Ахметова Клара Нұртуғанқызы

Қызылорда  көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжі,Қазақстан

 

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒЫЛЫМ МЕН ИННОВАЦИЯНЫҢ КІРІГУ КӨКЖИЕКТЕРІ

 

Қазақстанда ұлттық инновациялық жүйені ұтымды құрудың жаңа бас бағыты жүзеге асырылуда, оның аясында казақстандық жаңашыл инноваторларға сапалы қолдау көрсетілуде. Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы Қазақстандағы ғылыми-техникалық серпінге қажетті шарттар мен жағдайларды жасап отыр.

Қазақстан индустриясы халық шаруашылығының индустриализация деңгейін, егеменді ел экономикасының нақтылығы мен перспективасын, қазіргі әлемдік шаруашылықтағы орны мен рөлін ақтайтын басты фактор болып табылады.

Индустриалдық дамыған елдерде экономиканың нақтылы секторы кәсіпкерлікті мемлекеттік деңгейде дамыту мақсатымен индустриялық-инновациялық іс-әрекеттерді жандандыру мәселелеріне үлкен көңіл бөлінуде. Инновациялық қызмет әлемде экономиканы модернизациялау-дың ең басты шарты ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, кез-келген елдегі индустриялық-инновациялық белсенділіктің негізгі қозғаушы күші жоғары технологиялармен қаншалықты қамтамасыз етілетіндігімен анықталады. Жаңа өнімдер, қызметтер, технологиялық үдерістерді жасау, ендіру, кеңінен тарату дамудың түйінді факторларына айналды.

Жаңа технологияларды ендіру әлемде түрлі жолдармен жүргізіледі. АҚШ-та федералды ғылыми зерттеулер мен сынама-құрастырылымдық әзірлемелердің көптеген бөлігі мемлекеттік ұйымдармен келісімдер және гранттар арқылы ендіріледі. Германияда АҚШ-тағы инкубаторларды, Ұлыбритания мен Франциядағы ғылыми парктарды дамыту тәжірибелері қолданылды. 80-жылдардың басынан елде, инновациялық қызметтің негізін біртіндеп кіші және орта кәсіпорындарға аудара отырып, аймақтық инновациялық қорлардың желісін құруға басымдық берілді.

Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі инновациялық саясатты жүзеге асыруда да кіші және орта инновациялық кәсіпорындарға басымдық беріледі. Жапонияда олардың саны жалпы кәсіпорындар санының 99 %, ал олардың елдің ЖІӨ үлесі 52 % жеткен, немесе бұл  3 трлн АҚШ долл. құрайды. Шет елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мұнда тек «зерттеу мекемесі – кіші инновациялық кәсіпорын» жұбындағы және ғылымды көп қажет ететін және нарықта сату келешегі бар өнім беретін әзірлемелер ғана қаржыландырылады.

Қазақстанда ғылым мен өндірістің синтезі, бизнес-ортаға ғылыми табыстарды ендіру инновацияларды дамытудың басты бағыты болып отыр. 2010-2014 жылдарға арналған «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасының діттегені - ел экономикасын әртараптандыру, тезірек түрлендіру болып табылады. Бағдарлама үмітті ақтап келеді. Ел экономикасының еңсе тіктегенін мынандай  сан айғақтардан-ақ аңғаруға болады. 2011 жылы жалпы ішкі өнім 27,3 триллион теңгеге жетті, осы жылдың қаңтар-наурыз айларында жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші 5,6 пайызға өсті.

Инновацияға да иек артқан салалардың шоқтығы биік. «Инновациялық грант» бағдарламасы жүзеге асып, өткен жылы 129 инновациялық грант берілді. Инвестиция көлемі де артып келеді. 2012 жылдың өткен бес айында 1 миллиардқа жуық инвестиция тартылған. Ал, елімізді индустрияландыру картасы да кемелденіпті. Ол бүгінде жалпы құны 11 триллион теңге болатын 706 жобаны біріктіріп отыр. Нәтижесінде 218 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

 «Инновациялық Қазақстан: 20 жыл тәуелсіз жолдан кейінгі болашаққа көзқарас» инновациялық  форумының қорытындысы бойынша және ҚР  Президентінің тапсырмасымен Үкімет «Бизнес және ғылым - 2020» жол картасын әзірлеп, бизнес-қауымдастықтардың ғылыми зерттеулерге қатысуы тетіктері анықталды.

