Филология ғылымдарының кандидаты Акатаева
Ш.Б.
Қарағанды
қ.,Қазтұтынуодағы Қарағанды
экономикалық университеті
КҮЛӘШ АХМЕТОВА ЛИРИКАСЫНДАҒЫ СЫР МЕН СЕЗІМ
Қазақ
– табиғатынан ақын халық. Сан ғасыр бойы сахарада
көші-қоңды тірлік кешкен халқымыз қуанышын,
сүйініші мен күйінішін – жан сезімін жырмен ағытқан,
өлең – ақыл мен ойдың кені, даналығы деп
түсінген. Көшпелі тұрмыс пен ауызекі дағды «аттың
жалы, түйенің қомында» жүріп жырлайтын
ақпа-төкпе – импровизаторлыққа дағдыландырған.
Қазақ
даласынан тау өзеніндей тасқын жырлы ақпа жыраулар,
олардың сөзін таратушы жыршылар көп шыққан.
Өмір сырын мол сезініп, санасына жаза білген дала даналары халқын
елдікке, ерлікке үндеп, жарқын болашағын, асыл арманын, асыл
мен жасықты, дос пен қасты, адамгершілікті, тірліктің
қадір-қасиетін тілге тиек еткен.
Ақын-
өнер иесі, игілік пен ізгіліктің, адамгершіліктің бастау
негізі.
Ақын уақыттан тыс
қалмайды. Себебі, адам уақытқа емес, уақыт адамға
қызмет етуі керек. Сол себепті адам әрбір минутын бос
өткізбей, еңбек арқылы тиімді пайдалануы керек. Яғни,
“Керегі не адамға дамыл көріп, қуантыңдар,
сағаттар, жалын беріп,”- дейді, Күләш ақын [1].
Қазақтың мың
жылдық тарихы бар жыраулық дәстүрінен тамыр алып
өрістеген ақындық өнердің де шежіресін
мақтанышпен айтуымызға болады. Өзінің тамырын
тереңге жіберген алып бәйтеректі біз – ақындар десек,
оның сансыз жапырағын – ақынның жыры іспетті дейміз.
Осы қазақ өлеңі дейтін өлкеде өз
үнін, өз қолтаңбасын бізге, яғни болашақ
ұрпаққа танытып келе жатқан талантты
ақындарымыздың бірі – Күләш Ахметова..
“Күләш” деген ардақты есім. Оның
нәзік те сырлы, отты да нұрлы, әрбір жүрекке жол табар
лирикалық жырлары уақыт ағымымен бірге адымдап келеді.
Өз әлемі, арнасы бар. Жазушы
Ә.Кекілбаевтың: “Күләш жыры
күннің-нұрындай, гүлдің -әріндей,
нанның-дәміндей, сүттің-өңіндей,
бөбектің – иісіндей еміренетпей, тебірентпей қоймас,
кінә тақсақ киесі ататындай пәк жыр”, -дегені
шындық [2].
Осыдан –ақ, Күләш
өлеңдерінің алмастай өткір, гүлдей нәзік,
теңіздей терең болып жазылатынын айтуымызға болады. Сонымен
қатар ол адам бойындағы сырлы құпияны ашуға
тырысқан. Сондықтан болар оның жырларында адамның ішкі
сезіміне әсер ететін алуан ізденіс, терең толғамдар
кездеседі. Біз ақын өлеңдерінен оның мінезін,
көзқарасы мен қолтаңбасын да танимыз.
К.Ахметова өлеңдері қазақ поэзиясына өзіндік үнін ала
келді деу аздық етеді . Себебі, өзінің әйелдік әлемінен шыққан жырлары
өте нәзік болып келеді. Ақын жырларының күші де,
қуат –нәрі де осында. Ақын өлеңдерінің
теңдеулері тосындығымен, сөз сазының сонылығымен,
бояуының байлығымен бөлектеніп тұрады. Ол әрбір
өлеңін ықшам әрі айқын жазады. Сондықтан
болуы керек, оның шығармаларында өмір бойы таусылмайтын
тағдыр көрінісі байқалады.
Әл -
Фарабидің “Поэзия” деген трактатында ақындар тума және
жасанды болып екіге бөлінеді.Ұлы ғұлама: “ең
ғажайып поэзияны табиғи ақындар ғана жасай алады”
дейді. Ендеше, Күләш Ахметова сол топқа жатады.
