Көптілділік - әлемтану көпірі
Сраилова Г.М.
Абай атындағы
ҚазҰПУ-дың аға
оқытушысы,Алматы,Қазақстан
Тірек сөздер:
көптілділік, когнитивтік лингвистика, әлеуметтік лингвистика,
толераннтық орта, қостілділік.
Тіл қай
ұлтта, қай елде болмасын қастерлі де құдіретті.
Ол әрбір адамға ана сүтімен дарып
қалыптасқандықтан, «ана» деген ардақты атпен «ана тілі»
деп атаймыз. Біздің ана тіліміз - қазақ тілі.
Қазақ тілі - ғажап тіл, сан ғасырлық тарихы бар
тіл. Ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл
мұра. Егемендігіміздің арқасында еңсесі тіктеп,
күретамырын тереңнен бойлаған төл тіл. Мемлекеттік
тілді білу - парыз, өзге тілдерді үйрену -
құқық. Тіл – кез-келген қоғамды
біріктіретін негізгі күш. Мемлекеттің саясаты, идеологиясы,
болашағы тілге немесе тілдерге құқықтық мәнімен
де өлшенеді. Сондықтан да қазіргі таңда
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл толеранттық ортаны
қалыптастыратын тіл ретінде қолданыста болуы заң
жүзінде айқындалған. Бүгінгі білім берудегі
қоғам қойып отырған талаптарының
бастыларының бірі – көптілділік. Көптілділік - кез келген
қоғам үшін, кез келген формация үшін
тұйықтықтан шығудың, интеграцияны негізгі
ұстаным етіп алған бағытты айқындайтын жол деп
танылған.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арналған
өткен жылғы Жолдауында: «Қазақстан бүкіл
әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғарғы
білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі -
мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі
және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға
ойдағыдай кірігу тілі» деді. Бұл, шынында да, қарқынды
дамып келе жатқан ел үшін өзекті мәселе. Жолдауда
әр тілдің ел өміріндегі орны мен мәртебесі айқын
көрсетіліп тұр: олар тең емес. Конституцияда
жазылғандай, маңыздылығы жағынан бірінші
тұрған - қазақ тілі. Орыс тілінің мәртебесі
дәл конституцияда жазылғандай көрсетілмесе де, оның
мемлекет өміріндегі орны, ТМД-да, халықаралық
қатынаста, БҰҰ-да қолданылатын
қарым-қатынас тілі екендігі айтылады. Ағылшын тілі -
әлемдік экономика тілі ретінде көрсетіледі, яғни
мәртебесі жағынан қазақ тілінен де мүлде
бөлек, әлеуметтік лингвистика тұрғысынан
анықтағанда «білім беру» деген ұғым береді.
Тереңдетіліп оқытылса экономикамен, ғылыми технологиямен
шектес салаларда мамандарға қажеттілігіне қарай
оқытылады.
Қазіргі әлем -
жаңалықтар мен өзгеше технологиялар, өзгерістер заманы.
Заманның ендігі тетігі бүгінгі
күнмен тірлік ететін адамды емес, болашақты кеңінен ой
елегінен өткізетін тұлғаны, келешекті кемел ойлай білетін,
дүние өзгерістерінің себеп-салдарын жекелік талғаммен
емес, жалпы адамзаттық өлшеммен қабылдайтын жандарды
қажет етеді.
Қоғамның
көптілді мұғалім-маманды қажет етуінің себептерін
бірнеше аспектіде белгілеген жөн. Оның бірі - бүгінгі
жаһандық өзгерістерге бейім, сол өзгерістер мен
жаңалықтарды ел мүддесіне ыңғайлай пайдаланатын
ұрпақ тәрбиелеу міндетінен туындаса, екіншісі әлемдік
ғылымның мүмкіндіктері ғаламдық мәнімен өлшенетін
кезең екенін ескеруден келіп шығуы шарт. Қазақстан
кейінгі 20 жылда оқу-білім саласында көптеген реформаларды
таразылап, оларды ел болашағына қатысты маңызына қарай
салмақтап, саралай түскені
мәлім.
