Наушабекова Кулшат Малдыбаевна

қазақ  тілі мен әдебиеті мұғалімі,

№1 мектеп-гимназия

Алматы қаласы

Жаңа технологияны пайдалану - білім сапасының негізі

 Қазіргі мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған басты міндет - оқушылардың шығармашылық білім дағдыларын қалыптастыру. Оқушы қабілеті дегеніміз - оның педагогикалық ықпал аясында білім алу әрекеті, жеке тұлғаны дамыта оқыту әдістері, оның шығармашылық қабілетінің дамуына әсерін тигізеді. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі - жаңа технология негіздері болып табылады.

Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда бірден-бір тиімді әдіс – сын тұрғысынан ойлау әдісі. СТО-дағы мұғалімнің басты міндеті - оқу материалын оқушыға дайын күйінде көрсету емес, оқушымен бірлесіп, жалпы іс-әрекетті ұйымдастыра отырып, алға қойылған міндеттерді түсіндіру, оларды шешудің тәсілдерін, жолдарын іздестіру.

Қазіргі кезде қазақ тілін оқытатын мамандарға қойылатын талап - жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, сапалы және терең білім беру, олардың ойлау, көру қабілеттерін жетілдіру, уақытты дұрыс пайдалану, әртүрлі әдістерді қолдану, сабақты мазмұнды да қызықты өткізу, мұғалімнің жеке басының интелектісін дамыту, оқу. Жеке тұлғаны дарынды, білімді де білікті етіп шығару - мұғалімнің педагогикалық шеберлігі.

Оқушының ойлау қабілетін байытуға игі ықпал ететін жаңаша оқытудың бір түрі – оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы.

Сын тұрғысынан ойлау әдісі, оқытуда дамыған технологияға жатады.

Сын тұрғысында ойлау әдісі мұғалім қызметінде ұйымдастыра оқыту, оқушылардың жеке топпен жұмыс жасау негізінде білім алуымен ұштасады. Бұл стратегия оқушының жекелеген мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашуға бағытталады. Осы әдістің ерекшелігі оқу әдісінде қолданылады. Яғни оқушылардың ауызша және жазбаша тілін, ойлау, есте сақтау қабілетін, әрбір ақпаратқа, сонымен бірге өзінің және басқаның шығармашылығына сыни қарауына, шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталады.

Сын тұрғысынан ойлауда ойлау тек ересек адамдарға, жоғары сынып оқушыларына тән деп ойлау аса дұрыс түсінік емес. Жас балалардың да бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз. Бұл технологияның ішкі құрылымында ерекшелік бар. Бұл құрылым -  3 деңгейден тұратын оқыту мен үйретудің моделі. Білімнің болашақта пайдаға асуы қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді.

СТО үйрету үшін мына төмендегі шаралар орындалуы шарт.

1.  Оқушыларға ойлануға рұхсат беру;

2.  Оқушылардың әр түрлі идеялары мен пікірлерін тыңдау;

3. Үйренудегі оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдау;

4.  Сенімділік.

Осы технологиямен жұмыс барысында оқушылар  іс-әрекетінен мына өзгерістерді байқауға болады:

1. Бірлесіп жұмыс істеуге, шешім қабылдауға, өзі білмегенін үйренуге, білгенін ортаға салуға үйретеді.

2.  Ұжымдық, жұптық, топтық жұмыс істеу дағдылары қалыптаса бастайды.

3. Білімді өз бетінше іздеуге, салыстыра болжауға, ойын еркін жеткізе білуге дағдыланады.

4. Оқушылар сабақтың басынан-бастап білімді игеруге белсене кіріседі, қызығушылығы артады.

5. Сабаққа енжар қатысып отырған оқушыларда ерекше белсенділік пайда болады.

6. Өзін-өзі бағалай біледі.

7. Саралауға үйренеді.

8. Ғылыми жұмыспен айналысуға қызығушылық танытады.

9. Өз пікірін қалыптастырып,  «мен» деген рөлін көтере балады.

         Сыни тұрғыдан оқытудың бірінші кезеңі қызығушылықты оятудан басталады. Бұл үрдіс бұрынғы білетіні мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Оқушы жаңа ұғымдарды, тұсініктерді өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан да сабақ жаңа тақырып төңірегінде оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Бұл кезеңнің екінші мақсаты – оқушының белсенділігін арттыру. Өйткені үйрену – енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін – іс-әрекет. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Осыдан соң оқушы жаңа білім жайында ақпарат жинап, оны байырғы білімімен ұштастырады.

