Қосыбаев Мирас Махмедунович
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
Махмұд
Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрік»
еңбегіндегі тәлім-тәрбие көрінісі
Адам мен
дүниенің арақатынасын, адамның өзін-өзі
тануын, сөйтіп өзін басқаға танытуын,
тұлғаның өмірдегі орны мен ролін әлеуметтік
және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеуге
айрықша мән беру қазақ халқының тәлім-тәрбиелік
мәнінің ерекше сипаты болып табылады. Бұл
тұрғыдан келгенде, қазақ педагогикасы –
шығыстық педагогикадағы, ең алдымен, толық,
рухани жағынан жетілген адам болу рухын қастерлеу мен зерделеу
дәстүрін жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен
байытқан педагогика болып табылады. Шығыстың бай
педагогикалық және тәлім-тәрбиелік ой-санасы,
оның ішінде қазақ халқының педагогикалық
дүниетанымы халық шығармашылығы мен ұлы
ойшылдардың тәлім-тәрбиелік идеяларынан құралады.
Соның бірі тек қазақ
емес бүкіл түбі бір түркі халықтарының
ортақ мұрасы болып табылатын Мақмұд
Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрік»
еңбегіндегі тәлім-тәрбиелік мәні жоғары идеялары.
Махмұт Қашқариді түркі әлемінің
біртұтас жинақталған, сомдалған тұлғасы деп
қабылдауға болады. Ойшыл болмыстың әр түрлі
қырларын айқындап беретін сөздер құдіретін
ұғымдық деңгейге дейін көтеруге талпынды.
Қазақ философиясының рухани бастаулары болмыс
ұғымынан басталатынын көрсеткен М.С.Орынбеков айтқандай
ортағасырлық ғұламаның ілімінде әлемді тану
тілді жүйелеуден, оны түсінуден басталады [1, 22]. Ол бір ғана
халықтың ділін, тілін, дінін, тіптен, кеңінен алғанда
адами құндылықтарын игерумен шектелген жоқ, ол
халықтардың дүниеге көзқарасын жинақтады
және сонымен қатар олардың барлық рухани байлығын
өзі айтқандай «мәңгілік ескерткіш» ретінде
халықтардың өздеріне қайта ұсынды.
Түркі
халықтарының энциклопедиясы атанған Махмуд
Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрк»
еңбегі Орта Азия, Жетісу және Қашқар жерінде
Қараханид мемлекетінде жазылған мұра. Қараханид
мемлекеті жайлы Қазақстан мен Орта Азия халықтарының
өткен тарихының маңызды кезеңі ретінде зерттеушілер
назарын аударып келеді. Ізденістер нәтижесінде олардың қоғамдық
өмірі, әлеуметтік-экономикалық жағдайы [2, 3], тілі,
діни нанымдары [4], мемлекетті басқарушылардың шығу тегі [5],
билік құрған уақыты мен территориясы [6], мәдени
белгілері жөнінде мол
ғылыми мәлімдемелер мен фактілік материалдар
жинақталған. М.Қашқаридың әкесі
Құсайын ибн Мұхаммед Қараханид мемлекетінің
әмірі Насыр ибн Әлидің мұрагері болған,
Ыстықкөл көлінің жағалауында орналасқан Барсхан
(Барсған) қаласында
туған. Құсайынның ұлы Махмұт та
құнарлы Талас, Шу топырағында, Барсхан (Барсған)
қаласында дүниеге келген. Қаланың аталуы туралы
ғұлама былай деп жазады: «Барсған – Афрасиабтың
ұлының есімі. Барсған қаласын салдырған сол.
