Минасипова А.Р., Есалиева
Ғ., Сағындық Т.А.
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университеті, Қазақстан
ШАҒЫН ЖИНАҚТАЛҒАН МЕКТЕП
ОҚУШЫЛАРЫН ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУДІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖОЛДАРЫ
Еліміздің егемендік алып,
тәуелсіздіктің даңғыл жолына түсуі саяси-әлеуметтік
өміріміздің басты буыны - білім саласына да көптеген өзгерістер алып келді.
Бүгінгі заман талаптары білім мекемелері мен
ұстаздар алдына орасан зор міндеттер жүктейді. Сондықтан
қазіргі таңда ауыл мектебіне, оның
ішінде шағын комплектілі мектепке ерекше көңіл бөлініп,
оның мәселелері
мемлекеттік деңгейде көтерілуде. Ауыл мектебі - қашанда дана мен даралар шыққан білім ордасы,
тәрбие мен білімнің сарқылмас кәусар бұлағы.
Кез-келген қоғамның өсіп-өркендеуі,
әлемдік өркениеттен өзіндік орнын алуы, оның білім
деңгейіне байланысты. Сондықтан Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен
бастап білім беру ісін реформалауға кірісті. «Білім» туралы
Заң қабылданып, жалпы білім беру жүйесіне бағытталған тұжырымдамалар,
мемлекеттік білім стандарты, бағдарламалар және төл
оқулықтардың жазылуы - орта мектеп өміріне қатысты реформалардың жүргізіліп
жатқандығының айқын куәсі.
Қазіргі кезде, яғни өтпелі
кезеңде өмір сүріп отырған республикамыз әлеуметтік-экономикалық дағдарысты
басынан кешіруде. Бұл
дағдарыс білім жүйесіне, әсіресе, ауыл мектептеріндегі білім сапасына
кері әсерін тигізбей отырған жоқ. Бұрынғы ірі
шаруашылықтар ұсақ кооператив, фермерлік шаруа
қожалықтарына ұласуына байланысты ауыл тұрғындары
жұмыссыздыққа ұшырап, қалалы жерлерге қоныс
аударуда. Соның салдарынан орта
мектептердің көпшілігі шағын жинақталған мектептерге айналды.
Шағын
жинақты мектеп параллель сыныптардың болмауы, сыныптар
санының аз болуы және бір сыныптағы оқушылардың
жас шамалары әртүрлі болуына байланысты өз қызметін
ұйымдастыру формалары мен әдістерін таңдауына
құқылы.
Шағын жинақты мектептің
қызметін ұйымдастыруда мынадай қағидалар ескеріледі:
- біріктірілген сыныптарда бірпәндік,
біртақырыптық ұстанымдарға негізделген кіріктіре
оқытуды ұйымдастыру;
- біріктірілген сыныптардағы сабақтың
дидактикалық кезеңдерін тиімді үйлестіретін икемді
сабақ кестесін құру;
- кіші және жоғары сынып
оқушыларымен өздігінен жұмыстарды өткізуге
мүмкіндік беретіндей сабақ жоспарларын ұйымдастыру;
- оқу үдерісін әрбір
оқушы тұлғасына психодиагностикалық сараптау,
оның даму динамикасына байқау жасау, соның негізінде тиісті
түзетулер енгізу арқылы ұйымдастыру;
- әрбір білім алушы үшін
оқытудың өзіндік траекториясын белгілеп, даралап және
саралап оқытуға жағдай жасау;
- білім беру процесінің технологиясы мен
мазмұнының икемділігін, вариативтілігін жүзеге асыру;
- әрбір оқушының
өзін-өзі көрсете білу, өздігінен білім алу
қабілетін дамыту;
- білім берудің дамытушылық,
шығармашылық және инновациялық сипаты;
- шағын жинақты мектептің
мәдени орталықтардан шалғай орналасқандығын
ескере отырып, мектептегі тәрбиелеу және дамыту жұмыстарын
басты назарға алу;
- шағын жинақты мектеп
жағдайында оқытудың ерекшеліктеріне сәйкес тиімді
педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық
технологияларды қолдану.
