Сыр сүлейлері шығармаларындағы Жаратушы мен
адамзатқа деген махаббат мәселесі
Оспанов Бақтияр Есенгелдіұлы
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің
PhD докторанты, дінтану магистрі
Қазақ
халқының тарихында зерттеуді қажет ететін ғылыми
мәселелердің ауқымы өте көп. Сонымен қатар
қазақ жерінде дарын мен даналық иелері қашанда
көп болған. Сыр
сүлейлері сол дарын
иелерінің ажырамас бір бөлігі болып қала бермек.
Халқымыздың маңдайына біткен
арыстай азаматтардың барлығын дерлік кешегі кеңес
дәуірінде «ұлтшыл», «діншіл», «халық жауы» етіп
танытқан саясаттың да жүргені жасырын емес.
Даналарымыздың ұлағатты
сөздерін ұлттық санадан күштеп өшіруге тырысты.
Ұрпақтарға тиесілі тарихи, мәдени, әдеби
жәдігерлердің барлығы дерлік аяқ асты етілді. Сондай
көптеген мәселелердің арасына «Сыр сүлейлерінің
шығармаларындағы жаратушы мен адамзатқа деген махаббат
мәселесі» де жатқызуға болады. Сүлейлер
шығармашылығындағы діни көзқарастар негізіне
байланысты мәселелер қазіргі
кезеңдегі жағдайы, аса көп мөлшерде жиналған
материалдар мен оны ғылыми тұрғыдан талдаудағы
тәжірибенің жеткіліксіздігімен сипатталып отыр. Жер-жерлерде
жыраулар шығармашылығындағы рухани-мәдени
мәселелері туралы ғылыми, мәдени және
бұқаралық баспаларда жазылып, айтылып жүр дегенмен
көп мақалалардан зерттегелі отырған
шығармашылықты тек дәстүрлі музыкалық мектеп деп
қарастырады. Ғылыми жағынан алып қарайтын болсақ
жыраулар шығармашылығы Қазақ мемлекетінің
ұлттық идиологиясының қайнар көзі болып табылады
да ондағы имани таным көшпенді халқымыздың
мәдени, рухани санамыздың айнасы іспеттес. Жоғарыда
айтылған тарихи, философиялық, әлеуметтік, рухани
мәселелердің жыраулар шығармашылығында бола тұра
зерттелмеуі өркениетті еліміздің ғылымына үлкен сын.
Осы тақырыпта зерттеу жұмыстарын жасау арқылы көшпенді
халқымыздың тарихи санасын түсінуде жаңа бір
бағыттарға қол жеткізуіміз айқын.
Сыр сүлейлерінің
өмірі, тарихи кезеңдердің ең бір шиленіскен
уақыты патшалық Ресейдің отарлау саясатының өршіп
тұрған кезеңіне тура келіп. Кеңестер
өкіметінің қылышынан қан төгіліп жатқан
заманмен жалғасты. Қазақ халқының ешкім
маңдайынан сипап жатқан кезең емес еді әрине. Сонда да
болса Ақын жырауларымыздың салдары суға кеткені болмады. Олар
шығармашылықпен қатар өз ұлтының тарих
сахынасынан жойылып кетпеуі үшін де күресіп жүрді.
Қазақ халқына деген сүйіспешіліктерінің дәнегін сеуіп жүрген
жәйттарын байқаймыз. Мәселен, Тұрмағанбет
Ізтілеуұлының «Қамын ойла халқыңның»
өлеңіндегі:
Қайратты
туған ер болсаң
Қамын
ойла халқыңның!
Жетім
менен жесірге
Өзі
бол жүзі жарқынның.
[1.39-б.]
деп келетін шумақта күш
қайраттың барлығын халқың үшін және
қайырлы істермен сарпуға шақырады. Бұл жердегі
«Өзі бол жүзі жарқынның» дегені қазақта
«Жүзі жылыдан түңілме», «Иман жүзді екен» деген
тіркестерге балап келіп:
Жатырмын
айтып жақсы үгіт
Тазасындай
алтынның.
