ҚАЗІРГІ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК
ТІЛДІК САЯСАТ
Исхан Бейбіт
Жалелұлы
Абай атындағы ҚазҰПУ
Әдебиеттану және тіл білім ҒЗИ-дың
ғалым хатшысы, ф.ғ.к., доцент
Баянды Рамазанқызы Оспанова,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Әдебиеттану және тіл білім ҒЗИ-дың
аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.
Адамзаттың сан
ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей,
қоғам мен мемлекет құрылымындағы күрделі
құбылыс – тіл мәселесі. Тіл ұлттың негізгі
белгісі ретінде оның бітім-болмысының сақталуында шешуші
рөл атқарады, ол рухани мәдениетінің бір бөлігі
болғандықтан, өзіне деген зор құрметті талап
етеді.
«Тіл тағдыры –
ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел
тағдыры» дегендей, өзбек халқы да ғасырлар бойы елі мен
жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай-талай
қиын-қыстау кезеңді басынан кешірді. Өйткені ана тілі –
сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың
өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын,
сол халықтың мәңгілігінің мәселесі.
Елдіктің негізі, түптеп келгенде, елдің елдігі мемлекет
тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен
өлшенеді.
ХХ ғасырда
жетпіс жыл бойы билеген әкімшіл-әміршіл жүйенің
ұстанған саясаты Өзбекстанды мекендеген
халықтардың табиғи даму заңдылықтарына
ықпал етіп, туған тілінен, тарихы мен мәдениетінен
айрылудың қатерлі жағдайына душар етті.
Жалпы, өзбек
тілінің мемлекеттік деңгейде қолданылу ауқымы сонау
патшалық отарлау заманы кезінен бастап-ақ төмендей
бастағаны белгілі. Бұл қауіптен өзбек тілі 1917
жылғы Қазан төңкерісінің арқасында
құтылғандай болды. Кеңес өкіметінің
алғашқы жылдарында ұлт тілдеріне мемлекеттік және саяси
тұрғыда жете мән беріліп, ұлт тілі мен
мәдениетіне азды-көпті түсінушілікпен
қарағандық байқалады. Себебі жұмысшылар мен
шаруалардың көсемі В.И. Ленин ұлт тілдері мәселелеріне
жете көңіл бөліп, бірнеше ұлттардан тұратын мемлекетте
ұлт тілдерін дамыту мәселесіне қатысты маңызды құжаттар
қалдырды. Өзбекстан да кезінде КСРО
құрамындағы көп ұлт өкілдері тұратын
республикалардың бірі болғаны белгілі. Кеңес үкіметі
билік құрған жылдары онда орыс тілі ұлтаралық
қатынас, демек мемлекеттік тіл қызметін атқарды.
Кеңес үкіметі ыдырап, оның орнына
дербес мемлекеттердің құрылуы тіл жағдаятын
өзгертпей қойған жоқ. Бұрынғы одақтас
республикалардың барлығы өздерінің төл
ұлтының тілін мемлекеттік тіл деп жариялады.
Өткен ғасырдың соңы мен
жаңа ғасырдың басы орыс тілді тұрғындардың
Орталық Азия республикаларынан өздрінің тарихи отаны –
Ресейге көптеп кетуімен ерекшелінді. Әлі де жалғасып
жатқан бұл үдеріс тіл жағдаятына қатты
ықпал етті. Өзбекстанда орыс тілді орта, арнайы, жоғары
мектептер саны қысқарып, осы тілде оқитындардың саны
азайды. Орыс тілді БАҚ, кітап-журналдардың таралым аясы да тарылды.
Елдің кейбір аймақтарында ғана аз көлемде орыс тілді
теле және радиохабарлар жүрді. Бұрынғы орыс тіліне
деген мұқтаждық біртіндеп өткенге кетті. Ал ағылшын тіліне
қызығушылық, керісінше, арта бастады. Ол – орыс тілінің
қолданылу салаларынан ығыстыра бастады. Бұл
бетбұрысқа мемлекеттік тілдік саясатпен қатар кино және
телетаралымның, музыка мәдениетінің жаппай американдық
сипат алуы, қоғамдық қатынастардың кең
көлемде компьютерлендірілуі, елге шетелден жұмыс
күшінің көптеп келуі негіз себеп болды. Республиканың
кей аймақтарында «ағылшын» және «шетел» ұғымдары
бір-біріне синоним ретінде қабылдана бастады. Кезінде танымал
болған өзге тілдер (орыс тілі және т.б.)
