Ж.Б. Есенбек,  А.Ж. Нұрмолдаева

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

БАЛАЛАРҒА ТӨНГЕН ҚАУІП-ҚАТЕРЛЕРДІҢ БАҚ-та  САРАЛАНУЫ

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев  әрқашан  «жастар    біздің  болашағымыз!»  деп  жастарға  үлкен сенім мен жауапкершілік артады.  Ұлтымыз  бен  ұрпағымызды  ертеңгі күнмен ұштастырады. Сол болашақ бүгінде нендей қатерлерге бой алдырды? Білім ордаларында балаларды  бопсалау  оқиғалары  әлі  бар.  Мектеп  қабырғасында  қалталарына  жасырын  пышақ  салып  жүретін  жеткіншектер  де кездеседі. Оқушылар арасындағы қылмыстық  істер:  бопсалау  мен  бұзақылықтан  бөлек  жасөспірім  қыздар  жиі  ұшырайтын  жыныстық  қысым  мен кәмелеттік жасқа жетпеген қыздардың жүктілігі, сонымен қатар,  нашақорлыққа  салынған  жастар,  мұның  барлығы –  ұлт  болашағына  деген  қатер.  Ендеше  оның бұқаралық ақпарат құралдарында қозғалуы,  әрі  күрес  барысы  хақында  елімізде  орын  алған  жайттарға  тоқталып көрелік.

         Облыстық «Жетісу» газетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы санында 
тілші А. Есенбаеваның Талдықорған қаласындағы №17 орта мектепте өткен «Тәртіп және біз!» тақырыбында өткен тәрбиелік шарасы туралы мақаласы жарыққа шықты. Мақалада «жасөспірімдер арасында ең көп тіркелетіні –  бұзақылық. Қазір өтіп бара жатып қағысып қалса да жастар сол үшін  төбелесуге  дайын  тұрады...  Ал  құқықбұзушылыққа  барған  16  жастан  асқан  балаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, мәселесі сотта қаралатындығы» көрсетілген [1]. Біреудің  құқығын  таптау,  бопсалау,  кеш бата көше кезу бақылаудың әлсіздігі және заңға немқұрайлы қарағандықтан, оны құрметтемегендіктен.  Аталған  құқықбұзушылық  қауіптің  алғашқысы. 

Келесі бір қатерлі  қауіп – «суицид».  «Өзін-өзі  өлтірушілердің  арасында  жастардың  4-5 пайызы 20-ға жетпеген  жастардың  ішінен  кездеседі  және  бұл  бет бұрыс шет елде, сонымен бірге, біздің елде де көп кездеседі. Статистикаға  сүйенетін болсақ, жыл сайын 3600  жасөспірім өз-өзіне қол жұмсау фактілері  кездеседі (үстіміздегі жылдың 23 шілдеде берілген  ақпараттардан  алынды).  Жеткіншектердің  арасындағы  өз-өзіне  қол  жұмсау 14-17 жас шамасында  көп»  [2, 4б]. Осы тақырыпта жазылған журналистердің  материалы толып  жатыр, өкінішке орай, нәтиже жоқ.

Келесі қатерді 2016 жылы 30 қаңтардағы  Г.  Тұрсынның  «Арыңды  сақта  жасыңнан...» атты мақаласынан көруге болады. Автор мақалада қыз  баласының мектеп бітірмей жатып етегінің түрілуіне не себеп, кімдер кінәлі сынды сауалдарға жауап іздейді. «Жалпы былтыр облыс бойынша,
28 жасөспірім дүниеге заңсыз сәби әкелсе, өткен жылы бұл сан 41-ге жетіпті.  Статистикаға  сүйенсек, тастанды  балалардың  жиырма  тоғыз  пайызы анасы  18-ге толмағандардың нәрестелері екен. Мәселенің  мәнісін  ой  көзінен  өткізіп,  ұятты жағдайдың орын  алу  себебін  зерделеп көруге тырыстық...  Бір  сұрақ  төңірегінде сан түрлі  ой,  сан  түрлі  жауап.  Ұстаздар  отбасы  жауапкершілігін  арттыру  керек  десе,  дәрігерлер  сезімге  ерте  берілмеуді  айтады.  Ал  ата-ана  қоғамды  кінәлайды [
3]. Менталитетімізде оң босағада  отырып  босану  дұрыс  емес.  Сол  себепті  де  қиындыққа  тап  болған  жасөспірімдер  ешкімге  айтпай  түсік  жасатады  не  босанып  сәбиін  далаға  тастайды.  Қыз  баласының  ерте  жүктілікке бой алдыруы  оның  болашағына  балта  шапқанмен  бірдей.  Себебі  денсаулығына  зор  нұқсан  келеді. Қайтадан  бала  көтере  алмау  қаупі  де  жоқ  емес. 

