Елемесов
Нұрбек Мұхтарбекұлы
Шығыс
Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы «Бөдене» орта
мектебі КММ директоры, тарих және қоғамтану пәні
мұғалімі
Шәкәрім
шығармашылығындағы дін мен тарих
Қазақ
прозашыларының ішінде дін мен тарих мәселесінде Шәкәрім
Құдайбердіұлынан жүйрігі болған емес.
Шәкәрiм ғасырлар тоғысында
өмiр сүрген ақын, ойшыл, тарихшы. ХIХ ғасырдың
аяғы мен ХХ ғасырдың басы қазақ
халқының басындағы Шәкәрiм сөзiмен
айтсақ, «орнықпаған қалқыма» уақыт болатын.
Ел iшiндегi саяси тұрақсыздық, бодандыққа
қарсы күрес, феодалдық көшпелi тұрмыстан
қоғамдық - экономикалық жаңа сатыға
көтерiлу қиыншылығы қазақ халқының
ұлттық ояну және бiрiгу идеалдарын туғызуға
әкелдi. Сөйтiп, бұл уақыт Шәкәрiм, Ахмет, Мағжан, Жүсiпбек,
Мiржақып, Сұлтанмахмұттардың елдiң мәдениетiн көтеруге қосқан
үлесiмен тарихқа енді деп толық айта аламыз.
Шәкәрімнің
тарихи, ғылыми, философиялық шығармалары өзіндік
көркемдік-идеялық салмағы бар ерекше туындылар
қатарынан саналады. Ұстазы
Абайдың бағыт беруімен дүниеге келген «Түрік, қырғыз,
қазақ һәм хандар шежіресі», «Үш анық»
секілді еңбектері Шәкәрімнің жан-жақты
білімдарлығын дәлелдей түседі.
Алайда, «Ақын
Шәкәрімнің творчестволық мұрасы жөнінде»
1988 жылғы белгілі қаулыда Шәкәрімнің
«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар
шежіресі» мен «Мұсылмандық шарты» шығармаларынан басқа
бүгінгі заман талабына қайшы келетін шығармалары жоқ
деген шешіміне байланысты Шәкәрімнің шежіресі мен «Үш
анығы» 1991 жылы, ал «Мұсылмандық шарты» 1993 жылы ғана
жрияланды.
Шәкәрімнің
«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар
шежіресі» қазақ тарихын ғылыми тұрғыдан
тануға алғашқы ұмтылыс, ол Абайдың «Біраз
сөз қазақтың түбі қайдан
шыққаны туралы» еңбегіндегі ойдың жалғастық
табуы десек болады.
Шәкәрім
шежіреге қатысты өлеңмен де, қара сөзбен де шығармалар
жазған. Негізгілері «Түрік, қырғыз-қазақ
һәм хандар шежіресі» және «Қазақтың
түп атасы батыр Түрік» атты шығармалары. Бұл шығармаларда
қазақтың ұлы ханы Абылайдың аты аталып,
өмір тарихы баяндалады. Абылай аты сондай-ақ
Шәкәрімнің «Ескі ақындық» және «Жолсыз жаза
яки кез болған іс» деген екі шығармасында аталады.
«Түрік,
қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» 1911 жылы
Орынборда басылып шыққан. Кітап «Шежіреден бұрын», «Шежіре
басы», «Қазақтың қайдан шыққаны», «Хан
шежіресі», «Шыңғысхан шежіресі», «Стамбулдағы түрік
нәсілі», «Сарт», «Өзбек», «Ноғай», «Башқұрт»,
«Қалмақ һәм телеуіт», «Түрікмен»,
«Яқұт», «Оранхай», «Енесейдегі түрік», «Күншығыс
Түркістандағы түрік» деп аталатын ірілі-ұсақты
тараулардан тұрады. Аталған тарауларда тарихи деректер жүйелі
баяндалған. Еңбектің «Шежіре басы» бөлімінде
Шәкәрім түрік нәсілінің шығу тегі жайында
ойларын бере отырып, Әбілғазы Баһадүр ханның
«Шежіре түрік» еңбегіндегі Нұх пайғамбардың ұлы
Яфистен тараған сегіз баланың бірі түрік болғаны жайлы
деректі, Радловтың «Ұйғырлар туралы кітабындағы» «түріктер
ағаштан жаралды» деген болжамдарын, Қытай шежіресіндегі түрік
жұртын қасқыр мен адамның қосылуынан болды деген
сөзді «еш сөзге қисынбайды» деп өз көзқарасын
білдіреді.
Шәкәрімнің
бұл еңбегінің ең басты құндылығы
өткен замандағы түрлі жазбалар мен кітаптардың
мәліметтерін салыстыра топтап, жинап, елеп-екшеп ұсынуында. Ол
кітаптардың көбін түпнұсқа күйінде
оқып танысқан. Шәкәрімнің Меккеге бару сапары
таза діншілдік ниеттен, тек қана қажы атану ойынан тумаған.
