Өтебаева Эльмира Әбдіғалиқызы
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Этнолингвистика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері
Адамның ой-санасындағы «адалдық-арамдық»
ұғымының көрінісі
Адам бойындағы кісілік қасиеттер қай заман үшін де
қажет. Заман өзгергенмен адам табиғаты,
қоғамдағы жаманды-жақсылы қасиеттер
қайталанып отырады. Қазақ мақал-мәтелдерінде Адам
болмысындағы кездесетін түрлі қасиеттермен, мысалы, адалдық, арамдық, бірлік,
алауыздық туралы айтылған мақал-мәтелдер қазақ
халқының ой-тұжырымдарымен сабақтасып отырады.
Адам
бойындағы тамаша қасиеттердің бірі – адалдық.
Академик
Ә.Қайдар «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты
этнолингвистикалық сөздіктің «Адам» деп аталатын 1-томында
адамның зиялы қасиеттерін сипаттағанда адалдық сөзін былайша түсіндіреді:
Қазақ дәстүрінде «адал
адам» деп қандай жағдайда болмасын өзінің
өмірлік мұрат-мүддесіне, атқаруға тиісті
адамгершілік міндетіне, өзіне ғана, жақын-туыстарына
ғана (сүйген жарына, тәрбиелеп өсірген балаларына т.б.)
емес, сонымен қатар дос-жаран, замандас, кәсіптес, қызметтес
т.б. адамдарға да, берген уәде мен сертке де (сөзіне, антына,
біреудің аманатына т.б.) адал, берік, бір сөзді, жаны таза, тек
әділеттілікті, шындықты ғана қалайтын әділ
адамдарды ғана есептейді. Бұл абзал қасиетті халық хан
мен билерден де, қарапайым жұрттан да бірдей талап етеді,
әркім-ақ өзінше адал болуға тырысады.
Ескерте кету керек:
«адал» cөзі қазақ
тіліне араб тілінен енген һалал
(«арамның» қарама-қарсы мағынасындағы) деген
сөзбен салыстырғанда тұлға жағынан ғана
емес (һалал > алал >
адал >), сонымен қатар мағынасы да өзгеріп
(«мұсылмандардың пайдалануына болатын, діннің
рұқсат еткен» мағынасындағы алал мен адал
тұлғаларында) кеткен сөз.
«Қазақ
әдеби тілінің сөздігінде» адалдық сөзінің 3 топ мағынасы келтірілген.
1. Ізгілік, тазалық, имандылық қасиет; 2. Бір-бірімен
серттескен, сүйген адамдардың өзара шынайы берілгендігі; 3.
Астың ішіп-жеуге жарамдылығы, тазалығы [ҚӘТС, 1
т., 82 б.]. Ал арамдық
сөзі - қараниеттілік,
залымдық деген мағынада түсіндіріледі. Қасқырдың ойлағаны – арамдық,
қойлардың ойлағаны – амандық [ҚӘТС, 1
т., 587 б.].
Абай
шығармаларының тілінде адал
сөзінің бір-ақ мағынасы – «арамдығы жоқ,
таза» – келтіріліпті. Мысалдар: Адал бол
– бай бол, Адам бол – мал тап; Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан
қол өнерлі – қазақтың әулиесі сол; Адалдық 1. Арамдығы
жоқтық, таза ниеттілік; 2. Әділдік, турашылдық [АТС,
19-20 б.].
Өмір-тіршілікте
болатын сан қилы, әртүрлі жағдайлар адамдардың
бәрі бірдей өз бойында адалдық
қасиетті түгел сақтап қалуына мүмкіндік бере
бермейді. Анадан періштедей пәк болып дүниеге келген адам
өмірінің ақыр-аяғына дейін сол пәк қалпында
қала алмауы да, «адалдық, әділеттілік» деген қасиетті
ұғымның «белінен басып кетуі» де мүмкін. Міне,
сондықтан да, жалпы адам баласы үшін, соның ішінде
қазақтар үшін де, «адал», «адалдық» деген
ұғымдар әрқашанда өзінің қымбат
бағасын, игі мәнін жоғалтпай келеді. Бүгінгі
қауымда «демократия», «плюрализм», «ашық пікір» т.б. осы
сияқты жаңа дәуір үрдісіне сәйкес пайда
болған ұғымдар да, сайып келгенде, сол адамдардың
адалдығы мен әділдігіне, турашылдығына байланысты.
Адалдық – адам мінезіндегі бағалы қасиетhttp://kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D0%B0%D1%81%D0%B8%D0%B5%D1%82; жеке тұлғаның сана-сезіміне, ар-ұжданына қайшы келмейтін, халықтың мақсат-мүддесін көздейтін, тарихи шындықпен, прогреспен ұштасып жататын іс-әрекеттер. Қарапайым халық әрқашан да адалдық қасиеттерін кіршіксіз таза
ұстауға ұмтылады. Адалдық адамның жеке басы мен
моральдық тұлғасын сипаттайды. Ол туа пайда болмайды.