Бір кездері «жезөкшелік» дейтін  жиіркенішті істі заңдастыру жайлы сөз  қозғалған  еді. Осыған орай Қазақстан мұсылмандарының діни-танымдық  газеті «Ислам және өркениеттің» 2015 жылғы 15 наурызында дінтанушы
Қ. Жолдыбайұлының «Қоғамның қасіреті» мақаласы жарыққа шықты.  «Жезөкшелікті  заңдастыруға  қатысты  ұсыныс  білдірген  зиянды  зиялыға  қайтарған  жауабында:  Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде:  теріс  істі  көрсеңдер,  оны  қолдарыңмен  түзетіңдер, ал  егер  оған  шамаларың  жетпесе,  тілдеріңмен  түзетіңдер. Оған  да  шамаларың  келмесе,  онда  ең  болмаса, жүректеріңмен  сол  істі  жек  көріңдер.  Жек көрудің  өзі  иманның  ең  әлсізі» деп ата көрсетеді  [
4]. Шынымен де жек көрмеу оны құптағанмен бірдей. Жезөкшелікті  заңдастыру  арқылы  мемлекет  қазынасын  томпайтқанымен,  тәрбиеде қате іс саналады. «Бос  арбаның  сылдыры  көп»  демекші  тәрбие  нәріне  қанбаған  жастардың  шалыс қадамы,  отбасында  тәрбиенің  екінші  орында  қалып  қоюы  бүгінгінің өзекті мәселесі болып табылады. Осы туралы «Ислам және  өркениет» басылымында Ержан қажы өз ойын білдірді. Оның ойынша,  «Өткен  жолы ақпарат құралдарынан сәбиін көлікте босанып, далаға  тірідей  лақтырып  жіберген  қарындасымыз туралы қайғылы хабарды мен де естідім. Әрине өкінішті жағдай. Жастарымызға жетпей жатқаны    рухани  азық,  иман,  тәрбие» [5]. Ұлт сапасының дұшпандары: жасанды түсік, жезөкшелік,  бұзақылық, маскүнемдік, нашақорлық қатерлі қауіптердің көрінісі екені даусыз.

Кешегі  күні  ақын-жазушыларымыздың  шығармаларында  қолданылған  «құл-құтан»  сөзі  біреуге  тәуелділіктің  бүгін  ғана  емес,  сонау  ертеректерде  орын  алғанын  дәлелдейді.  Жаңа  ғасырда  осы  сөз  басыбайлы  өзгеше  сипат  алғанымен әлі де жойыла қоймады. Оған  жабық  алаңдағы  заңсыз  сауда-cаттық орны    қара  базар  куә. «Сарапшылардың  дерегіне сүйенсек, бүгінге  дейін жер бетінде 27 миллионнан астам ересек  адам, 13 миллионнан  астам  бала сауда-саттықтың құрбаны болыпты. Осы саудаға түскен жандардың
75-80 пайызы жезөкшелікке жегіледі.  Енді  жан  түршігерлік  мына  деректерге  назар салыңыз: жезөкшелікке салу  үшін  сатылғандардың  жылына  30  мыңнан  астамы  құрбан  болады.  Зорлық  зомбылықтан,  аурудан,  шамадан  тыс  ауыр  жұмыстан және тағы  сол  сияқты.  Құрбандардың  дені  30  жасқа  жетпегендер.  Арасында әлі 6 жасқа толмаған сәбилер де бар». Еңбек құлдығы және  жыныстық құлдықтың құрбаны болатын  әйелдер  мен  балаларды  саудалайтын  нарықтан сый қашып, құл-құтан құны жоғарылады. Осы мәселені  журналистер  қауымы,  оның  бірі, А. Әбдірайым «Адамның  құны» атты мақаласында  көтереді. 2009 жылы «Вашингтон Таймс» газеті  «Талибан  жеті  жастан  асқан  балаларды сатып алып жатыр» деп дабыл қақты. Басылымның  дерегіне  сенсек,  террористік  ұйым  жасөспірімдерді  өзін  өзі құрбан  етуге  дайындап,  соғысқа  салмақ [6].  Ащы  да  болса  шындық,  бүгінде  сәбиді  де  сатып  алуға,  сатуға  болады.  Қызылшақаны  құнға  бағалау  қазақ  елінде  кейіннен  өршіді.  Демек  бұл  балаларға төнген  қатердің  біріншісі.