Өз сөзімен айтсақ: «Меккеге бара жатқан сапарымда
Стамбулда 13 күн, бері келе жатқанда тағы 13 күн болып
тарихты ақтардым, керек кітаптарды поштамен үйге жіберіп отырдым.
Меккенің де, Мединаның да тарихтарын ақтардым, жол
қатынасы жайсыз болып Египетке баруға рұқсат ала
алмадым. Сол сапарда Шығыс, Батыс ғалымдарымен сөйлесіп,
пікірлестім, ерте кезеңде шыққан ғалымдар
шығармаларын жаздырып алдым» - деген [1]. «Қазақтың
қайдан шыққаны» деп аталатын ең ірі тарауында
қазақ халқының шыққан тегі, жүріп
өткен тарихи жолы, қазақтың үш жүзі, оның
қалай бөлінгені, қазақтың хандары, жекелеген
рулар тарихы тарихи тұрғыдан мол мағлұматтар
арқылы берілген.
Бұл еңбекте
Шәкәрім ертедегі түрікке христиан, будда, зәрдашт
діндері де белгілі болған дей отыра, түріктердің
тәңір діні туралы сөз қозғайды.
Сол сияқты
«қалмақ» деген атаудың қайдан шыққанынан да
хабардар етеді. Шыңғысхан заманында қазақ рулары
наймандар, керейлер, қоңыраттар, жалайырлар ол елден
қуылғанда түрлі себептермен көшпей
қалғандардан құралып сонда қалмақ
болғандардан құралғандар «қалмақ» аталды
дейді.
Шежірені,
«Мұсылмандық шарты» мен «Үш анықты» халыққа
жеткізу мақсатында араб жазуы таңбасымен басылған бұл
шығармаларды кириллицаға түсіруді ғалым Мекемтас
Мырзахметұлы орындаған.
Шәкәрiмнiң рухани әлемi қазақ халқының ауыз
әдебиетi мен Қорқыт, Асан Қайғы, Сыпыра жырау,
Бұхар жырау, Дулат, Шортанбай, Үмбетей, Марабай және
әсiресе, Абайдың ақындық мектебiнiң
дәстүрiнде қалыптасқан болатын. Кейiн орыс, Шығыс,
Еуропа әдебиетiнiң үлгiлерiн өз бетiнше оқып,
игердi. Шәкәрiм шығармашылығында жер шарының
көптеген халықтарының аңыздарының сюжеттерi,
Христостың дiни және тарихи бейнесiне қатысты
шумақтардың болуы, Заратуштра, Будда, Мұхамед пайғамбар
есiмдерiнiң кездесуi де көптеген дiни таным жүйелерiн
бiрiктiрген толысты суреткерлiгiн танытады. Осының нәтижесiнде, ол
қазақтың ұлттық әдеби қорына
жанрлық мазмұнға бай бiрнеше дастандар ұсынды,
қазақ прозасының дамуына үлкен үлес қосты,
ең бастысы – Абайдан кейiнгi қазақтың рухани
мәдениетiнiң көкжиегiн кеңейткен Лукрецийдiң «Заттар
табиғаты» сынды ғылыми поэзияның қайталанбас
үлгiсiн әкелдi.
Шәкәрiм өмiрi мен
шығармашылығы туралы естелiк жазған С.Қасиманұлы
өз өмiрiнде Шәкәрiммен үш рет кездесiп,
әңгiме, кеңесiн тыңдағанын айтады. Бiрiншi
кездесуiнде Шәкәрiм бабамыз өзiнiң жалғыздығы
туралы айтып, оның мағынасын түсiндiредi:
«Шәкәрiм қажы емес, дiнсiз азғырушы деп
жалғыздады молдалар. Мен болыс пен билердiң елде көп
ережелерiне қарсымын, олар да менi жек көрдi. Алашорда
қызметке шақырды, «уез бол, болмаса дiн басқар», - дедi. Мен
бармадым, олар да жақтырмады, «қажысың» деп совет
өкiметi де менi жек көрдi. Ең аяғы ғылым мен
философияда да мен жалғызбын» [2]. Осылайша, ақын
өз елiнде түсiнiксiз күй кешедi. Ағартушылық
жолда өз күш-қайратын iске асыруға надан елден
мүмкiндiк ала алмай, көп күнi қынжылыспен өтедi.
Шәкәрiм Ақиқат
жолында “Талай дiндi тексердiм” деп өзi өлеңмен
айтқандай, iзденiс жолында
бiр ғана дiннiң етегiнен ұстап қалуды толық бiлiм
бередi деп ойламаған. Гете сынды әр түрлi дiндер
мәтiнiмен танысып, олардың ұқсас жақтарына
көңiл берген, тұтас әлемдегi ақиқат
жолдарының қилы болатынына көз жiберген.
