Зат есімнің мағыналық топтарының валенттілік байланысындағы

             актанттар құрамы (сын есім – зат есім үлгісі негізінде)

 

                                              Сыздықова Г.О.

                          Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

                    Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университеті. Қазақстан.

 

 

Валенттілік теориясының маңызы, тіл жүйесіндегі орны, құрылымы мен қызметі қазіргі кезде ғылыми тұрғыдан жан жақты қарастырылып, әртүрлі бағытта зерттеу нысанына алынып жүргендігі белгілі. Бұл бағыттағы зерттеулердің ішінде ғалымдар тарапынан, әсіресе, сөз таптарының валенттілігіне ерекше назар аударылып жүр. Атап айтқанда, М. Әлиеваның «Басыңқы сыңардағы есімдіктің валенттілігі», М.С. Жолшаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есімдердің тіркесу қабілеті», Д.А. Қарағойшиеваның «Етістіктердің семантикалық және синтаксистік валенттілігі» т.б. Оның басты себебін сөздің валенттілікті тасымалдаушы ең негізгі бірлік ретіндегі қызметімен байланысты түсіндіруге болады.

Тіл жүйесінде белгілі бір сөздің басқа сөздермен байланысы олардың семантикалық құрамындағы ортақ семалар арқылы жүзеге асады. Ал сөздің семалық құрамы мен валенттілігі өзара тығыз байланысты. Бірақ сөздің семантикалық құрамындағы кез келген сема валенттілік байланысқа негіз бола алмайды. Ғалым Б. Сағындықұлы семаға мынандай анықтама береді: «сөз мағынасының ең кіші, әрі қарай бөлінбейтін бөлшегі, ақиқат дүниемен байланысатын семантикалық элементі сема деп танылады» [1,19]. Ғалымның пікірінен семаның екі түрлі қызметін байқауға болады. Біріншіден, сема – сөз мағынасының ең кіші бөлшегі, екіншіден, сема – сөзді ақиқат дүниемен байланыстырушы. Сөздің басқа сөздермен байланысына семаның осы қызметі негіз болады. В.В. Богдановтың «В семантической структуре предикатного знака всегда будут присутствовать в качестве конституирующих семы «свойство» или «отношения» [2,31] деген пікіріне назар аударсақ, валенттілікке негіз болатын сөз бен онымен валенттілік байланыстағы актанттардың арасындағы өзара тәуелділік сөздің семантикалық құрамындағы осындай семалар арқылы анықталады.                С.М. Панкратова мұндай семаларды «релятивті семалар» деп атауды ұсынады [3,8]. Валенттілік байланыстағы сөздің валенттілікке тән іріктеушілік қасиеті оның семантикалық құрамындағы релятивті семалар арқылы сипатталады.

Сөз таптарының сөз тіркесі деңгейіндегі семантикалық валенттілігі олардың сөз тіркесі құрамындағы қолданысымен анықталады. Бұл орайда зат есімдердің де сөз тіркесінің басыңқы сыңарында валенттілікті тасымалдаушы сөз ретінде қолданылуының өзіндік ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктер, біріншіден, зат есімнің валенттілік қатынасындағы актанттар құрамынан, екіншіден, валенттілікке негіз болатын өзекті сөз (зат есім) бен оның актанты арасындағы семантикалық қатынастан байқалады.

Қазақ тіліндегі сөз таптары жүйесінде зат есімдер семантикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік жағынан кеңінен зерттелген. Соған қарамастан зат есімдерге қатысты әлі  де болса арнайы қарастыруды қажет ететін мәселелер бар. Соның бірі – зат есімдердің мағыналық топтарының валенттілігі.

Зат есімдердің мағыналық топтарының ішінде адамзат есімдері негізінен адамға қатысты қолданылатын сөздерден тұрады. А. Байтұрсынов «нәрсенің өзін атайтын сөздерге» байланысты: «Кім? деп сұраймыз адам туралы. Не? деп сұраймыз басқа заттар туралы» [4,160] деп жазады. Ғалымның осы пікірінің негізінде адамзат және ғаламзат есімдері кімдік және нелік, кейін шартты түрде персондық және бейперсондық деп аталып келді. Ғалым А. Ысқақов: «...зат есімнің ішінде өздеріне тән семантикалық ерекшеліктері бар кейбір топтар да жоқ емес. Ондай семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері бар топтарға адамзат (кімдік) және ғаламзат (нелік) есімдерін, жалқы есімдерді, көптік мәнді есімдерді, эмоциялы-экспрессивтік зат есімдерді, көмекші есімдерді жатқызуға болады » [5,144] деп, адамзат және ғаламзат есімдерінің семантикалық ерекшеліктеріне назар аударады. Адамзат есімдерінің іштей адамға қатысты атаулар, туыстық атаулар, мамандық атаулары және қызмет, лауазым атаулары т.с.с. топтарға бөлініп жүргендігі белгілі.

