Тулешов Нурлан Омирбекович

Т.Жүргенов ат. ҚазҰӨА

магистранты    

Алматы, Қазақстан

 

Сценографиядағы сахна техникасының дамуы мен Қазақстан театрындағы қолданылу үрдістері

Қазақ театрының сахна декорациясы өнері өзіндік даму тарихын ұлттық этнографиялық  және тұрмыс салттық бояу нақышының мәнерімен бастағандығы мәлім. Қазақ театры - өзіндік әуенділігімен әдеби әлемімен ұлы режиссерлер мен актерлардың ұрпағын жалғастырып келеді. Сондай-ақ театр суретшілерінің де буынын жалғаушы отауы болып саналады [1].

Қазақ сценография тарихы өзіндік ұлы тұлғаларымен, тың еңбектерімен дәуірден дәуірге алмасып келе жатыр. Сонымен бірге жаңару, заманауи техникаландырылу сценография өнерінен үстіртін өткен жоқ, қайта сахна декорациясын алуандандыра түсті.

Қазақ сценографиясының тарихи кезеңдерінің көш басында Ә.Исмаилов, Қ.Хожыков, А.Ненашев, М.Ержанов, Г.Исмайлова т.б. сынды театр суретшілері тұрды. Кезеңдік ерекшеліктерімен қарастырар болсақ қазақ сценографиясы қырқыншы жылдарға дейін этнографиялық және пейзаждық декорацияларды (далалық, таулық көріністерге) кеңінен пайдаланды. Этнографиялық кеңістікті беру қазақ сценографиясында осы кезеңнен бастап қалыптасып бүгінгі таңға дейін өзіндік маңыздылығын жоя қоймады [2].

1940-50 жылдары қазақ театр декорациялық өнерінде кәсіби ерекшеліктер байқала бастады. өзіндік тың ізденістерінің арқасында кезеңдік театр суретшілері кескіндемелік тіл арқылы театр қойылымының кеңістігін кеңейте түсті. Ал 1960 жылдары театр декорациясы тарихы жаңа көріністерімен жаңа есімдермен ерекешелене түсті. Ә.Мамбетов, Д.Т.Сүлеев сынды тұлғалардың театр өнеріне келуі сценография тарихының жандануына септігін тигізді. Сахналық кеңістіктегі үш өлшемнің пайдалану негіздері, жылжымалы кеңістік ерекшеліктері, сонымен қатар актердің сахнада өмір сүруіне ыңғайлы түрлі материалдардың қолданысқа шығуы жаңа көзқарастар мен жаңару қағидаларын қалыптастыра түсті. Бұл өзгерістер театр декорациясына көңіл аудартып, жаңа буынның ынтасын аша түсті.

1970 жылы көптеген ізденістер мен тәжірибелерден өзіндік шығармашылықтарын шыңдай түскен театр суретшілері И.Корогодин, А. Семизоров, А. Кривошеин, Ф.Муканов сынды буынымен толыға түсіп, жаңа лебімен алға қарай жылжыды [3].

1980 жылғы қазақ сценографиясында жаңа толқынды өзгеріс болды деп атауға болады, себебі драмалық дүниетанымның теңдесіз дүниелері осы жылғы буын өкілдерінің еңбектерінде көрініс таба түсті. К. Ақбаев, Е. Тұяқов сынды иелерінің туындылары өзіндік  ізденісті тәжірибелерінің арқасында қойылымның образын жасауымен айрықшаланды. Қойылымды көрерменмен бірге тамашалау ерекшелігін негізге алған театр суретшілері қойылымның түпкі идеясын образдық шешімге жүгініп пішіндер арқылы шеше білді. Нақ осы ізденіс 1990 жылдары да жалғасын таба түсті. Көркемдік ізденіс тұтастықта шешіліп, маштабы кең ойлар философиялық тұжырымды пішіндермен көрсетілуге бағытталды.