Айта кету керек, 2007 жылмен салыстырғанда ғылымның дамуына қаржы бөлу 3 есе артты. 2011 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы осы мақсатқа 8 млрд тг бөлді. 2015 жылға Қазақстанда ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы ЖІӨ 1%-на дейін ұлғайтылады. Бұл Қазақстан тарихындағы ғылыми-техникалық прогреске салынған ең ірі қаржылай салым болып табылады.

Бүгінгі таңда инноваторларды қолдаудың толыққанды жүйесін қалыптастыру аяқталды. Мемлекет басшысы  қол қойған Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңда  бизнеске және сол сияқты инноваторға  жәрдемдесуге есептелген жаңа құралдар көзделген. Олар:

- отандық ҒЗИ тарта отырып өнеркәсіптік зерттеулер жүргізуге гранттар;

- жас жоғары технологиялық компанияларға гранттар;

- шетелде ИТР  біліктілігін арттыруға гранттар және басқалары.

Технологияларды коммерцияландыру жүйесін құру – ғылым мен бизнес арасында көпір пайда болды, өңірлерде коммерцияландыру кеңселерінің саны 15-ке дейін жетті.

Технопарктер  технологиялық бизнес-инкубациялау бағдарламасына толығымен қайта бағдарланатын болады – міндет өңірде  перспективалы жобаларды табу және  оларды  өндіріс кезеңіне дейін жеткізу.

Инновацияларға  қазір инновациялық дамытуға  күш жұмсауға міндетті «Самұрық-Қазына» ОДҚ, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар өте белсенді тартылған. Тікелей іске асыруға барлығы дайын – бізде Заң ғана емес, барлық бюджеттік қаржыландырумен, жұмыстың әдістемесімен байланысты барлық мәселелер шешілген. Бұл ретте барлық құралдар шоғырландырылған. KISTEP корея институтымен бірлесіп айқындалған 63 сындарлы технологиялар экономиканың базалық салаларына – мұнай газ, ТМК, химия және т.б.  нысаналы технологиялық  бағдарламаларды іске асыру негізіне жатады.

 «Қазақстан – 2050» жаңа стратегиясында Елбасы ғылымды дамытуға зор көңіл бөліп отыр. Бұл арада екі басты бағыт көрсетілген. Олар: зерттеулер сапасын халықаралық деңгейге жеткізу және ғылымды экономика мен инновацияға тікелей бағыттау.  Бұл міндеттерді қалай орындайтынымыз «Ғылым туралы» заңды іске асыру сапасына байланысты болмақ. Аталған Заңда Президент ұсынған ғылымды басқару мен қаржыландырудың жаңа моделі қарастырылған.

Біріншіден, осы уақытқа дейін Заңда көзделген барлық институционалды құрылымдар құрылды және толық көлемде жұмыс істеуде. Олар: жаңа өкілеттіктер берілген Жоғары ғылыми-техникалық комиссия, 5 Ұлттық ғылыми кеңес, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың ұлттық орталығы.

Жоғары ғылыми-техникалық комиссия ғылымның 5 басымдығын бекітті. Оның 4-еуі инновацияға тікелей бағытталған (энертегика, шикізат өңдеу, IT-технологиялар, өмір туралы ғылымдар). 5-ші басымдық (елдің интеллектуалдық әлеуеті) іргелі зерттеулер мен гуманитарлық ғылымдарды қамтиды. Жобаларды іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылды. Қазірдің өзінде 3 конкурс өтті. Жобаларды сараптауға алғаш рет әлемнің 60 елінен 600 сарапшы қатысты. Шешімді Ұлттық ғылыми кеңестер қабылдады. Сарапшылар жобалардың 12%-ын жоғары, 76%-ын қанағаттанарлық деп бағалады. Бұл  бір жағынан, біздің зерттеулер деңгейі жаман емес екенін көрсетеді. Екінші жағынан, кем тұстарымыз анықталды. Қай бағытқа көңіл бөлу керек екені белгілі болды. Ел басшылығы қазір қажетті шараларды қабылдап жатыр. Бұл – жұмыстың маңызды бағыты.