басшылыққа алынатын директивалармен қолданыс аясынан
шығарылды, не оқушы жастардың қызығушылығын
тудырмайтын болды.
2001 жылы Өзбекстандағы шынайы тіл
жағдаятын анықтау мақсатында Ташкент, Бұқара,
Самарқант қалаларының филолог-ғалымдары өз бастамаларымен
тәуелсіз зерттеу жүргізді. Олар ЖОО, колледж, лицей
оқытушылары мен студенттеріне сауалнама өткізді. Реципиенттерге
республикада маңызды төрт тіл – өзбек, тәжік, орыс,
ағылшын тілдерінің өміршеңдігін, өзара
әрекетін анықтауға арналған сұрақтар
қойған. Айта кететін жайт: сауалнама аталған қалаларда
ғана жүргізілді. Себебі ауылдық жердің
тұрғындары – моноұлтты, тек бір тілді – өзбек
әдеби тілін қолданатын еді.
С.И.
Зининнің айтуы бойынша [1], сауалнама аталған қалаларда 2001-2002
жылдары өткен. Жауап берушілер қатарында көбіне студенттер,
оқытушылар, оқу мекемелерінің шенеуніктері, техникалық
қызметкерлер болған. Қатысушылардың жасы 18 – 65 жас
аралығында. Жалпы саны – 3
мыңнан астам. Сауалнама жүргізу барысында әр
қаланың этникалық ерекшелігі ескерілумен қатар
басқа да объективті факторларға назар аударылыпты.
Сауалнама нәтижесі мынадай: студенттер жалпы
санының 72%-ы – өзбек
әдеби тілін меңгергендер, орыс тілін білетіндер – 93%,
ағылшынды – 17% (олардың басым бөлігі шет тілдер
факультеттерінің студенттері). Жауап берушілердің көбі (84%)
оқу орнында өзбек әдеби тілінде оқиды не қызмет
етеді. «Кәсіби
қызметіңізде қай тілді қолданасыз» деген
сұраққа: өзбек әдеби тілін – 12%, өзбек және орыс тілін –
40%, ағылшынды – 1 %, орыс және ағылшын тілін – 8%, тек орыс
тілін – 39% жауап қайтарылған. Өзбекше газет-журнал
оқитындар – 4%, өзбекше және тәжікше – 6%,
өзбекше және орысша – 45%, тек орысша – 43%, өзбекше
және ағылшынша – 0,3%, орысша және ағылшынша – 1 %, тек
тәжікше – 0,7%. Телехабарларды тек өзбекше
қарап-тыңдайтындар – 4%, өзбекше және тәжікше –
5%, өзбекше және орысша – 70%, тек орысша – 21%. «Мемлекеттік
мекемелерге жолығатын тіліңіз қандай» деген
сұраққа жауап: тек өзбекше – 32 %, орысша және
өзбекше – 36%, тек орысша – 32%. Достармен, әріптестермен тілдесу
туралы сұраққа мынадай жауап берілген: өзбек
әдеби тілін атағандар – 22%, орыс және өзбек
әдеби тілінде жүздесетіндер – 27%, тәжікше және орысша
– 16%, тәжікше – 14%, орысша – 21%. Зерттеушілерді реципиенттердің
үй тұрмысындағы тіл тағдыры да
қызықтырған. Ташкенттен алынған жауаптардың
Самарқант пен Бұқара жауаптарынан елеулі айырмашылығы
байқалған.
Бұл жайт
аталған облыс орталықтарында тәжіктердің басым келуімен
түсіндіріледі. Ал жалпы көрініс мынадай: өзбекше ғана
тілдесетіндер 38%, өзбек және орыс тілінде – 33%, тәжік тілінде – 17%, тәжік және орыс
тілдерінде – 5%, тек орысша – 7%.
«Ұлтаралық қатынаста қай тілді
таңдайсыз?» сұрағына жауап, жалпы алғанда, біртекті:
орыс тілін – 96% атапты, орыс және ағылшын тілдерін – 3,8%, тек
ағылшынды – 0,2% қолданатын болып шыққан [1].