Ақынды тек бүгінгі күннің
тыныштығы ғана мазаламайды, ол болашақ ұрпақ
жайлы да толғанады. Бүгінгі таңда болып жатқан
қиыншылық пен ауыртпалықтар, игілік пен
жақсылықтар келешек үшін жасалып жатқандығын
өте жақсы түсінген. Бөліп айтар және бір жайт:
К.Ахметова лирикасынан – сыр мен сезім иірімдері қос өрім, алтын
арқау секілді бірін-бірі байытып, толықтырып тұрады.
Өлең өрімі мен өрнегін – сыр-сезім сипаттары
айшықтай, бедерлей түседі.
1977 жылы “Сен менің бақытымсың” атты
өлеңдер жинағы шығады. Осы жинақты көрнекті ақынымыз
Әбділдә Тәжібаев оқып шыққан соң, сол
кездегі “Лениншіл жас газетінде “Күләш Ахметова –ақын” деген
атты мақала жазады [3]. Ол Күләш жайында: “Күләш
жырлары мені қатты қуантты. Таза сағыныштардан, жарық
армандардан туған мұңды,
мөлдір жырлар әуендеріне үн қосқандай
сезіндім. Жыр құдыретімен жаңғырғандай, жан
дүниеге кіргендей жадырадым. Біздің бақытты
республикамыздың жас бұлбұлдары осылай молая беруі керек”, -
деп, түйін жасайды.
“Күн шыққанда күліп оян” деген
өлеңдер мен поэмалар жинағы Ә.Кекілбаевтың
алғы сөзімен басталады. Ол: “Қыз шіркін қылығымен,
жыр шіркін жылылығымен, баурап алуы керек қой. Күләш –
жыр, сонысымен қымбат. Күләш – ақын, сонысымен
қадірлі. Пейіш төріндегі гүлдей құлпыра бер,
періште көңіл перизат өлең! Алдыңнан ақ
күн туа бергей, ақын қарындас! Аман жүр,
дегендеріңе жет, айналайын Күләш!”, - деп, ағалық
пейілін емен –жарқын білдіреді.
Поэмалары: Ғасыр қасіреті”,
“Сарыөзек-сағыныш”, “Теңдік үшін мұхитқа
қайық салдық”, “Болашақ үшін”.
Ақын өзі тұрып жатқан отаны мен
туған жерінің әр таңдары тамылжып атуын, яғни
адамдардың еркін еңбек етуін тілейді.
Негізінен, Күләш Ахметова өмірінің
барлық қуанышы мен қайғысы да, ізденісі мен талпынысы
да осы өз жанынан шыққан өлеңдерден
көрінеді. Оның өлеңдері өте әсерлі,
өте көркем, әрі мазмұнды. Осылардың түбінде
ақын жүрегінің ақтығы мен пәктігі, ізгілігі
мен сұлулығы өзара үйлесіп жатыр. Мәселен, мына
өлеңнен:
Мен – бұлақпын…
Бір бұлақпын бұралып ән
құратын
Жанымды ұқсаң, жарқырап,
жаңғыратын
Арамдыққа орын жоқ жүрегімде
адалдық пен Адамдық – бар мұратым.
Адамдық негізі – адалдық.
Ақын үшін адалдықты түсінбеу қиянат. Ол осы
адамдық пен адалдықты өзіне мұрат тұтып өз
өнерін дамытып, байытып, келешекке өнеге етіп келе жатқан
ақын.
«Отан!» өлеңінде:
Басайын сенің барлық
жолдарыңды,
Қосайын құстар
салған хорға әніңді
Бұлбұлдың әуезіне
араласып,
Бұл әнім араласып,
Бұл әнім араласып
орманыңды.
Үп еткен еркін самал лебің -
өлең,
Өңімде, түсімде де сені
көрем.
Күндерің,
жұлдыздарың – жүрегімде,
Біргесің, меніменен, меніменен,-
деп жырлайды [4].
К.Ахметова “Отан” деген қасиетті
ұғымды өте жоғары қойған. Отанды сүю,
құрметтеу-әр адамның парызы. Ол “Отан үшін
отқа түсуге” дайын ақын. “Бәрінен биік, жалғанда,
тұруы керек туған ел!”, -
деп бекер айтпаған. Ол өз Отанының, яғни туған
жерінің ауасымен тіршілік – тынысымен дем алып, оның болашағы
түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік
қақпайды.
К.Ахметова жырлары оқырман
қауымды өзіне жылдам баурап алады. Оның өмірі де,
өнері де - өлең. Ол - өлеңсіз бір сәт те
өмір сүре алмайды және еш нәрсеге айырбастамайды. Ол
былай дейді:
Өзің барда Ел жүгін
көтеремін,
Жүрегімді түсініп өтер
елім.
