Ш.МАЖИТАЕВА,
Ш.А. ЖЕТПІСБАЙ
Е.А.Букетов
атындағы ҚарМУ, Қарағанды қ.
КӨРКЕМ
ШЫҒАРМА ТІЛІН ЗЕРТТЕУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
Өркениетті
қоғамда тіл адамзаттың баға жетпес
құндылығы деп саналады. Тіл – дүниетаным
құралы, ұғым мен пайымдаудың объективтенуі.
Тілдің тірегі – сөз. Сөз – халқымыздың
өткен тұрмыс-тіршілігінің, ой-сезімінің, елдігі мен
ерлігінің, парасатының куәсі. Тілдің сөз
байлығын танытатын – көркем шығарма. Көркем шығарма тіл
байлығын танытумен ғана шектелмейді, сондай-ақ тілді
байытатын, дамытатын негізгі арналардың бірі. “Әлемнің
тілдегі бейнесі” көркем туындылар
тілінен, яғни суреткердің тіл шеберлігінен де
көрінеді. Ұлттың
айнасы тіл десек, сол ұлттың айшықты тілі көркем
шығармаларда көрініс тауып, сол арқылы ұлттың
шынайы болмысын беруге қызмет етеді.
Кейінгі жылдары, яғни қазақ тілінің
мемлекеттік мәртебе алуымен
байланысты тілдік құрылымдардың
жазбаша формадағы көрінісін, нақтырақ айтқанда,
көркем шығарма тілін зерттеу үлкен мәнге ие болып отыр.
Көркем әдебиет тілін
зерттеу тіл білімі мен әдебиеттану аумағынан шығып, жалпы
филологиялық көлемде қарауды қажет етеді.
Қазақ
тілі ғылымында көркем шығарма тілі туралы алғашқы
зерттеулердің қатарына Р.Сыздықова, Е.Жанпейісов,
Қ.Өміралиевтердің еңбектері жатады.
Р.Сыздықованың
еңбектерімен мәтін талдау аспектілері аясында
басталған жаңа
филологиялық бағыт бүгінгі күні қазақ
лингвистикасында соны ізденістермен, тың бағыттармен өз
арнасын Б.Шалабай,
Г.Смағұлова, А.Жұбанов, Б.Нұрдәулетова,
Г.Әзімжанова, З.Ерназарова, Г.Мұратова, А.Әділова т.б.
ғалымдардың зерттеулерімен толыға түсті.
Е.Жанпейісов қазақ
прозасының тіліне арнап жазған еңбегінде көркем
әдебиет тілінің басты ерекшелігін оның эстетикалық
қызмет атқаруымен байланыстырады. Ол бұл
қызметтің шығарманың мазмұнымен, идеясымен,
образдар жүйесімен бірлікте тұрып атқаратындығын баса
айтады. Е.Жанпейісов көркем әдебиет тілін әдеби тілдің
басқа стильдерінен бөлекше қатардағы
құбылыс ретінде қарауды ұсынады [1,112]. Қ.Өмірәлиев көркем
шығарма тілін талдауда тұтастық принципін қолданады.
Зерттеуші: «...белгілі бір ақын-жырау тілін шығармасында
көтерген тақырыппен, идеямен, ол жасаған жанрмен бірлікте
алып қарау, сол жанрдың ерекшелігінен шығарып барып зерттеу
қажет» [2,9], –деген байлам жасайды.
Көркем әдебиетте қандай да бір әлеуметтік
топтың қоғамдағы орнын, қарым-қатынасын
жекелеп көрсетуде сол топтың тілдік қолданысына сәйкес
тілдік құралдарды көре аламыз. Әсіресе тілдік
құралдар көркем шығармада кейіпкердің немесе
белгілі бір топтың әлеуметтік ерекшелігінен хабар беретін стильдік көрсеткіштер
болып табылады. Соның ішінде көркем образ жасау үшін көптеген әдіс-тәсілдер санатындағы кейіпкер тілі - үлкен мәнге ие. Кейіпкер бейнесі
артында тұрған әлеуметтік топтың келбетін кейіпкер тілі
арқылы танимыз. Кейіпкер бейнесін сомдауда тілдік құралдардың
маңыздылығын, сондай-ақ тіл мен әдебиет
арасындағы байланыстың тығыздығын осыдан-ақ
аңғарамыз. Ғалым
Х.Кәрімов: «Көркем тексті өнер туындысы ретінде зерттегенде
таза лингвистикалық әдіс-тәсілдермен шектеліп қалу
жеткіліксіз. Себебі көркем туынды (көркем текст), даралық
көркем стиль жазушы шығармаларының көркем
құрылысы ғана емес, әр жазушының
шығармаларына тән мазмұн мен түр ерекшеліктері.
Көркем әдебиет стилистикасында шығарманың тілін
оның идеялық мазмұнынан бөліп алып қарауға
болмайды. Бұдан талдаудың лингвистикалық принциптері мен
әдіс-тәсілдерін әдебиеттану тұрғысынан талдаумен,
соның ұғымдары, категорияларымен, принциптері және
әдіс-тәсілдерімен ұштастыру қажеттілігі туады» [3,17], –деп атап айтады.
Көркем туынды – қоғамның айнасы.