Бұл Махмұдтың атасының шаһары. Бағзы
біреулер ұйғыр хақанының Барсған есімді ат
бағары болушы еді. Осы жердің ауасы жақсы болғандықтан,
жылқыны сол жерде бағушы еді, кейін келе соның есімі осы
жердің атағына айналған деседі. Сөйтіп, Барсған
аталып кетті дейді» [7, I, 155]. Барсхан Шу өзенінің жоғары
ағысындағы, осы күнгі Қырғызстанның
Тоқпақ қаласының жоғарғы жағында,
Ыстықкөлге баратын тас жолдың бойындағы
ортағасырлық ескерткіш [8, 42]. М.Қашқаридың
ұлы тұлға болып қалыптасуына отбасы тәрбиесі мен
Қараханидтер дәуірінің ықпалы зор болды. Ол бек
тұқымы бола тұра, әскери және әкімшілік
қызметтен бас тартып, күрделі жолды – білім-іліммен
шұғылдануды таңдады. Қараханидтердің
басқару кезеңі ғылым, мәдениет және ағарту
саласының біршама дамыған уақыты болды. Махмұттың
шешесі Бюби Рабияның әкесі Мұхаммед ибн Жүсіп
өзінің жалғыз қызын ерте жастан
сауаттылыққа үйретуге тырысты, қатаң адамгершілік
ережелерді оқытты. Мұның өзі Бюби Рабияға
ұлы Махмұтқа жан-жақты тәрбие мен білім беруге
мүмкіндік берді [9, 124]. Соның нәтижесінде күллі батыс пен
шығысты аузына қаратқан Қарахандар заманындағы
өркениеттің ең үздік туындысы дүниеге келді. Ол
түркі өркениетінің тәлімдік-тәрбиелік
тәжірибесін паш ететін өте құнды мәдени
мұра - «Диуани лұғат-ит-түрк» («Түрік
сөздігі») атты кемеңгер ойшыл М.Қашқаридың
еңбегі. XI ғасырда өмір сүрген түркі
халықтарының тілі, тарихы, тұрмыс-тіршілігі,
тәлім-тәрбиесі, тағы да басқа рухани және
мәдени құндылықтары жайлы мәлімет беретін
М.Қашқари еңбегі бүкіл түркі халықтары үшін
құнды ортақ мұра болып табылады. Ол өзінің
еңбегін сол ғасырда мекен еткен барлық түркі
халықтарын аралап, олардың тұрмыс тіршілігін зерттеп жазды.
Ол «Диуани лұғат ит-түрк» сөздігінде 7203 сөз
тізбегі оның ішінде 29 тайпа атын, 110 жер-су атауларын атап, 40 ел мен
тайпаға араб тілінде анықтама түсінік берген және екі,
төрт жолдық 242 шумақ өлеңдер, 262 мақал -
мәтелдер мысал ретінде пайдаланған [10, 7-8]. «Диуани лұғат-ит-түрік»
қолжазбасын – 1914-15 жылдары түрік ғалымы Али Амри
Ыстамбұлдағы – «Саһабалар жыршысы» деген кітап базарынан
алады. Кейіннен кітап (Әли
Әмірдің барлық жинағандарымен) Стамбулда, Фатих
ауданында орналасқан Миллет Генель кітапханасына түседі.
Мұнда ол күні бүгінге дейін сақтаулы [10, 14].
Қолжазба көшірмесін – Қиласли Рифат жасап, 1-2 кітабын – 1915
жылы, 3 кітабын – 1917 жылы Ыстамбұлда бастырады. Кітаптың түрік
халықтарына ортақ тұстарын, мәдени-рухани, тілдік
сипаттарын кеңінен көрсетеді. Әлемдік маңызын,
филологиялық қырларын, тарихи-әдеби негіздерін
жан-жақты ашады. «Диуани лұғат-ит-түрік»
қолжазбасы табылып, ғылыми ортаға түскеннен кейін
бүкіл әлемге бұл еңбектің білім көзі екені және
уақыт өткен сайын оның құндылығы арта
түсетіні белгілі болды.