Бүгінгі таңдағы театр сценографиясы осы дараланған ізденісті тәжірибелік нұсқалардан өткен жолмен өзіндік ізін саралап келе жатыр десек те болады [4, 176-177 бб]. Аталған философиялық пішіндер, көркем кеңістік тұтастығы бүгінгі заманауи театр декорациясының басты ұстанымдары болып табылады. Театр декорациясы алайда драматургияға тәуелді, ал драматургияның ашылуы режиссер мен театр суретшісі жәнеде актердің шеберлігіне байланысты болып кете беретін ұжымдық өнерде барлығы тұтастықты талап етеді [5, 217 б.].

 М. Әуезов атындығы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында қойылған Абайтанушы, философ-жазушы Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» шығармасы бойынша қойылған режиссер Алма Кәкішованың қойылымы өзіндік ерекшеліктерімен бүгінгі күнде басқа қойылымдардан айрықшалана алады.

Театр декорациясының жандануына жаңа технологияларды енгізу, жаңа тәжірибелер жасау негіздері бүгінгі таңдағы театр суретшілерінің жарқын өкілдерінің бірі Қабыл Халықов Заманбекұлы шығармашылығында айқын көрініс табады. Аталған қойылымның қоюшы суретшісі Қ. Халықов шығарманың идеясын қойылымның декорациясын жасау барысында тұжырымдап нақты пішіндермен айқын көрсете білді. Спектакльді театр техникасы, музыкамен көркемдеу үрдістері жаңа театрлық теориялар мен практикаларда дамудың өзгеше бағыттарына ие [6, 221 б.].

Қойылым жас қазақ қызының тағдырына арналғандықтан жалпы сахналық орталықты қыз баласының қазақи ұлттық болмысына лайық пішіні арқылы сомдайды. Ал оны қоршап тұрушы сахналық элементтер ана образындағы жылжымалы пішіндермен ұйымдастырылады. Қойылымның бірінші акті  Тәңіршілдік кезіндегі шаманның кейіпі арқылы бейнеленген. Қойылымда суретші сценография тарихында көрініс тауып өзіндік тәжірибелік ширегін кеңейтіп келе жатқан қолданыстардың бірі үш негізгі кеңістік ерекшелігі мен образдық шешімді басты негізге айналдырған.  Образды ашу барысында суретші акустиканы, жарық көлеңкені, образдық пішіндерді бірге жұмылдыра отырып, негізгі ойды туындатады. Баса айта өтетін жәйт сахналық декорация тек қана көрнекілік ретінде ғана емес, актермен бірге қойылым барысында бірге өзгеріп, өмір сүруі.

 Суретші сахналық пішіндердің ешқайсысын артық етпей, бір тұтастыққа бағыттайды. Қойылым барысында төменгі жақтан көтерілетін шамандық пластикалық топтың шығу негізін сценограф режиссермен бірге ұтымды ұйымдастырған. Өзіндік жаңа механизмдердің пайда болуына байланысты декорацияның көрерменнің көз алдында ауысу әдісін (17 ғасыр) суретші қойылымның әр актісі барысында ұтымды қолданып отырған. Қойылымның бірінші акті шамандық көрініске бағытталса, екінші акт қазақ қызы Тансұлудың көркем сымбаттылығын ашуға бағытталады. Ал үшінші актіде шамандық көрініс қайта негізге алынады.

Суретші әрбір сахналық көріністерде кеңістікті тереңдете экранда көрсетуге бағыттайды. Бұл қойылымның негізгі қораптық сахнада емес, кеңістіктік алаңда, нақ болып жатқан аясын көрсетуімен анықталады. Бүгінгі таңдағы қазақ театр декорациясының заманауи техникаларының бір көрінісі болып табылатын проекциялық кеңістік  ең алғаш рет осы қойылымда қойылып отырғандығы қазақ сценография тарихындаға үлкен жаңалықтардың бірі болып табылады.