Бірнеше жылдан соң
(2006 ж.) осы қалаларда сауалнама қайталанып жүргізілген.
Онда – республикадағы орыс
тілінің ықпалы елеулі күшейген. Сөзсіз,
бұған РФ мен Өзбекстан Республикасы арасындағы
келісім-шарт, Ресейдің экономикалық және саяси өрлеуі,
оның халықаралық беделінің өсуі,
Өзбекстанның Ресеймен экономика, білім беру, мәдениет,
денсаулық сақтау салаларында неғұрлым тығыз
ынтымақтастықта болуына талпынысы негіз себеп болып отырғаны
түсінікті. Осы зерттеу нәтижелерінің мәліметтері
көрсеткендей, орыс тіліне республикада әлі де қажеттілік бар.
Ол ұлтаралық қатынастарда, іскерлік саласында, БАҚ-та
белсенді пайдалынылады. Өзбекстан жерінде серіктестік телехабарлар
кең тарауына байланысты тұрғындардың басым бөлігі
ресейлік теледидар хабарларын қарайды. Реципиенттер пікірінше, орыс тілін
ағылшын тілімен ығыстырып шығару әзірше мүмкін
емес. Орыс тілін шет тілдер қатарына қосу да негізсіз, ол әлі
ұзақ мерзім бойы жат тіл болып қабылданбайды, себебі
Өзбекстан байырғы халқының басым бөлігі оны
жақсы меңгеріп, қажетіне жұмсап жүр.
Сонымен қатар соңғы жылдар осы тілді
игеруге қызығушылықты филологиялық емес
мамандықтардың студенттері, қала өміріне жаңа
бойлаған ауыл жастары танытып жүр. Өзбек тілінің
маңыздылығына ешбір күмән келтірмей айта кететін жайт:
Өзбекстан Республикасында өзбек-орыс екі тілділігі қажеттілгі
күннен-күнге айқын байқалуда, бұл жайтты
Өзбекстанда да, Ресей федерациясында да мейлінше аңғаруға
болады. Нақты тілдің күйі, оның
қауымдастықтағы айналымы осы тілдің болмысымен,
оның қолдану аясымен (шаруашылық, тұрмыс, ғылым,
ісжүргізу), ортасымен (отбасы, адамдар тобы, аймақ, ұлт)
анықталатыны аян.
Әрине, жоғарыда көрсетілген
зерттеудің мәліметтері біржақты, яғни орыс тіліне
жанашыр мамандардың статистикалық мәлметі де болуы
мүмкін, бірақ орыс тілінің үстемдігі әлі де
болсын Өзбекстанда сақталып отырғаны рас. Ол, Өзбекстан
мемлекетінің саяси-әлеуметтік жағдайымен де тікелей
байланысты екені шындық. Олай дейтініміз олардың ата кәсібі,
біріншіден, ауылшаруашылық өнімдерін, оның ішінде
бау-бақша өнімдерін өндіру блса, екіншіден, сол
өнімдерін өткізу, яғни сауда-саттық ісі,
үшіншіден, Ресей және ТМД аумағына жалдамалы жұмысшы
болып баратындардың, негізінен, өзбек ағайындар екендігіне
байланысты деп білеміз.
Тілдің жай-күйі
әлеуметтік жағдайларға: экономикалық, саяси,
мәдени даму деңгейіне, сол тілде сөйлеушілердің саны
мен шоғырлануына, этникалық ортаға да тәуелді.
Көптілділік жағдайында тілдердің өзара
әрекетінің сипатын анықтап алған жөн. Ол
үшін тіл жағдаятын жан-жақты қарастырған
дұрыс. Тілдік жағдаят – тілдердің (немесе бір тілдің
түрлі қалыптарының) тарихи дамуының белгілі бір
кезеңіндегі өзара әрекетінің нақты типі. Тіл
жағдаяты, бірінші кезекте, тіл қызметінің әлеуметтік
шарттарымен анықталады. Яғни оны мына өлшемдер арқылы
айқындаймыз: 1) тіл болмысының нақты қалыптарының
жиынтығы; 2) тіл қолданысқа түсетін орта мен сала; 3)
көптілділік жағдайында тілдер өзара әрекетінің
ерекшеліктері. Тілдік жағдаят ірі әлеуметтік-тілдік түзілім
ретінде макросоциолингвистикада
зерттеледі.