М.Қашқари дүниетанымының
негізгі идеялық негіздері тарих сахнасында ғасырлар сынағынан
өткен түркілік менталитеттің терең астарларынан бастау
алады. Ал ұлттық
менталитет - әлеуметтік топтың әлемді белгілі бір кейіпте,
қалыпта сезіну, түйсіну, түсіну және іс-әрекеттер
жасау мақсатында қордалаған табиғи-тарихи
дайындықтары мен ыңғайларының жүйесі болып
табылады [11, 38]. Яғни,
менталитет жеке адамның санасын болсын, әлеуметтік топтың
санасын болсын тарихи архетиптермен,
ғасырлар бойы қалыптасқан тіл мен ойлаудың терең
ғұрыптарымен, әдеттерімен байланыстырып отыратын ерекше
рухани құбылыс. Ал жалпы түркілік тайпалардың
ділінің ерекшеліктеріне назар
аударатын болсақ, онда міндетті түрде халқымыздың
ата-бабалары этикалық принциптерді негізінен барлығының
бастауы ретінде қарастырғаны байқалады. Түркілік сана
үшін және тіл мен ойлау жүйесі үшін негізгі
идеялық бағдар, іргетас адамаралық қатынастағы
ізгілікті ұлағаттау екендігін М.Қашқари
шығармашылығы
дәлелдей түседі. Мақмұд
Қашқаридың аса бай мұрасынан біз үшін аса
құндысы оның болашаққа ұмтылдыратын
және білім алуға шақырған озық идеялары болып
табылады. Автордың білімділіктің мәнін қалай
түсінгендігі, оқу процесі жөнінде көзқарасы
қандай болғандығы, ой өрісітің жетілдірудің
қандай әдістері мен тәсілдердін қолдануды
ұсынатындығы аса үлкен ғылыми педагогикалық
қызығушылық туғызады. Оған қоса белгілі
ғалымның ақыл-ой тәрбиесі мәселелеріндегі
сіңірген еңбегін лайықты бағалау да аса маңызды.
Қашқарлық ұстаз білім және білімдарлық
жөнінде жоғары пікірде: «Бақыттың белгісі – білім мен
ақыл». Білім алу жас ұрпақты қоғамдағы
өмір мен еңбекке дайындау және оның жан-жақты
жетілуін қамтамасыз ету үшін ғалым еңбегінде былайша
көрініс береді: «Өнер-білім ізде, үйренуде
өркөкірек болма, жиренбе, өнер білімсіз білімденсе
сынақта қиналар» [7, I, 298]. Демек
білімге ұмтылу, әр алуан ғылым салалары бойынша ойды
кеңейту әркімнің тікелей міндеті. Мұны жүзеге
асырғандар, өзінің өмірін рухани
толықтырғандар, тек осылар ғана жақсылықтың
мәңгі идеяларын түсіне алады. Білімді тәрбиелілікпен,
адам бақытымен байланыстыра қарастыратын осы мазмұндас ойлар
мен идеяларды «Сөздіктен» молынан ұшыратуға болады. Ғылымдарды
дамыту, сауаттылықтың үлкен мәні бар екендігін атай
келе, Қашқари алайда жалаң фактілерді, білімдерді
қабылдап қана қою жеткіліксіз деп санайды. Оның ойынша,
әрбір білім саласы дүниенің түрлі
құбылыстарымен таныстырып қана қоймай, өмірге
өзіндік көзқарас қалыптастыруға,
мінез-құлық нормалары мен дағдыларын игеруге
қызмет етуі қажет. «Білік жетілді, яғни ақыл-білік
толысып жетілді» ұғымы осы шарттар жүзеге асқанда
ғана қолданылғаны жөн, - дейді ғалым.
Қашқари білімнің жоқтығы, надандық адамды
ұнамсыз көрсететіндігі жайлы ащы шындықты жасырмайды. Зерек
ойлы, сүйкімді, шырын сөзді
адамды халық сілік ер – пәк адам деп дәріптесе, жалқау,
ынтасыз, енжар адамды - түшік кіші – ынтасыз адам деп қатаң
сынға алатынын мысал етеді [7, I, 445].
Қашқари мұрасын талдау
педагогикалық ой желілерін түзуге болатын төмендегідей ұғымдар мен атаулардың
бірізді жүйесі жасалғанын көрсетеді. Мәселен,
олардың бірқатары әрекет, тапсырма, оқу, білік,
түсіну, таным, қабылдау, әдіс, талдау, түйсік, үйрену, ынта, ізденіс, бейімділік
ұғымына қатысты болса, мектеп, жазба, шәкірт,
ұлағат, ілім, ғалым, хат, дәуіт (сия сауыты), кітап,
қағаз, дәптер, қоңырау, хатшы, жазбашы
атауларының болуы, олардың қолданылуы осы кезеңнен
басталатындығының дәйекті дәлелдері. Ал білімнің
қажеттігі мен пайдалығын сезіну, Қашқари пайымдауында,
немқұрайдылықты болдырмайды және олардың
терең және орнықты сенімдерге айналуына ықпал жасайды.