Өле
қойсам, айтыңдар,
Жұрт
жиналған жер болса
«Сөзі,-деп,-Тұрекең
марқұмның!» [1.39-б.]
деп исламдағы иманның
бесінші, алтыншы шарттарын меңзеп қойып, өлеңнің
соңын жеңіл қалжыңмен аяқтаған болып
өзінің шебер импровизаторлық қасиетін де байқатады.
Осы мазмұндас өлеңдерінің қатарына:
«Қайрама халыққа тісіңді», «Адамдық іс», «Адам»
шығармаларын да жатқызуға болады.
Осы тектес
өлең жолдарын Қарасақал Ерімбет те де кесдестіруге
болады «Қарасаң, жаман адам бұл жұртта жоқ» өлеңіндегі:
Істеген озбырлығын қылар
мақтан.
Ер болсаң елің үшін
қызмет қыл,
Адам аз озбырлықтан пайда
тапқан.
Жар достың жарамайды
көңілін жыққан.
Азғырған ләпіс шайтан
тіліне еріп,
Ойламай әркім қастық
тұзын татқан. [2.40-б.]
Ерімбет
Көлдейбекұлының жоғарыда келтірілгеннен де бөлек
көптеген діни танымдық-философиялық шығармалары мен
арнау толғаулары, қисса дастандары әлі күнге
халық ауызында айтылып келеді. Шығармадағы «Бұл
сөзім ғайбат емес критика» – деп келетін қатарынан
ақынның шығыстың поэзиясына тән ғибратшыл
еңбектеріне батыстық жаңашылдықтың ене
бастағанын байқауға болады. Өз заманында үлкен
насихатшыл-мінәжатшыл өлеңдердің қас шебері
болғанын шайырдың замандастары ақынның шебер әрі
бұрқасындатып көсіле жырлайтынының тағы бір
көрінісін сыр сүлейлерінің белді мүшесі
Тұрмағанбет Ізтілеуұлының еңбектерінен де
байқаймыз.
Қарасақал Ерімбет –
Құтқармас құсты бедеудей;
Шабысына шаң ермес,
Ат шаптырған бүлкілі! [3.38-б.]
Қаншама рет жазба айтыстарында өзінің
қарсыласы болған адамды дәл мынадай теңеулермен
ұштастыру екінің бірінде бола бермейтін жағдай. Бұл
жердегі Тұрмағанбеттің көрегендігі және Ерімбет
шайырдың асқан шеберлігіне берген кәсіпқой
ақынның әділ бағасы деп бағалауымыз орынды
болатын сияқты. Сыр өңіріндегі шайырларымыздың
барлығына десек қателеспеген болармыз, бір ортақ
қасиеттері бар. Ол ақындықты, жыраулықты жыршылықпен ұштастыру еді, ол
қазақ халқындағы жыраулар поэзиясын одан әрі
жетілдіре түсті. Жыраулар поэзиясы – ақындық
өнердің ең көне түрі. Біздіңше «Жырау» -
қазақтың төл
сөзі. Ол өте ертеден
өмір сүріп келеді. «Жырау» сөзі ХІ
ғасырдағы М. Қашқаридің сөзідігінде де
кездеседі. «Жырау» мен «жыршы» мәселесінің аражігін ажыратып
алсақ: Жырау - тарих сахнасына хандық дәуірде
шыққан айтушылар типінің марқасы,
қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді
қозғап, халықтың қамын жейтін жыр тудырушы, ойшыл
кемеңгер. Жыраулық өнер сыр бойында ерекше дамып, алабөтен
дәстүрге ұласқан. Қазақ әдебиетінде «жыраулық поэзия»
деген ұғым болса да, «жыраулық өнер» деген тіркес қолданысқа
түсе қоймаған. Мұның алғашқысы
әдеби-поэзиялық, соңғысы мәдени-музыкалық
құбылыс болып келеді. Жыршы – айтушылар типінің кейінгі
буыны, бұрыннан мәлім шығармаларды өзінің
шама-шарқы мен қабілет қарымына орай көркемдеп
орындаушы ретінде бағаланып келе
жатқан тұлға. Ал салалы эпостарды жырлаушы кең
қарымды эпик жыршылар болса фольклорлық сюжеттерді өзінше
өңдеп, туындатпа-шығармашылық қабілетпен
көркемдеп, қайта жырлаушылардың қатарына жатады.
