8. Родной язык и литература

  Қожахметов Бектай Қалиұлы

Оңтүстік Қазақстан инновациялық әдістерді енгізу және педагогикалық кадрларды үздіксіз дайындау институты,  Қазақстан, Шымкент

 

Тәжібаевтың естеліктері – жазушылықты

үйрену мектебі

 

Деректі әдебиет белгілі дәрежеде ғұмырнамалық, тарихи әдебиет болып табылады. Көркемдік мақсатпен өзгертілген жайлар өмірлік шындыққа қиянаттық болмайды. Кейіпкер өмірі дерегін бұрмалау, көркемдік мақсатқа қызмет етіп жатса, жинақтау деп қарауға болар ма еді. Қиял қоспаса өмірлік фактіден нәрсіз болмау керек. Кейіпкер интеллектісі – деректі шығарманың жұлын жүйкесі дерлік жанды жері.

М. Әуезов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, З. Қабдоловтардың қай қайсысы болсын табиғи дарыннан айтулы өнерімен алдымен өмірде тұлғаланған қайраткерлер. Ал, осынау қайраткер, өнерпаздар өмірі көркем шығармаға айналғанда өмірдегіден олқы, кем түсіп жатпауы керек. Кейіпкер парасатты, өмірде тарихи тұлғаға айналған қайраткер өнерде өз дәрежесіндей тұлғалануы қажет. Кейіпкер интеллектуалды қалыпта көріну үшін өмірлік деректің баршасын тізбелемей-ақ, ұрмытал сәт драмасы кезеңдерді сұрыптап ала білмек керек. Ұлы адамның өмір өнегесіне ден қойған дұрыс. М. Әуезовтің өзі «менің шығармам тілінде Абай поэзиясы, тілі, өрнегі жатады» дейтін.

  Ә. Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” роман-диалогында қан майданда елі үшін от кешкен батыр Б. Момышұлының өзі бастан кешкен оқиғаға ойлы көзбен қарап, екшей әңгімелеуі көңілден шығады.  Қазақ офицері бұл орамда жауынгер ғана емес, өткенін оймен шолатын қария, қоғамдық ой иесі– қайраткер болып бой тастайды. Кейіпкер парасаты арқылы “Ақиқат пен аңыз” романы интеллектуальдық сапаға көтеріледі [1.20].

«Мен тек інілеріме өз көкжиектерін жоғалтып алмауын тілеймін»,– дейді Ә.Тәжібаев.  Мен бәрін көрдім. Шуақтай жылы, жібектей жұмсақ әмбе уақытта жанып, әмбе уақытта жарқырап тұратындарын да көрдім. Олардың көбісі аңғал, ақ көңіл, жұрттың бәріне сенгіш келетін. Ынжық, жалтақ жасқаншақтармызы да кездесетін. Пәтуәсіз берекесіздер осы ортадан көп шығатын кілең керегер ұрынып сөйлейтін, ұрыншақ інілерім де болды” [2.248].

   Бұл сырға толы, ширақ жазылған жазбалар мемуарлық сипатта. Автор өзінің шығармашылық жағына көз тастай, көңіл тоқтатады. Орта жастан асқан ақын үшін бұл жарасымды да мөлтек эссе ойларға өз өмірі жолында жас та болса да ықпалы болған аяулы өнерпаздар тағдыры туралы кеңінен баяндалады.

Ең бастысы – автор мемуар көпке пайдалы дүние екенін,  өмір жолынан өзге сабақ алуы керектігін ескертті. Мемуарлық эссенің «Естеліктер», «Жылдар-ойлар», «Есімдегілер» болып дүниеге келуі сондықтан [3.48].

         Эссе – әр әдебиетте бар, қай-қай жанрмен де еншілес жанр. Эссе – тәжірибе жиынтығы мен ой сығындысы. Эссе – көңілдің бір сәтін пернелеуден ғаламдық ойлар, толғантқан проблемалар хақында ой маздатуға ерік береді. Қайда да, қандай жағдайда да бір мәселені бастау қиын болса керек. Басталған жақсы іс жалғасын табады, өміршең дәстүрге айналады.

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Әбділда Тәжібаевтың эссе жанрындағы көп-көп танымдық мәлімет, көркем құнар сыйларлық жалықтырмас жанр үлгілерінде жазылған.