Көптілділік біздің
қоғам үшін Елбасының «үш тұғырлы тіл»
тұжырымдамасынан бастау алғаны мәлім.
Бұғанға дейін тілдерді қатар дамытуда
Қазақстан тәжрібиесінің аз екендігі де ескерілген болуы
керек, аталған бағытта нақты іс-шаралар қоғамда
өз нәтижесін берерліктей жүзеге асырыла қоймады.
Кеңестік кезеңге дейінгі бай дәстүрі, мол
лексикалық қоры бар қазақ тілінің кейінгі
кезеңдерде әдебиет тілі ғана болып, ғылым мен экономика
тіліне айнала алмауы да, қостілділікте (билингвизмде) орыс тілінің
басымдылығы ғана емес, үстемдігіне әкелді.
Қоғамдық саяси
жағдай, ішкі, сыртқы экономикалық қалып пен қатар
тілдердің теңдік дәрежесінің басты шарты - сол тілде
сөйлеушілердің әлеуметтік белсенділігін көтеру
мәселесі. Қазақ тілінің ғылым мен экономика
тіліне айнала алмауының ең негізгі себебі - қазақ тілді
ортаның белсенді әрекетінің төмендігінен де
болғаны сөзсіз. Ендігі міндет көптілділік мәселесінде
өткенді екшеп, тілдердің теңдік мәселесін
анықтаудың маңызы зор. Бұған дейінгілерден
төмендегідей ескерер тұстарды бөлектеп алу қажет.
Тілдерді дамытудың 2011 – 2020 ж.ж. арналған бағдарламасы
аудармаға көп мән берді. Аталған іс-шаралар мемлекеттік
тілдің мәртебесін көтеру үшін жасалғанымен,
беделін де түсіргенін атап өткен жөн. Аударманың
жүйесіздігі, терминдердің мағына берудегі мәнінің
солғындығы - қазақ тілінің негізгі қалпын,
көркем әдеби қалпын бұзды. Тілдің
қоғамның өзгерістеріне қарай өзгеріп,
жаңарып отыратыны да белгілі. Бірақ тілдің ата-тектік
қалпынан ажырауы тілдік қатынас ортасының шегін де
азайтатынын көрсетті. Бұл тұрғыда аударма
көптілділікте басымдықты сөйлеушісі көп ортаға
бейімдейтінін де ескеру қажет. Қазақ тілінің
мемлекеттік тіл мәртебесін алған жылдардан бергі
қоғамда өз ұстанымын төмендетуі де аудармамен
тығыз байланысты. Жолма-жол аударма, мағыналық аударма,
түпнұсқалық аударма, т.б. аударманың кез келген
түрі бірінші тілді көтеріп, екінші аудырылып отырған
тілдің беделін ғана
түсіріп қоймайды, лексика-грамматикалық сипатын,
стилистикалық қалпын, танымдық жүйесін бұзады,
бұзды да.
Көп тілді меңгеру - бұл
өте күрделі психологиялық үрдіс. Бүгінгі
таңда бізге ана тілінің уызына қаныққан,
ұлттық мұраны құрметтейтін, іскер,
шығармашыл, дүниетанымы мол, зиялы да шабытты
тұлғаның қажет екені белгілі. Әл-Фараби
бабамыздың 76 тіл білгені біз үшін мақтаныш. Елбасы
Н.Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан
халқы Ассамблеясының ХҮІІ сессиясында: «Елдің
түрлі өңірлерінде қазақ, орыс және
ағылшын тілдерін оқыта отырып, үш тұғырлы тіл
қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс» - делінген болатын.
Лингвистика ғылымы соңғы жылдары көптеген жаңа
бағыттарды қамтып, ғылыми-теориялық және
практикалық жағынан кең өріс алып, дамып келеді.
Мұндай бағыттар қазіргі өмір талабы мен уақыт
сұранысына сәйкес пайда болып отырғаны белгілі.
