Жанұзақова
Құралай Темірбекқызы
ҚазМемҚызПУ,
ф.ғ.к., доцент, Алматы, Қазақстан
ҚАЗАҚ
ПРОЗАСЫНДАҒЫ РОМАНТИКАЛЫҚ СТИЛЬ МӘСЕЛЕСІ
Романтикалық
стиль мәселесіне тоқталмас бұрын стиль ұғымына
түсінік берген жөн. Стильді зерттеу барысындағы бай
терминология мен сан алуан
ұстанымдар осы
ұғымның күрделі екенін көрсетеді. Стиль
ұғымы өнертану саласында ХҮІІІ ғасырда ғылыми айналымға еніп,
бүгінде мәдениеттану, философия, әдебиеттану, т.б.
ғылыми салаларда кең қолданыс тапқан.
Әдебиеттанудағы
стильді тілдің функционалды бір түрі болатын лингвистикалық
стиль ұғымымен шатастырмау керек (ресми, ғылыми,
публицистикалық, т.б.). Әдебиеттануда стиль ұғымы –
нақты қайталанбас қасиетке және белгілі бір
мазмұнға ие көркем форманың барлық
элементтерінің эстетикалық
бірлігі, эстетикалық, яғни бағалау категориясы.
Стиль мен
стилистика - әр түрлі ұғымдар, бұл екі
сөзден «стилистикалық» деген бір сын есім туындайтындықтан,
кейде екеуін шатастырып жатады. Стилистика – поэтикалық тіл туралы
ғылым. Стиль поэтикалық
тілмен ғана емес, көркем шығарманың барлық
қырларымен байланысты. Стиль – көркемдік
тәсілдердің жиынтығы.
Оны көркемдік тәсілдердің кездейсоқ жиынтығы
ретінде түсінуге де болмайды. Тарихи тұрғыдан пайда
болған стильдер кездейсоқ емес, өзара байланысты,
шарттасқан тәсілдердің жүйесін құрайды.
Өзара байланысты көркемдік тәсілдердің
жүйесі дегеніміз не? Бұл сабақтастық немен
шарттасқан? Бұл байланыс механикалық емес, ішкі байланыс.
Бұл форманың сыртында қандайда бір мазмұн бар. Біз
стиль деп атайтын тәсілдер жүйесінде, шартты түрде атасақ, дәуірдің рухы немесе қандайда бір әдеби
бағыт–ағымның рухы,
оған тән дүниетаным
көрінеді. Сондықтан
қазақ прозасындағы романтизм
мәселесін қарастыруда суреткердің дүниетанымымен
бірліктегі романтикалық стиль мәселесіне арнайы тоқталу
қажеттігі туындайды.
Әдеби
әдістерді зерттеуде стиль
мәселесі үлкен орын алады.
Алайда жекеленген көркемдік тәсілдерді талдауда формализмге түсіп кету
оңай. Осы орайда байсалды талдау қандайда бір тәсілдің
констатациясымен шектелмей, сол
тәсілдің эстетикалық
функциясын айқындауға, мән-маңызын түсінуге негізделуі қажет. Сол
тәсілдердің басқа тәсілдермен жиынтығы, өзара сабақтастығы,
жүйесі ғана белгілі
бір стильді құрайды. Стиль
шығарманың эстетикалық тұтастығын
көрсетеді. Ол форманың барлық элементтерінің
ортақ көркемдік заңдылыққа бағынуын,
ұйымдастырушы стиль принципінің болуын қамтамасыз етеді.
Ұйымдастырушы принцип, былайша айтқанда, форманың
барлық құрылымын қамтып, оның кез келген элементінің сипаты мен функциясын айқындайды. Стиль – мазмұндық
форма. Стиль – «сөз өнерінің туындысын біріктіріп, тұтастырып тұратын элементтердің жүйесі» [1, 72].