Бір көмекке зәру болып
жатқандарға,
“Жедел жәрдем” сияқты жет,
өлеңім! [4].
Осы өлең шумағынан
–ақ Күләш ақын өлеңдері елі, жері,
халқы үшін қызмет жасауға даяр екенін көрсетеді.
ХХ ғасырдағы
қазақ поэзиясында өзіндік орны бар. Күләш Ахметованың
құнды өлеңдері өнеріміздің өрелігін
арттыра түседі.
К.Ахметованың ақындық
өнеріне дендеп енер болсақ, лирикалық туындыларының
орны ала-бөтен екендігі танылады.
Асылы, лирика –
көңілдің нұры, жүректің сөзі, мейірім
шуағынан тарап жататын сәулелі сәт, әсемдік
әлемі.
Сөз өнерінің
көптеген түрлері секілді лирикалық туындыларда – адам
әлемі, жан-жүрек тебіреністері мен толғамдары,
күйініш-сүйініштері, сыр-сезім сипаттары кең көлемде
көрініс береді.
Сөз асылының арда
үлгісі – лирика көлем жағынан шағын, сюжеттік желілер
сирек көрінгенмен, көңіл күнделігінен, жүрек
пернесінен төгіліп түскен шымыр шумақтар, өрісті де
өрнекті, ойлы толғам-толғаныстар, отты сезім мен терең
сырдың жалыны мен жарқылы алыстан асқақтан,
жақыннан мейірім нұрын толық түсіреді.
Лирика - әдебиеттің
Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш
тегінің бірі. Шындықты адамның ішкі
көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра
суреттейтін терең психологиялық шығармалардың
түрі, көбіне өлеңмен жазылады.
Ақын лирикасының негізі –
адам жанының нәзік сезімі, ақ сөйлейтін пәктігі
мен адалдығы, жақсы адамдарға тән жайдары мінезі болып
табылады.
Күләш поэзиясы – жыр
сүйер қауымның көз қуанышына, рухани
кәдесіне айналды.
Ақын поэзиясы алуан
тақырыпты, келелі мәселелерді қозғайды. Шын
көңілден сыр ашады.
«Тыңдаңызшы! Тым жақсы әндетеді»,
«Өлең айтып өтеді жапырақтар» [2] деп,
табиғатқа «өзге көзбен қарайды», жан сырын ұғуға
тырысып, өзгеге де тыңдатқысы келеді.
Сол сияқты «Жапырақ –
жаздың жүрегі» деген өлеңінде:
Жапырақтар,
әр түрлі ән құрарсыңдар,
Алдарыңда әр түрлі
тұрар сындар.
Нәзіктерім,
сендермен сырласайын
Менің нәзік жанымды
ұғарсыңдар.
Ұғарсыңдар,
ұғу
да,
тану да арман,
Жасарыңдар,
жасқанбай
жауын, қардан
Дайын тұру
қажет-ақ барлық сынға
Қорықпаңдар
салқыннан,
Дауылдардан. [2] деп, тағы
да өзі жапырақтармен сырласып кетеді. Солармен сөйлесе
отырып, ақын өзінің ішкі жан дүниесінде болатын
құбылыстарды жапырақтай оқырманның алдына жайып
салады. Әсіресе, «Менің нәзік жанымды
ұғарсыңдар» деп өзінің үлбіреп
тұрған нәзіктігін жапырақпен қатар қояды.
Өмірдің қысқа екенін, бірақ бітіспес күрес
екенін ақын реалистік көзқараспен білдіреді. Оны біз:
Көктем мен
қыс,
Жаз бен күз
арасында
Күрес
барын, бітіспейтін майдан барын,-деген өлең жолдарынан оқи
аламыз. Ақын күреспен қатар, сүйіспеншілікті,
махаббатты, достықты паш етеді.
Самал желге –
жүгірген тасып хабар –
Сыр айтады
ұзақ та, ашық та олар.
Күрсінеді,
қарайды біз сияқты
Бір-біріне олар
да ғашық болар?
Ақын
адамның жаны – табиғат екендігін айта келіп, игі істерімізбен
табиғатты қуантып, аялап, мейірімді жүзбен
қарағанымыз жөн дейді.
«Қалайша
қырда өскен боп түс көрмеймін,
Қалайша
өзіме-өзім күш бермейін?
Таңғы
нұрға тапшы екен батыс балкон
Күннің
нұры түседі түстен кейін» деп басталатын.