Қ.Мұқаметханов Шәкәрiмнiң дiн
мәселесiндегi көзқарасына тоқталғанда:
“Шәкәрiм дiн мәселесiне көзқарасында фанатик
емес, ол схоластик дiндi тiптi мойындамаған, дiни соқыр сенiмнен
мүлдем аулақ, сыншыл еркiн ойдың, өз сөзiмен
айтқанда “ноқтасыз ойдың”, “сау ақылдың” адамы”,
- деп баға бередi [3, 22].
Шәкәрiм
кез-келген дiн туралы үлкен мәдениеттiң иесi ретiнде
әдiл көзқарас бiлдiрiп:
Сол көп дiнде шешу бар,
Ол шешудiң арты бар.
Адасқанға кешу бар,
Кешудiң де шарты бар [4, 264], -
Шәкәрiм өз поэзиясында
қасиеттi сөздердiң кiлтiн таппай адастыру, елдi дiннен
қашырумен ғана тынғанын, бар кiлтипан тәпсiршiде деп
ұғындырады:
Жаман тәпсiр жайылып жер
жүзiне,
Дiн десе тұра қашты естi
азамат,
Бар обалы олардың
тәпсiршiде,
Адасып нұрлы аятқа
жағыпты тат [4, 263].
Шәкәрiм өз
дүниетанымында тек бiр дiннен ақиқат iздеу, тек сонымен жүру адамға
толық бiлiм алу үшiн аздық ететiнiн жақсы
түсiнген. Сондықтан оның 1911 жылы Орынборда жарық
көрген “Мұсылмандық шарты” атты мұсылман дiнi жайлы
түсiнiктеме еңбегi туралы
Ахат Шәкәрiмұлы былай дейдi: “Әкей өзi екi
әңгiмесiн нашар дейтiн. Бiрi - “Мұсылмандық шарты”
дейтiн шығармасы: “Мұны надан, бiлiмнен хабарым жоқ кезiмде,
басқа жұртта “Ғибадат сламия” деген кiтап бар, олар араб
тiлiнде не түрiк тiлiнде
жазылады, қазақ тiлiнде жоқ деп, соларға елiктеп
жаздым, соны мансұқ еттiм”,-дейтiн”[5, 42].
Шәкәрiмнiң
“Мұсылмандық шарты” еңбегi ислам догматтарын қарапайым
халыққа түсiнiктi тiлмен жеткiзу мақсатында
жазылған. Оның себебi жоғарыдағы Шәкәрiм
ұлының естелiгiнен белгiлi
болды.
М. Мырзахметов Шәкәрiмнiң
осы еңбектi жазу себебiн түсiндiре отырып,
Шәкәрiмнiң жалпы дiн
туралы ойларына тоқталып: “...дүние жүзiндегi iрi
дiндердiң бәрiмен танысып, өз дiнi болып отырған исламның өзiне де
көңiлi көншiмей, одан да түзулiк таппаған
өкiнiштiң iзiн көргендей боламыз. Осы себептен де Шәкәрiмнiң
дүниетанымын оның бiр ғана “Мұсылмандық шартымен”
тұмшалаудың негiзi
жоқтығын көремiз”,- деп жазады [6,5-6].
Алайда, Шәкәрім дiн атаулының ақиқаттығын
жоққа шығарудан бас тартады. Мәселе ақ пен
қараны сау ақылмен айыра,
тани бiлуде жатыр:
Құранның
шын мағынасын шатақ ұғып,
Молдалар
маған қоймақ кәпiр деп ат.
Ақылыңа
сынат деп дәлел айтқан
Құраннан
табылады талай аят [4,
263].
Сiрә
Шәкәрiмнiң “Мұсылмандық шартындағы” негiзгi
мақсаты Құранды өз тiлiнде сөйлету болса керек деп ойымызды қорытамыз.
Пайдаланған
әдебиеттер тізімі:
1. Шәкәрiмұлы А. Қажылық
сапары // Абай, 1994, № 9.
2. Қасиманұлы С. Ғылым мен философияда да
жалғызбын// Қазақ әдебиетi, 2000. 30 мамыр.-10.
3. Мұқаметқанов
Қ. Шәкәрiм. Кiтапта: Бес арыс. Естелiктер, эсселер және
зерттеу мақалалар. Құрастырған - Д.Әшiмханов. –Алматы: Жалын. 1992. –544 б.
4. Құдайбердиев
Ш. Шығармалары. Өлеңдер, дастандар, қара сөздер.
Құраст. М.Жармұхамедов, С.Дәуiтов,
(А.Құдайбердиев). –Алматы: Жазушы. 1988. – 560 б.
5. Шәкәрiмұлы
А. Менiң әкем халық ұлы - Шәкәрiм.
Жұлдыз. 1992. -№11.
6. Құдайбердiұлы
Ш. Мұсылмандық шарты. –Алматы: Қазақстан, Мерей,
Ақиық. 1993.-73.
Резюме
В данной
статье рассматриваются вопросы религии и истории в творчестве Шакарима
This article discusses the issues of religion and history
in Shakarim’s works