.

Мәтіндегі эмоционалды бағаның көбіне сөйлеушінің эмоционалды жағдайын көрсететінін Н.А.Лукьянова да айтқан болатын. «...характер эмоциональной оценки экспрессивных лексических единиц зависит от содержания высказывания в целом, в частности от той эмоции, которой «окрашено» конкретное, данное высказывание как часть некоторого построенного (письменного) или непосредственного (устного) текста» [9, 170]. Бірақ мұндай түрлендіру барлық прагматикалық жағынан хабардар, яғни субъект факторына негізделген мағыналарға тән. Бұлай десек те, окказионалды эмотивті қолданыстағы бірліктер туралы мұны айта алмаймыз. Мысалы: ағаш атқа мінгізу қуаныш, масаттану арқылы ұнату сезімімен айтылмайды; сондай-ақ, салт басты, сабау қамшылы деп адамды еркелетіп айтпайды, ал жан тері шыққанша деген тіркесті ашуланып немесе жек көріп айтпаймыз. Сондықтан да эмотивті түрлендіру кезінде өте абай болуымыз керек. Себебі сөздіктерде экспрессивті боялған лексика мен фразеологизмдердің барлық мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыруымыз керек.

Сонымен, қорыта келгенде айтарымыз, эмотивтілікті узуальды және окказионалды қолданыста қарастыруға болады.

 

 

Пайдаланылған әдебиет

 

1. Фразеологический словарь русского языка. Под редакцией А.И.Молоткова. аздание пятое СПб.: Вариант, 1994. (составили: А.А.Войнова, В.П.Жуков, А.И.Молотков, А.И.Федоров).

2. Қожахметова Х., Жайсақова Г., Қожахметова Ш. Қазақша-орысша фразеологиялық сөздік. – Алматы: Мектеп, 1988.

3. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1974. І том.

4. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Актуальные вопросы казахского языка. – Алматы: Ана тілі, 1998.

5. Симонов П.В. Эмоциональный мозг. –М., 1981.

6. Эмирова А.М. Русская фразеология в коммуникативном аспекте. –Ташкент: Фан, 1988.

7. Федоров А.И. О причинах архаизации и исчезновения фразеологизмов в русском языке // Из. сибир. отдел. АН СССР. Серия обществ. Наук. 1972. № 6, выпуск 2.

8. Телия В.Н. Русская фразеология. Семантический, прагматический и лингвокультурологический аспекты. –М.: Школа «Языки русской культуры», 1996.

9. Лукьянова Н.А. Экспрессивность в системе, языке и речи // Человеческий фактор в языке. Языковые механизмы экспрессивности. –М., Нука, 1991.