Өзбекстандағы
әдеби тіл мәртебесіне келсек, кез келген этникалық
қауымдастық пайдаланатын өзбек әдеби тілі
қоғам өмірінде өз қызметіне сай маңызды
орын алады. Мысалы, Ресей Федерациясында орыс тілі мемлекеттік мәртебеге
ие, мемлекеттік басқару, дипломаттық іс-әрекет, сот ісі,
білім беру және т.б. іс-әрекеттер осы тілде жүзеге асады.
Ресми деректер бойынша, орыс тілін ресми-бейресми тілдесуде Ресей тұрғындарының
90%-дан астамы пайдаланады. Орыс тілінің мемлекеттік статусы РФ
Конституциясында бекітілген. Осы мәртебе қазіргі өзбек
әдеби тіліне де тән.
Кеңес
Одағы кезінде орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас
мәртебесіне ие болғаны белгілі. Ал РСФКР конституциясында орыс тілі
мемлекеттік тіл болып танылды. Бұрынғы КСРО құрамында
болған одақтас республикалардың тәуелсіздік алуы,
өздерінің төл тілдерін мемлекеттік тіл етіп жариялауы, орыс
тілінің, орыс мәдениетінің маңыздылығын
халықтар өмірінде саналы және көп жағдайда
жасанды төмендетуі қоғам құрылысына көп
өзгерістер енгізді. Дегенмен ресми және мемлекеттік
мәртебесінен көптеген республикаларда айырылған орыс тілі,
әлі де болсын, кейбір елдерде өз тұғырын бере
қойған жоқ. Мысалы, Қазақстанда орыс тілі 1995 жылығы
Конституциясының 7-бабына сәйкес мемлекеттік ұйымдарда,
жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарында
қазақ тілімен қатар ресми тіл ретінде қолданылады. 1989
жылы Өзбекстан, Қазақстан мен Қырғызстан
өздерінің ұлттық тілдерін мемлекеттік тіл
деңгейіне жеткізсе де, Кеңес Одағы үкіметінің
қысымымен орыс тіліне «КСРО халықтарының
ұлтаралық қатынас тілі» деген мәртебесін бекітіп беруге
мәжбүр болды. Бірақ тәуелсіздікке қол жеткізген
соң, өзге де ТМД және Балтық жағалауы елдері
сияқты Өзбекстан да 1995 жылы тиесілі заңға
өзгерістер енгізіп, орыс тілінің «ұлтаралық
қатынас тілі» деген мәртебесін алып тастады.
Өзбекстан тіл
заңнамасының кейбір құқықтық
нормаларын қарастырсақ, Өзбек КСР-ның 1989 жылғы
«Тіл туралы» алғашқы Заңында [2] өзбек тілі мемлекеттік
тіл деп танылып, жоғарыда бір рет атап өткеніміздей, орыс тіліне
ұлтаралық қатынас тілі деген мәртебе тағылды. Ал
1995 жылдың 21 желтоқсанында қабылданған
«Өзбекстан Республикасы мемлекеттік тілі туралы» Заңының
жаңа редакциясы 24 бабтан тұрады, онда өзбек тіліне мемлекеттік
мәртебе беру республиканың өзге тілді
тұрғындарының өз ана тілін қолдануына ешбір шек
қоймайтыны айтылған. Заңның 6-бабына сәйкес
Өзбекстан азаматтары оқу тілін таңдауға
құқы бар. Өзбекстан республикасы орта, арнайы орта,
жоғары білімді мемлекеттік не басқа тілде алуға кепілдік
береді. Ресми екітілідлік пен көптілділік Өзбекстанда заң
жүзінде мойындалғанмен, іс жүзінде тек ұлтаралық
қатынастарда ғана көрінеді. Сөз болып отырған
Заңда орыс тілі мәртебесі жөнінде ешнәрсе
айтылмаған [3]. Ташкенттегі тіл жағдаятын зерттеген А.А.
Космарскийдің пікірінше [4], Өзбекстанның дербес мемлекет
ретінде қалыптасуы орыс тілінің мәртебесін елеулі
төмендеткен.