Адамзат және ғаламзат есімдері мен олардың актанттары арасындағы семантикалық қатынастар зат есімдердің семантикалық құрылымындағы релятивті семалар арқылы анықталады. Зат есімдердің өзінің айналасындағы басқа тіл бірліктерімен валенттілік байланысы олардың мағыналық құрамындағы осы семалар негізінде қалыптасады. 

Адамзат есімдерінің семантикалық валенттілік құрамында актант сөз қызметіндегі сын есім, сан есім, есімдік, үстеу және есімшелер олардың әр тобындағы сөздермен түрліше валенттілік қатынаста болады. Бірақ валенттілік байланыста өзекті сөздің актанты ретінде қолданылу аталған сөз таптарының барлығына бірдей тән емес. Бұл адамзат есімдерінің валенттілік құрылымның бағыныңқы сыңарымен семантикалық сәйкестігінің болу не болмауымен сипатталады. Сондықтан зат есімдердің мағыналық топтарының ішінде адамзат есімдерінің актант қызметіндегі сөз таптарымен байланысын, құрылымын белгілі бір үлгілер негізінде анықтау олардың валенттілігі мен тіркесімділігінің сандық және сапалық дәрежесін белгілеуге ықпал етеді.

 Сөз таптарының семантикалық валенттілігі мен тіркесімділігін сандық және сапалық жағынан анықтауда сан, сапа ұғымдарының тіл деңгейлеріне қатысы туралы Ш. Жалмахановтың пікірі ерекше назар аударуды қажет етеді. Ғалымның: «Сан категориясы – тілдік бірліктердің, яғни фонема, морфема, лексема, синтагмалардың материалдық, формалық көрсеткіші. Сапа категориясы – жоғарыдағы тілдік бірліктердің идеялық, мазмұндық көрсеткіші» [6,68] деген тұжырымы сан және сапа категорияларының тілдің әр деңгейіндегі сипаты сол деңгей бірліктерінің тұлғалық (сан) және мазмұндық (сапа) көрсеткіштерімен байланысты болатындығын көрсетеді. Тілдік бірліктердің саны мен сапасы сөздің лексикалық, семантикалық, грамматикалық және тақырыптық көрсеткіштерімен айқындалатындығын [6,212] ескерсек, сөз таптарының семантикалық валенттілігі мен тіркесімділігінің сандық және сапалық дәрежесі олардың тақырыптық топтарының валенттілік қатынастағы қолданысымен анықталады. Бұл адамзат есімдерінің тақырыптық топтарына да қатысты жағдай.  Зат есімдер сол жақ валенттілігінде сапаны, сынды, белгіні білдіретін сөздермен синтагматикалық қатынаста жиі қолданылады. Соның негізінде адамзат есімдерінің валенттілік байланыстағы актанттық құрамында сын есімдер   актант сөз қызметінде жиі кездеседі.

Адамзат есімдерінің сын есім – зат есім үлгісінде сын есімдер зат есімнің актанты қызметінде оның валенттілік құрылымын толықтырып тұрады. Заттың сындық белгісі сын есімдер арқылы анықталғанмен, кез келген сын есім адамзат есімдері тобындағы сөздермен валенттілік қатынаста байланыспайды. Тек өзі тіркесетін зат есімнің мағынасымен, оның бір семасымен ортақтығы, ұштастығы бар сын есімдер ғана адамзат есімдерімен тіркесімділікке түсіп, соның негізінде зат есімнің валенттілік байланысында актант қызметінде қолданылады. Адамзат есімдерінің ішінде адамға қатысты жалпы атаулар сапаны, сынды, қасиетті, белгіні білдіретін сын есімдермен сол жақ валенттілікте байланысады. Мысалы: жақсы адам, білімді адам, өнегелі бала, сабырлы адам т.б. Ал, керісінше, түр-түсті, дәмді, көлем, аумақты, молдықты білдіретін сын есімдер адамға қатысты атаулармен мағыналық жағынан байланыспайтындықтан, олардың арасында валенттілік қатынас та болмайды. Мысалы: көк, ақ, ащы, дәмді, кең, тар, сулы, жаңбырлы  тәрізді сын есімдер адамға қатысты зат есімдермен семантикалық валенттілікте байланыспайды. 

