ӘЛТАЙ  Аманжол

Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің доценті

 

ӨНЕР-БІЛІМГЕ БАУЛЫҒАН ПОЭЗИЯ

 

Баланың дүниетаным аясын кеңейту бағытында көркемдік ізденістер жасау дегеніміздің өзі белгілі бір тұрғыда жас ұрпақты білімге жетелеу, өскелең буынға білім беру мақсаттарымен ұштасып жатары анық. Бұл орайда балалар әдебиетінің қай кезеңінде де оның алдындағы міндеттердің бірі балаға жаңа білім, қызықты да қажетті деректер беру болып келгенін ескерсек, бұл бағыттағы қазақ балалар поэзиясы өркенді даму жолында екені анық.

Балалық шақ − адамның дүние сырын тануға деген құштарлығының аса белсенділік танытатын кезеңі. Естіген, көрген нәрселерінің бәрінің мәнін білуге құмар баланың өз көңіліндегі сан алуан сұрақтардың жауабын табу жолында үздіксіз ізденіс жасайтын, өз бетінше тауып-білген әрбір жаңалыққа айрықша ләззаттана қуанатын әрі есінде ұмытылмастай сақтап қалатын кезеңі де − осы балалық шақ.

Сол себепті балалық шақ болашақ азаматтың дүниетанымын дұрыс бағытта қалыптастыруға, өнер-білім игеруге арналғаны абзал. Алайда бала түсінігінің үлкендерден айырмашылығы барлығы белгілі. Балаға өнер-білімді үйрену қажеттігін күні-түні уағыздағаннан гөрі, жан-дүниесіне әсер ету арқылы сезіндіру, іштей түйсінуіне септесу әлдеқайда пайдалы. Бұл ретте балалар поэзиясының мүмкіндігі аса жоғары және бұл мүмкіндік қазақ балалар поэзиясында сәтімен пайдаланылып келеді. Түп-тамыры әріде көне мұралармен, беріде Ыбырай, Абай шығармаларымен арқаулас өнер-білім тақырыбының кейінгі балалар поэзиясында кең ауқымда көрінуінің, маңызды мән иеленуінің бір сыры осында жатыр.

Өнер-білім тақырыбын жырлаудың қазақ поэзиясында ертеден жалғасып келе жатқан өзіндік дәстүрлі үлгілері бар. Олардың бірі ежелгі жазба поэзия жәдігерлерінде үгіт-насихат, өсиет сипатында келетін үлгілер болса, тағы бірі ХІХ ғасырдағы ағартушы-демократ ақындар поэзиясынан желі тартатын ағартушылық идеямен арқауласып жатқан, яғни Ы.Алтынсариннің “Кел, балалар, оқылық”, “Өнер-білім бар жұрттар”, А.Құнанбаевтың “Ғылым таппай мақтанба”, “Интернатта оқып жүр” іспеттес өлең-жырларынан арна тартатын үлгі. Кейінгі балалар поэзиясында аталмыш үлгілердің қай-қайсы да өз орайында пайдаланылып жүр. Сонымен қатар, жоғарыда сөз болған Отан, туған жер, табиғат тақырыптарын жырлауда кеңінен қолданылатын, бала қабылдауына қолайлы көркемдік тәсілдер де жиі қолданылады.

Балалар поэзиясындағы өнер-білім тақырыбы дегенде, баланы өнер мен білімге жақындастыруды көздейтін туындылардың барлығы да назарға алынатынын ескерген абзал. Себебі бұл тақырыптағы туындылар өнер саласына, білім саласына қатысты үлкенді-кішілі мәселелерді арқау еткен, мектеп өмірімен, өнер дүниесімен сабақтасып жатқан тақпақтар мен өлеңдерден құралады. Мәселен, Ж.Смақовтың “Портфель”, “Қоңырау”, “Тазалық сақта”, “Жүр, циркке барайық!”, “Кішкене “Әліппе”, Ж.Кәрбозиннің “Сурет сала білемін”, “Ісмерлік”, “Жасаймын шана”, “Жаңбыр әні”, “Мектебім” және “Менің шеберханамда” циклі, Т.Молдағалиевтің “Мектебім”, “Мектепке барам бүгін”, “Келдім мен де мектепке”, “Сәлем, саған мектебім!”, М.Жаманбалиновтың “Биыл беске қараймын”, “Баға”, “Сурет”, “Ақын бала”, “Бұл қандай әріптер?”, “Бұл қандай сандар?”, Ә.Дүйсенбиевтің “Мектеп − Ана”, “Ақылшым − мұғалім”, “Әліппе”, “Кешірерсіз, кешіктім”, “Үйірмеден үйірме”, Қ.Баянбайдың “Қиын есеп”, “Менің апам мұғалім”, “Мектеп”, “Сәлім “ғалым” атанбақ”, “Сабақтан соң”, “Ауыр боқша” т.б. да балалар ақындарының өлең-жырларынан өнер-білімге қатысты түрлі жәйттердің алуан қырынан қызықты шешімдер тапқанын байқауға болады.