Өзбекстан
Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» Заңы 1995 жылы қайта
редакцияланып, 2004 жылы өзгерістер мен толықтыруларға ие
болды. Мәселен, аталған заңның 1989 жылғы
нұсқасының 1-бабында: «Өзбекстан Республикасының
мемлекеттік тілі болып өзбек тілі танылады. Өзбекстан Республикасы
өзбек тілінің саяси, әлеуметтік, экономикалық
және мәдени өмірінде жұмыс істеп, дамуын
қамтамасыз етеді» дей келе: «Өзбекстан Республикасы КСРО
халықтарының ұлтаралық қатынас тілі орыс
тілінің дамуы мен еркін пайдаланылуы үшін бар жағдайды
жасайды» [2] делінген.
Ал аталған
заңның 1995 жылғы редакциясында осы сөздердің
бәрі алынып тасталып, онда бір ғана маңызды мәселе
қамтылған: «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тілі
– өзбек тілі» [3]. Оларда орыс тілі біздікіндей, «КСРО-ның
ұлтаралық қатынас тілі» автоматты түрде «тәуелсіз
республиканың ұлтаралық қатынас тіліне»,
мұның артынша «ресми тіл» мәртебесіне ие болмады.
Қазақстанның
«Тіл туралы» заңына 1997 жылдың 11 шілдесінде тиесілі
өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе де, жалпы соңғы
өзгерістер 2007 жылы толық қамтылса да, бұл заң,
шын мәнінде, бір қолымен мемлекеттік тілді қолдай отырып,
екінші қолымен орыс тіліне мемлекеттік тілмен бірдей басымдықтар
береді. Бір мысал, аталған заңның 4-бабы мемлекеттік
тілдің мәртебесін айқындайды: «Қазақстан
Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік
тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық
қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік
басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс
қағаздарын жүргізу тілі». Кейбір деректерге сенсек, осы
күнге дейін ресми тілде 3 мыңнан астам заң
қабылданған. Зиялы қауым өкілдерінің айтуынша,
бүгінде «қазақ тілінде қабылданды» деген
заңның аты бар да, заты жоқ.
Мысалы ҚР Тіл туралы заңының 5-бабы «Орыс тілін
қолдану» деп жеке-дара айшықталған. Біздің
қоғамның наразылығын туғызып отырған да осы
бап. Онда былай делінген: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті
өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде
қазақ тілімен тең қолданылады». Бұдан кейін
күні кеше «КСРО-ның ұлтаралық тілі» боп келген тілге
бір емес, бірнеше бапта басымдық берілген. «Тіл туралы»
заңның 8-бап, 9-бап және 10-баптарын сараптап
көрсеңіз, сырт көзге мұны өз заманында Ресейге
қатты жалтақтаған депутаттар қабылдаған
сияқты көрінеді [5].
Айта кететін жайт:
Түркменстан 2000 жылы 10 қазанында біздің еліміздің бас
ордасы Астанада бекітілген, экономикалық және гуманитарлық
салада кіріктіруді тереңдетуді мақсат тұтқан Еуразия
экономикалық кеңістігіне кірмейді. Ал Өзбекстан 2006 жылдан
бастап оған қатысуды тоқтатқан болатын. Осы елдер
туралы ақпарат күні бүгінге дейін толық
болмағандықтан, олардың мемлекеттік тіл саясаты мен тілдік
жағдаятты талдау аса маңызды болып отыр.
Кеңестік
кезеңде орыс тілділер негізінен ірі қалаларда, индустрия
орталықтарында қоныстанған. Мұның өзі
өзбек-орыс билингвизмінің аясын тарылтты. Республикада кеңес
кезеңінің өзінде-ақ өзбектер демографиялық
тұрғыдан басым болып келген. Мысалы, 1989 жылығы санақ
қорытындысы бойынша, орыстар үлесі бар болғаны 8,4%
құрады, ал Қазақстанда сол кезде орыстар
халқының 37,4% еді. Орыстардың Өзбекстаннан
көшуі өзбек тілінің мәртебесін одан әрі
күшейтті. ХХ ғасырдың басында орыстар Өзбекстан
халқының небары 4,8%-н құрады.
2009 жылдың
басында республика халқы 27,9 млн. адамға жетті.
Тұрғындар өсімі, әсіресе, төл ұлт
тығыз қоныстанған ауылдық жерде айқын
байқалады.