Сын есімдер деректі, дерексіз, адамзат, ғаламзат, жалпы, жалқы зат есімдермен семантикалық үйлесімділік негізінде тіркесімділікке түседі. Мысалы: белгілі ғалым, танымал әнші, өнерлі бала; дөңгелек үстел, ащы жусан, өткір пышақ т.б. Бірақ зат есімдердің бір мағыналық тобындағы барлық лексемалар сол топтағы басқа зат есімдердің валенттілік байланыстағы сын есімдерімен тіркесімділікке түсе алмайды. Мысалы: өткір пышақ, өткір қылыш, бірақ өткір шоқпар, өткір сойыл емес. Мұндай ерекшеліктер зат есімнің басқа мағыналық топтарына да тән болып келеді.

Сын есім – Зат есім  үлгісіндегі валенттілікте зат есімдер өзекті сөз, сын есімдер актант сөз ретінде келіп, өзара мағыналық байланыста семантикалық валенттілікке түседі. Мысалы: Тау басына шығып, даланы кезіп жүрсе де, анасына бағышталған мұңды ойлардың қасірет жырлары орала берді (М. Әуезов). Дәл осы астың дастарқаны жиыларда Найманнан келген кәрі нағашы Абайды шақыртып алып, бейілденіп бата беріп, үлкен алғыс айтты (М. Әуезов).

Берілген сөйлемдердегі мұңды ойлар, қасірет жырлар, кәрі нағашы, үлкен алғыс тіркесімдерінде дерексіз ұғымды және туысқандық атауды білдіретін зат есімдер сын есімдермен мағыналық сәйкестігі негізінде валенттілік байланысқа түскен. Зат есімдердің сын есімдермен семантикалық валенттілігінде  сын есімдер зат есімдердің мағыналық топтарымен тіркесімділікке түседі. Бірақ олардың тіркесімділік дәрежесі бірдей сипатта болмайды. Мәселен, адамзат есімдерінің туысқандық атауларын білдіретін тобындағы зат есімдер адамның жас мөлшерін, сыртқы келбетін, мінез-қылығын т.с.с. белгілерін сипаттайтын сын есімдермен ғана семантикалық тұрғыдан байланысады. Мысалы: Өз аулының жас жігіттері де шетінен ат үсті төбелеске мойымайтын «іздегенге сұраған» дейтін Қожақан сияқтылар еді (М. Әуезов). Мұндағы адамға қатысты жалпы атауды білдіретін жігіт зат есімі жас сын есімімен семантикалық байланысының сәйкестігі негізінде тіркесімділікке түскен.

Адамзат атауларының ішінде туыс атауларына қатысты қолданылатын әке, шеше, аға, іні, апа, жезде, нағашы т.б. зат есімдер адамның мінез-қылығын, табиғи болмысын, жас мөлшерін т.б. белгілерін сипаттайтын сын есімдермен семантикалық жағынан валенттілік байланыста болады. Бір лексика-семантикалық топтағы сөздердің тіркесімділік аясы бірдей сипатта болмайды. Бұл ерекшелік адамзат атаулары тобындағы зат есімдерге де тән. Мысалы: әке, шеше, аға, апа, жезде зат есімдері қадірлі, аяулы, сабырлы, байсалды сын есімдерімен валенттілік байланыста тіркесімділікке түссе, іні, немере, шөбере, құдаша т.б. туыстық атауларды білдіретін зат есімдер сүйкімді, ерке сын есімдерімен валенттілік байланыста болады. Мысалы: Момын әке, жуас шешеден туып, көшпелі колхозды ауылдың баласы болған соң, осылай айтуым заңды да болатын (Ә. Нұршайықов). Берілген сөйлемде әке, шеше зат есімдері адамның мінез-қылығын сипаттайтын сын есімдермен валенттілік байланыста тіркесімділікке түскен.

