Бокаева Алина Тлеубековна

Санкт-Петербург университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

«Жол жыландай иірілед...»

(М.Жұмабаев өлеңдеріндегі «жол» образы)

Жол – символ. «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңінде жол образы басқа образдармен астасып жатады.

Әлдеқайда бетпақ шөл,

Бетпақ шөлде жалғыз жол

        Сол жолменен жалғыз жан

Түн бойы талмай жүріпті...

Алғаш оқығанда астарлы мағынасы аса білінбейтін, сезілмейтін тармақтарға үңіле түссек, жол образының да осы өлеңдегі айқын ролі бар екені байқалады. Уайымға толы өлеңдегі жол әлдеқайда бетпақ шөлдегі жалғыз жол. Жолаушы түн бойы жүріп, яқтарын тастар тіледі. Түнгі жол, жалғыз жол, тастар – осының бәрі жол образының бойынан адамның өмір жолын көрсететіндей. Бұл ақынның трагедияға толы өмір жолы іспетті. Ақынның жол образы мұнда өмірді білдіреді: жол = өмір. Әйел образына арналған өлеңдердің бірі – «Гүлсімге» атты өлеңдегі жол да өмір жолын білдіретіндей. Бұл тұрмыстың тар, тайғақ жолы. Түрмыста тар, тайғақ жолға/ Түсіп келе жатып зорға. Бұл ақын жолы. Ал шынайы ақын жолы ешқашан да оңай, қарапайым болған емес. Сол жолда кездестірген Гүлсім сұлудың да өмір жолы ақынмен сабақтас келеді. Сабақтас болмаса, олар бір жолда кездесуі мүмкін емес еді.

Өзін желге балаған ақын үшін жолаушылық қалыпты жағдай: Жолаушылық – желге таң ба? Әр адам осы жалғаң дүниеде арнайы жолы бар жолаушы десек, ақын сол өз өмір жолын, жолаушылықты өлеңдерінде көркем бейнелеп берді. Сондай жолдардың бірі – «Адастым» өлеңінде берілген.

Артымда қазақ қалың ел,

Тақтақ жалғыз қара жол,

       Кетіп бара жатыр ем.

Бейнетті, бітпес ұзын жол

Отсыз, сусыз бетпақ шөл,

      Мың мехнатқа батып ем. 

Осы бірінші шумақтың өзі ақынның қиын да азапты жол кешкенін көрсетеді. Идеологиялық арпалысқа толы сол дәуірде адаспау мүмкін емес еді. Сондықтан үнемі ізденісте жүрген Мағжан ақынды да ол кезең өзінше адастырды, түрлі түсінбеушіліктер болды.  Жұбаныш жол біреу-ақ,/ Үмітім – алтын айдан да ақ, – деп ақын үмітсіз қалған емес. Өлеңнен ақынның қатты қиналғаны байқалады: айналасын жындар қаптаған тәрізді. Жындар жалп-жалп секіред.../ Қара жолдан сүрлеу жоқ. Өлең бойы жол образын анық көруге болады. Бұл ақын өмір жолының бір кескіні десек болады. Ақынның жолы әрқашан елімен бірге болғандықтан, дұрыс жолдан адасуын Мағжан елден айырылу деп түсінеді. Халқының мұңын мұңдаған халық ақыны үшін елінен айырылу, адасу үлкен қиналыс туғызады. Ел де болды, арман мен мақсат та болды. Сол замандағы талай адамды шатастырған, басын айналдырған саясат, идеология ақынды өз «түзуінен» тайдырғанда ел де, келе жатқан жолы да жоғалғандай болады.

Артымда елім бар еді,

Алдымда жолым бар еді,

                   Ел де жоқ, қазір, жол да жоқ...

Табылар жолың, тарылма,

Жылама, жынға жалынба,

         Таң атқанша күн де жоқ. 

Дегенмен, ақын жоғарыда атағанымыздай, үмітін үзбейді: жолдың табылатынына сенім білдіреді. Адам қиналған кезде көбіне жынға бой ұсынып кететіні дінде белгілі жағдай. Соған байланысты ақын: Жылама, жынға жалынба – дейді.

Мағыналық және құрылымдық жағынан бір негізді құрайтын «Қысқы жолда» және «Жазғы жолда» диадасы тақырыбы жағынан табиғат лирикасына жатқанымен, табиғат көрінісін суреттегенімен, бұл суреттеулердің астарында басқа мағына, басқа мазмұн, символистік көрініс жатыр. Аталмыш өлеңдерді жеке қарастыру мүмкін емес. Жеке алғанда олардың мәнерлігі, әсерлігі өз күшін жоғалтып, ал бірінен соң бірі келіп, байланыстырыла жүргенде, екі өлең де өзара толықтырылып, және бірін-бірі байытып, табиғаттың тұтас көрінісін береді. Ақынның өлең жинақтарында аталған екі өлеңнің үнемі қатар басылуы да тегін емес шығар. Бұл, бәлкім, Мағжанның көздеген мақсаты болған. «Қысқы жолда» басталып, «Жазғы жолда» жалғасын табатын жол пессимистік ойға толы. Қысқы жол бойындағы – Түн, Дала, Боран салт аттының жолдастары. Жазғы жол да оңай емес: Дала, Ыстық күн. Алғашқы өлең суығымен тоңдырса, екіншісі ыстығымен күйдіреді. Табиғат көрінісі шынайы және бар көркемдігімен бейнеленген екі өлеңнің берер мағынасы әлдеқайда терең. Өлеңдегі жолдар – қайғы мен азапқа, суық пен қорқынышқа, өзге күштермен күреске және жалғыздыққа толы жолдар. Адамды шаршатып, қажытқандай болады. Мағжан ақынның өмірі де осындай кейіпте емес пе? Адамды бірде тоңдырып, бірде күйдіріп, деспотизм борандап тұрған сол бір заманда Мағжан ақын өзін жалғыз жолаушыдай сезінді ғой. Демек, қысқы жол мен жазғы жол – бұл ақынның жолы. Бұл бүкіл адамзаттың жолы. Әр адамның өмірінде жазғы жол да, қысқы жол да болатыны белгілі жағдай. Бұл өмірдің алмасу заңдылығы. Сондай-ақ, осы өлең арқылы ақын өзінің табиғатқа деген қарым-қатынасын, табиғатпен байланысын көрсеткен. Мұнда адам және табиғат, адам және тағдыр антитезасын, олардың символистік көрінісін көруге болады. Боран соғып тұр борап,/ Жолды басқан құр сорап. Немесе: Боранын тәңірім ашпады,/ Жол білінбей бастады, деген тармақтар қысқы боранды жолды бейнелесе, Жол жыландай иірілед,/ Шаң ерініп, үйірілед,  деп өлеңде екі рет қайталанатын тармақтар жазғы шаңды жолды көрсетеді. Сөйтіп, табиғат құбылыстары да жолаушыға қолдау жасамай, өз қаһарын төндірген болады.

Сонымен, жол образы Мағжанның өлеңдерінде ненің символы деген сұраққа жауап беретін болсақ, жауап төмендегідей болады. Жол бұл:

·        өмір;

·        тағдыр;

·        оқиға.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Жумабаев М. Шығармалар. 3-томдық, 1-т. А., Білім, 1995.