К.ф.н. Солтанбекова А.А.

Институт Языкознания имени А.Байтурсынова, г. Алматы

Қазақ дүниетанымындағы уақыт өлшемі

Тіл білімінде грамматикалық және лексикалық тілдік бірліктер антропоөзектілік парадигма тұрғысынын зерттеліп келе жатыр. Тілдің танымдық, коммуникативтік қызметі адамның білімдер жүйесі арқылы танылады. Дүниенің тілдік бейнесі тілдегі тілдік бірліктер арқылы жасалады. Оны жасаушы – адам. Адам айналасын, қоршаған ортасын зерттей отырып, танымдық тұрғыдан ойын тіл арқылы сыртқа шығарады. Міне осы тұста тілде көрініс тапқан семантикалық ұғымдар когнитивті лингвистика тұрғысынан қарастырылады. Адамның санасында сондай концептілірдің бірі – уақыт пен кеңістік.

Этимологиялық сөздікте қазақ  тіліндегі «уақыт» ұғымы араб тілінен делінген. Түрік лексемасындағы «ogur» «береке» мағынасын береді. Ал оғыз тілінен аударғанда «оң» деген мағынаны білдіреді: «Jol ogur bolsın» яғни  «жол оң болсын». Қазақ тілінде уақыт ұғымы мезгілдің жекелеген бөліктерін білдіретін лексемалардан тұрады. Философиялық уақыт пен кеңістік ұғымы «кезең-сәт» мағынасын білдіреді.  «Сәт» – арабша саъәm яғни [сағат]. 1. Бір сәт, уақыт; «дәурен» - арабша [дәуір+ (-ан) көптік жалғауы]. 1. Кезең (мезгіл), уақыт; 2. Бақытты кезең, жастық шақ.

Қазақ халқында уақыт ұғымы туралы екі түсінік бар. Біреуі бір сызықтық бойындағы уақыт, екіншісі шеңбер тәріздес айналма уақыт. Артқа қарайламай тура қалпында бір сызық бойымен өтіп жатқан кезеңді білдіреді, екіншісі яғни шеңбер тәріздес уақыт, қайтымы бар артқа кері қайтатын мезгілді білдіреді, мысалы заман – дәурен және одан да қысқа кезеңдерді қарастыруға болады. Шеңбер тәріздес деп отырғаны жылда қайталанылып келетін жыл мезгілдері, күн мен түннің алмасып орын алуы. Бұл ұғым сонау ерте кездегі тәңіршілдікте қолданған. «Таң» сөзінің түп тамыры «күннің шығысы» дегенді білдіреді. Барлық түркі халқына ортақ ұғым яғни түркілердің дүниетанымына жат емес екендігін аңғарамыз.

Тәңірінің өзі дарытқан, қасиетті күн сәулесін жанымызға медеу қылған ұғым барлық халыққа ортақ, сонымен қоса европа халқына да жат ұғым емес. Күннің батуы  небір қара күштердің пайда болатын уақыты деп қараған екен, «бейуақыт» деген ұғым осыдан қалса керек. Қазақ халқы  беймезгіл уақытқа немқұрайлы қарамаған. «Бей» – сөздің алдына қосылып, кері мағына тудыратын жұрнақ, күрделі атаулар құрамындағы «қатыссыз, жоқ, жайылған» деген сияқты болымсыз мағынаны білдіретін қосымша [1]. Арам пиғылдағы қара күштер ниеті жаман аруақтардың ойран салатын мезгілі деп қараған. Күннің батуына ерекше көңіл бөлген. «Ақ пен қызыл арасы», «кешқұрым», «малдың табыннан қайтқан уақыты» деген тіркестер беймезгіл уақытты білдіреді. «Беймезгіл уақытта ұйықтама» деген сөз бар, яғни сол сәтте жүретін қара күштердің шырмауында қаласың деп жатады.