Бірақ оны тек әдіс-тәсілдердің жиынтығы деп
қарау жеткіліксіз. Әдеби стиль «шығарманың барлық
деңгейлеріндегі образдық формасының, тіпті интонациялық-синтаксистік және ырғақтық
құрылымына дейін
қамтитын өзіндік ерекшелігі болса, шығарма
ауқымындағы стильді қалыптастыратын факторлар қандай
деген сұраққа жауап беру қиын емес сияқты. Ол -
әдеби шығарма мазмұнының барлық
қырларының бірлігі» [2].
Стиль
қаламгердің поэтикалық көркем тілінің
табиғатымен тығыз байланысты. Алайда шығарманың стилін
қарастыру - оны тілдік ерекшеліктерін (лексикасын, синтаксистік
құрылымын) талдау ғана емес, сонымен қатар,
көркем мәтіннің ырғағын, композициялық
ерекшеліктерін, образдар әлемінің қыр-сырын,
психологиялық табиғатын, қақтығыс сипатын да
қарастыру болады. Стиль жалпы
және жеке мағынасында қарастырылып жүр. Жеке стиль
ретінде «шығармадағы ішкі
және сыртқы пішін түзудегі жазушының өзіндік
мәнер-машығы зерттеледі» [1, 72]. Жеке жазушы стилі кез келген
шығармада оңай танылады. Көркемдік стиль
ұғымының ажырамас белгісі - басқалардың стиліне
ұқсамайтын даралық. Жалпы мағынасында жазушының жеке
стилімен қатар әдеби бағыттың, әдеби
мектептің, әр кезеңнің стилі, ойлау стилінің
түрлері деген де бар.
Өмірді көркем бейнелеу
сипаты (материалдық және рухани күштердің
қарама-қарсылығы ретінде көрінген
қақтығыс,
бейнеленетін нәрсеге автордың
эмоционалдық-бағалаушылық қатынасы, автор
белсенділігі), образ бен
тұтастай образдар жүйесін жасау принциптері (антитезаларды,
контрастты, көркем бейнелеудің шартты тәсілдерін
қолдану) көркемдік ойлау
жүйесінің романтикалық
түрін айқындайды, ол сонымен қатар кең мағынасында романтикалық стиль болады,
яғни әрбір ұлттық әдебиетте барлық романтикалық
бағыттың қаламгерлеріне тән.
Романтикалық
стиль романтикалық
дүниетаныммен тығыз байланысты.
Өмір сүру шарттары өзгеріп отыратындықтан,
тұлға мен оның
дүниетанымы да өзгеріп отырады. Классикалық романтизмде тұлғаның өзін
түсінбейтін бүкіл әлемге қарама-қарсы қоюы
ең жоғарғы нүктесіне жетеді. ХХ ғасыр романтизміндегі романтикалық дуализм
дәл осы деңгейде емес. Типологиялық
тұрғыдағы романтикалық
оппозиция: адам - әлем болғанымен, тұлға сол әлеммен үйлесім іздеуге
ұмтылып, өзі де сол
әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылады.
1960-90 жылдары әдебиетіміз қарқынмен дамып, стильдік
жағынан байып жетілді. Қазақ прозасы
әдебиетіміздің жетекші, кемел жанрына айналды. Жеке тұлғаның рухани-адамгершілік әлемі,
гуманистік-адамгершілік әлеуметтік-адамгершілік,
философиялық-этикалық және
адамның жан дүниесіне, психологиясына тереңдей ену –
міне, осынау ауқымды мәселелерге жауап беру осы кезеңдегі
қазақ прозасының тақырыптық, идеялық
ерекшелігін құрайды. Шығармада адам тағдырын,
оның жан дүниесіндегі құбылыстарды маңызды орынға шығару
үрдісі, сыртқы объективтік әлемнен гөрі адамның
ішкі субъективті әлеміне ден қою, көпшіл «бізден» гөрі
жалқы «Менге» иек арту айқынырақ байқалды.