Г.Кәріпжанова өзінің «Ж.Аймауытұлы прозасы
тілінің көркемдік ерекшелігі» атты авторефератында: «Жазушы
кейіпкердің қайталанбас портретін жасау үшін оған
тән барлық белгіні, оның ішінде тілдік ерекшеліктерді де
пайдалануға тырысады. Яғни ұлттық ерекшеліктен бастап
кәсіби мен мекен еткен жеріне байланысты тілдік қолданыстар,
сондай-ақ жас ерекшелігін, әлеуметтік сипатын танытатын білім
деңгейіне қатысты сөз саптауындағы тілдік ерекшеліктер
назардан тыс қалмайды»[4, 7], –деп атап
көрсетеді. Бұлардың
қай-қайсын алсақ та - қазақ көркем
әдебиет тілін зерттеуге және қазақ тілі
стилистикасының ғылым саласы ретінде қалыптасуына мол
үлес қосқан зерттеулер. Дегенмен де көркем
әдебиет тілін зерттеудің теориясы негізделіп, тәжірибесі
қалыптасып бітті деу әлі ерте.
Көркем шығармаға қойылатын басты талап – тіл
шеберлігі. Әрбір жазушының өзіндік ерекшелігі де
тілі арқылы көрінеді. Шығарманың көркемдік,
өзіндік бітім болмысын айқындауда жазушылар қолданған
тілдік құралдардың әрқайсысының орны
ерекше. Көркем шығарма тілі – жалпыға ортақ халық
тілі болумен қатар, эстетикалық сезімнің, образды ойдың
да тілі, сондықтан оған ерекше талғам қажет.
Әрбір суреткердің тіліндегі сөз байлықтарын игере білу,
оның ішкі дүниесіне бойлау дәрежесі түрліше болып
келеді. Жазушының әрбір сөйлемі мақсатты ойға
сәйкес құрылуға тиіс. Көрікті ойдың
көркем суретін салуға жұмсалатын амал-әрекеттің
әр қилы бедері, көркемдік кескіні, эстетикалық
әсері бар. Халықтың тіл байлығындағы этнос
болмысын танытатын бояулы деректері барынша сақталған. Соған
сәйкес кейде кейін қалыптасқан, бірақ түрлі
экстралингвистикалық факторлар мен тілдік жағдаятқа
байланысты бүгінде белгілі бір
аймақтың тұрғындары тілінде ғана
сақталып, әдеби тілдің «сыртындағы» қолданыста
жүрген сөздер мен
тұрақты тіркестердің
көркем шығарма тілінде жұмсалуын арнайы
және біртұтас жүйе түрінде қарастыру
зерттеудің қажеттілігі мен өзектілігін танытады. Тіл мен
мәдениет екі түрлі
семиотикалық жүйеде танылғанымен, бір бірін
толықтыратын, өзара тығыз байланысты тұтас жүйе.
Мәдениет – қоғамдық фактор, оның мәдени
тұғырға көтерілуіне әлеуметтік фактордың
ықпалы зор. Өйткені бір этностың мәдениеті екінші
этносқа оның тілдік таңбалары арқылы баяндалып
түсіндіріледі. Демек кез келген ұлттық тілдің сырын
шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын
білу жеткіліксіз, өйткені оның түпті тамыры сол тілде
сөйлеуші этностың сан ғасырлық жүріп өткен
тарихымен, күнделікті өмірде орныққан
мәдениетімен, ой танымымен тікелей байланысты. Көркем мәтін –
ұлттық бітім-болмысты, ұлттық психологияны,
ұлттың дүниетанымы мен оның өмір сүру
тәжірибесін, ұлттық салт-дәстүр мен наным-сенімін
таныстыратын біртұтас дүние. Көркем мәтін – ұлттық мәдениеттің
тілдік көрінісі, айнасы. Сондықтан әрбір көркем
шығарманы оқығанда
сол ұлт туралы материалдық та рухани да мәдениет
негізімен танысуға болады.
Көркем
шығармалар арқылы автордың танымдық аясы мен
ақиқат дүниені бейнелеу қабілетіне қарай жазушы
баяндап отырған ортаның мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін,
танымдық ерекшелігін анықтауға болады. Әрбір
көркем шығарма – бұл
ұрпақтан-ұрпаққа қалатын
мұрағат. Сондықтан жазушы тіліндегі әрбір тілдік бірлік
сол заманның мәдениетін, өмірлік болмысынан шынайы
ақпарат беретін тарихи мұра болып саналады. Автордың ішкі көркемдік
дүниесі мен оны тудыру шеберлігін
мәтін арқылы тани аламыз. Көркем мәтін автор ойын
объективтендіріп, оның шығармашылық көзқарасын
таныту үшін, адам туралы, айнала қоршаған әлем туралы
білімі мен түсінігін бейнелеп жеткізу үшін және автор
танымындағы әлемді басқаға сол қалпында дәл
жеткізу үшін жұмсалады.
Қорыта айтқанда,
көркем шығарма тілін зерттеу арқылы сөздік
қорымыздағы сан алуан тілдік бірліктердің стильдік,
мағыналық, функционалдық қызметтерін, олардың
заттық мәдени мағынасын, ұлтты таныту
қасиеттерін, этимологиялық қалыптасу тарихын
анықтауға болады. Осыған байланысты көркем
әдебиет мәтіндеріндегі
кейіпкерді сипаттайтын лексиканың қолданылу ерекшелігін анықтап, саралау жұмыстың
өзектілігін танытады.
Әдебиет:
1.
Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі (Октябрь алды
және 20-30 жылдар). Алматы, 1968.
276 б.
2. Өміралиев
Қ. ХҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ
поэзиясының тілі. Алматы:
Ғылым, 1976. 270 б.
3. Кәрімов Х. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы,
1963.
4. Кәріпжанова
Г.Ж.Аймауытұлы прозасы тілінің көркемдік ерекшелігі.
Канд. дисс. автореф. Алматы, 2003. – 25 б.