Екіншіден, ғылымды дамытудың жаңа формалары енгізілді. Мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары базалық қаржыландыру ала бастады. Ол – ғылыми инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуін және оның мақсатты дамуын қамтамасыз етеді. Ғылыми зерттеулер гранттық және бағдарламалық-нысаналы жүйе бойынша қаржыланады. Жалпы жаңа Заңның ережелерін енгізу оңай емес. Бір жағынан, базалық қаржыландыру, Ұлттық кеңестер, ғылымның жаңа басымдықтары сияқты позициялар бірден жақсы қабылданды. Ал, кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғаудың ескі жүйесін алып тастауға, жаңа талаптар қоюға, шетелдік сараптама жүргізуге қарсы пікірлер айтылды. Сондықтан, қалыптасқан менталитетті өзгерту қажет болды. Бұл мәселелердің бір бөлігі шешілді. Бірақ, қалған мәселелер бойынша жұмыс істеу қажет. Елбасының қолдауымен соңғы 2 жылда ғылымды жалпы қаржыландыру 2,5 есеге артты: 2010 жылы 20 млрд. теңге болса, осы жылы 48 млрд. теңгеге дейін өсті. Мұндай қарқын бұрын-соңды болмаған. Бұл – оң фактор.Үстіміздегі жылы қолданбалы зерттеулерге жұмсалған шығын 21,4 млрд. теңгені құрады немесе гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың жалпы сомасында 83,5 пайыз болды. 5-ші басымдық бойынша іргелі және гуманитарлық зерттеулерге 6,2 млрд. теңге немесе 16,5 %. Өткен жылдармен салыстырғанда, бұл қомақты өзгеріс.  Бұл үшін: Назарбаев Университетінің инновациялық-интеллектуалдық кластері құрылды; 11 инновациялық бағытталған университет таңдап алынды және мақсатты мемлекеттік қолдауға ие болды; зерттеулерді коммерцияландыру жүйесі қалыптаса бастады. Бұл іспен «Парасат» холдингі айналысады. Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында коммерциаландыру кеңселері құрылды. Дүниежүзілік банкпен бірге «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы орындалуда.  Ғалымдарымыз өз жетістіктерін іске асыру  және инновациялық ойлау қабілетін дамыту үшін бұл жұмысты жалғастыру қажет. Сонда ғана, біз іргелі және қолданбалы зерттеулер мен әзірлемелердің қазіргі заманғы ара-қатынасына қол жеткізе аламыз. Екінші мәселе – стратегиялық маңызды міндеттерді бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру. Бұл–зерттеулерге арналған мемлекеттік тапсырыс. Жоғары ғылыми техникалық комиссияда ел үшін қажет бірқатар бағдарламалар бекітілді.  Дегенмен, олар көбінесе ескі тәсілмен қалыптасып жатқанын, формализм, зерттеулер инерциясы жойылмағанын атап өту қажет. Сондықтан бағдарламалар әкімшілерімен бірге, оларды тереңірек пысықтап, қазіргі уақытта «Қазақстан – 2050» стратегиясы міндеттерімен байланыстыру қажет.