Қоғамның дамуына сәйкес әрбір адамның
өнегелі тәрбиесіне, оқып білім алуы
мен адал еңбектену процесінде қалыптасады. Адалдық жеке
тұлғалар мен адамдардың абырой-атағын арттыратын ізгі қасиет. Адамгершілік ұжымдық
ортада бойына сіңірген тәрбиесіне, біліміне, адал еңбектенуге
байланысты қалыптасып, адамның жеке басы мен моральдық
тұлғасын сипаттайды. Шәкәрім
қажы адалдық турасында: Мақтан
үшін мал жима, жан үшін жи, Ғибадат пен адалдық ар үшін жи, -
деп, бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта
келіп, адалдықтың ар біліміне қатысына да ерекше
көңіл бөледі. Адалдық қорғау
қажеттігін, ол үшін адам бойындағы асыл
қасиеттердің бірлікте болуын ашып көрсетеді.
Қазақ пайымында адам бойында адалдық пәктік,
ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді қасиеттердің
қалыптасқан нормаға сай болуы тән. Көшпелі
қазақтардың адамгершілік, адалдық қасиеттері
тұрғысынан кіршіксіз таза, мәрт болатындығы туралы
кейбір тарихи қолжазбаларда көп айтылады.
Арамдық – моральдық қасиеттің адалдыққа
қарама-қарсы кесапатты түрі. Оған алдау-арбау,
суайттық, жымысқылық, ұрлық, опасыздық,
екіжүзділік сияқты жаман қылықтар жатады. Халық
арамдық бар жерде – сатқындық; әділетсіздік бар жерде -
жәбір; жалғандық бар жерде – қиянат болатынын өмір тәжірибесінен
анықтаған. Мұсылман халықтарында «адал, арам»
ұғымдарына өте зор мән беріледі. Адамдар саналы
түрде бірге өмір сүргенде, өздері орындайтын, басшылықка
алатын талаптар жасап, оларды әрі қарай да жетілдіріп,
толықтырып отырды. Соның нәтижесінде адамдар
өздерінің іс-қимылына, жеп-ішулеріне,
әдет-қылықтарына қатысты қойылатын талаптарды,
олардың шекарасын анықтаған. Сондықтан олар жеке
басының қалауымен өмір сүріп, ойына келгенін істей
алмаған. Өздері мойындаған, өмірде сынақтан
өткізіп, пысықтаған, қоғамға
сыйымдылығын қамтамасыз ететін шарттар аумағында әрекет
жасаған.
Қазақ
түсінігінде адал/адалдық //
арам/арамдық дегендер – қатар жүретін
ұғымдар. Алдыңғысы (адал) – жақсы адам дегенді,
соңғысы (арам) – «жаман адам» дегенді білдіреді. Адал адам ешкімнің ақысын
жемейді, біреудің ала жібін аттамайды. Таза еңбегімен күн
көреді. Ғайбат сөйлемейді, кісіге қиянат жасамайды. Ал арам адам дүние-мүлікті
еңбексіз, ұрлық-қарлықпен,
қулық-сұмдықпен, алдау-арбаумен табады. Ол – обал-сауап дегенді білмейтін,
жымысқы, екі жүзді адам. Ең дұрысы: не тапсаң да
адал еңбегіңмен табу; кісінің, жетім-жесірдің
ақысын жемеу. Адалдық пен арамдық - адамгершілік құлық
талаптары тұрғысынан бір-біріне қарама-қарсы
моральдық ұғымдар. Осыған байланысты «адалдық-арамдыққа»
қатысты қатар келетін мақал-мәтелдерді көптеп
келтіруге болады: «Адалдық
ойласаң, бал жұтасың, Арамдық ойласаң, қан
жұтасың», «Адалдықтың адымы алты құлаш,
Арамдықтың адымы жарты құлаш», «Адалдың
арқаны үзілмейді, Қара су сүзілмейді», «Адал
еңбек аздырмас, Арамдық бойды жаздырмас», «Адал келін
ұлға серік, Арам келін сұмға серік», «Адал
болсаң, арада боласың, Арам болсаң, далада
қаласың». «Адалдан тапқаның өміріңе жетеді,
Алдап тапқаның селге кетеді»т.б. мақал-мәтелдер белгілі бір ұғымды
ғана көрсетпейтіні айқындалып тұр. Мазмұны
жағынан бұл мақал-мәтелдер игі қасиеттерге үндеу,
уағыз-өсиет сипатында болатыны мәлім. Адалдықпен
қатар арам ой әрқашан бірге жүреді және
бұлар қарама-қайшы келеді.
Жалпы
мақал-мәтелдер өмірде кездесетін жайттардың бір
көрінісі екені даусыз. Сондақтан мақал-мәтелдерде
болған жайды бір ауыз сөзге сыйғызып, дөп басып айту
нақышы бар. Жоғарыда көрсетілген
мақал-мәтелдерге
үлгі-өнеге айту, кеңес беру мақсаты тән.
Мақал-мәтелдер қазақ халқының ауыз
әдебиетінен жинақталған даналық ой-тұжырымдарды
салыстыра отырып, олардың рухани-мәдени ақыл-ой
дәрежесінің қаншалықты биік деңгейде
болғанын көрсетеді. Мақал-мәтелдер қазақ
этносы мәдениетінің ең биік шыңы, рухани айбарын
асырған, құндылықтары ұшан-теңіз асыл
қазыналарымыздың бірі екенінің дәлелі.