«Балкондағы гүл мұңы»
өлеңінің тақырыбы анағұрлым ойлы,
анағұрлым күрделі. Мұнда бостандықты, еркіндікті
аңсау арманы бар. Мазмұны жағынан үйде өсірілетін
гүлдің таза ауаны көктем таматын жаңбыр тамшыларын
еркін көре алмайтынын, қапаста тұрған бір
мұңлық жанды бейнелейді. Өзінің өсуіне -
өнуіне, ұрығын жоюына адамдардан көмек күткенін
баяндайды. Біз оны мына өлең жолдарынан оқимыз!
О, адамдар!
Сәулесін
бетіме Күн
Түсірмейді,
Солды енді от
реңім
Ұрығымды
жиып ап осы күзде
Кең
далаға шашыңдар,
Өтінемін! [2]
Мұнда ақын «қалайша»
деген сөзді әр өлең жолының басында
қолданып – анафора, ал «менің» деген сөзді ой
ағымының аяғында қолданып – эпифора арқылы
өлеңге көркемдік арытады. Ақынның табиғат
лирикасына тән ерекшелігі – қашан да «Жапыраққа» тіл
қатады.
Ғашық
боп қалдым мен оған,
Жапырақтар-ау,
не істеймін?! [2] деп, жапырақтардан қайратты ақыл
сұрап, артық сырлары бар екенін айтып, тілектес болуын
қалайды.
К. Ахметова
қандай өлең жазбасын өз бойындағы мейірімділікті,
жылылықты, жомарттықты оқырманға шынайы көрсете
біледі. Әсіресе, көңіл-күй тақырыбындағы өлеңдері
кез-келген оқырманның жүрегіне патриоттық сезім
ұялатады.
«Мен бір
бақыт іздеп жүрмін достарым» деген жыр шумақтарында
ақынның асқақ ойы, қол созған арманы,
құс қанатты қиялы бәрі-бәрі қаз
қалпында қолымен ұстағандай, дәмін
татқадай, кескін келбетін ұққандай көрініс
береді.
Мен бір
бақыт іздеп жүрмін, достарым,
Ұқсамайтын
бақытына басқаның
Жұлдыздардай
жарық әрі биік тым,
Сол бақытты
іздеп жүріп жиі ұқтым:
Ортақ болу
керек оған достарым,
Бауырларым,
сәбилерім, сүйіктім.
Ақын
өлең жазарында тақырыбын таңдайды, алдына мақсат
қояды, нәзік сезімге беріледі. Кейде біреуден үйренгісі
келсе, кейде біреуге ұқсағысы келмей, кең дүниеге
құлаш ұрып кетеді. «Мен бір бақыт іздеп жүрмін
достарым Ұқсамайтын бақытына басқаның» деген
сөзінде күнделікті күйбең тірлікпен жүрген
оңай олжамен пайда тауып байып жүрген, сөйтіп
өзінің бақытын дүниеден тапқан тоғы
шарларға ұқсағысы келмейді. «Жұлдыздардай
жарық әрі биік тым» деп, өз бақытын сонау шетсіз,
шексіз ғарышта жұлдыздар арасынан іздейтінін аңғартады.
Күләш өзінің сезіміндегі кейбір көңілсіз
сәттерін де өлең шумақтарынан қаз
қалдырмаған.
«Мұң»
деген өлеңінде:
«Сен
кеттің, апа, кешікпей
Сездім мен
өмір салмағын
Бауырым жылап
бесікте
Жатты, мен
жұбата алмадым», - деп жетімдіктің ең үлкен
қасірет екенін, өмірден ерте есейтіп, балалық
шақтың тәтті күндерімен, аналық
құшақтың жылылығымен, мейірім шуақпен ерте
қоштасқанын айтып қайғырады. Әсіресе, қыз баланың
ең жақын сырласы, досы – анасы болып табылады. Сондықтан,
ақын анасының өмірден өтуімен, мұң
оның ертерек серігіне айналғанын, қуыршақпен ерте
қоштасқанын айтып, іші алай-дүлей болады. «Мұң»
өлеңінде ақын бала кездегі көрініс-суретті ересектермен
теңестіреді.
«Жиі жеті шелпек
пісірем,
Пісірем де сені
есіме түсірем»
«Мұң»
жайлы толғану Қадыр ақында да кездеседі. Ақын
көзі кірбіңді, көлеңкелі сәттерді көргіш,
сондықтан да олардың өлеңдерінің еншісінде
мұң да жүреді. Қадыр:
Мен қалдым
жалғыз дарынмен,
Дарынмен яки
сорыммен, - деп жалғызсырай
мұңдана отырып «мұң дегенің -
жақсылардың еншісі» деп өз-өзін жұбатады [5].
