Мажитаева Шара, Есембаева Алуа
Е.А.Бөкетов
атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қарағанды
ТҮР-ТҮС АТАУЛАРЫНЫН ЗЕРТТЕЛУI ХАҚЫНДА
Әрбір
тілдегі түр-түс атаулары – белгілі бір заттың сапалық сынын ғана білдіріп
қоймайды, сондай-ақ белгілі бір халықтың мәдени
өмірі мен тарихынан, салт-дәстүрі мен
әдет-ғұрпынан мол
мәлімет беретін күрделі категория. Сондықтан да
түр-түс атаулары әр халықтың дүниетанымында
өзіндік орын алады, олардың жасалу жолдары мен тілде
қалыптасуы да әртүрлі.
Түс
концептісін табиғат концептісімен байланыста қараудың
қажеттігін А.Вежбицкая былай түсіндіреді: «В данной работе я
предположила, что универсальные тенденции в нашем понимании цветовых
категорий могут быть связаны
универсалиями человеческого опыта вообще и в особенности – с универсальными чертами жизни человека на
земле. И я истолковала цветовые концепты через понятия окружающей среды, такие
которые заключены в английских словах fire
‘огонь’ , sun ‘солнце’, sky
‘небо’, grass ‘трава’, sea
‘море’, ground
‘земля’. ... они тоже рассматриваются как
конструкты, построенные людьми на базе их жизненного опыта, полученного на
земле» [1, 7].
Қазақ
тілінде жалпы түр-түс ұғымына қатысты
атаулардың саны мыңнан асқанымен олардың тек он
бірі негізгі түр-түстерге
жатады деп есептейді
Ә.Қайдаров, олар: ақ,
қара, қызыл, жасыл, сары,
көк, көгілдір, күлгін, қоңыр, боз, сұр. Ғалым
тілімізде қырыққа жуық
әртүрлі сөз тұлғасы (түбір, туынды
түбір, біріккен сөз) арқылы жасалған
түр-түс атаулары бар деп санамалап көрсетеді: ақ,
боз, сұр, қара, ала, ал қызыл, сары, көк, жасыл,
қоңыр, кер, құба, құла, торы,
күрең, жирен, күлгін, шабдар, барқын, баран,
қызғылт, көгілдір, көкше, сарғылт, сарғыш,
ақша, ақшыл, зеңгір, бурыл, сұрғылт,
көкшіл, сұрқай, қоңырқай, т.б.
Бұларға қосымша түр-түстік мағына
білдіретін сөздер мен сөз тіркесі ретінде шымқай, қырмызы, шұбар, қожалақ,
шаңқан, тұм, шикіл, қошқыл, секпіл, тарғыл,
қылаң, жолақ, сағал, таңдақ, далаптай,
анардай, аршыған жұмыртқадай т.б. [2, 35].
Ә.Ақкөзов: «Қазақ тілінде
түр-түс атауларының жалпы саны 70-тен асып жығылады. Олардың 30-ы негізгілері де,
40-тан астамы туынды түрлеріне жатқызылады», -деп көрсеткен [3, 112]. М.Б.
Шойманованың анықтауынша, осы 70 түр-түс атауының
20-ға жуығы сиыр малына қатысты қолданылады [4,
13]. Олар: ақ, қара,
қызыл, сары, көк, қоңыр, тарғыл, ала, т.б.
Сиыр малына қатысты туынды түс атауларына зерттеуші ақшыл, сарғыш, көкшіл,
көгілжім, қоңырқай, сұрғылт,
сұрқай, т.б. жатқызады.
Ағылшын
тілінде де екі түбірдің тіркесуі арқылы жасалған
түр-түс атаулары жиі кездеседі: reddish-orange
– красно-оранжевый
(қызғылт-қызыл), yellow-orange – желто-оранжевый (қызғылт сары), reddish-brown –
красновато-коричневый
(қызғылт қоңыр), light yellowish-brown – яркий
желтовато-коричневый (ашық сарғыш қоңыр), black-and-white - черно-белый (қара ала), brownish gray – коричневато-серый (қоңырқай сұр)
т.б.
Қазақ
тіліндегі қызыл сиыр дегенді
орыс тілінде красный, алый, пурпурный,
малиновый, багровый, ал
ағылшын тілінде red, scarlet, purple, crimson, mulberry деген түс атаулары арқылы беріледі.
Көгілдір түс орыс тілінде голубой, лазурный, ағылшын тілінде blue,
light-blue, lazure, қоңыр түс атауы коричневый, бурый, бордовый, ағылшын тілінде brown, fulvous, vinous түс
атаулары арқылы, тарғыл түс атауы орыс тілінде пестрый,
рябой, полосатый, ағылшын тілінде dappled,
spotted, striped түс атаулары арқылы, ала түс орыс
тілінде пегий, пестрый түс атаулары, ағылшын
тілінде skewbald, dappled, spotted түс атаулары арқылы беріледі.
Сонымен
түр-түстік
ұғымды білдіретін
атаулар басқа күрделі атаулар сияқты біртұтас
лексика-грамматикалық бірлік деп танылатын сыңарлары кем дегенде
екі мағыналы лексемалардан тұратын аталым болып табылады. Бұл
атаулар номинациялық қызметпен қоса, танымдық
қызмет те атқарады.