Әлемдік театр сахналарында ЗD кеңістігін беретін медиадисплейерлер, видеопроекциялардың қолданысқа шыққандығына қаншама уақыт өтті. Алайда қазақ сахнасындағы алғашқы тәжірибелік қойылымды суретші Қ.Халықов өте ұтымды қолдана алды.  Сол себептен де қойылымдағы тереңдік, кеңістік негіздері көрерменді еркін әрі жеңіл қабылдауға шақырады.

Қойылымның төртінші акті қыз келіншектердің сырласуына негізделгендіктен, суретші қазақи киіз үйдің көрінісін қайта жабдықтайды. Сахналық өзгеріс сәукелелі орталықпен киізден жасалған әйел образдарының толықтауы арқылы негізделіп, басқұрлармен пысықталады. Кейіпкерлердің киім кию ерекшеліктері ұлттық заманауи негізбен шешілген. Басты кейіпкерге жас ерекшелігіне байланысты тақия, қызыл бешпет кигізуі оның жастығының сипатын айқындай түседі. Қойылымдағы кейіпкерлердің киім кию ерекшеліктері тым сахналық сипатта болып, өзіндік кеңістікпен, болып жатқан оқиға барысынан да салтанаттылыққа бой ұруы көрермен назарын аударып отырғандығын да баса атап өткен жөн. Мұндай жетістіктер туралы басқа деректерден де мысалдар келтіруге болады. Мысалы, ХХ ғасыр театрына бірден-бір әсер еткен жанр мюзиклдың көрерменге жақын болатын себебі туралы Қ.Халықов пен Е.Нуртазин өз мақалаларында жеке мәселе ретінде қарастырған [7, 22 б.]. Бірақ, түстік шешімнің айқындылығы барысынан сахнамен кейіпкерлердің киімдерінің арасындағы  жалпылық үйлесім бір тұтастыққа бағытталып, аралық олқылықтарды жауып отырғандығы айғақты. Қойылымның ашылу барысында суретші жарық көлеңкені айрықша негізге алады. Екі кейіпкерлердің кездесу, сырласу, уәделесу сынды сәттерінде негізгі пішін мен артқы ая арасын жалғаушы көлеңкелік сипат кеңістіктің көлемін беруде айрықша рөл ойнайды.

Сахналық қойылымның  ұлттық ерекшеліктерді негіздеуде элементтік пішіндерге айрықша назар аударуы сахналық декорацияны пішіндік сипатпен анықтауға дес береді. Ол қазақтың ұлттық сипаты сәукелемен, басқұрлармен, желбаулармен, ою өрнекпен анықталса, қалмақ жұртының ұлттық ерекшелігі қытай елінің ұлттық нақышымен сипатталады. Ою өрнектік шешім екі елдің де нақыштық легінде қатар жүргізілген. Ұлттық әуенмен театр қойылымы жаңғыра отырып, декорациялық кеңістік бірге ілесіп жүреді. Сахнаның артқы аясы композицииялық тұрғыдан ою өрнекпен әсемделіп, басты пішіндік сұлбаны ашуға дес беруге бағытталады. Бұл әдісте кескіндемелік заңдылықтарыда қатар қарастырылып, композициялық орталық қай тұста болмасын, қалыс қалдырылмай негізделіп отырылады [8, 37 б.].