Өнер-білім тақырыбын арқау еткен туындылар қатарында балаға қандай да бір қажетті мәселе жайында түсінік беруді көздеген, ең бастысы, сол мақсатын көркемдік талаптары тұрғысынан сәтті шешкен шығармалар жиі ұшырасады. Мәселен, қарапайымдығы, нақтылығы, тәрбиелік мақсатының айқындығы нәтижесінде балаға түсінік те беретін, әдемі әсер де қалдыратын туындылардың бірі − Е.Өтетілеуұлының “Түрлі түстер” өлеңі:

 

Қызыл, жасыл, көк...

Түрлі түстер көп.

 

Аппақ түсім − сүт,

Бозғылт түсім − бұлт.

 

Жасыл бояу − шөп,

Сары бояу − сөк.

 

Қара түсім − қас,

Сұрғылт түсім − тас.

 

Мөлдір бояу − су,

Көкшіл − біздің ту!

 

Балабақша сәбилері мен бастауыш сынып балдырғандарына арналған бұл өлеңнің табысы сонда − ақын бала танымында қалыптастырғысы келген түсініктерін (бояу түстерін ажырата білу) бала жақсы білетін заттардың негізгі қасиеттері арқылы жеткізеді де, соның нәтижесінде бояу түстерін ұмытпастай есте қалдыруға әсер етеді. Сонымен бірге өлеңде Отан ұғымымен байланысты тәрбиелік идея да сәтімен берілген. Оқырман бала Қазақстан туының түсін есте сақтаумен қатар, оның неге көкшіл болғандығын білуге ұмтылады. Өз тарапынан ізденістер жасайды, яғни өзінен үлкендерден сұрастырады, біледі. Бұл жағдай бала жанына әсерлі поэзиялық туындыларда тәрбиелік мүмкіндіктің қай кезде де мол боларын аңдатады. Ондай мүмкіндікке ие түрлі тақырыптағы шығармалар қазақ балалар поэзиясында аз емес.

Өнер-білім тақырыбындағы шығармалардың бір бөлігі мектептегі оқу бағдарламасымен тікелей мақсаттас болып келеді. Бұл жағдай да балалар поэзиясының педагогикалық мақсаттармен әркез арқауласып жататын өзіндік ерекшелігіне байланысты екендігі анық. Мектептегі оқу материалдарымен мазмұндасып келетін өлеңдер мен тақпақтарда оқу бағдарламаларындағы тақырыптар алынады да, сол мәселені поэзия тілімен түсіндіруге бағыт ұсталады. Бұл іспетті шығармалар баланың ережелер мен анықтамалар, теоремалар арқылы түсінуіне, есте сақтап қалуына қиындық туғызатын мәселелердің өзін кей сәттерде қарапайым бейнелер арқылы ұмытылмастай етіп қабылдауына ықпал етіп жататыны шындық. Мәселен, мектеп оқушыларына қиындық туғызатын тақырыптардың бірі қазақ тіліндегі септік жалғауларын бірінен бірін ажыратып есте сақтау болса, дәл осы қиындықты шешуде Қ.Мырзалиевтің “Септеу” өлеңінің көп септігі тиері сөзсіз.

 

А т а у .

Барлығыңа үлгі болар, қарақтар,

Байсалды да, ақылды да Марат бар.

 

І л і к .

Жеке басым ең алдымен

                                          Мараттың

Жасы үлкенді сыйлағанын жараттым.

 

Б а р ы с .

Сенбейсің бе, күнделікті парақта:

Талай “бестік” қойылыпты Маратқа.

 

Т а б ы с .

Батыл емес дей алмайсың Маратты,

Сол үйретті ауылдағы бар атты.