Адамның әртүрлі мінез-қылығы мен әрекетінің белгісін білдіретін сын есімдер тобындағы сөздер адамзат атауларымен семантикалық жағынан тығыз байланыста болып, тіркесімділікке бейім келеді. Керісінше, адамның сыртқы келбетіне, бейнесіне қатысты сын есімдер тобындағы кейбір сөздер адамзат атаулары тобындағы зат есімдердің барлығымен бірдей валенттілік байланыста болмайды. Сондықтан туыс атаулары тобындағы зат есімдер адамның табиғи болмысына, мінезіне қатысты сын есімдер тобындағы кез келген сөзбен, дәмді, түр-түсті, көлем, аумақты білдіретін сын есімдермен тіркесімділікке түспейді.

Қызмет, лауазым атауларын білдіретін зат есімдер тобындағы сөздер де сын есімдердің лексика-семантикалық топтарымен шектеулі валенттілік байланыста болады. Бұл жағдайда зат есімдердің актанттық құрамында жақсы, білімді, тәжірибелі, сабырлы, салмақты т.б. сын есімдері актант қызметінде қолданылады. Мысалы: жақсы, білімді, білікті, тәжірибелі, сабырлы – басшы, бастық, әкім, төраға т.б. Бірақ осы топтағы  белгілі, танымал, әйгілі сын есімдері қызмет, лауазым атауларын білдіретін сөздермен өте сирек тіркеседі.

Зат есімдердің мағыналық топтарының ішінде ғаламзат атауларының адамзат атаулары тобындағы сөздерден анағұрлым көптігі олардың санын дәл көрсетуге мүмкіндік бермейді. Бұл топқа адамды қоршаған барлық жансыз зат атаулары, жан-жануар, өсімдік, үй жануарлары мен балық атаулары, әртүрлі құрал атаулары, жер-су атаулары т.б. сөздер жатады. Сондықтан ғаламзат атауларын топтастыруда олардың лексика-семантикалық топтарының нақты санын анықтау мүмкін емес. Ғалым           Н. Оралбай «ғаламзат есімдерін түгел атаудың мүмкін еместігін» ескерте отырып, күнделікті өмірде жиі кездесетін ғаламзат атауларын ғана бөліп көрсетеді [7,88].

Ғаламзат атауларының сын есімдермен валенттілік байланысындағы  актанттық құрамы адамзат есімдеріне қарағанда ауқымды әрі кең сипатта болады. Бірақ бұл топтағы зат есімдер де бір-бірінен тіркесімділік аясының кең немесе тар көлемде болуымен ерекшеленеді. Соның негізінде олардың валенттілік сипатын анықтауға болады. Адамды қоршаған жансыз зат атаулары тобындағы зат есімдерді көл, жол, ұшақ, кеме, көрме, ауыл, қала, үстел, орындық т.б. сөздер құрайды. Бұл атаулардың сын есімдермен валенттілік байланыстағы тіркесімділігі біркелкі емес. Мысалы,«айналасы тұйықталған су тоспасы» [8,410]  ұғымындағы көл зат есімі заттың сапасын, көлемін, аумағын білдіретін сын есімдермен валенттілік байланыста болады: үлкен, мөлдір, таза, терең, саяз – көл. Бірақ түсті, дәмді білдіретін сын есімдермен валенттілік байланыста қолданылмайды. Мысалы, ақ, қызыл, сары немесе тәтті, дәмді, қышқыл сындарының көл зат есімімен ортақ семасының болмауы олардың валенттілік байланысына да белгілі бір дәрежеде ықпал етеді.