Қазақ прозасында романтикалық таным
ұшқындары
Ә.Кекілбаев, Д.Исабеков, Т.Әбдіков, С.Санбаев,
О.Бөкеев, т.б. қаламгерлер шығармашылығында
ұшырайды. Бұл жазушылардың туындыларын дәуірінің өзекті
мәселелерін арқау етуі, жоғары жазушылық
мәдениеттері, концептуалдығы, шығармаларының
трагедиялық сипаты, адам жанына деген жіті назары біріктіргенімен, әрқайсысы жеке алғанда жазатын тақырыптары, авторлық позициялары, стилдері
жағынан әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды, бірін-бірі
қайталамайды. Әр суреткердің өзінің жеке көркемдік әлемі, дара
шығармашылық концепциялары, қайталанбас стильдері бар.
1970-80
жылдардағы қазақ әдебиетінде көне
аңыз-әңгімелерді жанрлық-стильдік тұрғыда
игеру тәжірибесінде Ә.Кекілбаевтың лиро-эпикалық
стилінде «әуезділік, ырғақтық қайталаулар»,
«лиризм мен патетика» [3, 256] айқын көрінеді.
Сөздердің қайталануы, инверсия, ырғақ,
тілдің экспрессиялығы, әуезділік (музыкальность)
романтикалық стилге тән. Қаламгер қолтаңбасын
айқындап тұратын стильдік
ерекшеліктің бірі –
кейіпкерлерінің жан дүниесіне тереңдеп еніп, онда
өтіп жататын психологиялық иірімдерді, қайшылықтарды,
сезім толқындарын аша білуінде, кейіпкер тағдырын тереңнен
тарта бейнелеуінде. Ә.Кекілбаев шығармашылығында
күрделі қақтығыс кейіпкердің ішкі
психологиялық тартысы арқылы өрбиді. Оның басқа
қаламгерлерден ерекшелігі адам болмысына терең бойлап, адам
табиғатының психологиясын
зерттеп-зерделеуінде. Ә.Кекілбаев романда лирикалық
реңк бояудың молдығы, тілдік өрнектің эмоционалдық бояуға
қанықтығы, шартты тұспалдар секілді романтизм стильге тән тәсілдерді шебер
пайдаланады. Әсіресе бұл өзекті мәселелер «Дала
балладаларында», «Аңыздың ақыры» романында өзіндік
көркемдік шешімін тапқан. Жазушы өз
шығармашылығында адам табиғатында бар жақсылық
пен жамандықтың, мейірімділік пен зұлымдықтың
өзара қатынасы қандай, адам өмірінің мәні
не, адам құдіреті неде деген сұрақтарға жауап
іздейді. Қазіргі қазақ жазушыларының
шығармашылығында бейнеленген адамның ішкі дүниесі
туралы ғалым А.Ісімақова былай дейді: «Қазіргі қазақ
жазушылары сұрақтарды
алға тартып отыр: адам ішкі дүниесі несімен мықты? Адам тірлігінің терең тамырлары қандай? Бұл
мәселелер лиро-эпикалық стильдік
тәсілдерімен
(қайталаулар, инверсиялар) романтикалық
қуатты арттырған жазушылар повестерінде жүзеге асты. Мұндай проза түрінде
бейнелеушілік суреттеушіліктен басым түседі. Ә.Кекілбаев, Т.Ахтанов,
О.Бөкеев, Д.Исабеков, Т.Әбдіков, Қ.Ысқақов,
С.Санбаев прозасының І.Есенберлин
мен Ә.Әлімжановтың және т.б. суреттеуге
құрылған прозасынан
ерекшелігі осында» [4, 329].
ХХ
ғасыр басында романтиктер әдебиеттің орталық
тақырыбы – жеке тұлға, адам, оның рухани
бостандыққа ұмтылуы сияқты тақырыптарға
жаңа мазмұн, соны сипат қосты. ХХ ғасырдың екінші
жартысындағы қазақ жазушылары осы тақырыпты жаңа
ракурста, философиялық тұрғыда дамытып тереңдетті.
Қаһарманның идеалды және реалды әлем
арасындағы қақтығыстан зардап шегуі, жеке
тұлғаға, оның ішкі әлеміне, қоршаған ортамен
қарым-қатынасына ден қою
қазақ романтизмінің де ерекшелігін анықтады.
