Мажитаева Ш.,  Жетпісбай Ш.А.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

КЕЙIПКЕРДІН МIНЕЗ-КҰЛҚЫН  СИПАТТАЙТЫН ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР

 

 

Фразеологизмдер не деген мәселеге тоқталсақ: сөздердің еркін тіркесіне сырттай ұқсас, бірақ іштей, яғни тілдік табиғаты жағынан  оған қарама-қарсы қойылатын оймақ ауыз, жүрек жұтқан, жүрегі тас төбесіне шығу, ат-тонын ала қашу тәрізді тіркестер бар. Бұлар құрамы жағынан тұрақты болып келеді де, бүтіндей оралым бұрыннан тіркескен, дағдылы қалпын сақтайды, сыңарлары «ешкімнің еркіне көнбей», «өзінен-өзі тіркесіп қойған» тәрізді болып ұсынылады. Мұндай тіркестер сөздердің еркін тіркесіне қарсы қойылып, сөздердің еріксіз тіркесі немесе фразеологиялық оралым деп аталады   [1,166].

Фразеологизмдер өмір, қоғам, адамның әр алуан қасиеттерін танымдық тұрғыда тұжырымдауға негіздейді. Олардың көркем әдебиеттегі қолданысы әр ақын-жазушының халықтық тіл байлығын пайдаланудағы өзіндік қолтаңбасына байланысты болса, екіншіден, сол дәуір, кезең, қоғам тынысын, адамдардың әлеуметтік жағдайын көрсетумен жиі қолданысқа түседі. Фразеологизмдердің бейнелік қуаты, стилистикалық әсері, прагматикалық ықпалы күшті тілдік тәсіл болғандықтан кез келген мәтінде стилистикалық категориялардың жиынтығын құрайды. Фразеологизмдер сөзді жандандырып, тілге өткірлік сипат береді.

Көркем шығарма авторлары жалпы халықтық тілдің фразеологиялық құрамынан қажеттісін ала отырып, оларды мүмкіндігінше түрлендіріп пайдаланады, өзіндік қолтаңбаларын да жасайды [2,3].

Әдеби тілімізде әсірелеу, көркемдеу тәсілдерінің ішінде фразеологизмдердің алатын орны ерекше. Фразалық тіркес айтайын деген ойға  ерекше реңк, мәнерлілік береді. Фразеологизмдер өзінің образдылығымен, айрықша мәнділігімен көзге түсіп, әрбір ұлт тілінің ерекше көрінісі болып табылады. Бұл тіркестерді шығармада мол қолданудың өзі ұлттық болмыстың айқын белгісін көрсетеді.

Көркем шығарма тілінде метафоралық оралымдар, тілдің бейнелілік тудыратын көптеген элементтері, синонимдердің бейне жасау мүмкіндіктері толық пайдаланылады. Тілдің барлық лингвистикалық күш- қуаты жазушының поэтикалық ойлау шеберлігіне сай жүйелі түрде қолданылады. Көркем әдебиет тілі тек бейнелілігімен ғана емес, эстетикалық бағыттағы экспрессивтілігімен де ерекшеленеді. Фразеологизмдер стильдік мақсатта өзгеріске түспей, халық тіліндегі қалпында да, трансформацияланған түрде де, яғни мағынасы мен құрылымында жаңа эмоционалды-экспрессивті мән беріліп те қолданылады [3,6].  Фразеологизмдер шығарма тілінде айрықша көрік, ұтымды мазмұн, ұлттық колорит береді. Халық тілінің бұл қат-қабатты қазынасына барлау жасап, көзін табу, қажетіне жарату «адам жанының инженері» -жазушының шеберлігіне байланысты [4, 54].

   1960-1980 жылдарда жарық көрген прозалық шығармаларда аталған жазушылар кейіпкердің мінез-құлқын cомдауда қолданылған фразалық тіркестер төмендегідей топтастырдық:

1)Көркем прозадағы фразеологизмдердің адамның экспрессивті-эмоционалды күйін беруі: Мысалы: Көкірегі қарс айырылды – Уайымдады, қайғырды, қасірет шекті [6,347].Бишараның күйеуі осыдан бір–екі ай бұрын ғана қайтыс болып, көкіректі қарс айырған қайғысы енді ғана серпіліп, әйтсе де талабы көп жас өмірдің шешімін таба алмай, кей кезде біздің апаммен ұзақ түнге әңгімелесіп отыратын (Д,И.,26).