Жол зат есіміне түсіндірме сөздікте мынандай сипаттамалар беріледі: 1. Қатынас жасап әрі-бері жүріп тұруға арналған ұзын желілі сүрлеу. 2. Ұзақ сапар. 3. Сөздердің жазба не баспа түріндегі қағазға түскен ізі. 4. Салт, әдет-ғұрып //Кәде, сый, ырым. 5. Кезек, рет, жөн, орын, жайы [8,305]. Бірінші мағынасында жол сөзі тегіс, түзу, ұзын, қысқа, жақсы, жаман сын есімдерімен валенттілік байланыста актант сөз қызметінде қолданылады. Мысалы: тегіс, түзу жол – жолдың сапасын білдіреді; ұзын, қысқа жол – жолдың ұзындық өлшемін білдіреді; жақсы, жаман жол – жолдың сапасын білдіреді. Ал екінші мағынасында жол зат есімі қиын, ауыр, жеңіл, сәтті, сәтсіз сын есімдерімен валенттілік байланыста тіркесімділікке түседі. Мысалы, қиын, ауыр, сәтсіз, азапты жол – ауыр азабы, бейнеті көп жол деген мағынаны, сәтті, жеңіл жол – қиындықсыз жол деген мағынаны білдіреді. Бұл тіркесімде жол зат есімі бірінші тіркесімнен тек актанттық құрамы жағынан ғана емес, сонымен қатар мағынасы жағынан да ерекшеленеді. Екінші жағдайда жол сөзі сапар зат есімімен синонимдес сипатта келіп, соның негізінде олардың валенттілік байланыстағы актанттық құрамы ұқсас болады. Мысалы, қиын, ауыр, сәтсіз, азапты, сәтті сапар. Бірақ актанттық қатардағы жеңіл сын есімі сапар сөзімен мәндес жол сөзімен валенттілік байланыста тіркесімділікке түскенімен, сапар сөзімен ондай мағыналық үйлесімділік болмағандықтан, тіркесімділікке түспейді. Үшінші мағынасында жол сөзі түзу, қисық сын есімдерімен ғана валенттілік байланыста тіркесімділікке түседі. Бұдан жол сөзінің үшінші мағынасында тіркесімділік аясының тар көлемде болатындығын анықтауға болады. Жол сөзі төртінші мағынасында қасиетті, қадірлі, киелі, дәстүрлі, кәделі, сыйлы сын есімдерімен валенттілік байланыста болады. Мысалы, қадірлі жол, кәделі жол, дәстүрлі жол т.б. Бұл валенттілік құбылысының тілдік заңдылықтарға тікелей бағынуымен байланысты. Сөз өзінің лексикалық тура мағынасы арқылы ғана басқа сөздермен валенттілік байланысқа түседі. Ал сөздің ауыспалы мағынасы оның басқа сөздермен валенттілік байланысына негіз бола алмайды. Сондықтан зат есімдердің семантикасындағы өзгерістер олардың валенттілік байланысындағы актанттық құрамының да өзгеруіне негіз болады.

Ғаламзат есімдерінің қатарында дене мүшесі атауларын білдіретін зат есімдердің де сын есімдермен валенттілік байланысындағы актанттық құрамы әртүрлі сипатта болады. Мәселен, бас зат есімінің актанттық құрамында заттың сыртқы сипатына қатысты сындық белгіні білдіретін жалпақ, үлкен, домалақ, сопақ сын есімдері актант қызметінде қолданылса, көз зат есімінің актанттық құрамында  қара, көк, қоңыр, ала  (қарасы мен ағының аз не көптігіне байланысты. -Г.С.), үлкен, қысық, мөлдір, тұнық сын есімдері қолданылады. Дене мүшесі атауларының ішінде көз зат есімінің тіркесімділік әлеуеті бұл топтағы басқа сөздерге қарағанда әлдеқайда кең болғанымен, бұл зат есім түсті немесе сыртқы пішінді сипаттайтын барлық сын есімдермен валенттілік байланыста болмайды. Мысалы, сары, шұбар, күлгін т.б.  Ал бет, арқа, құлақ, қол, аяқ зат есімдерінің сын есімдермен тіркесімділігі мүлдем шектеулі. Мысалы: Ербол күле түсіп, үлкен қоңыр көздері жалт етіп, Абайға қарады (М. Әуезов). Федоров тұздай көк көзін Еламаннан тайдыра берді (Ә. Нұрпейісов). 