Белгілі ғалым Т. Қоңыратбай «Асылы жырау,
жыршы атауларының бір-бірінен пәлендей айырмасы болмауға
тиіс. Бүгінгі қазақ ғалымдары ұсынып жүрген
жүйе бойынша жырау – үлкен имправизатор, суырып салып айтушы да,
жыршы – жаттап алып айтатын кәсіпкер. Осы пікір біршама орнығып
қалса да, біз оны мәселенің ғылыми шешімі емес,
конвенционизм – ымырашылдық, келісімпаздық көрініс деп
білеміз... - деп келіп, сөз түбірі - жыр, ал шы - белгілі бір
кәсіп иесінің сипатын білдіретін қосымша. Осы қос буын
бірігіп есім сөз құрап тұр. Бақсы, жыршы,
қобызшы, домбырашы, сыбызғышы сөздерінің бәрі де
осы негізде туған болса, олардың бірін тудырушы, екіншісін
орындаушы деп бөлудің қисынсыз екенін айтады ». [6.48-б.] Қазақ
даласында жазу-сызудың кемістігінен ақын сөздерін
жұртшылыққа жеткізу, хикаят, қисса-дастандар, мінәжат
толғауларды насихаттау–жырау мен жыршылар үлесінде болды.
Сондықтан Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр
Оңғар және Қаңлы Жүсіптер ақындық пен жыршылықты
етене меңгерген өз ісінің қас шеберлері еді.
Сырдың белді шайырларының қатарына мектебі мен мақамы
бір төбе болып ерекшеленетін сол уақыттарға жаңашыл
аспабымен (сырнайымен) танымал болған Нартай Бекежановты да
жатқызуға болады. Аталған Сыр сүлейлерінің
барлығы терең
мазмұнды, тұжырымы жоғары философиялық
идеяларымен, өлең сөздерінің мазмұны өте
ұғымды болып келетін шығармаларымен танымал болған.
Өңіріміздің белгілі қаламгері
Әбжан Айсауытовтың айтуынша
«қазіргі айтылып, ептеп болса да
шығармалары жарық көріп жатқан Сыр сүлейлері жазғандарының түп
нұсқасы жоғалды, құрыды. Қолымызда бары
жыраулардың жадында сақтап
қалғаны, оны қағаз бетіне түсірген
Ә.Қайнарбаев, Қ.Қуанбаев, Қ.Нұрмаханов сынды жанашырлардың
көшірмесі. Әрине әркім айтқандықтан, не көшіргендіктен түп
нұсқаның жұлмалануы, өзгеруі заңды
болмақ. Кеңестік дәуірдің
соңғы кезіңінде Сыр сүлейлерінің есімдері
анықталып, бірсыпыра
мұралары жинақталды» [5. 4-5б.] Кеңес
өкіметінің шаңырағы шайқала бастаған 80 -
жылдардың аяғын меңзеп отырса керек.
Ә.Айсауытовтың атап көрсеткен кеңестік саясат тарапынан
болған қысымдардың
және бірін М.Қаржауов өзінің «Ана тілі» газетіне берген
мақаласында былай деп келтіреді «Омар – тек Сыр бойы емес, сол кездегі
қазақ ақындарын әркез бағдарлап, жақсы
білген шайыр. Оның өзінен төрт-бес жас кіші Тұрмағанбетке
айтқан нақыл сөзіндегі:
Ахмет Байтұрсынов,
Мағжандарша,
Жорналға сөз беруге енді
белсен.
