Нурланова С.С., Баймуханова А.М., Ахметова И.А., Туткышева Г.Т.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Агрессивті балалармен әлеуметтік-педагогикалық жұмыстың маңыздылығы

 

Бүгінгі таңдағы қоғамдағы ірі өзгерістер мен күрделене түскен  экономикалық  жағдайлар   жас  ұрпақ  психологиясына   айрықша  әсер  етіп  қана  қоймай, күн  сайын  күшейе түскен бұл қолайсыз факторлар  мектептегі оқу тәрбие үрдістерін  жақсартудың  баламалы жолдарын  іздестіруді   талап  етеді.

         Ежелден  мәлім  қағида – адам  бойындағы  таза  қасиеттердің  пайда  болып, қалыптасуында отбасылық  ықпалдың алар орны  ерекше. Отбасының рухани тірегі – ата-ана. Өкінішке  орай, кейбір  реттерде  мектептегі тың  жаңалықтар  мен бағдарламаларды  еркін  меңгеріп, өмірдің  барлық кедергілерінен   сүрінбей  өтуге  бейімділігі бар  оқушыларға   рухани  және  материалдық қолдау көрсетуге  ой - өрісі, шамалары  жетпейтін  ата-аналарда  кездесіп  қалады.

         Егер  ата-анасының  рухани  жан-дүниесі  кедей,  мәдениеті  төмен   болса,   ондай   адамдардан  ақыл – сезімі  нашар,   жігерсіз нәресте  келетіні  шындық.  Ежелгі  Қытай  трактаттарында,   үнділердің  киелі  жазбаларында  бала  құрсағында  оны  дүниеге  әкелудің  нақты  әрекеттерінен  көп  бұрынақ  биоэнергетикалық  жағынан   қалыптасатыны  айтылған.  Бала  ата-анасының   психобиоэнергетикалық жағдайынан және олардың сүйіспеншілік    сезімінен,  жан-дүниесінің   толқыныстарынан пайда  болады.  Осынау  көзсіз де   мөлдір қарым-қатынастар арқылы ерлі-зайыптылар  ғарыштан балаға  тіршілік  дәнін   егетін  қуат,  қазақша   айтсақ, баланың  жанын  таратын   көрінеді. Егер  ерлі – зайыптылардың  ортасында махаббат  болмаса    және   рухани  жағынан   мүгедек  болса,   әлгі  ғашықтық   қуатты  толық  тартуға   шамалары келмей, олардан  туған сәбилер өмірдегі жағымсыз    құбылыстардың  алдында әлсіз  болып  жаратылады.  Айналадағы   зиянды  әрекеттерді бойына  тез сіңіріп  алатын, тиянақсыз, жақсы нәрселерге  жуымайтын содырлар осындайлардың  арасынан  шығады. Сондықтан  қоғам  алдында   рухани   кемелденген   адам   қалыптасуындағы   ата-ананың  жауапкершілігі  аса  зор[1].    

         Мектепке   балалар   көбінесе   отбасынан  мінез – құлқы  қалыптасып  келеді  де, бұдан  кейінгі оқу тәрбие ісі оларға ата – анасы  берген  қабілеттерін шыңдау үшін бағытталады. Міне, осы орайда, балалардың   бойындағы жағымды  қасиеттерді  оятып, жағымсыз мінез, әдеттерді жою  талабы педагогикалық іс-әрекеттердің тиімділігіне байланысты  болмақ.

         Мұғалімдік  іс-тәжірибеде  ата-аналардан үнемі: «балам төбелесе   береді, бір орында  тыныш  отыра  алмайды, немесе  тақтада  жауап  беруге   қорқады,  не істеу  керек ?»  деген сұрақтар жиі қойылады. Ал  мұғалімдер  қауымынан: Қазіргі  балалар өзгеше  «қиын»  болып  кеткен  деген  лебіздер  естиміз. Бұл  сұрауларға  мектеп  мұғалімі, дәрігер, ата-ана, әлеуметтік педагог, психолог  бірлескен  іс-әрекет  негізінде  ғана  көмек  бере  аламыз.  Бастауыш  сынып  оқушыларына  білім  беру үрдісінде   әсіресе  «ерекше»   балалар  мінез   құлқы   өзіне  көңіл  аудартады. «Ерекше»  балаларға   әр сыныпта кездесетін: агресивті балалар, өте  белсенді  балалар, мазасыз  балалар  тобы   жатады [2].

  Болашақ қоғамның негізін – мектеп  оқушылары  құрады  десек,  соларға   жан  жақты  дұрыс  тәрбие  беріп,  білікті  азамат  етіп  өсіру  бәріненде  бұрын   мұғалімдердің  еншісінде.