«Білімді адам үгіт-насихатты байқаған сәтте-ақ
тез түсініп, тез ұғар» [7, III, 65] – деп
Қашқаридың үйренудің белсенді және жете
ұғынылып іске асырылуын сәтті атап көрсетуі осыдан. Дүниені танып білу, ғылым
негіздерін игеру оңай жол емес, бұл мақсатқа жетуде
табандылық пен шыдамдылық, еңбектене білу дағдысы
қажет. «Білікті, дана адамдарды тап, соларға еріп, елікте,
жақын жүріп, олардан өнеге көр, ұқсап
бақ» [7, III, 583] – дейді ғалым. Ғылыммен өздігінен
айналыспауға елеулі мән береді. Жақсыдан
үйренуге «Білге, даналардың сөз-ақылдарын өсиет
етіп қабылда, жақсы сөз қастерлесе бойыңа,
діліңе дариды» [7, III, 216]. Тәрбиеленушіге еліктеудің
тамаша үлгілерін ұсынатын дәстүр мына бір деректерден
де жақсы көрінеді: Ерендер озған еді (өткен еді),
Таудай білікті, өнерлі бектер еді, Олар көп насихат-өсиет
айтты, Көңілім содан сара болды.
Бұрынғы замандарда ғалым, хәкім, өнерлі ерендер
болған еді. Олар көп ақыл-үгіт айтқанды. Соларды
естігенде көңілім сайрап, сарайым ашылар еді [7, I, 119] – деп
түсіндіреді, мұнымен балалар тәрбиесінде алдымен,
көренекті тұлғалар өмірі мен моральдық
принциптері, үлкендер үлгілерінің шешуші ролі атап
көрсетілгендігіне елеулі мән берген ғалым.
Қашқаридың
тәрбие мәселелерін қамтыған идеялары жүйесінде
өміршеңдігімен көңіл аудартатын, бүгінгі
күні де маңызын жоймаған ойлардың енді бірқатары
рухани-адамгершілік мәселелері жайында. Автор жоғары адамгершілікті
мінез-құлықты қалыптастыру тәрбие ісінің
маңызды, қиын және күрделі саласы екендігін дұрыс
көрсетеді. Мәселен, «Ізгі ердің сүйегі шіріп, аты
қалар» - дегенде бұл сапа (ізгілік) адамның адамгершілік
тәрбиелілігі ретінде көрінсе, «Көкке түкірсе,
жүзге түсер» дегенде жаман әдеттің зиянды салдары жайлы
сөз болады. Тәрбиенің
мақсаты бағдары жас ұрпақтың
жақсылыққа, ізгілікке қол жеткізуіне, оларды игеруіне
бағытталғаны жөніндегі мәліметтер әрі қарай
былайша жалғасқан:
«Ұс: жақсы мен жаманды айырып парақтау; Адз: Әз.
Жақсылық белгісі, жақсы ниет, жақсы сөз; Сарсығ:
дөрекі. Сарсығ сөз – дөрекі сөз. Бұл сөз қолапайсыз
іс-әрекет, жүріс-тұрысқа да қолданылады» [7, I, 527]
– деп толықтырады автор. Ғалым абыройға дақ
салмауға, ұяттың әміріне қарсы
шықпауға ұмтылатын халықтық дәстүрді
құрмет тұтады. Ар тазалығы адам мінез-құлқында
ерекше сенімділік,
тұрақтылық және сабырлылық
тудыратындығына сенімді. Мақалда былай деп келеді: Түзумен
ұрыс, бұзықпен (ұятсызбен) ұстаспа
(үстемдеспе, егеспе); яғни
айтыссаң түзу, момын адаммен ұрыс, ол түсініп
көтереді, ұятсыз, арсыз адаммен таласып, тартыспа, ол
өзіңді шерменде етеді [7, I, 262] – деп толықтырады.