Әр
ақын, әр өнер саңлағы өз жайын өзі
танитыны секілді өлеңі арқылы өзімен, өзгемен
сұхбаттасатын Фариза ақын да:
Менің
бақыттылығым сол жалғанда,
Қасіреттен
тұрады бақытым да, -деп мұңданады [6].
Өлеңдері
арқылы сыр ақтара отырып Марфуға да:
Күбірлеп,
іштей күрсіндім,
Өтіпті
қанша жырсыз күн.
Жосалып тіліп
барады,
Жүрегімді
тілсіз мұң, - дейді [7].
Қай
халықты алсақ та, көне туындылары негізінен - поэзия.
Өлең өнерінен халқымыз аз сөзбен көп ойды
аша алатындай кілт тапқан яғни, тоқсан ауыз сөздің
тобықтай түйінін аз ғана жыр жолдарына сыйғызып, сол
арқылы ойда іркілген сырларын ақтару жоғарыдағы
ақындарға да тән.
Лирикалық
арнау - әлемдік поэзияда көп таралған. Ақын
басқаға қаратып жыр арнау арқылы өзі туралы емес,
өзі арқылы, өз сезім-күйі арқылы өзге
туралы ой қозғайды.
Оның
азаматтық лирикасын шартты түрде табиғат лирикасы, махаббат
лирикасы, саяси лирика деп бөлуге болады. Әдебиет зерттеушісі Ж.
Дәдебаев өзінің «Қазіргі қазақ
әдебиеті» оқулығының
тоғызыншы лекциясын К. Ахметова шығармашылығына
арнады. Онда:
Көргеніңнің
өмірде – бәрі мектеп,
Ренжітіп алдым
ба, жаным, ептеп.
Мойнымнан
құшақтап келгеніңде,
Мазам болмай
отырып «әрі кет» деп.
Сен
қиналсаң – мен бе екен жата алатын,
Сенің атын
– алдымен аталатын.
Өлең
қуып жүргенде,
Кемдеу болып
Кеткен жоқ
па аналық махаббатым, -деп мәнді тұстарын сөз етеді
[8].
Дүниенің
ағы мен қарасы, ащысы мен тәттісі – бірі
мұңайтып, жұбатып, ақынның да,
ақынның лирикалық қаһарманның да ойын он,
санасын сан бөліп, кей уақыт мазасын қашыруы әдебиетте
де, өмірдің өзінде де аз емес.
Ақынның
өлеңдері – атамекен жаршысы, жастық пен достықтың
жыршысы, бірлік пен берекенің, татулық пен
тұтастықтың символы.
К. Ахметованың
ақындық өнерінен - Әл-Фарабиден Абай әлеміне
ұласқан қазақ халқының бай
фольклорының бар шындық сипаттары, Шәкәрімнен
Шахановқа дейінгі дәуір дидарының тұтас көріністері, Мағжанның
мұңды да сырлы лирикасынан – Мұқағали музасымен
үндесетін сыршыл сезім, ойлы өрнек, қуатты қалам
мұраттары терең танылады.
Ақынның
өлең өрнектерінен – туған жер жайлы ойлар мен
толғаныстар, өткен тарихымыздың бел-белестері, батыр
бабаларымыздың, елбасылар мен қолбасылардың өмірі мен
өнегесі, ақын – жырау, би-шешендердің ұлы
үрдістері, әсер-ықпалдары кеңінен көрініс береді.
Сол арқылы ұлт мұратына адалдық, өмірге
құштарлық, өнерге сүйіспеншілік сезімі
терең танылады.
Бастысы, өнер
мұраттарына адалдық, асыл сөзге құрмет,
құштарлық айқын аңғарылады.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1. Ахметова К.
Бұлақтағы жұлдыздар. Алматы: Жазушы, 1982.
2. Кітапта:К.
Ахметова. Күн шыққанда күліп оян. Алғы сөз.
«Жебеу жырлар».«Ана тілі» баспасы, Алматы, 1996.
3. «Лениншіл жас», 1978, 16 сәуір.
4. Ахметова К.,
Төлепберген М. Ұлбике. «Өнер», Алматы, 2002.
5. Мырзалиев Қ. Мәңгі
майдан. Алматы: «Жазушы», 1987.
6.Оңғарсынова
Ф. Дауа. Алматы: «Жалын», 1992.
7.
Айтхожина М. Жапырақ сілкінген кеш. Алматы: «Жазушы», 1992.
8. Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті.
Алматы: «Қазақ университеті», 2002.