Бұған дейін біз бір тілге көңіл аударып келсек,
қазір заман талабына сай жаңа салаға, жаңа
бағытқа - когнитивтік лингвистикаға айрықша
көңіл аударып келеміз. Бұл сала қазақ, орыс,
ағылшын тілдерін жарыстыра отырып, бір-бірімен салыстыра,
жалғастыра отырып үйрету принципіне негізделген.
Қазіргі инновациялық процес
ғылым салаларының тоғысуы мен бірігуіне ғана емес,
сонымен қатар тың ғылыми салалардың қалыптасуы
мен дамуына да әсер етті. Когнитивтік лингвистика - тіл білімінің
қоғамдық-әлеуметтік орны мен рөлінің
күшеюіне орай, адамзаттың ой мен тіл, сана мен ойлау, таным мен
тілдік қарым-қатынас процестерінің бірлескен әрекеті
нәтижесінде тілші-ғалымдар алдында жаңа идея, тың
ізденісті қажет ететін сала. Бұл - жалпы тіл білімі
мәселерімен де, сондай-ақ жеке тіл білімі мәселелерімен де
тығыз байланысты сала. Когнитивтік лингвистика - көптілділікті
қарастыратын тіл ғылымының бір саласы. Көптілділік -
ұзақ жылдардың жемісі, қазіргі заманға сай
адамдар бір тілмен ғана шектелмей, бүгінгі күндегі
өзекті мәселелердің бірі - бірнеше тілді ұғып,
үйренуде. Біреуге бөтен тіл үйреткіміз келсе, алдымен
оған тілдік үлгілер мен тілдік орамдардың көмегімен
әлгі тілді сөйлеуді үйретіп алуымыз керек.
Қиындықтан қорықпаған қамалды алады
демекші, жаңа ұрпақты жасампаз жылдармен келген жаңа
заман талабына сай оқу құралдарымен қамтамасыз ету -
қашан да ұстаздар қауымының басты міндеті болып
қала бермек.
Көптілділік адамдардарың
өзара түсінісуіне жол ашады. Ұғынысу тікелей жолмен
емес, сырттай болуы да мүмкін, бәрібір адамның белгілі бір
хабарды ұғып, соған қатысты іс-әрекет жасауына
мүмкіндік туады. Алайда, көптілділік адамдардың бір-бірімен
ұғынысуында, ойын еркін, толық жеткізуінде ерекше
қызмет атқарады. Көптілділік қоғамда да,
өмірде де өзіндік орын алады. Көптілділік - тек адамзатқа
ғана тән әрекет; тек адамдар ғана тіл арқылы
сөйлей алады, ұғыныса алады. Көптілділік
адамзаттың ойлау, пайымдау процесімен бірге жүзеге аса отырып,
тілдік қатынастың негізі, басты құралы болып табылады.
Осы қарым-қатынас құралы болып табылатын
көптілділікті ғалымдар әрқилы ерекшеліктеріне
қарай жан-жақты зерттеп келеді. Көптілділік әлемдегі
өркениет пен білім жүйесіне сәйкес тыңдаушылардың
сөйлеу мәдениетін қалыптастыратын, ой-пікірін дұрыс,
сауатты жеткізуге ықпал ететін, адам мен адамның қай тілде
болса да түсінісуіне мүмкіндік беретін сала ретінде оқу
жүйесіне енгізілді. Бұл сала қоғамдық
әлеуметтік өмірді және ғылым мен білімді
ұштастыра келіп, болашақ маманның дүниетанымын
жетілдіріп, өзінше ой пікір түйіндеуге үйретеді.
Әдебиеттер
1.Полиязычное
образование в Республике Казахстан: стратегия и развитие.
2.ҚР-
нің президенті Н.Ә.Назарбаевтің Қазақстан
халқына жолдауы, 2012ж.
Резюме
В данной статье
рассматриваются проблема полиязычия и освещаются их социальные и когнитивные стороны.
Summary
This article deals with the problems of poliylanguages and highlights their social and
cognitive sides.