Фразеологизмдердің эмоционалдығы оның мағыналық коннотациялығымен, яғни экспрессивтілік сапа белгілерімен астасып қолданылады. Фразеологизмдердің метафоралық және стилистикалық экспессияға байланысты мағыналарымен қатар, коннотация-фразеологиялық мағыналары да зерттеуді қажет ететін сала деуге болады. Экспрессивтілік ең алдымен семантикалық категория. Себебі экспрессивтілік фразеологизмдердің мағыналық жағынан жаңа сипат алып, оның мағыналық құрылымындағы қосымша реңктің кеңеюіне негіз болады. Экспрессивтілік лингво-стилистикалық категория ретінде жалпыхалықтық тілде қалыптасып, жеке қаламгерлердің шығармашылықтары негізінде көркем әдебиетте дамиды [3,9].

Эмоционалды мән деп эмоционалдылық олардың лексикалық мәнінде болатын, яғни табиғатынан эмоционалды сөздер мен сөз тіркестерін атап, эмоционалды реңк деп сөздер мен сөз тіркестерінің заттық-логикалық мәнімен қатар өмір сүретін эмоционалдық бояуын атағанымыз орынды [5,7].

2)Фразеологизмдердің кейіпкердің байсалдылық дара мінезін көрсетуі: Қаннен қаперсіз –Ештеңемен ісі жоқ, алаңсыз, аңдусыз, бейқам  [6,410].Қаннен қаперсіз шофер жігіт менің отыруымды күтіп-ақ  тұр екен, темекісін тұтатып болды да. Стартерді брезент етігінің өкшесімен «ғыж» еткізіп басып қалды (Д,И.,31). Тіс жармады – Үн-түнсіз қалды; үндемеді, ләм-мим демеді [6,724].

 3)Фразеологизмдердің кейіпкер  мінезінің толғанысқа түскенін көрсетуі:Қабырғасы сөгілді Қатты қайғырды, мейлінше қинала қайғырды [6,390]. Үнсіз отырса да, қабырғасы сөгіліп, қан жылап, қан сиіп егіліп отыр (О.Б.,50). Ботадай боздады  Еңіреді, ағыл- тегіл көзінің жасын бұлады [6,53]. Әйел, әмсе көзі жетіп, иллаһи иланған әйел ботадай боздады, ұдайы үш күн боздады, амал не Қойшыдан хабар-ошар болмады, ізім-қайым жоғалды... (О.Б.,52). Екі көзі төрт болды Сағынды аңсады, жолына қарай –қарай шаршады, күте-күте зарықты, көруге асық болды [6,203]. Екі көзім төрт болып, омалып отырамын (О.Б.,53). Көңілі жасыды –Мұңайды қапаланды            [6,359]. Бекеттің тұлғасынан көз алай жатып, бұл үйде оған жалғыз тұру қаншалықты қиын болатынын ойлап, көңілім жасып кеткендей болды  (Д.И.,30). Дал болды – Не істерін білмей састы, әуреге салды [6,180]. Бірақ оның жүрегінде маған деген бір жылылық бар ма, жоқ па, ол жағына көз жеткізе алмай дал болдым (Д,И.,31).Тағат таппады – Саябырсыздық, дегбірсіздік туралы айтылады [6,653].Қақпадан енген бетте есік алдында сабырсызданып, тағат таппай жүрген Құлахмет ағайға көзі түсті (Д.И.,120).Көз ілмеді – Ұйқы көрмеді, ұйқтамады [6,340].Кеш болған соң Бекет әдеттегісінше жастыққа басы тие салысымен-ақ қор ете түсті де, мен түн жарымына шейін көз іле алмадым (Д.И.,25).Қалайша, қалайша тез айырылысамыз! Сол күні таң атқанша көз іле алмадым (Д.И.,30). Мойнына су кету Еңсесі түсті, жүні жығылды [6,518]. Мойнына су кетіп, мойындағандай, күмілжіп отырғанда, мектепке биыл барып жүрген ұлы;- Кеше біздің үйге зоотехник қонды,- деді түйеден түскендей (О.Б.,518). Жүрегі шайлықты Беті қайтты, қаймықты, шошынды, сескенді, запы болды [6,281]. Жүрегі шайлығып, одан да көзін жылыстатып әкете беріп еді, қосқа қарай беттеп барған сыбай атты жолушыны көрді (О.Б.,34).