Қазіргі Өзбекстанның
этникалық портреті мынадай: 80% астамы өзбектер, 10% – басқа
ұлт өкілдері, оның ішінде: 5% – тәжіктер, 2,0% – қазақтар, 2,5% – қарақалпақтар,
1% – қырғыздар, түркмендер және басқалар. 5% –
орыстар, татарлар – 1,5%, республикада сонымен
бірге украиндар, еврейлер тағы басқа да ұлт өкілдері
бар. Ташкентте 2,3 млн. адам, онда Өзбекстандағы орыс
тұрғындарының жартысынан көбі тұрады. Бұл –
қала тұрғындарының 30%-ы.
Білім министрлігі
мәліметіне сүйенсек, 2007/2008 оқу жылы 9765 мектеп
жұмыс істеген, оның 739
орыстілді (350 мың оқушысымен ), 1195 лицей мен колледжде көрініс басқаша: орыс
топтары колледжде 50% құрайды,
лицейлерде – 90%.
Өзбекстанның
63 ЖОО-да орыс тілі
міндетті пән. Орыс тілді топтар Ташкент,
Самарқант, Навои, Андижан,
Фергана және басқа да облыстарда бар, орыс филологиясы факультеті
барлық гуманитарлық ЖОО-да қарастырылған. Алайда орыс
тілін оқу сағаттары соңғы жылдары 240-тан
72 сағатқа дейін қысқарған. Өзбек
тілінде оқитын филологиялық емес мамандықтар студенттері орыс тілін шет тілі ретінде тек
бірінші курста ғана өтеді [5].
Е. Абдуллаев
пікірінше [6], орыс тілі Өзбекстанда әлі де айтарлықтай
қажет, оған демеу болатын дәстүрлі де тамыры
тереңге бойлаған би-лингвизм. Орыс тілінің білім беру
саласында тұғыры мықты. Республикадағы
мектептердің 8% орыс тілінде оқытады (олардың 38%-ы – Ташкентте), орыс сыныбындағы
оқушылар саны соңғы кезде өсуде. Республика ЖОО-да орыс
тілінде оқытудың ең жоғары пайызы Ташкентте –
25%. Айта кететін жайт: орыс тілінде оқитын студенттер
саны жаратылыстану ғылымдары мен технологиялық пәндерді игеру
саласында гуманитарлық салаға қарағанда
жоғарырақ. Облыстық университеттерде орысша оқитындардың
үлесі әлдеқайда төмен (6%).
Өзбек
зерттеушілері байқағандай, орыс тілділердің басым
бөлігінде (әсіресе жастарда) әлі де елден кетуге талпыныс
байқалады. Бір жағынан 2000 жылдың басынан орын алған
еңбек көші-қоны (оған инженерлік этнос өкілдері де тартылған
болатын) орыс тілінің мәртебесін айтарлықтай көтерді.
Бірақ Ресей мен көршілес Қазақстанға еңбек
бабымен қоныс аудару өзбек мигранттарының тіл
құзыретіне қаншалықты ықпал ететіні жөнінде
мәліметтер жоқтың қасы.
Ақпараттық-мәдени аяда да қстілдік сипат сақталған.
Теледидар мен ғаламтор орыс тілін сақтаудың мықты
тірегі болып отыр.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Зинин С.И. Русский язык в
Узбекистане. Социолингвистический аспект. Ташкент 2003 г.-27 c7
2 Закон о государственном
языке Республики Узбекистан. 21 октябрь 1989 г.
3Закон Республики
Узбекистан о
внесении изменений и дополнений в закон «о государственном языке республики Узбекистан». Ведомости
Олий Мажлиса Республики Узбекистан, 1995 г., № 12, ст. 257; Собрание
законодательства Республики Узбекистан, 2004 г., № 51, ст. 514; 2010 г., № 37,
ст. 313; 2011 г., № 41, ст. 449)17 февраля 1995 г. в Ташкент.
4. Космарский А.А.
Русскоязычное студенчество Ташкента в зеркале социолингвистики // Диаспоры
(Москва). – 2004. – №2. – С. 76-113.
5. Алтынбекова О.Б.
Этноязыковые процессы в Казахстане: Монография. – Алматы, 2006. С. 34-103;
6. Абдуллаев Е. Русские в Узбекистане 2000-х:
идентичность в условиях демодернизации // Диаспоры. – 2006. – № 2. – С. 6-35.