Мәселен автор «ар, ұят» ұғымы адамгершілік идеал,
тәрбиелі адам жайлы түсінікпен байланыстырылатынына орынды назар
аударады. «Қаталдық
саған келсе егер, өтеді деп сабыр қыл, тағдырдың
ісін біліп тұр, сөйтіп оған қарсы тұр» [7, III,
315] – деп адамның өз көзқарастарын, түрлі
жағдайлардағы мінез-құлқын дұрыс
бағалай алуы жайында сөз қылады. Және де
ешуақытта халық ұнатуын пайдаланып көрмеген,
кемшіліктері әралуан себептер бойынша байқалып жататын адамдар
типтері жайлы мәліметтерін келтіріп отырады. Олардың бірі автор
«Сүзеген сиырға тәңір мүйіз бермес» деп
басқа кісіге зиянын тигізетін адамдарды келекелеп, өте дәл
сипаттайды. Ал мансапты адамгершіліктен
қымбаттырақ санайтын атаққұмарларға
қарым-қатынасты мынадай ойлары арқылы білдіреді. «Қарға
қазға елітесе, аяғы сынар», «Ат қасқасы ай
болмас», «Қаз тұрса үйрек көлді жағалар», Өнегесіз
қылықтарды айыптайтын халық дәстүрі жайында
«Кімнің көңілі егерде, жоқ шығай, Оны күшпен етіп болмас, тоқ
hәм бай» (Кімнің жан дүниесі жұтаң,
көңілі кедей болса, оны күшпен тоқ, бай
марқасқа адам жасай алмайсың) [7, III, 22]. Ізгі
қылықтардың қалыптасуына қарсы тұратын
кемістіктердің бірі – күншілдік. «Күншілдің
күліне дейін дұшпан» деген де бар. Бұлар қуануды
білмейді, өзгенің жетістіктері оның
көңіл-күйін бұзады дейді автор. Оның
көрсетуінде қарапайым нормалар мен ережелерді бақылауды
әлсіреткен адамға халық «адамгершілік
құлықтық тұрғысынан азған
құлқы жаман» адам ретінде қараған [7, III, 61].
Шығармада
тәрбиенің бүгінгі мақсаттарына да қызмет ете
алатындығымен құнды материалдардың молдығы
байқалады. Мәселен «Заман өтер, кісі тоймас, адам баласы
мәңгі қалмас» дегенде жастардың бақытты болуын
тілеп, өмір қысқа, келеді де кетеді, сондықтан әрбір күнді
ақылмен пайдаланған жөн [7, I, 73] деп ескертсе, «Ерге
мұң тиер, тау сеңгіріне жел тиер» дегенде
болашаққа сенуге, дүниеге шаттана
қараушылыққа шақырады. Тау тұмсығына,
басына жел тиген тәрізді, ерге мұң, қиыншылық
тиер, кездесер. Тау басына жел соғып өтіп, тау қозғалмай
қалғаны секілді, мұң, қиыншылық-бейнет те
адам басынан өтеді де кетеді [7, III, 484] деп түсіндіреді мұндай нақылдардың
ғибраттық астарына орынды мән берген ғалым.
Отанға, оның идеалдарына
сүйіспеншілікке баулу, адамдарға құрмет сезімін
қалыптастыру тәрбиенің негізгі міндеттерінің бірі
болғанына көз жеткізетін мысалдар «Сөздікте» жеткілікті.
Патриотизм, әсіресе, шығармадағы ерлік жырларында
таңқаларлықтай күшпен бейнеленген: «Қоршап алып йірелік, Аттан
түсіп жүгірелік, Арыстандай күркірелік, Күші оның
кемісін» [7, II, 192]. Қаhармандар мен майдандастардың
отансүйгіштік өнегелері күш пен батылдық береді, рухтандырады:
Ерен ерлер шақырысты, Қырын
көзбен бағысты, Бар қарумен қағысты, Қылыш
қынға күшпен сыйды [7, I, 218]. Ал мына бір арнау сөз Отан үшін ерлікпен қаза
тапқан ерге шығарылғандығы байқалады: Алып Ер Тоңа өлді ме? Опасыз
дүние қалды ма? Заман өшін алды ма? Енді жүрек
жыртылар! [7, I, 70]. Отан үшін қаза болған ерді халық
осылай жоқтайды. Кейіпкердің халықпен байланысы, оның берік, бұзылмайтын
дәнекер екендігі жайлы, мәселен ғалым Н.Келімбетов былай
дейді: «Халық батырының сом тұлғасын жасау барлық
халықтар эпосына тән құбылыс. Сөздікте мысал
ретінде келтірілген шағын өлең жолдары
қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрлі
дастандары, батырлық жырларындағы сюжетті баяндау сарынын,
батырларды таныстыру тәсілін,
жекпе-жекке шығу мәнерін, қазалы үйге ат
шаптырып келу дәстүрін т.б. еріксіз еске түсіреді» [12, 151].