Жаңа сабақты өз бетінше меңгеру немесе мағынаны тану кезінде түртіп алу немесе INSERT стратегиясын пайдалану – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге  үйрететін ұтымды жол. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін есте сақтау – күрделі жұмыс, сондықтан да оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. Мағынаны түсінуде INSERT пайдалану - аталған кемшіліктер болдырмаудың бірден-бір кепілі. Үйренушілер білетінін анықтап, білмейтінін белгілеп, сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында байланыстар құрауға дағдыланады.

Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасында бұл сабақтағы аса қажетті мәнді, маңызды әрекет – «Ой толғаныс» кезеңі. Бұл кезеңде оқушы не үйренгенін саралап, салмақтап оны қандай жағдайда , қалай қолдану керектігін ой елегінен өткізеді. Ой толғанысты тиімді етуге лайықталған «5 жолды өлең» «Венн»   диаграммасы, «Еркін жазу», «Семантикалық карта», «Т» кестесі сияқты стратегияларды тапсырмалардың ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтап қолданып жүрміз. Олар оқушылардың бүр-бірімен ой алмастыруын қамтамасыз етеді. Әр оқушы өз шығармашылығын көрсете алады.

Автордың орындығы стратегиясы арқылы төмендегі нәтижелерге қол жеткізуге болады:

1. Психологиялық қайшылықты жеңіп, көпшіліктің алдында сөйлеуге үйренеді.

2. Суырылып шығып, белсенділік танытуға, алға ұмтылуға, жаттанды пікірден өзгеше ой айтуға дағдыландырады.

3. Логикалық пайымдауы жоғарылап, тіл байлығының молаюына, сауатты, қатесіз сөйлеу дағдысының қалыптасуына ықпал етеді.

4. Шығармашылық ізденісі артып, өзіндік «менін» қоршаған ортаға танытуға тырысатын белсенділік қалыптастырады.

«Оқу мен жазу арқылы арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасымен жұмыстанып жүрген мұғалімдер бұл сабақтар баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал ететіндігіне келіседі деп ойлаймын. Ал, оқушылар сабақтың қызықты, жеңіл өтетіндігін, ұжымды бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі әрі тиянақтылығы артатындығын дәлелдеп жүр.

Қазақ тілі мен әдебиетті оқытудың тиімділігін, сапасын аррттыруда «Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлау» бағдарламасының стратегияларын ұтымды пайдалану оқытудың шығармашылық сипатын күшейтуде маңызы ерекше.

   Әдіскерлер А.Шульц, С.Сятковскийдің «Қазіргі таңда оқытудың түрлі әдістері мен құралдарының сабақтаса бірігуі және олардың етене қолданылуы сабақ сапасын арттырады» деген пікірлеріне біз де қосыла отырып, сыни тұрғысынан ойлау бағдарламасының стратегияларының өміршеңдігіне толық көз жеткіздік.

 Мысалы, 11-сыныпта М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» шолу ретінде ғана өтіледі, жан-жақты талданбайды. Мәтінді толық игерту мәселесі сыныптан тыс оқу соған қатысты жүргізілетін жұмыстар үлесіне тиді. Солардың бірі ретінде оқушыларға зерттеу элементтері бар тақырыпқа байланысты Блумның сұрақ қою жүйесін ұсынуға болады. Бұл тапсырмаларды орындау барысында оқушыларда танымдық әрекет қалыптасып, ойлануға, ізденуге итермелейтін шешуді қажет етерліктей танымдық проблемалық сұрақтарға жауап құштарлығын арттыруға бағыт, бағдар береміз. Басты міндетіміз – оқушыны шығарма мазмұнына терең бойлату, образдар жүйесі көтерілген негізгі проблемаларды, шығарманың композициялық құрылысын, тілін терең таныту арқылы осы әңгіменің бүкіл көркемдік ерекшелігін ашу; оқушының сана-сезіміне қозғау сала отырып, жан-дүниесін эмоциялық әсерге бөлей келе, әділетсіздікке жиреніп, қарғыс айтатындай дәрежеге жеткізу.

Осы сабақ барысында оқушылардың жан-жақты ізденіспен орындауын талап ете отырып, екі жақты күнделікпен жұмыс істеуге болады. 