Балаларға төнген қауіптің екінші түрі жетілмей жатып зорлық  зомбылыққа тап  болу. «Педофилия (көне грекше: πας    «сәби»,  көне  грекше:  φιλία – «махаббат», басқаша  айтсақ  инфантосексуализм,  падерозия)    психикалық  бұзылу, көптеген  жыныстық  ауытқулардың  бірі.  Бұл  ауруға  шалдыққан адамдарды педофил деп атайды». Бұл  жайлы  басылым  беттерінде  толассыз  хабарлар  таратылуда.  Мәселен  «Алаш  Айнасы»  басылымы  осы  бір 2016  жылдың  өзінде  «Семейде 17 жыл  бойы  интернат  балаларын  зорлап  келген педофил тәрбиеші Өскеменнің уақытша ұстау изоляторында өлі  табылды;  Қарағанды  облысының  Шахтинск  қаласында 10 жасар  қызға  тиіскен  педофил  әлі  күнге  дейін  табылмаған;  Таразда  педофил  8 жастағы  қызды  зорлап,  өлтіре  жаздады;  Шымкентте  3  жасар  қызды  зорлаған  азғын  ұсталды»  деген  сияқты  және  де  осыған  ұқсас  мақалаларды  жолықтыруға  болады. Байқасаңыздар  зәбір  көрген  қыз  баласының  жасы 3 жастан 15  жасқа дейінгі  кезең. Балалық шақты қор қылған «Педофилия»  қазақ  халқында  орын алды дегенге, әрине, сену қиын.

Қорытындылай келе, А.Құнанбаев оныншы қара сөзінде «Әуелі, құдайдан тілеймісің?  Тілейсің. Құдай берді,  бергенін  алмайсың.  Құдай  тағала  саған  еңбек  қылып  ма табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға  жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік  ғылым  берді,  оны  оқымайсың. Ол ғылымды  оқыса,  ұғарлық  ақыл  берді, қайда жібергеніңді  кім  біледі?..  Ерінбей  еңбек  қылса, түңілмей  іздесе,  орнын  тауып  істесе,  кім  бай  болмайды?» дейді  [7].  Мұндағы «Ерінбей  еңбек  қылса, түңілмей  іздесе,  орнын тауып  істесе, кім  бай болмайды?» деген сөзге мән берсеңіз кедей  болып  туған  мәңгі  кедейліктің  күнін  кешпейді  дегенге  келеді. Яғни,  ниетің  мен іс-әрекетіңе қарай ырызық несібең қонады. Бұны Аятта «Аллаһ  қалағанын  өшіреді,  қалағанын қалдырады. Негізгі кітап  (Уммул Китаб) Оның қасында» (Рағыд-39) деп ашық айтқан [8, 359 б]. Негізінде бәрі де Алланың қолында  екені  рас. Жаратқанымыз  сауабымызды  ниетіміз бен іс-әрекетімізге қарай беретіні шындық. Олай болса осы күні ұшырасып отырған қатерлерді заман мен тағдырға балап сылтау еткеніміз орынсыз. Оны тереңінен  зерттеп,  ақ-қарасын ажыратуға міндеттіміз. Ұрпақты тәрбиелеуді, олар ұшырасып отыратын қатерлермен күресуді бұқаралық  ақпарат құралдары тарапынан  жалғастыру жөн  деп  ойлаймыз. Балаға  тәрбие  беруде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор екенін ескерсек, жас жеткіншектің бойына ұлттық құндылықтарымызды  дәріптеуді мақсат етуіміз қажет. Сондай-ақ БАҚ ұлттық тәрбиенің мәнін  ұлықтау керек. Республикалық деңгейде балаларға зорлық-зомбылық жасалуын азайту үшін қауіп-қатерлердің орын алу, пайда болу  себептерін  зерттеу  қажет. Сонымен қатар БАҚ  өкілдері,  құқық  қорғаушылар,  медицина  саласы,  білім  беру  орталықтары,  ата-аналар,  қарапайым  азаматтар  бірлесе  күресу  керек. 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1.     А. Есенбаева. «Жетісу» // «Тәртіп және біз». №133.  – 2015ж.

2.     К.Ғ. Елшібаева. «Суицидтің алды алу», – Алматы, – 2009.

3.     Г. Тұрсын. «Жетісу» // «Арыңды сақта жасыңнан...». №14. – 2016ж.

4.     Қ. Жолдыбайұлы. «Ислам және өркениет» // «Қоғамның қасіреті». №5.

 –2015ж.

5.     ҚМДБ баспасөз қызметі. «Ислам және өркениет» // «Бас муфти баланы далаға тастау туралы пікірін білдірді». №3. – 2015ж.

6.     А. Әбдірайым. «Жас Алаш» // «Адамның құны». №65. –2015ж.

7.     https://kk.wikibooks.org/wiki//Абайдың_қара_сөздері.

8.     С. Сейітбеков. «Иман негіздері», – Астана: АСТ Полиграф, 2011ж.

359 б.