 

Ж а т ы с .

Алғыссыз күн болған емес Маратта,

Жетеді онда ынта, жігер, талап та.

 

Ш ы ғ ы с .

Қай өнер де табылады Мараттан,

Ән салғанда жұртты аузына қаратқан.

 

К ө м е к т е с .

Міне, сондай жақсы бала Маратпен

Дос бола алмай жүргендер де, бар, әттең!

 

Оқу бағдарламасымен арқауласып жатқан өлеңдер жайына назар аударған тұста ақындарға мектеп пәндерінің қай-қайсы да етене болып кетерін айту абзал. Балалар ақындары бұл орайда “Әліппеден” бастап, ана тілі, математика, табиғаттану, ән-күй мен сурет, дене тәрбиесі мәселелеріне дейін қағыс қалдырмайды. Балаға қажет мәселенің барлығы да балалар ақындарының қаламына ілігеді. Ең бастысы, аталмыш мазмұндағы шығармалар көркем әдебиеттің негізгі талабы − бейнелілікпен, балалар әдебиетіне тән міндеттердің бірі − тәрбиелік мақсаткерлікпен және алтын арна − халықтық көркемдік дәстүрлермен тығыз ұштасып жатады. Мәселен, жоғарыда келтірілген өлеңнің түпкі әдеби-көркемдік негізінде халқымыздың қазақша жыл қайыруын бала жадында рет-ретімен қалдыру үшін пайдаланатын тақпақ үлгісіндегі дәстүр әсері жатқаны даусыз. Салыстырып байқар болсақ:

 

“Түйе сеніп бойына,

Қалған ұмыт жылдардан.

Жатпа қарап, мойыма,

Тайма именіп ділмардан,- деп келетін халық өлеңіндегі әр сөздің алғашқы дыбысы он екі жылға атау болған хайуанаттардың бастапқы дыбысын еске түсіріп отыратын болса, аталған өлеңде “Марат” сөзіне жалғанған қосымшалар өз ретінде тиісті септіктердің жалғауларын еске салады да, нәтижесінде септіктердің сұрақтары мен жалғауларын баланың жадында жаңғыртып отырады. Ал өлеңнің тәрбиелік өнегесі кейіпкер Марат бойындағы жақсы мінездер мен қасиеттерден көрінеді.

Халықтық фольклорда қалыптасқан дәстүрлерді уақыт талабына сай жаңарта жаңғырту − балалар поэзиясына етене тәсіл. Бұл тарапта, әсіресе, халықтың бала танымын дамыту бағытында қолданған әдеби үлгілері кеңінен пайдаланылып келеді. Сондай дәстүрлі үлгілердің бірі “Санамақ” болса, ол кейінгі қазақ балалар поэзиясында баланы санай білуге үйретумен қатар, оны ойландыруға да ықпал ететін, тапқырлыққа баулитын деңгейге көтеріліп отыр. Назар аударып көрелік:

 

Бар еді қос досым,

Қос досым өскесін −

Қос досын әкеліп,

Достыққа қос десін.

Қос досы келді де,

Қосты әйбат бес досын.

Осынау достарға

Мені де қосқанда −

Жұмылса жұдырық,

Ұқсаймыз қос қолға!

Сонда біз баршамыз,

Аңдаңыз, қаншамыз?

 

Қалай болғанда да, балалар поэзиясында жырланған тақырыптардың қай-қайсында да, мейлі ол өнер-білім тақырыбы болсын, мейлі Отан, туған жер тақырыбы болсын, мейлі табиғат тақырыбы болсын, барлығының түйісер тұсы жас ұрпақ бойына адам баласына тән абзал қасиеттерді дарыту мақсаты болып табылады. Олардың бірінде баланы отансүйгіштікке тәрбиелеу көзделсе, енді бірі туған жерді қадірлеуге баулиды, тағы бірі тапқырлыққа, ізденіске жетелейді.

Түптеп келгенде, сол қасиеттердің қай-қайсы да адам бойында болғаны абзал сан алуан игі қасиеттердің жекелей көрінуі болып шығады. Бұл жәйттің өзі балалар поэзиясының аса мәнді міндеті баланы жеке адам ретіндегі кемелдікке бағдарлау, білімді де ізгі ниетті тұлға ретінде қалыптастыруға әсер ету екендігін танытады.