Міне,  соған   байланысты  болашақ   ұстаз  мамандарға   балалармен  тиімді   қарым-қатынаста   болу,  әсіресе  агрессивті   балалармен   жұмыс  жүргізу  бағдарламасын  ұсынып, әдістемесін  үйретуді жүзеге  асыру қолға  алынды.

         Агрессия әрине, кенеттен  пайда  болмайды. Ол жеке адамдар  арасындағы әр түрлі  қарым-қатынастар, қорқытып-үркітуден  пайда  болады.

         Адамның  түскен  ортасының  ерекшелігі  агресивті  әрекеттің   жоғары  немесе төмен  болуына әсерін   тигізеді.  Мысалы:  ауасы  тар,  темекінің  иісі  бар  бөлмедегі  агрессивті  әрекет, ауасы  таза бөлмедегілерге   қарағанда күштірек  болады.  Адамның  жеке басының   тәртібіне   байланысты  болады.  Айталық  «дұрыс»  адамдардың  арасында басқаларға қарағанда   ашуланшақ,   өзін - өзі  ұстай  алмайтындар агрессивті  көрінеді.

         Психолог – ғалымдар   агрессияны   бірнеше түрге бөледі.  Э. Фром   екі   түрі   бар  дейді: «зиянды», «зиянсыз».

         Зиянсыз  агрессия:  қауіп төнген  кезде   ғана пайда болып  (қорғану  мақсатында)  артынан  басылады.

         Зиянды  агрессия: қатыгездік  пен  қауіпке  толы  болады.

         Ал,   З. Фрейд  пен  К.  Лоренц  адам  баласы  агрессияны   бағындыра  алмайды,   сондықтан  оны     керек  бағытқа  бұру  керек  деген.

         Агрессия  ми  бөліктерінің  әр  түрлі ауруға  шалдығуы  немесе   әлеуметтік   жағдайларға   байланысты   пайда  болуы  мүмкін [3].

         Бүгінгі  кино,  бейнефильмдердегі қатыгездік, күш көрсету   көріністері көрермендердің   агрессивті деңгейін  арттыруға   себеп  болатындығын  қазір   ғылыми  ізденістер  дәлелдейді.

         Егер   қандай  да  бір  агрессивті қылық көрсеткені үшін ата-ана  баланы   қатаң     жазаласа,  ол  өз  ыза-ашуын,  ата-ана   алдында   көрсетпей   ішіне  сақтауға    үйренеді,  бірақ  бұл оның басқа жағдайларда   агрессивті   қылық   көрсетпейтініне   кепіл  бола  алмайды.

         Балалар көп жағдайда барлық  назарды өзіне аудару үшін  де   агрессивті   қылық  көрсетеді. 

         Ата-ананың  көнгіштігі, шешім қабылдаудағы сенімсіздігі, мінез  жұмсақтығы  баланың  бойында  «айтқанымды  істетемін»   деген   агрессивті   әрекет   туғызады.

         Сондықтан агрессивті  балалардың  мінез-құлқын  тәртіпке   келтіруде   мына  бағыттарда  жұмыс  істеу  қажет:

         І. Ашу-ызаны   қолдануға  болатын   жағдайларға   үйрету;

         ІІ. Балаларды   әр түрлі  жағдайларда өзін-өзі ұстай  алуға, өзін-өзі  басқару   әдістеріне үйрету;

         ІІІ. Шиеленіскен жағдайларда сөйлесу дағдыларын   қалыптастыру;

         ІV. Адамдарға сену, жаны  ашу сияқты қасиеттерді қалыптастыру.

Дарынды психолог әрі  педагог Жүсіпбек  Аймауытовтың  «Дәрігер  адамның денесін  сауықтыратын болса,  мұғалім  адамның  ақылын,  жанын  сауықтырады» деген қанатты қағидасын әрқашан  жадымызда ұстауды   ұмытпағанымыз  абзал.

                                                   

АГРЕССИЯ

 

Жағымсыз

(оппозициялық  қылық)

 

Бағытталмаған

(көпшілік  ішіндегі  айқай,  тепсіну)

 

Бағытталған

(өсек,  мысқыл,  тілмен  шағып  алу)

 

 

 

Әлеуметтік педагогтар агрессивті балалармен тіл табысу арқылы олардың бойындағы қиыншылықтары мен проблемаларын шешуге тырысады.  Балаларды тәрбиелеу арқылы жан-жақты білімдендіру олардың алға қойған мақсаттарына еш қиындықсыз жетулеріне ат салысады.

Әдебиеттер тізімі:

1.     Аяғанова Б., Тәжин А. Социология негіздері , Алматы: Ана тілі.2008ж.

2.     Әбиев Ж.Ә., Бабаев С.Б., Құдиярова А.М. Педагогика: Оқу құралы. – Алматы: Дарын, - 2004ж.

3.     Әбенбаев С.Ш. Тәрбие  теориясы мен әдістемесі : Оқу  құралы, - Алматы: Дарын. 2004ж.