Киім-кешек атауларына қатысты зат есімдер валенттілік құрылымдағы өзекті сөз қызметінде заттың түр-түсін, сыртқы сипатын білдіретін сын есімдермен валенттілік байланыста тіркесімділік қатар құрайды Мысалы: қара тон, шапан, жейде; ақ тон, шапан, қалпақ, жейде; қызыл шапан, жейде, қалпақ; қалың тон, шапан, жейде; оюлы шапан, қалпақ; гүлді жейде; жұқа шапан, қалпақ, жейде т.б. Сын есімдердің мағыналық түрлерінің ішінде негізінен заттың сыртқы сипатына, түр-түсіне қатысты сөздер киім-кешек атауларын білдіретін зат есімдермен семантикалық валенттілікте тіркесімділікке түседі. Бірақ олардың тіркесімділік әлеуеті валенттілік құрылымдағы өзекті сөз бен актант сөздің арасындағы мағыналық сәйкестік тұрғысынан бір-бірінен ерекшеленеді. Мәселен, жоғарыда талданған сыртқы киім атауларының түр-түсті білдіретін сын есімдермен тіркесімділік әлеуетінде қара, ақ сын есімдері тон, шапан, қалпақ, жейде сөздерінің барлығымен бірдей валенттілік байланыста тіркесімділікке түссе, басқа түс атаулары шапан, жейде сөздерімен ғана мағыналық сәйкестігі негізінде тіркесімділікке түседі. Ал тон, қалпақ зат есімдерінің түр-түсті білдіретін сын есімдермен валенттілігі бірдей емес. Мысалы: қара тон, ақ қалпақ, көк қалпақ, қара қалпақ, сұр қалпақ, бірақ бозғылт тон, ала тон деп қолданылмайды. Бұл мысалдардан тон сөзімен салыстырғанда қалпақ сөзінің актанттық құрамында түсті білдіретін сын есімдердің жиі қолданылатыны байқалады.

Төрт түлік мал, жабайы аң және құс атауларын білдіретін зат есімдердің сын есімдермен валенттілік байланысы актанттық құрамы жағынан бірдей сипатта болмайды. Төрт түлік мал атауларын білдіретін зат есімдер негізінен бірқатар түр-түсті, белгіні білдіретін сын есімдермен ғана тіркесімділікке түссе, көлем, мөлшер, дәм, сапаны білдіретін сын есімдер актанттық құрамда мүлдем қолданылмайды. Мысалы: қоңыр сиыр, қой, тоқты, бірақ ұзын, қысқа, кең, тар сындарымен  тіркесімділікке түспейді. Бір ескеретін жағдай: түсті білдіретін сын есімдермен де бұл топтағы зат есімдердің валенттілік байланысы біршама шектеулі болады. Мысалы, ала сөзі сиыр, қозы зат есімдерімен (ала сиыр, ала қозы) тіркесімділікке түскенімен, қой, тоқты сөздерімен тек қара ала түріндегі қолданысында ғана (қара ала қой) тіркеседі. Сөз тіркесі немесе сөйлем құрамындағы  сөздердің арасында екі жақты байланыс болады. Біріншіден, олар белгілі бір грамматикалық формалар арқылы тіркессе, екіншіден, тіркесімділікке түскен сөздер семантикалық жағынан да байланысады. М. Оразов «егер бұл екі байланыстың біреуі жоқ болса, не сөйлемдегі айтылатын ой толық жеткізілмейді, не мүлде түсініксіз бір нәрсе болып шығады» [9,194] деп, сөздердің грамматикалық және семантикалық байланыстарын тең дәрежеде қарастырады. Зат есімдердің басқа сөз таптарымен тіркесімділігіндегі семантикалық валенттілігін анықтауда олардың валенттілік құрылымындағы сөздердің мағынасы мен формасына ерекше назар аударылады. Бұл жағдайда тілдік норманың да маңызын ескеру қажет. Мысалы, үркек ат, тебеген жылқы, сүзеген сиыр, қабаған ит т.б. Үрку тек атқа, биеге ғана тән қасиет емес, сиырға да, қойға да, түйеге де тән қасиет. Бірақ үркек сиыр, үркек қой деп айтпаймыз [9,195].