Сыныптарды бiрiктiру тәжiрибесi екi
нұсқада қарастырылады: аралас және әр
жастағыларды бiрiктiру. Әртүрлі жастағы оқушылары
бар сыныптарды ұйымдастыру педагогикалық тұрғыдан
неғұрлым тиімді, өйткенi ол балалардың ауыспалы
жұптарда жұмыс iстеуіне, жоғарғы сынып оқушыларының
өзiндiк жұмыстарын ұйымдастыруға, сөйтiп
көбiрек көңiл бөлудi керек ететiн төменгі сынып
оқушыларына сабақ түсiндiру үшiн уақыт
бөлiп алуға мүмкiндiк бередi.
Шағын
жинақты мектептің оқу-тәрбие қызметіндегі
қиындықтар осы мектептерге, біріктірілген сыныптарға
арналған арнайы оқулықтар мен оқу-әдістемелік
құралдардың болмауынан туындап отыр. Пән
мұғалімдерінің жетіспеуі немесе жүктеменің
аздығы салдарынан шағын мектептерде бір
мұғалімнің бірнеше пән бойынша сабақ беруіне тура
келеді. Біріктірілген сыныптарда мұғалім бір мезгілде екі
сыныпқа қатар сабақ өткізеді. Осыған байланысты
әр сыныпқа жаңа сабақты түсіндіру кезінде
мұғалім сабақ уақытының белгілі бір бөлігін
ғана жұмсай алады. Мұндай біріктірілген сыныптардағы
сабақтарды ұйымдастыру кез келген мұғалімнен,
әсіресе жас мамандардан шығармашылық ізденісті, кәсіби
жоғары шеберлікті талап етеді. Мұның өзі шағын
жинақты мектептің біріктірілген сыныптарында сабақ өткізуде
мұғалімдерге әдістемелік көмекші болатын
құралдардың қажеттілігін туындатады. Шағын
жинақталған мектептердің проблемасы көп. Әсіресе,
бастауыш және негізгі мектептердің жағдайы төмен.
Материалдық-техникалық базасы нашар. Арнайы
жабдықталған пәндік кабинеттер, зертханалар жоқ.
Көрнекі құралдар ескірген. Интернет желісі
қосылмаған. Кітап қоры аз. Кадр тапшы. Бір пәннің
мұғалімі бірнеше пәннен сабақ береді. Мұның
үстіне, бала саны аз болғандықтан сыныптар топтастырылып
сабақ өтетіндігін ескерсек, оқушының бағдарламаны
толық игеріп, жан-жақты білім алуы қиындық
туғызып отыр.
Шағын
жинақталған мектептердің оқу тәрбие үрдісін
жетілдіру, дамыту үшін мұғалімдердің
педагогикалық іскерлігін шыңдап, шығармашылықпен
жұмыс жасауға бағыттау керек. Олармен әдістемелік жұмыстарды
әдіскер – мұғалім – әдістемелік бірлестік үш
бірлігін сақтай отырып жүргізген тиімді. Себебі шағын
жинақталған мектепке институт қабырғасынан
шыққан жас маман екі класты қатар оқыту практикасынан
өтпеген, оның әдістемесін толық меңгермеген болып
келеді. Сондықтан шағын жинақталған мектеп
мұғалімдеріне мектеп жұмысын терең де
мазмұнды жоспарлауға нұсқау беріп, білім берудің
жаңа технологияларымен жұмыс жасауға бағыттау керек.
Әдістемелік көмектер беру үшін сабақтарына тікелей қатысып,
әдістемелік талдау жасап, жекеше және топтық, ауызша
және жазбаша кеңестер берген дұрыс болады. Шағын
жинақталған мектептерді тұрған орындарына қарай
топтастырып, «Әдістемелік күндер» өткізу тиімді.
Әдістемелік күнде ашық сабақтармен қатар теориялық
баяндамалар да қойылып, тәжірибе алмасуды ұйымдастыруға
болады. Шағын жинақталған мектеп
мұғалімдерінің шеберлігін шыңдаудың тағы
бір жолдары – шағын жинақталған мектеп
мұғалімдері үшін сайыстар, байқаулар, бір пәндік
немесе бір тақырыптық панорамалық сабақтар сайысын,
имитациялық ойындар өткізу. Мұндай жұмыстар
мұғалімдердің шағын жинақталған мектерде
жұмыс жасаудағы кәсіби шеберліктерін шыңдайды. «Екі не
үш класты қатар оқытуда бір пәнді қатар
жүргізудің әдіс-тәсілдерін жетілдіру», «Шағын
жинақталған мектептердегі оқу-тәрбие
жұмысының сапасын көтеру жолдары», «Ұқсас
тақырыптарды қатар оқыту жолдары» т.б.тақырыптарда
семинарлар өткізуге болады. Озық тәжірибелердің
бейнефильмдер банкін құрудың пайдасы мол.