«Тансұлу» қойылымының сахналық декорациясындағы махабаттың пәктігі мен адалдығын суретші Қ.Халықов тазалықпен дәріптей отырып, мөлдір қабатты пердені түсіріп екі кейіпкерді сол аралықпен жүргізу арқылы сипаттайды. Мөлдір қабат заманауи материалдық нұсқалардың бірі болғандықтан, театрдағы сахнаның декорациялық келбетін жаңа қырынан ашуға дес береді. Мөлдір қабат арқылы сахналық декорацияның түпкі кеңістігі проэктордың көмегімен тұйықталып, толықсыған аймен негізделген көкжиек  сызығы сызылады. Сахна декорациясының әрбір шешімін суретші декоратор композициясы тұжырымдалып шешілген туынды іспеттес ете қарастырады. Қойылымның шарықтау шегі және шиеленіскен тұсында декорация үздіксіз алмасып, кейіпкермен бірге жиі қозғалысқа түседі. Қойылымның басты элементтері «Сәукеле», басқұр және ана сұлбалары болып табылса, суретші осы үш негізгі бөлшектер арқылы жалпы қойылымның бар болмысын ашуға дес берген. Үш элемент деп жалпылай атап отырғанымызбен, ондағы басқұрлар мен әйел сұлбаларының сахналық композициядағы ара салмақты ұстап тұрушы күшке негізделгендіктен пішіндік шешіммен шешілген сахналық қойылым деп атаудан бас тартқызады. Себебі, олар бір бөлшек емес, бірнеше болып табылады. Сахналық көрініс барысында, шиеленіс тұсы мен шешуші көрініс тұсында берілген элементтер артық болып өзіндік қызметінен тыс сипатқа ие болғандығын да атап өткендігіміз жөн.

Аталып отырған «Тансұлу» қойылымының шешуші соңғы  сахналық декорациясы болып жатқан оқиғаны жан жақты ашып, түстік негіздер арқылы сұрқай дала болмысымен аша түседі. Проэкциялық кеңістік қойылымның басынан аяғына дейін шығарып салушы көрініс, кеңістікті беруші негіздің басты көзі болып қолданылады. Қойылым соңы басты кейіпкердің трагедиялық сипатымен аяқталуына байланысты сахна астылық көрініс ашылып, аралық кеңістік пайда болады. Көрерменнің қабылдауы мен жалпы иллюзиялық шешім айқындылықпен ұштасып, қабылдаудың шынайылығына бағыттайды.  Ал сахна жабылып соңғы проэктормен түсірілген саятшының көлденең шабысы жалпы қойылымның тұжырымдамасы бола алмай қалған іспетті. Себебі, туындыдағы басты кейіпкер бала, не болмаса батыр бейнесі емес ол қойылым барысында сипатталған әйел образдарының шешімі екендігі айғақтылық.

Жалпы қорыта келсек, М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрында қойылған «Тансұлу» спектаклінің сахна декорациясы өзіндік болмысын алып шыға алды деп айта аламыз. Суретшінің қойылым барысында тек пішіндік сипатқа жүгіну арқылы бөлшектерді негіздеуде сан жағынан көбірек етуінің арқасында шашыраңқылыққа да бой ұрғандығы байқалады. Басты элемент сәукеле және кәрі кемпір сұлбасы. Кәрі кемпір сұлбасын жасауда суретші декоратор қойылымның соңғы ширегінде бүкшиген пұшық кемпірге айналатын басты кейіпкер сұлбасына сүйенеді. Ал ол сұлбалар жан жақты болып композициялық теңдікті ұстауға, сахналық көркемдікпен негіздеп, қойылым барысында кейіпкерлердің тасасына да айналып өзіндік қызметін ауыспалы түрде атқаруға бағыттайды. Қойылымдағы сахна декорациясының ұтымды қырлары образдылық, түстік үйлесімділік, кеңістікті еркін қолдану негізі жәнеде жаңа техникалық құралдарды меңгеру ерекшеліктері болып табылады [9, 5 б.].

 Түстік гормония сахналық декорация барысы мен кейіпкерлердің киімдерінің ұлттық сипатымен айшықталған. Образдылық қойылымның басты идеясының негізге алынуымен сипатталған. Алайда бұл екі жақтылық ойды беруге де бағыттап отырады. Бір пішін әйел сұлбасын берсе, басты элемент сәукеле немесе шаманның шалашы сипаты. Яғни осы үш негізгі пішіндер арасында түйістірілген немесе бір пішіннің жинақылығын қажет етуші бір ұғым керек іспеттес.