Сөзіңді оларменен салыстырып,
Тарихын тәрбиелі ақын
көрсең, -
деген жолдары кезінде «Шайыр»
жинағындағы өлең текстінен алынып тасталған»
[4.5-б.] – деп сол кездегі шығыстық сарынға еліктеп
көптеген туындыларды дүниеге әкелген қазақ
ақындарының еңбектеріне қасақана жасалған
қиянаттарды көріп қынжылғанын байқаймыз. Омар
Шораяқтың бізге белгілі он бір дастаны, жетпістен астам өлең-жырлары
бар. Бұлардың ішінде «Бес ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Шайыр»
таңдамалы шығармаларында бар болғаны 20 шақты
өлең, екі–дастаны жарық көрген. Аз да болса Омар еңбектерінде діни, имани
мәселелерді ашып ислами терминдерді жиі қолданып отырды. Оның
ойлы жырларының ішіндегі «Ұстазым» атты өлеңін алып
қарасақ, Есенжол деген шайырдың артынан еріп үлгі алуды
меңзейді.
Мәлікүл –Мәуіт періште –
Пенденің келсе оңынан,
Гүрзі алып келсе қолына –
Мүңкір-Нәңкүр солынан;
Армансыз болып өтер ем,
Есенжолдай шайырдың-
Үлгі алып, ерсем соңынан! [7.63-б. ]
Адамның о дүниелік болғаннан кейінгі
күйі суреттеледі және иманды, әділ, шыншыл адамдардың
соңынан жүруді Алланы мақұл көретінін,
дініміздің заңдылығымен жоғары
мақұлданатынын меңзеп айтса керек. Осылай мәнді де
маңызды өмір сүргенде адам өлім келсе де өкініп қалмайтынын
жеткізеді. Исламның таухид мәселесін жырлаған «Жаратқан
жан біткенді бір Алласың» атты еңбегінде ақын былай дейді:
Жаратқан жан біткенді бір алласы,
Көңілімнің аш айнасын, кір алмасын.
Ия, жаппар қателікке жаза көрме,
Қынаптан суырайын тіл алмасын.
Бермесең өзің тәупық,
қадыр Мәулен,
Ұстатпас қашағанды кім алдасын !
[7.18-б.]
Бұл өлеңде ақын Алланың
жаратқан дүниесін, адамдардың қызықпай тұра
алмайтын, нәзік сұлу қызға теңейді. Сонымен
қатар ақын ислам дінінің ішкі формасына көп
тоқталған. Адам баласын Алла дүниемен сынап
қойғанын, сол дүниені қуып жүргенде шайтан
(малғұнның) арбауына түсіп қалмау үшін
Алланың өзі таупих бермесе, үнемі тәубеге келіп
жүрмесе қиын болатынын меңзейді. Сыр сүлейлерінің
ортақ бір темірқазығы ислам еді. Тек сол
қазыққа байланған жіптері, яғни ұстаздары
ғана басқа еді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ізтілеуұлы Т. Шығармалары. І том.
Алматы. 2007ж.
2. Қарасақал Ерімбет. Ұлағат сөзім
ұрпаққа. Астана 2009ж.
3. Ізтілеуұлы Т.Шығармалары. 1-том. Астана. Фолиант. 2009ж.
4. Ана тілі газеті. Қай жерде болмай жатыр қазақ
күлкі. 7-шілде.1994ж.
5. Айсауытов Ә. Сыр елінің өнер өрендері. Қызылорда.
1999ж.
6. Жырау вестник
7. Шораяқтың О. Сөйле тілім жосылып. Алматы . Рауан. 1995ж.
8. Айтмұқашева А. «Ғұрыптық
фольклор лексикасы: идиоэтникалық семантика». Алматы. 2007ж.
9. Кенжеғұлұлы Н.Шығармалары. 1-том. Астана. 2008ж.