Жазушының
стильдік, тілдік ерекшеліктері қашанда оның дүниетанымымен
тығыз бірлікте. ХХ
ғасырдың екінші жартысындағы қазақ
прозасындағы романтикалық
стиль табиғатынан туындайтын ортақ поэтикалық тәсілдер
– ырғақ, ішкі ұйқас, лирикалық қайталаулар,
тіл экспрессивтігі, инверсиялар, фольклорлық бастау, әуезділік,
лиризм мен патетика, метафоралардың молдығы, т.б. Ә.Кекілбаев,
С.Санбаев, О.Бөкеев, Т.Жұртбаев прозасынан айқын
аңғарылды. Байқап отырғанымыздай, қаламгерлер
прозаға өлең өлшемдерін енгізді. Өзара байланысты
тәсілдердің жүйесі ретінде көрінген стиль ерекшелігі дүниенің
романтикалық тұрғыда қабылдау ерекшелігінен туындады.
Осы арқылы тек жеке дара стиль туралы ғана емес, әдеби
ағым немесе ойлау стилінің белгілі бір түрі турасында да
сөз қозғауға болады. Әрине, біз
қарастырған жазушылардың әрқайсысының
бет-бейнесі, стилінің жеке ерекшеліктері
болуымен қатар, әдеби мектеп, әдеби бағыт та,
тұтастай алғанда, бұл
жеке ерекшеліктерден бөлек, осы стильге немесе әдеби
бағытқа тән ортақ ерекшеліктерді де қамтиды.
Қазақ
жазушыларын жеке тұлға,
оның қоршаған ортамен
қарым-қатынас
мәселесі ерекше толғандырды. Кейіпкер бейнесі Т.Әбдіков, Д.Исабеков, С.Санбаев,
О.Бөкеев шығармаларында
жазушының эстетикалық идеалымен тығыз байланысты: олар
романтикалық бейнелеу тәсіліндегідей - жалпыдан жекеге
қарай, толғандыратын басты
мәселеден жеке дара образға
қарай жылжиды. Т.Әбдіков
кейіпкері рухани кемелдікке ұмтылады,
жалпыадамзаттық мұраттар үшін жанталасады, кейде «қас түзеуді»
өзінен бастап, өз-өзіне күрес ашады. Ал айналасындағы қоршаған орта идеалдан алыс.
Сондықтан жазушы романтикалық арнадағы шығармаларында осындай рухани ерлікке,
қаһармандыққа бара алатын адамдар характерін таңдайды. Суреткер
шығармаларында
әлеуметтік-қоғамдық фактор
эстетикалық-этикалық өлшемдермен ұштасады. ХХ
ғасырдың екінші жартысындағы шығармалардың
көркемдік тінінде
ұлттық әдебиет
дәстүрлерінің сілемдері ғана емес, әлемдік
гуманистік көркемдік ой
тәжірибесінің әсері де айқын сезіледі. Қазақ қаламгерлерін
адамның нақты болмыспен, қоғамдық ортамен,
өмірмен алуан сипаттағы
әлеуметтік қарым-қатынастарымен, байланыстарымен қатар, романтикалық көркемдік нысан –
адамның, жеке тұлғаның
өмірі, оның рухани өмірі, рухани әлемі
қызықтырады. Қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды суреттейтін
әлеуметтік желімен қатар
олардың прозасында өмірді бейнелеудің
романтикалық
тәсілдері, жалпы
адамзаттық, этикалық желі
қатар тамыр тартып жатты. Жеке адам тұлғасы, адам
өмірінің рухани саласы
қазақ жазушылары шығармаларының нысандық-тақырыптық
негізін құрады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Есембеков Т.У. Көркем
мәтінді талдау негіздері. Алматы:
«NUR», 2009. -96 б.
2.
Поспелов Г.Н. Проблемы литературного стиля. – М., 1970. С.61-62.
3.
Сидоров Е. Историческая проза Абиша Кекильбаева // В поисках истины. Статьи
и диалоги о литературе. -Алматы, 1983. С.255-261.
4.
Исмакова А. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начало ХХ
века и современность). – Алматы:
Ғылым, 1998. – 394 с.