Үшінші мәселе – ғылымды қаржыландыруды өсіру қажет. Үлкен өзгеріс жасалды, бірақ 48 млрд. теңге Ішкі жалпы өнімнің тек 0,17 пайызын құрайтынын түсіну қажет. Жақын арада 1%-ға шығып, әрі қарай дамыған елдердің деңгейіне жету керек.  Шығыстар құрылымын да өзгерту қажет. Ең көп қаражатты әзірлемелерге, инфрақұрылымға, зерттеулер сапасына, жабдыққа және тағы басқаларға салу қажет. Жақсы ғылым маңызды шығынды талап етеді – бұл аксиома. Соңғы уақытта біздің еліміз ғылымды кадрлық қамтамасыз ету мәселесінде де алға жылжыды. Бұл ретте «Ғылым туралы» Заң, жас ғалымдарды даярлаудың жаңа жүйесі маңызды рөл атқарды.   Өткен жылы ғылыми кадрлар  мен олардың азаюы байқалды. Қазір үлкен өзгеріс болды – ғылымға жастар бет бұрып,  ғалымдардың саны арта бастады. Бұл бастамасы ғана. Қазіргі уақытта миллион адамға 1 мың зерттеушіден келеді, ал дамыған елдерде – 3-5 мыңнан. Сонымен қатар, ғылыми еңбектің қажеттілігін арттыру, ғылыми бизнесті дамыту және т.б. бойынша шаралар қабылдайтын боламыз. Көптеген жетістіктерге қол жеткізген келесі бір бағыт – бұл қазақстандық ғылымның әлемдік ғылыми кеңістікке  енуі. Зерттеушілерге алғаш рет шетелдік ірі ғылыми-техникалық ақпарат ресурстарына жол ашылды. Жетекші шетелдік профессорларды шақыру, ғалымдардың ғылыми мобильдігі бағдарламалары іске қосылды. Жоғары оқу орындарында ғылымды жеделдетіп дамыту, зерттеу жұмыстарына жастарды тарту жұмысы жүзеге асуда. Ғылыми жобаларды орындауда жоғары оқу орындарының үлесі 2010 жылы 33% болса, 2012 жылы 57% болды. Яғни, университеттеріміз  ғылымды дамытуда басым күшке айналып отыр. Бұл мәселеге «Қазақстан – 2050» стратегиясында ерекше назар аударылған.Шетелдік ғылыми ұйымдармен тікелей байланыс дамуда. Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде   31 елмен 27 жоба іске асуда. Мұндай жұмыстар жалғасатыны сөзсіз. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы арқылы экономикамен ғылымның өзара байланысын күшейту - алға жылжу деген сөз. Мұндай нәтижелердің бірі – жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі Қазақстан көрсеткіштерінің  өсуі. Сондықтан осы кезеңде «Қазақстан-2050» стратегиясынан тікелей туындайтын міндеттер маңызды болмақ. Атап айтқанда: ғылым саласындағы бағдарламалық құжаттарды әзірлеу; ғылымды инновациялық дамумен үйлестіру, ғылыми әзірлемелерге бизнестің қатысуын ынталандыру және  ғылым мен бизнестің толыққанды кооперациясы; ғылымға жастарды тарту; ғылыми инфрақұрылымды технологиялық жаңарту. Нәтижесінде, ғылым саласы өз дамуында барынша алға жылжиды. Қазіргі кезде Қазақстанда ескі және жаңа инновациялық жүйелердің элементтері ұштасқан ауыспалы типтегі ұлттық инновациялық жүйеде (ҰИЖ) венчурлік қорлар қалыптастыру арқылы қызмет атқаруда. Жаңа ҰИЖ-ге индустрия мен қызмет көрсету саласындағы шағын сектордың ғылыми-техникалық ұйымдарын, шағын инновациялық кәсіпорындарды, көптеген мемлекеттік емес, коммерциялық емес, ғылыми, талдау жасаушы, консалтингтік, т.б. орталықтарды жатқызуға болады.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиет:

1. Қазақстан Республикасының Конститутциясы. – Алматы. -1995.

2. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі. – Алматы.- 1995

3. Қазақстан Республикасында үдемелі индстриалдық-инновациялық дамудың 2010-2014 жж арналған мемлекеттік бағдарламасы.-Астана,-2010.

4. Қазақстан Республикасы «Инвестициялар туралы» Заңы–Егемен

Қазақстан, 2003 ж., 28ақпан.

5. «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы, — Егемен Қазақстан, 2011 ж.,18 ақпан.

6.Интернет қорлары:

http://kaztrk.kz/

http://univerlife.kz/ru/news/view/id/386

http://www.kt.kz/rus/president/

http://www.altyn-orda.kz/news