М.Қашқари патриоттық
сезімдерден айырылған, туған жер үшін өмірін
қиюға қабілетсіз адамды елестете алмайды. «Қылыш
таттанса, ер жүнжір, Ер таттанса, еті бұзылар» – деген
нақылдың болуы Қашқари көрсетуінде соның
айғағы. Шығармада сақталып қалған
мәліметтерден, тарихи аңыздардан, автор талдап түсіндіретін
халық шығармашылығының өзге де жанрларынан Отанды
қорғауға, халық пен елді жат жерлік жаулап алушылардан
құтқаруға қабілетті ұрпақ өсіру
адамгершілікке тәрбиелеудің басты бағыттарының бірін
құрағанын аңғару қиын емес. Бейбітшілікті сүю халыққа
қашанда тән. Алайда егер
жау бетінен қайтпаса және өз еркін күштеп
таңса, онда оған шешімді
тойтарыс берген жөн: Соғыс болмайды айласыз, онда жалбару пайдасыз;
Кепіл тұтқанша от тұт; Батыр майдан шебінде, дана жиында
сыналады. Түркілер қанмайданда батырлардың айбаттанып, сес көрсетуін алыптар көрешті
(күркіресті) - деп
әсірелейді екен [7, II, 317]. Бостандықты сүю мен
қайсарлық рухы мына бір тұста да көркем бейнеленеді:
«Дұшпан жаққа жіті бағып, біле қанжар; Жиылып
егер, келсе саған, қарсы қол сал; Кішік болсын жауды елемеу
жарамас. Оны ескермей қойса, еліңдңі тартып алар» [7, II,
49]. Сақ Сақ: сақ бол; сақтан. Жаудан
қорған, оттан және басқалардан қорған.
Күзетшілерді сергек, қырағы болуға шақырып
айтылатын сөз. Сақ сақ дегені «Сергек, сақ бол» -
дегенді білдіреді [7, II, 39] – деп түсіндіреді автор.
М.Қашқари
еңбегінің арқауы болып табылатын негізгі мәселе –
эстетикалық тәрбие. Дүниенің сұлулығын сезінуге,
қоршаған болмыстың көркемдігін түсінуге баулитын
эстетикалық тәрбиенің құралдарын тиімді пайдалану
оның нәтижелілігін қамтамасыз ететіні белгілі.
М.Қашқаридың еңбегіндегі эстетикалық тәрбие
беру құралдарын былайша бөліп көрсетуге болады:
түркілердің әсемдік заңымен өмір сүруге
ұмтылыстарын жан-жақты бейнелейтін деректер; халықтың
бейнелеу өнері, сәндік өнер және ағаш ою
өнері туралы материалдар; халықтық музыка аспаптары туралы
мәліметтер; музыка өнері; адамның сұлулығын
оның мінез-құлқымен байланыстыратын, адамдар
қарым-қатынастарындағы әдемілікті дәріптейтін
үлгілер. «Түрік сөздігі» жас ұрпаққа
денсаулықтың кепілі денені шынықтыру екендігі туралы
тың пікірлерге бай еңбек болып табылады. Еңбекте дене
тәрбиесінің мазмұны денені сауықтыру, дұрыс тамақтану,
дене сапаларын тәрбиелеу, денсаулықты нығайту жөніндегі
ой-пікірлер арқылы беріледі. Мәселен, баланың бойында ерік
сапаларын, төзімділікті, шыдамдылықты, батырлықты, дене
күшін тәрбиелеу туралы еңбекте мынадай дерек бар:
«Қадыр: қайсар; қаһарлы; кескек. Хакания хандарын «Қадырхан» дейтіні содан
шыққан. Бұл сөз арабшаға ұқсас.
Өйткені «қадыр» араб тілінде қайсарлықты,
күш-құдыретті, қаһарды білдіреді. Қайсар,
бетті адам барлық істі істей алатын, сертте тұратын
күш-құдыретке ие» [7, I, 421].
«Мен істі оңайлату үшін әрі кітапты ықшамдау
үшін, менен бұрын ешкім түзбеген уа ешкім ешкімге мәлім
болмаған өзгеше бір тәртіпте түзіп шықтым.
