Г.С.Ахметова, Ж.Секей

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Қазақстан

                                   

                             БАСПАСӨЗ ТАРИХЫНЫҢ ТІЛІ

 

«Қазақ баспасөзінің тарихы әр кезеңдегі тарихи оқиғаларға байланысты зерттелуі қажет. Бұл қазақ халқының әлеуметтік өміріне, экономикалық жағдайына тығыз байланысты зерттелуі тиіс деген сөз. Осылай зерттелгенде ғана баспасөздің қоғам дамуында атқаратын ролі анықталады»,  дейді  «Қазақ баспасөзі мен тарихының очеркін» жазған ғалым А.Бекхожин. Осыған байланысты бізде баспасөз материалдары негізінде жазылған еңбектерді шарты түрде үш кезеңге  бөліп қарастыруға болады:

1. Алғашқы қазақ газеттері тілі жөніндегі зерттеулер (1860-1918жж);

2. Кеңес дәуіріндегі қазақ баспасөзі тілі жөніндегі зерттеулер (1920-1990ж);

3. Тәуелсіз Қазақстанның қазақ баспасөзі тілі жөніндегі зерттеулер (1990 жылдан бастап осы кезеңге дейінгі).

Қазақ баспасөзінің тарихы  ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінде шығып тұрған екі газеттен басталатыны белгілі.Олар ұлттық баспасөзіміздің алғашқы қарлығаштары- «Түркістан уәлаятының газеті» (1870-1883) мен «Дала уәлаятының газеті» (1880-1902).

Ғалым Б.Әбілқасымовтың «Алғашқы қазақ газеттерінің тілі» атты еңбегінің сол кезеңдегі баспасөз тілінің лексика- грамматикалық ерекшеліктерін танып- білуде орны ерекше. Осы еңбегінде ғалым: «Ұлт тілінің баспасөздің шығу ең алдымен қазақтың жазба әдеби тілінің дамуына аса зор ықпал жасады, қазақ тілінің бұрын болмаған қоғамдық-публицистикалық, ғылыми-көпшілік әдебиеттер стильдерінің негізі қаланып, ресми іс-қағаздары  стилі одан әрі жетілді» дейді.

Қазақ баспасөзінің тарихына байыптап қарар болсақ, оның қалыптасып дамуына қоғам өмірінде болып жатқан өзгеріс, жаңалықтардың әсері мол болатыны байқалады. Қоғамда болып жатқан жаңалықтарды тіл арқылы таңбалап қолданысқа енгізуде, ұлттық тілімізді дамытуда баспасөздің қызметі ерекше екені белгілі. Қазақ әдеби тілінің басқа салаларына (стильдік) қарағанда баспасөз тілі өзіндік ерекшеліктерімен қазақ әдеби тілінің дамуында жетекші роль атқарады.

Қандай да кезеңдегі әдеби тілдің дамуын баспасөз материалдары негізінде зерттеудің маңызы ерекше. Себебі сол кезеңде қоғам өмірінде болып жатқан өзгеріс – жаңалықтардың барлығы ең алдымен баспасөзде тіл арқылы таңбаланып, баспасөз арқылы халыққа жетіп, кейбірі сөздік құрамға еніп жатады.

Сондықтан белгілі бір кезеңдегі әдеби тілдің даму ерекшеліктері бағыт – бағдарын айқындауда баспасөз материалдарын бірден – бір дереккөз, бірден – бір көрсеткіш ретінде пайдалануға болады.

Өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталған өзгерістер қазақ баспасөзінің де жаңа бағытта, жаңа арнада дамуына алып келді. Баспасөз саласында «ресми» және «тәуелсіз» деген ұғымдар пайда болып, соған сәйкес қазақ баспасөзі көптеген, жаңа тәуелсіз басылымдарымен толыға түсті. Қоғамдағы өзгерістер арқылы баспасөз лексикасы да  толыға түсті: Біріншіден, ғылым мен техниканың дамуына, қоғамда болып жатқан өзгеріс, жаңалықтарға және жаһандану үдерісіне байланысты көптеген сөздер орысша нұсқасы бойынша еніп жатты. Орыс тілінен енген сөздердің көпшілігін әсіресе, экономика (валюта, менеджмент, маркетинг, брокер, банкомат, аукцион, тендер, инвестор, инвестиция, т.б.), халықаралық қатынас (саммит, меморандум, интеграция, форум, консул, дипломат), ғылыми – техника саласына (интернет, факс, пейджер, ксерокс, сканер, т.б.) сөздер қарайтыны байқалады.

Екіншіден, осы кезеңде кейбір сөздерді қазақша баламасымен беру үрдісі арта түсті. Соған байланысты қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктерін пайдалану  мақсатында бұрын қолданыстан шығып қалған кеңес, жарлық, жарғы, төраға т.б. сөздер қолданысқа қайта енді.