Жабайы аң атауларын білдіретін зат есімдердің де сын есімдермен валенттілік байланыстағы  актанттық  құрамы әртүрлі сипатта болады. Мәселен, елік, киік, құралай зат есімдері әдемі, сұлу сын есімдерімен мағыналық сәйкестігі негізінде валенттілік байланыста тіркесімділікке түссе (әдемі елік, киік, құралай), осы сын есімдермен синонимдес көрікті, ажарлы сөздерімен мүлдем тіркеспейді. Құс атаулары тобындағы зат есімдердің де сын есімдермен  валенттілігі анағұрлым шектеулі. Мысалы: көк қаршыға, ақ (көк) көгершін, қоңыр (ала) үйрек, қоңыр (ақ) қаз т.б. Бұл жерде құс атауларымен тіркесімділігінде тілдің даму барысында атауыштық сипатқа ие болған сын есімдер де бар. Мысалы, боз торғай, қара торғай т.б. Мұндай өзгерістер ақ көгершін, көк көгершін тіркесімділігіндегі көгершін зат есімінің түсті білдіретін сын есімдер қатарындағы ақ, көк сөздерімен ғана семантикалық жағынан валенттілік байланысынан байқалады. Ал заттың түсін білдіретін басқа сын есімдердің зат есімнің құс атауларын білдіретін тобындағы көгершін сөзімен мағыналық байланысының болмауы олардың арасындағы синтагматикалық қатынасқа да әсер етеді.

Зат есімдердің ыдыс-аяқ атауларын білдіретін лексика-семантикалық тобындағы сөздердің сол жақ валенттілігіндегі актанттық құрамында көлем, түр-түсті білдіретін сын есімдер актант қызметінде өзекті сөзбен семантикалық жағынан валенттілік байланыста болады. Бірақ түр-түсті, көлемді білдіретін сын есімдер тобындағы сөздердің барлығы бірдей зат есімдердің аталған лексика-семантикалық тобындағы сөздермен валенттілік байланыста тіркесімділікке түспейді.  Мысалы: үлкен пияла, кесе, зере, шара; дөңгелек шара, зерлі тостаған, сары самауыр, қара қазан т.б.  Зат есімдердің бұл тобында самауыр сөзі заттың түсін білдіретін сын есімдердің ішінде сары, қазан сөзі қара сын есімдерімен ғана мағыналық байланыста  тіркесімділікке түседі. Бұл ерекшелікті аталған зат есімдердің сыртқы сипатына қатысты белгілерімен, яғни самауырдың сары жезден, қазанның қара шойыннан жасалуымен байланысты түсіндіруге болады.  Мысалы: Тек көп жерошақтың басында ғана әлденеше қазан асқан және үлкен сары самауырларды түтіндете қайнатқан үнсіз әйелдер көрінеді (М. Әуезов). Берілген сөйлемде самауыр зат есімі үлкен және сары сын есімдерімен сол жақ валенттілікте байланысқан. Зат есімдердің бұл тобындағы сөздер сапаны, дәмді, физикалық күйді білдіретін сын есімдермен тіркесімділікке түспейді. Соның негізінде олардың арасында валенттілік байланыс та болмайды.

Ғаламзат атауларының ішінде өсімдік, жеміс-жидек атауларын білдіретін жусан, шөп, қарағай, тобылғы, алма, жүзім, сарымсақ, пияз т.с.с. зат есімдер сын есімдер тобындағы кез келген сөзбен тіркесімге түспейді. «Ащы дәмді, көкшіл бозғылт түсті аласа шөп» [8,313] мағынасындағы жусан зат есімі түс пен дәм, иісті білдіретін сын есімдер тобындағы көк, ащы, боз сөздерімен ғана мағыналық жағынан байланысып, тіркесімділікке түседі. Жалпы шөптесін өсімдік атаулыға байланысты қолданылатын шөп зат есімі де түр-түсті, дәм, иісті және белгілі бір сапалық қасиетті білдіретін сын есімдермен тіркесімділікке түседі. Мысалы: Мен хош иісі аңқыған көк шөпті кішкентай құлашымды жая құшақтап, арбаға тасыдым (Ә. Нұршайықов). Тек түнгі қоңыр салқында жолаушы көңілін ашып, жан-жағыңнан жусан иісі аңқыған жазық дала шетсіз-шексіз (Ә. Нұрпейісов).