Кез келген өнер туындысында жинақылық, теңдік, үйлесімділік сынды егіз ұғымдар басты қасиеттері болып табылатындығы рас. Сол себептен де ұлы Абай хакім «...Жұп жұмыр тегіс келсін айналасы..,» деп атап өткен. Заманауи театрдағы сахна декорациясы өнерінің гүлденіп жаңа технологиялар жетістігін ұтымды пайдаланып, жұмыр ойлы туындылардың астарлап жеткізудегі маңызын аша беруіне пішіндік негіз әліде қажет ақ.  Ал аталып өткен суретші Қ.Халықовтың шығармашылығындағы образдық пішіндер драматургиялық ойды тұжырымдауға бағытталуының арқасында бүгінгі сценография саласының ұтымды қырлары бола алады. Себебі, заманауи өнер түрлерінің барлығының алдына қойған басты міндеті этномәдениетті жаңғырту болып табылатындығында болып отыр. Осы тұрғыдан қарастырар болсақ, аталған қойылымдағы этномәдени болмыс, қазақи рух, қазақи иіс жоғарғы  деңгейде сақталған.

 

Заманауи сценография өнеріндегі жаңа техникаларды пайдалану тәжірибесі келеси ізденімпаз суретшілердің шабытына қанат бітіріп, Қ.Халықовтың ұтымды қолдана білген ұтымды ерекшелігі өзіндік жалғасын таба алады. Себебі, өресі кең бүгінгі заман талабы да заманауи техникалардың көмегіне жүгініп өзіндік өнерін өрге дөңгелетуде екендігі айқындылық. 

 

Пайдаланылылған әдебиеттер:

 

1.   Михайлова А. А. Образ спектакля М., советский художник, 1990

2.   Кундакбаев Б.К. Путь театра А-А.  Жалын. 1976

3.   Қаржаубаева С.К. Театрально–декорационное искусство Казахстана: проблемы, этапы, особенности // сборник ст. Алматы, 2005           

4.   Халыков К.З. Бытие человека в современном искусстве: перформансы и акции // Актуальные проблемы гуманитарных и социальных исследований: Матер. 7 Региональной научной конференции в области гуманитарных и социальных наук. Новосибирский государственный университет. – Новосибирск, 2009. С.176-180.

5.   Khalykov K.Z., Karzhaubaeva S.K. Traditional culture and up-to dateness SPACE INTERACTION: artistic and cultural processes in Kazakhstan// International Scientific Conference «Social reconstruction of Europe», 7-8 november, 2013, Bucharest, Romania www.edituralumen.ro; www.edituralumen.com  MEDIMOND International Procedings. www. Medimond.com   info@medimond.com

6.   Khalykov K., Nurtazin Y. Modern theatre: actor’s musical requirements in the educational process of Kazakhstan// International Research Journal of Arts and Social Sciences, Vol. 2(9)pp. 220-227, October, 2013. DOI: http:/dx.doi.org/10.14303/irjass.2013.067. Copyright © 2013

7.   Khalykov K., Nurtazin Y. 'Modern theatre: problems of Performing Arts musical in Kazakhstan' // Journal of Engineering (IOSRJEN), a Journal of International Organization of Scientific Research (IOSR)

8.   Халыков К.З. Приемы освоения пространства сцены в композиции сценографии // BULLETIN d’EUROTALENT-FIDJIP 2013, Volume 1c Editions du JIPTO, 2013 http://academie-concorde.blogspotcom

9.   Халыков К.З. Антропологическая проблема в современном искусстве. Антропотопос» теоретический журнал в области философских наук. Вып. 5-6. Омск, 2009. С. 5-16. http://sociokosmos.ru/anthropotopos/Article/5_6_June_Sept/Antropotopos%20full.pdf