Үшіншіден, кейбір орыс тілінен енген сөздер: елбасы, әнұран, елтаңба, жекешелендіру, т.б. сияқты жасанды сөздермен беріле бастады.

Төртіншіден, орыс тілінен енген  сөздерді беруде, жартылай калька тәсілінің қызметі кеңейе түскені байқалады (Мысалы: автожуу, автотұрақ, телекөпір, телехабар, т.б).

Сондай-ақ орысша нұсқасы бойынша қысқартылып берілген, тіліміздегі дыбыстардың үндесуіне сәйкес келмейтін АӨСШК, СҒТШК-сияқты көптеген қысқартуларды кездестіреміз. Алдағы уақытта сөздерді қысқартып беруде  белгілі бір жүйеліліктің болуы үшін терминдерді мемтерминкомда бекіткендей қысқарған сөздерді де лингвистикалық талқылаудан өткізіп отырған дұрыс болар еді дегім келеді.

Номинация жасауда да сөз бен сөзді тіркестіріп қолдану тәсілі – сөзжасамның өнімді тәсілінің бірі деуге болады. Баспасөздегі тіркесу тәсілі арқылы жасалған сөздерді 1)байырғы сөздердің тіркесуі арқылы жасалған (нарық заңы, тоқырау жылдары); 2) жаңа қолданыс пен байырғы сөздердің тіркесуі немесе керісінше (ғарыш кемесі, шаруа қожалығы); 3)орыс тілінен енген (жаңа) сөзбен байырғы сөздің тіркесуі немесе керісінше  (акционерлік қоғам, табиғи монополия, т.б.); 4)орыс тілінен енген сөз бен жаңа қолданыстардың тіркесуі немесе керісінше (президент жарлығы, шағын бизнес, т.б); 5) жаңа қолданыстар мен жаңа қолданыстардың тіркесуі (кеден бекеті, заңнамалық кесім, т.б.); 6) орыс тілінен енген сөздердің тіркесуі: (парламент спикері, сенат депутаты, т.б) деп топтастырып қарастырдық.

Қосарлау тәсілі арқылы да жасалған сөздердің көпшілігінің орысша нұсқасымен қолданылып жүрген веб-сайт,медиа-форум, компакт – диск сияқты сөздер құраса, ал қазақша баламасымен қолданылып жүрген  көші – қон, қуған – сүргін сияқты сөздер аз кездеседі деуге болады. Сөзжасамның басқа тәсілдеріне қараған сөздерді қосарлау тәсілінің жаңа қолданыстар жасауда белсенділігі төмен екендігі байқалады. Зерттеліп отырған кезең баспасөзіне тән қасиеттің  бірі – айтар ой, көтерілген мәселеге байланысты не нәрсені болса да ұлттық ұғым, ұлттық мінезбен беруге деген үрдістің басымдық танытуы дер едік. Бұған біріншіден, нарықтық қатынастар талабына сай баспасөздің ақпарат жеткізуден гөрі оқырманға әсер ету қызметінің арта түсуі, екіншіден, баспасөздің ақпаратты қабылдаушы оқырманның ұлттық ерекшелігін ескеруі себеп болса керек. Соған байланысты ойды, ұғымды ұлттық бояумен жеткізуге «дайын материал»ретінде дәстүрлі фразеологизмдердің қолданылу аясы арта түскені байқалады.

         Қарастырылып отырған кезеңдегі қазақ баспасөзінің кеңестік дәуірмен  салыстырғанда көп өзгешелік, көп ерекшелігі бар екеніне көз жеткіздік. Қазақ баспасөзінің бұрынғы «қатып қалған қағидалардан» арылып, ой еркіндігіне мүмкіндік бергені байқалады. Ой еркіндігін пайдалана отырып, қазіргі қазақ баспасөзінің ұлттық тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, лексика-грамматикалық жүйесін дамытып, тілдік байлығымызды жаңа сөз, жаңа қолданыстар мен толықтырып отыруда қызметі ерекше. Тіл – өмірмен өзектес қоғамдық құбылыс болғандықтан, оның дамуын баспасөз тілі арқылы зерттеп отыру маңызды.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.   Момынова Б. Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы). –Алматы: Арыс; 1999.

2.   Солганик Г.Я. Лексика газеты. -Москва, 1981.

3.   Бекхожин Х. Қазақ баспасөз тарихының очеркі. - Алматы,1981.

4.   Шүкірұлы С. Республикалық қазақ мерзімдік баспасөзінің тілі. –Астана 1999ж.

5.   Бүркітов О. Қазақ әдеби тілінің публицистикалық стилі (мерзімді баспасөз материалдары бойынша). – Алматы,1996.