Қарағай зат есіміне түсіндірме сөздікте «таулар мен ормандарда түзу әрі биік болып өсетін, қысы-жазы көгеріп тұратын, қылқан жапырақты ағаш» [8,479] деген түсініктеме беріледі. Бұл зат есім заттың сыртқы сипатын, түсін, көлемін білдіретін сын есімдер тобындағы санаулы сөздермен тіркесімділікке түседі. Мысалы: үлкен, биік, жасыл қарағай. Ал дәмді, иісті, физикалық күйді білдіретін сын есімдермен мүлдем байланыспайды. Жеміс-жидек атауларының сын есімдермен валенттілік байланысындағы актанттық құрамында да сын есімдер мағыналық жағынан үйлесімділік болған жағдайда ғана актант ретінде қолданылады. Бірақ олардың да тіркесімділік қолданыстағы сипаты бірлей емес. Мысалы, ащы сын есімі сарымсақ, пияз зат есімдерімен тіркескенімен, алма зат есімімен лексикалық тіркесімділікке түсе алмайды. Керісінше, алманың ащы дәмін сипаттау үшін алма зат есімі қышқыл сын есімімен мағыналық жағынан байланысып, валенттілік қатынаста бола алады. Сондай-ақ ащы сөзінің антонимі тәтті сын есімі бұл топтағы  алма зат есімімен ғана тіркесе алады. М. Жолшаева «алма» зат есімімен тіркесуге қабілетті кіші, үлкен, көк, шикі, сопақ, тәтті, қызыл, қышқыл, жұмсақ, қатты сары сын есімдерін көрсетеді [10,40]

Бұл қатардағы заттың сыртқы пішінін, түсін, дәмін білдіретін сын есімдердің ішінде шикі сөзі алма зат есімімен семантикалық сипаты жағынан байланыспайды. Сондай-ақ мұндай қолданыс тілдік нормаға да қарама-қайшы. Сондықтан шикі сын есімі алма зат есімінің валенттілік байланысында актант сөз ретінде қолданылмайды. Алманың түсіне байланысты көк сын есімімен бірге жасыл сын есімін де тіркесімділік қатарға қосуға болады. Бұдан жалпы сөздердің семантикалық байланысының лексикалық тіркесімділіктегі маңыздылығы көрінеді. «Сөз тіркестерінің компоненттері өзара байланысу үшін олардың ортақ семалары болу керек не біріне-бірі қарсы келетін семалары болмау керек» [9,196] деген тұжырымға сүйенсек, жусан, сарымсақ, пияз сөздерінің ащы сын есімімен семантикалық байланысы олардың арасындағы ортақ сема арқылы жүзеге асырылады.  Жусан – ащы дәмді шөп; сарымсақ – ащы дәмді бақша дақылы; пияз – тағамды дәмдендіретін аса пайдалы бақша дақылы [8,313;676;713]. Ащы – 1.Тұзы күшті, тұзы көп; 2.Дәмі ауызды қуыратын, жағымсыз; 3. Құлаққа жағымсыз, жанға жайсыз; 4. Жусан, ермен тәрізді ащы шөп [8,77]. Ащы сын есімін жусан зат есімімен байланыстырып тұрған оның төртінші семасы болса, сарымсақ, пияз зат есімдерімен байланыстырып тұрған –  екінші семасы. 

Сонымен зат есімдердің мағыналық топтарының сын есімдермен валенттілік байланысы олардың семантикалық құрылымындағы релятивті семалар арқылы жүзеге асады. Бұл тұрғыда зат есімдердің семантикасымен қатар сын есімдердің мағыналық топтарының зат есімдермен семантикалық жағынан мағыналық сәйкестігіне де баса назар аударылады.

 

 

                    Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Лексикология.-Алматы,2003. -101 б.

2.     Богданов В.В. Семантико-синтаксическая организация предложения. -Ленинград,1977. -204 с.

3.     Панкратова С.М. Валентность единиц лексико-фразеологического уровня.-Ленинград:Издательство Ленинград. ун-та,1988.-160с.

4.     Байтұрсынов А. Тіл тағылымы.-Алматы:Ана тілі,1992.-448б.

5.     Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. –Алматы:Ғылым,1974. -408 б.

6.     Жалмаханов Ш.Ш. Қазақ лексикасының семантикалық деривациясы.-Қарағанды:ҚарМУ баспасы,2003.-212б.

7.     Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы.-Алматы,2008.-390 б.

8.     Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. -Алматы,2008. -968 б.

9.     Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы.-Алматы:Рауан,1991. -216 б.

10.  Жолшаева М.С. Қазақ тіліндегі сын есімдердің валенттілігі.-Алматы,2007.-176 б.