 4)Фразеологизмдердің кейіпкер  мінезінің жайдары жадыраңқы күйін   көрсетуі: Ғашық болды –Ынтықты, құмартты, сүйді[6,178]. Сонан соң көңіліміз ұнатқан қызға ғашық болып, кешкі астан соң хат жазуға кірісетінбіз (Д.И.,22). Мәз болды – Шат болды, қуанып қалды[6,511]. Апамның Бекеттен гөрі мені тәуір көретініне мәз боп, арсалақтап келіп бір қолыммен оның мойнынан құшақтай отырып, қаймақты салпылдатып жей бастайтынмын (Д.И.,24).

5)Фразеологизмдердің кейіпкер  мінезінің момын екенін көрсетуі: Қой аузынан шөп алмайды Момын, жуас адам [6,442]. Әлде қой аузынан шөп алмас маубас, не істесем де еркіме көне берер дедің бе? (О.Б.,50). Ұзын арқан, кең тұсау Арқасын кеңге салу, жайбырақаттыққа түсу мағынасында [6,728]. Ұзын арқан, кең тұсаумен жүріп, талай-талай қапы қалып, сан соққаны есінде, ылайым ертеңін бүгінен ойлау қадетінде онша жоқ та еді (О.Б.,7). Жылқы мінезді адам Шыдамды төзімді [6,284]. «Қазақ та жылқы мінезді дейтіні тегі рас»,-деп басын шайқаған сонда Қойшы (О.Б.,284).

6)Фразеологизмдердің кейіпкер  мінезінің қатыгездігін көрсетуі:Тас бауыр– Мейірімсіз, туыстық сезімсіз, ешкіге жаны ашымас[6,667]. Апам да, мен де оның бұл мінезіне қарап «мейірімсіз,тасбауыр» деп ұрысатынбыз (Д.И.,23). Айналайыным, мынаны жей қойшы, ана тасбауыр қанша айтқанмен ересек қой, оған бәрібір, – деп қоятын (Д.И.,24). Көзі шытынады  Көзі шарасынан шығып ашуланды, ызаланды [6,340]. Оның екі көзі шытынап, қолдары дірілдеп маған төніп қалды (Д.И.,149). Қаны қас Қарсы, өшпес, жау [6,411].Бала боп көп ойнамайтын, әлім жеттіге қаны қас, оңаша өсті (О.Б.,60).

7)Фразеологизмдердің кейіпкер  мінезінің екі жүзділігін көрсетуі:Етегіне намаз оқыды Ақ пейіл болғансып, еш күнәні болжағансып жүрген суық жүрісті, арам қылықты кісі туралы кекесін мағынасында айтылады [6,221]. Етегіне намаз оқып, көп жүріп сүр бойдақ болып үйленді (О.Б.,20).

Сонымен, көркем шығармалардағы фразеологизмдердің адамның экспрессивті-эмоционалды сипаты арқылы мінез құлық ерекшеліктерін жоғарыдағыдай топтарға бөліп қарастыруға болады деп ойлаймыз. Қорыта айтқанда, экспрессия мен эмоция көп жағдайда адам сезімінің, мінезінің әр түрлі қырларын көрсетілетіні сөзсіз. Көркем шығармада фразеологизмдер шығарма шырайын кіргізіп, экспрессивтік-эмоционалдық бояуын арттырып отырады. Фразеологизмдер- дің осындай мүмкіншіліктеріне байланысты жазушы өз шығармасында кейіпкерлердің психологиялық күйініш-сүйініштерімен, ой әсерлерін, рухани жан дүниесін нақты және нәзік бейнелеуге таңдап, талғап жұмсайтынына көз жеткізуге болады.

  Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Аханов К.  Тіл білімінің негіздері.  Алматы: Санат, 2002.  

2.     Оралқызы К.А. Фразелогиялық коннотацияның прагмастилистикасы.   

дис. автореф.  –Алматы, 2010. –25 б.

3. Ерболқызы Қ.С.. Көркем прозадағы фразеологизмдердің қолданылу                                                       ерекшеліктері.  –Астана, 2007.

4. Қожахметова Х. Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы.                 –Алматы: Мектеп, 1972. 

5. Сарышова К. С.  Қазақ тіліндегі эмоцияны бейнелейтін фразеологизмдер. Алматы, 2006. 25 б.

6. Кеңесбаев І.   Фразеологиялық сөздік. Алматы: Арыс, 2007.