Бұл жазған еңбегім талапқа сай болсын,
пайдаланушыларға анық, қолдануға қолайлы болсын
деген ниетпен бірқатар қағидаларды түзіп, өлшем
үлгілерін жасадым. Әрбір тайпаның тілінен сөз
жасауға негіз болған түбір сөздерді алдым.
Сондықтан, сөздің қысқасы жақсы, ілгері
кеткендерге тура нышан көрсетіп, кең жол ашып беру үшін,
өрлеп-өсу ниетіндегілерге саты қойып беру үшін осыларды
істедім. Түрік халықтарының көрген-білгендерін
толғайтын ақын-жыраулардан, қайғылы да қуанышты
күндерде шыққан мағынасы терең
мақал-мәтелдерден мысалдар келтірдім, енді мұны
пайдаланғандар кейінгілерге, олар өзінен кейінгілерге жеткізсін» [7,
I, 33] – деп,
өз заманының ойшыл қоғам қайраткері болған
ұлы ұстаз М.Қашқари педагогика ғылымының
алдына тың міндеттер қоя білген. Ғұламаның
еңбегіндегі танымдық
және тәрбиелік маңызы зор материалдарды күнделікті
іс-тәжірибеге енгізіп, өскелең ұрпаққа
білім беру мен тәрбие ісінде пайдалану әрбір ұстаздың
азаматтық борышы болып табылады. XI ғасырда
туындағанымен, одан ерте кезеңдік түркілер тыныс-тіршілігінен
хабар беретін «Түрік сөздігінен», ондағы халық
педагогикасының қағидаларынан өмір шындығы мен
оған сай сомдалған тұлға бейнесі барынша айқын
көрінеді. Ал мұндай көріністің зерттеуші
еңбегінде бой көрсетуі оның құндылығын
арттырмаса, кемітпесі анық. Бұл еңбекте даналық бастауы
мен оның адам өмірінде алар орны, тәлімдік-тәрбиелік
тағылымдар мен олардың тұлғаны қалыптастырудағы
жетекші ролі, қаһармандық рух пен діни таным-түйсіктер,
дүниені танудағы алғашқы ой-тұжырымдар мен
табиғат тылсымына бас ию – бәрі-бәрі өзіндік орнын тапқан.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1.
Орынбеков М.С. Единство бытия – начало наших общих ценностей. // Предмет и
специфика философского знания на пороге ХХ1 века. - Алматы, 2000. - 230 с.
2.
Караев А. История Караханидского
каганата. Фрунзе, 1993, 238 c.
3.
Валитова А.А. К вопросу о классовой
природе Караханидского государства //
Труды КиргФАНССР, 1943, Т. 1. Вып. 1. C. 127-136.
4.
Хасенов Ә. Қазақстан мәдениеті мен
өнерінің тарихы. Алматы, 1987,
140 б.
5.
Давидович Е.А. О двух караханидских
каганатах // Народы Азии и Африки, 1968,
№6. С. 111-117
6.
Агаджанов С.Г. Проблемы этнического взаимодействия в Средней Азии и Казахстане
в эпоху средневековья (VI – начало XIII вв.) В сб.: Проблемы этногенеза и этнической истории
народов Средней Азии и Казахстана. М.; 1988, 167 c.
7.
Қашқари М.
Түрік тілінің сөздігі: (Диуани
лұғат-ит-түрк): 3 томдық шығармалар жинағы.
Т.3. / Қазақ тіліне аударған, алғы сөзі мен
ғылыми түсініктерін жазған А.Егеубай. – Алматы: ХАНТ, 1998. –
600 б.
8.
Шәлекенов У.Х. V-ХІІІ ғасырлардағы Баласағұн
қаласы. – Алматы: Жібек жолы, 2006. – 248 б.
9.
Кешин К. Судьба и наследие
первого тюрколога. – Простор. – 2006. -
№1. – С.123-128.
10. Махмуд ал-Кашгари. Диван Лугат ат-Турк / Перевод, предисловие и
комментарии З.-А.М.Ауезовой. Индексы составлены Р.Эрмерсом. – Алматы:
Дайк-Пресс, 2005. – 1288 с.
11. Нұрмұратов С.Е. Ұлттық
болмыс пен ұлттық сана. Оқу құралы. Алматы: Ана
тілі, 1996. – 59 б.
12. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: Ана
тілі, 1991. – 243 б.