Мәтіннен үзінділер

Жауаптар

Ой-тұжырым, мазмұнға сәйкес мақал-мәтел келтіру

«Көңілдегі күшті намысы сілкініп оянғандай болды. Барша басынан кешірген жетімдікке, жалғыздыққа, қорлыққа, мазаққа түгелімен қарсылық ойлады. Өмірде сыртына шықпаған ашу, ыза, намыс балық еркін билеп, дауылдап, басына бір-ақ шықты»

Зорлық көрсетушілерге қарғыс, лағынет айтудан басқа қолынан ештеңе келмейтіндіктен, осы шешімге барды. Қатал тағдырға Ғазиза қарсылық жасап, жас өмірін қиды.

Тышқанның өлгені – мысықтың ойнағаны.

 

 

 

Ерді намыс өлтіреді.

8 сыныпта Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын талдау кезінде «Кубизм» стратегиясын қолдану тиімді нәтиже береді. Мысалы, Суреттеңіз.  «Жетісудың  табиғаты».  1-тапсырма. Табиғаттағы түс, рең ерекшелігін білдіретін сөздер мен сөз тіркестерін табыңыз. 2-тапсырма. Су тазалығын ашатын деталь көріністер бар ма? 3-тапсырма. Табиғаттағы тыныштық салтанатын тағы қай көріністерден байқаймыз?  Зерттеңіз.  «Аққудың әсемдігі».  1-тапсырма. Поэмадан аққудың мүсін келістігін кескіндеген сөздерді табыңыз. 2-тапсырма. Поэмадан аққудың үнін нақты бейнелеген жерін табыңыз. 3-тапсырма. Аққудың жарасты, әдемі әрекеттерін табыңыз. 4-тапсырма. Оқ тигеннен кейінгі жаралы аққудың жанталасуын тауып оқыңыз. Байланыстырыңыз. Әдебиет теориясымен. 1-тапсырма. Поэмадағы жинақтау мен даралаудың үйлесімдігіне мысал табыңыз. Немесе  аз сөзге мән сыйғызған детальды көрсетіңіз. 2-тапсырма. Ақынның көріктеуіш сөздерді (эпитетті) қолдану  шеберлігін табыңыз. 3-тапсырма. Метафора немесе метафоралық тіркесті табыңыз. 4-тапсырма. Поэмадан кейіптеуді табыңыз. Талқылаңыз. Поэманың ІІІ бөліміндегі

                   Білмеймін сор аттың ба, бақ аттың ба?

                   Аққуға кезенерде ырым жасап,

                   Тым құрыса саусағыңды қанаттың ба?- деген  жылқышының сөзінде қандай мән бар?

Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасының бұдан да басқа стратегияларын әдебиет сабағында кеңінен қолдануға болады. Бұл тәсілдер оқушыларды тыңдаушы, орындаушы ретінде емес, ойланып еңбек етуші дәрежеге жеткізеді, ал мұғалімді белсенді түсіндірушіліктен арылтып, алдында өз сезімі мен көзқарасы, өзіндік пікірі бар даму үстіндегі жеке тұлға отырғанын сезінуге жетелейді. Оқушыларды мұғалімге тәуелділіктен арылтып, өзінің білімді игеру қызметін өздері басқара алу қабілетін шыңдайды, құр мәлімет алумен шектелмей, еркін пікір айтуға тәрбиелейді.

Жас жеткіншектердің ақыл-ой әлеуетін барынша дамыту үшін олардың санасына өз халқының тарихи тамырын, рухани және адамгершілік қағидаларын, азаматтық және отансүйгіштік идеяларын сіңіруіміз қажет. Осының бәрі әдебиет пәні арқылы жүзеге асатындықтан да, егеменді еліміздің еркін ойлы азаматын қалыптастырудағы әдебиет пәнінің маңызы зор екенін ескере келе, оны оқыту мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарауымыз қажет.

  «Сын тұрғысынан ойлау» бағдарламасының қай әдісін алсақ та оқушының белсенділігін, ойлау қабілетін, шығармашылығын жан-жақты дамытатынын көрудеміз..

СТО стратегиясын қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында пайдалану – оқушылардың ойлау қабілеті мен сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді, оқушы мынандай нәтижеге қол жеткізеді:

Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті үштұғырлы тілін дамытуда, қазақ тілінің мәртебесін көтеруде, өз ойын, пікірін ауызша және жазбаша тілде көркем де анық, нақты етіп бере білу жолында «СТО» стратегияларын дамыту жұмыстары көмегін көптеп тигізері анық.