Қазақ халқында «уақыт» тездіктің, жылдамдықтың, ағымның сипатын білдіреді, мысалы: «уақыт зымырап өтіп жатыр» - деген сөз бар. Келешек алдағы уақытты білдіреді, болашақтағы оқиғаларды танып білуге адамның күш-қуаты жетпейді. Тек бойында көріпкел қасиеті бар адамдардың қолынан келеді деп жатады. Біздің танымымызға жат, алдағы уақытты болжап білу мүмкін емес, ол тек бір алланың ісі. Дегенмен келешегі жарқын боп көрінетін уақытқа оң көзбен қарау, үлкен сеніммен қарау керек, алдыға мақсат қойып соған жету жолында үлкен еңбек ету керектігін естен шығармаған жөн. Ал өткен уақытқа ренжімей, ертеңгі күнге үмітпен қарасақ. Уақытты жүріп келе жатқан шек қиыры жоқ ұзақ жолға теңеген. Біраз жол жүріп артта қалып отырған бірнеше шаршы жолдарды өткен шақпен салыстыруға болады. Яғни бүгін болып жатқан оқиға ертеңгі тарих болып қалады. Қазақ халқы өтіп жатқан  уақытты, даланы  тіршілікке апаратын «мәңгілік жолға» теңеген. Өткеннен құтылу, болашаққа ұмтылыс, дүниенің қазіргі болмысына ие болу – деген мағына береді. Яғни жолды адам өмірімен, тағдырымен тығыз байланыстыру.

Қазақ дүниетанымында «заман» ұғымының алатын орны ерекше, дүние концептісімен қатар қолданылады. Шортанбайлар зарлап, жырлап өткен «зар заман» деген сөз тіркесін жиі кездестіреміз.  М. Әуезов Зар заман ақындары  деген терминді қазақ әдебиеттану ғылымына алғаш рет енгізді. Отарлық езгіге түскен қазақ халқының тағдыры мұң-зармен өткен аумалы-төкпелі заманды жырлаған. Зар заман ақындары шоғырының белгілі өкілдері: Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан т.б. Қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алып, ұрпағын аздырып, дінінен бездірген отаршылдық саясатқа қарсы тұрып, өлең-жырларын арнаған. Шортанбайдың «Зар заман» атты шығармасынан үзінді келтіре кетейік:

 

Мына заман қай заман?
Азулыға бар заман,
Азусыз тар заман.
Тарлығының белгісі:
Жақсы
жаннан түңілген,
Жаман
малдан түңілген,
Мұның өзі
зар заман.
Зарлығының белгісі:
Бір - бірлерін күндеген,
Жай-жайына жүрмеген,
Мұның өзі
тар заман.
Тарлығының белгісі:
Мұсылманнан хал кетті,

Тәңірім болғай деместен.

Зар заманның аяғы -
Заманың кетті баяғы,
Ықылас-ниет қалмады,
Үлкенге билік салмады,
Жарлының жалғыз сүйеніш
Мал болыпты таяғы.
Айрылмай дерт болды
Кедейге қылған қорлығың.
Кәріңді көрдің піріңдей,
Тілмашты көрдің жеңгеңдей,
Дуанды көрдің үйіңдей,
Абақты тұр қасыңда
Қазылған қара көріңдей!..
 

Халықты қан қақсатқан зобалаңның себебін Зар заман ақындарының бірі адам қолымен жасалған зұлымдықтан, екіншілері діннің бұзылғандығынан деп топшылайды. Әсіресе, Шортанбай ақын шарасыздықтан дінді таяныш қылады.

Қазақ халқының көшпенді өмір салты кеңістіктен өз малына қолайлы жайылымдық жерлер іздеумен байланысты. Сондықтан көшпенділер үшін кеңістік ерекше сипатқа ие. Дәстүрлі дүниетанымыздың негізгі әмбебаптары – кеңістік пен уақыт сакральді орталық ұғымдар.

Көшпеділердің оның ішінде қазақтың ұлттық дүниетынымында уақыт пен кеңістік бір-бірінен ажыратылмайтын тұтастықта қарастырылды. Көшпенді үшін кеңістік көз мөлшерімен өлшенбейді. Яғни көшпенділер кеңістікті бөлмей, керісінше кеңістікке бөлінеді. Осы кеңістік пен уақыттың бірлігі мен тұтастығы заман ұғымына келіп саяды. 

Пайдаланған әдебиет:

 

1              Қазақ әдеби тілінің сөздігі. – Алматы,  15 томдық. 7-том, 2011.

2              Уикипедия – ашық энциклопедиялық сөздік. 20-21 сәуір 2012. – Aлматы .