Түр-түс
атаулары түркі тілдерінде тіл білімінің морфология саласында
қаралып, лексика-грамматикалық тұлғалары
анықталды. Түске қатысты күрделі аталымдар А.Байтұрсынұлы
еңбектерінен бастау алып, 1930 жылдары Қ.Жұбанов,
Н.Т.Сауранбаев, Қ.Аханов, А.Ысқақов, Ә.Қайдаров, Ж.Шәкенов т.б. ғалымдардың
еңбектерінде қарастырылады.
Түс атаулары тілімізде бейнелеу
тәсілдерімен, троптарымен, стильдік фигуралармен тығыз
қарым-қатынаста өмір сүреді. Әсіресе
олардың теңеулермен қатысы ерекше болады. Түс атаулары
көп жағдайда теңеудің құрылымдық
элементтерінің бірі ретінде қызмет атқарады. Мысалы: нарттай
қызыл; көмірдей қара, шойынқара, алтынсары, көк
ала қойдай сабау т.б.
Теңеулік структура
тұрғысынан алып қарағанда, нарттай және
көмірдей дегендер – теңеу образдары, ол қызыл және
қара – теңеу негіздері. Ал грамматикалық мағына
тұрғысынан қарасақ – сын есімдер. Алғашқы
екеуі – туынды, кейінгілері – түс атаулары немесе сапалық сын есімдер.
Бірақ осылай бола тұрса да, олар біртұтас тілдік единицалар,
яғни тұрақты тіркестер. Теңеудің бейнелілігін,
әсерлілік-әсемдігін ұштай түсетін, оны жандандырып
түсетін тіл мүмкіндіктерінің бірі осы түс атаулары
болып табылады. Қазақ тілінде бұлар «бояулы теңеулер»
деп аталады.
Түр-түс
атаулары түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілінің
тілдік материалдары түр-түс атауларының негізгі доминант
мағынасынан басқа да
семантикалық ерекшеліктері мен олардың халық
дүниетанымына, тіршілігіне қатысты әр түрлі
символдық мән-мағыналары да өз алдына зерттеу нысаны
бола алатынын көрсетеді. Әр этностың арасындағы
мәдени және психологиялық ерекшеліктерді
қарастырудың бірден-бір жолы
– негізгі концептерді зерттеу.
Мәдени константын, менталитетін көрсететін мәнді
концептердің бірі – «түр-түс» концептісі.
Адам
өмірінде түстің үлкен маңызы бар. Түс адамдардың
көңіл-күйіне, эмоциясына әсер етеді. Сондықтан да
түстерді әр түрлі ғылым салаларының
мамандары зерттеп-зерделеуге тырысады.
Дегенмен түстердің әр қырын (аспектілерін) зерттегенде
мамандар тарапынан адамзаттың қоршаған ортадағы заттар
мен құбылысты атауда қолданатын тереңде жатқан
тарихи-мәдени тәжірибесі толығымен ескерілмейді.
Дүниенің түр-түс бейнесі де толығымен
жан-жақты зерттеуді қажет
етеді. Тілшілер де түр-түс атауларын негізгі лексикалық
топтардың қатарына жатқызады. Лингвистер, этнолингвистер, тіл
тарихын зерттеушілер он шақты тілді зерттей келе, түр-түс
атауларының жүйесінде кейбір әмбебап ұқсастықтар кездеседі
деген тұжырымға келеді [5, 65].
Сондай-ақ белгілі бір түстің әртүрлі реңкіне қатысты тіл-тілде бейнелі
тіркестер, идиомалар және мақал-мәтелдер қолданылады.
Олар әрбір ұлттың өткен өмірінен
әлеуметтік-тарихи, эмоционалдық-ментальдық ақпарат бере
алады.
Қазіргі
кезде мәдениетаралық қатынастың кеңеюіне
байланысты, тілі, діні, мәдениеті әр түрлі еуропалық тілдердегі
түр-түс концептісін ашатын сөздер мен сөз тіркестеріне
когнитивтік және лингвомәдени талдау жасау арқылы,
«түр-түс» атауларының аталған тілдегі
ұлттық-мәдени ерекшелігін, сонымен қатар, әлемдік
тілдік бейнесінің әр ұлт өкілдері санасындағы
құрылған моделін анықтау өзекті болып саналады [6, 1088].
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1 Вежбицкая А. Язык. Культура.
Познание. –М.: Наука, 1996. –421 с.
2 Қайдаров Ә., Ахтамбердиева З.,
Өмірбеков Б. Түр-түстердің тілдегі көрінісі.
Алматы: Ана тілі, 1992. 160 б.
3 Ақкөзов Ә. Сапалық сын есімдердің
семантикасы. Алматы, 2004. 154 б.
4 Шойманова М.Б. Қазақ және
ағылшын тілдеріндегі сиыр малына қатысты атаулардың
лексика-семантикалық өрісі.
Канд. дисс. автореф. Алматы, 2009.
24 б.
5 Қайдаров Ә.Т., Өмірбеков
Б. Сырға толы түр мен түс.
Алматы: Қазақстан, 1986. 95 б.
6.
Mazhitaeva Sh., Talaspaeva Zh., Tazhikejeva A.
Connotation of
color namings in Kazakh language// European Researcher.
2012, Vol. (25), №7. –P.1088-1091; Mazhitaeva Sh., Kaskataeva
Zh., Khan N. Color Semantics in the Kazakh language: Linguо-Cultural aspect// European
Researcher. 2013, Vol. (50), №5-3.
–С.1454-1458.