Мұғалімдерге пәрменді
әдістемелік көмектер ұйымдастырып, білім берудің
жаңа технологияларын шағын жинақталған мектептер
практикасына ендіре отырып, білім беру мен білімнің сапасын
көтеріп, оқушының белсенділігі мен ізденісін арттыра
аламыз. Мұғалімдердің жаңашылдық
(инновациялық) белсенділігі қалыптасып, жоғары
шығармашылыққа ұмтылады, интелектуалдық
белсенділігі жоғарылайды
Шағын жинақталған
мктептерге әдістемелік көмек ұйымдастыру үшін
барлық шағын жинақталған мектептерді «ШЖМ –
проблемалары және оқу-тәрбие үрдісін жетілдірудің
әдістері мен формаларын іздестіру» деп аталатын үлкен
бірлестікке біріктіріп, оларды бірнеше шығармашылық микротопқа
бөліп, әр топқа айналысатын проблемаларын бекітіп,
жүргізілген жұмыстарды қорытып, жинақтап қажетті
әдістемелік жинақ дайындауға болады. Мысалы: Бірінші
топқа – « Шағын жинақталған мектептерде
тәрбие жұмысының формалары мен әдістерін байыту
жолдарын іздестіру» - ( бірнеше мектеп біріктіріледі). Екінші топқа –
«Әртүрлі сыныптарда ұқсас тақырыптарды тиімді
жоспарлауды дамыту (бірнеше мектеп топтастырылады). Үшінші
топқа – «Шағын жинақталған мектептер жағдайында
білім берудің жаңа технологияларымен жұмыс жасауды дамыту
(бірнеше мектеп топтасады). Төртінші топқа – « Шағын
жинақталған мектептерде өз бетінше жұмыстар
жүргізуді ұйымдастыруды дамыту (бірнеше мектеп біріктіріледі) сияқты
мәселелер төңірегінде топтастыруға болады. Мұндай
жұмысты ұйымдастырудағы
негізгі мақсат:
Әртүрлі сыныптарда бір мезгілде қатар оқытудың
тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру.
ШЖМ – тәрбие жұмыстары мен
формаларының әдістерін байыту. Сөйтіп, мұның
бәрі шағын жинақталған мектептердің
жұмысына әдістемелік көмек көрсетуде тұтас
парадигманың қалыптасуын көрсетеді.
Ұрпақ тәрбиесі – ел алдындағы маңызы зор міндет.
Еліміздің экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлкен
үлес қосатын, әлемдік цивилизацияға көтерілетін
білімді де мәдениетті, парасатты, денсаулығы мықты азамат
тәрбиелеп шығару – мектептің, ұстаздар
қауымының бүгінгі таңдағы баға жетпес
міндетін шағын жинақталған мектептер де бірге атқаруы
керек. Белгілі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев
ағарту қызметкерлерімен бір кездесуінде жас ұрпақ
тәрбиесі туралы «Қандай шәкіртке, қандай
мұғалімге, қандай мектепке көңіліңіз бітер
еді»деген сауалға: «Өзін-өзі жете
танығысы келген шәкіртке, оған жеткізе жәрдем бере
алатын мұғалімге, сондай шәкіртпен, сондай
мұғалімге жеткілікті жағдай жасай алған мектепке
көңілім бітеді» деп толғаныспен жауап бергенді.
Әдебиет
1.
Егенисова А.Қ Балаларды мектеп оқуына
психологиялық дайындау Оқу-әдістемелік құрал.
-Ақтау :Ш.Есенов атындағы КМТжИУ.2011-700мв
2.
Дүйсенов Ж.Қ Балалар психологиясы: Оқулық/Ж.Қ.
Дүйсенова,Қ.Н.Нығметов.-Алматы: ТОО Полиграфкомбинат,2012.-300б
3.
Мамашбаева Ш. мектеп пихологіне көмекші
құрал. оқу құралы. -Астана:Фолиант,2008,-96бет
4.
Ерментаева А.Р Жоғары мектеп
психологиясы:Оқулық/А.РЕрментаева-Алматы:ЖШС РПБК
Дәуір,2012.-492б.