Әр автордың мемуар жазу стиліндегі өзіне тән жарасымды өрнегі болды. Ә. Тәжібаевтың естеліктерінде бір сарындылық, бедері кеткен көне тәсіл, бояулардың қайталануы жоқ. Оқушы сезімін сергітеді, әсерлі де қызық шығарманың тартымдылығы бар. Деректі туындыға қажет тарихи шындығы мен сөз құдіретіне бас иесің. Сөз жақындатпайтын қашық, сөз сейілетпейтін тұман жоқ. Ер намысын оятатын, езді ерлікке бастайтын да сөз, оның қолдануы, яғни стилінің өзіндік ерекшелігі әсерлі. Ә. Тәжібаев  «Есімдегілердің», «Ағалар мен інілер», «Бөлек-бөлек», «Әлібек – Қоңыратбаев» атты қысқа миниатюрасында өзінің көрген-білгендерін толық баяндап тізе беруден аулақ, қажетті деген мәселелерді ғана өлшеп алған. Оның өзінде фактіге тәуелді болып қалмайды, Өмірден түйгендерін қорытындылап, көркемдік бояуын құбылтып, жетілдіріп отыруға айырықша назар аударады. Осы жақтарынан алғанда, Ә. Тәжібаевтың мемуарлы оқушысынң деректілігімен қабысып жатқаны зеріктірмейтін, қайта қызықтыра түсетін ерекше дүние десек артық айтқандық емес. Әлібектің балалық мінездері мен оның байыпты, сезімталдығына да қайыспас қайсарлығына да шүбәсіз сенесің. Ауыл баласы Әлібекті кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты қызметте, Қазақстан жазушыар одағының І съезінде талантты жазушы, қоғам қайраткері ретінде көреміз. Ә. Тәжібаевтың «Есімдегілерінде» А. Байтұрсынов туралы таза фактіге докуметтерді басшылыққа алады. [4.331]

Ә. Тәжібаевтың «Есімдегілерінде» Шәкәрім Құдайбердиев пен Ахмет Байтұрсынов туралы жазған жазбалары ғұмырнама жүгін толығымен көтере алмай тұр. Жазушы архив материалдарынан сол қалпында пайдаланумен шектелген. Әбекеңнің кейіпкері арасында байланыс жоқ. Жазушылар кейіпкер жанына  терең үңілмегендіктен, кейіпкер парасаты төмен, көркі көңілсіз, сапасы салмақты шықпайды. Қайталап айтсақ, өмірде қарағайдай қайраткерлердің   өнерде тұлғалануы ойдағыдай шықпай жатады. Сондықтан ғұмырнамалық шығарма-асылды жасыту, ардақ есімді арзандату болып шығады. Қаламгерлер сақтанатын жай осы.

Тәжібаевтың естелігінде де ұлы Әуезовтің Октябрь революциясының арғы-бергі жағы дерліктей өлі ара шағындағы іс-әрекеті, қайраткерлік қам-әрекеті қамтылмаған. Көп ой, көп сөз арасына сыналай отырып, аз сөзбен астарлай ғана айтылған. Жастайынан тең құрбы болып қатар өсіп, қанаттас ер жеткен академик Ә. Марғұланның қарапайым естелік жолдарында: «Сол Октябрь сәулесімен қатар әлеумет майданына тасыған сұрапыл күшпен жас саңлақ Мұхтар да шықты. Ол кісінің қауым адында1917 жылдан былай қарай Мұхаңның атын көпшілікке әйгілі еткен ең алдымен «Абай» журналы еді. Бұл журналды Мұхаңның ең алғашқы бет ашары деуге болады. Өйткені оны бірінші рет ұйымдастырып, оның негізгі мақалаларын жазған көбінесе  Мұхаңның  өзі  болатын» [5.75],- дейді Мұхаңдай ұлы адамның айтылмай, жазылмай келе жатқан өмір белеңінде сілтеме-астар, тұрғыластары айтпай өткен, тұнып жатқан тұңғиық сыр бар. Ол сыр Мұхаңа ғана қатысты емес, М. Әуезовтің творчестволық ортасына да толығымен қатысты. «Біздің Мұхтардан да Тәжібаевтың естелігіндегі ол сыр орын алмаған. Уақыт айтқызбаған. Алдымен ондай дәуір жөнінде естелік жазудың өзі қауіпті еді ол кезде. Екіншіден, жазыла қалған күнде ондай естелік жинаққа енбес, жарық көрмес еді.

Тәжібаевтың естелігі сол адам жанын зерттей жүріп жазушылықты үйрену мектебінің жазбалары, өмір тәжірибесінің қорытындысы. Ол өзінің Әуезовтің шәкірті болғанын былай түсіндіреді: «Орысша оқымаған, дүние классиктерін тереңінен қанып ішпеген, күрделі құбылыстарды үстірт білетін, көбінесе ұранға шауып үйренген көрбала жасқа кезінде ақылшы болатын, оның көркем тәрбие көрмеген дөрекілігін асқындырмай тоқтататын ұстаз керек екен. Сол көрбала мен едім де, сол ұстаз Мұхаң болатын»,-дейді.

Сократ «Ешкімге сенікі дұрыс емес», деп айтпаған. Шәкірттерін де солай тәрбиелеген. М.Әуезов те шәкірттерін Сократша тәрбиелеген сияқты. Ол үнемі батыс әдебиетін үлгі ете сөйлеп, ұлттық шығармамыздың одан кем болмауын талап етіп отырған. Ә. Тәжібаев М. Әуезовке еліктеп, Г. Гейненің «Германия» поэмасын қазақшаға аударған. Мұқаң өз туындыларын қайта жазу үстінде, талдау, толықтыру арқылы шәкірттерінің де кемшіліктерін түзетуді мақсат еткен.

“Еңлік-Кебекті” жөндеген сайын, қандай өзгерістер кіргізді, не нәрсе-лермен толықтырды, соның бәрін айтып беріп отырған. Мен пьесаны «Поэзия-лық күшін арттырдым, толғау түрін кіргіздім, ойсыз монолог, бойсыз-болымсыз монолог, сондықтан монологты өңдеп, жас қойшының монологын кіргіздім. Бұл әрі күнәсіз бала, әрі фантазер, әрі философ емес пе? [6.81],- деп шаттанған. Ал толғау түрін жетілдіргенін абыз монологы арқылы түсіндірген.

Поэзиялық күшін арттырумен шыңдлған «Еңлік-Кебек» драматургия мен поэзияның егіз екенін дәлелдегендей туынды. Сол кезде Еңлік рөлін ойнаған Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты   Б. Римова өзінің естелігінде спектакль туралы былай дейді: «Мұхаң “Еңлік-Кебекке” үлкен өзгерістер енгізіп, қайтадан өңдеп әкелді. Бұрынғы Абыз таяғының басына әлем-жәлем қызыл-жасыл шүберек пен сылдырмақ байланған бақсы – балгер түрінде көрінетін. Ал, бұл жалпы Абыз ел бірлігін ойлаған ақылгөй, қобызына қосылып күй күңіренткен сазгер халықтың болашағына көз жүгірткен дана қарт ретінде көрінеді [6.43].

“Еңлік-Кебек” жасарып, жаңарып келді. Еңлік бұрын аң қуып жүрген, Кебек батырдың үйіне қонуға келгенде, түнде өзі тұрып оятатын. Бұйығы мінез, көз жасын төккен мұңшыл қыз болатын. Бұл жолғы Еңлік махаббат отын лаулатып сүйе білетін, өмірдің кейбір ауыр азабын өткерсе де, өкінбейтін өжет, қажет болса, сүйгені үшін өлімге де тайсалмай бара алатын қайсар қыз.

Кебек те сойыл қара күш иесі, шолақ батыр емес, таза жанды, нәзік сезімді, ақын жанды адам. М. Әуезов адал махаббаты үшін бастарын өлімге қиып, көрісе білген Еңлік пен Кебектің бар асыл қасиеттерін терең ашып, олардың бейнелерін жарқыратып көрсетті. Қазақ драматургиясында «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатына» тең, «Еңлік-Кебек» Шекспирдің трагедияларымен деңгейлес [7.55].

 М. Әуезов суреткер, ұстаз ретінде бірде батыс, бірде өз туындысын талдай отырып, шәкірттерінің шығармашылық деңгейінің өсуіне мол жол ашты. Солардың бірі – Ә. Тәжібаев болатын.

Әдебиеттер:

1.     Нұршайықов Ә.  Автопортрет. Алматы, Жазушы, 1977.

2.     Ергөбек Қ. Баянғұмыр. – Алматы, Жазушы, 1991.

3.     Янушкеевич А. Күнделіктер мен хаттар. – Аламаты, Жалын, 1982

4.     Тәжібаев Ә. Есімдегілер. 5 т. шығ. жин. – Алматы, Жазушы, 1993.

5.     Тәжібаев Ә. Естеліктер. 5 т. шығ. жин. – Алматы, Жазушы, 1981.  

6.     Әуезов  М. О.  Ә.Тәжібаев. – Алматы, Жазушы, 1969.

7.     Қабдолов  З.  Мұхтар Әуезов. – Алматы, Санат, 1997.