Айдынгүл Төлебаева,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетінің PhD

докторанты, филология магистрі

 

 

СОПЫЛЫҚ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ПОЭЗИЯДАҒЫ НАСИХАТТЫҚ ХИКМЕТ ӨЛЕҢДЕРІ

 

         Әлем халықтарының әдебиеті тарихында орта ғасырлардан бері адамгершілік-имандылық тәлім-тәрбиесін нығайтушы сопылық-философиялық поэзия дәстүрі ықпалды орын алып келеді. Көркем әдебиет шығармаларының тәлім-тәрбиелік, эстетикалық қызметін қалыптастырған осы сарынды шығармалардың дәстүрі ғасырлар бойы жалғасып бүгінгі заманымызға ұласып отыр.

Хикмет дәстүріндегі насихат өлеңдері –ұлттық және жалпы адамзаттық дүниетаным көзқарастарының біртұтастығын танытатын мұралар. ІХ–Х ғасырлардан бастап қалыптаса бастаған Ислам діні өркениетінің игі ықпалы осы хикмет дәстүріндегі өлеңдерден байқалды. Адамдардың дүниетаным әлеміне діни-исламдық дүниетаным көзқарастарының тез ықпал етуінің басты себебі – ата-бабалардың сақталып, жалғасып келе жатқан қасиетті ұстанымдарымен мейлінше үндес сарындас болуынан еді. Халықтың дүниетанымы – өмірлік шындықтың көркемдік-эстетикалық ойлауға айналуының көрінісі. Хикмет дәстүріндегі насихат өлеңдерніде осындай тарихи негізділік сақталды.

Адамгершілік-имандылық тәлім-тәрбиесіне арналған насихаттық ойлар хикмет өлеңдерніде басты орын алады. Ұрпақтарға жалғасқан этнопедагогикалық-этнопсихологиялық ұлағат жолы – ұрпақтардың мәңгілік болашаққа ұласатын өнегелі тағылымын қалыптастыру. Адамгершілік, тәлім-тәрбиесіне арналған дәстүрлі жолында еңбек, шаруашылық, кәсіп түрлерін игеруді де, сөз өнерінің тағылымын түсініп өсуді де, мінез-құлық мәдениетін жан-жақты меңгеруді де ұғындыруы басты ұстаным болды. Адамгершілік-имандылық қасиеттерін үнемі жадқа алып отыруын, басты назарда ұстаған халқымыздың даналық тұжырымдары мақал-мәтелдерде де байқалды.

Адамгершілік-имандылықты насихаттау – әдебиетте де, қоғамдық-әлеуметтік қатынастарда да мол қамтылып келе жатқан өзеккті мәселе. Халықтық мақал-мәтелдер де көркемдік ойлаудың дәстүрлі негізі болып бағаланады. Мысалы: «Адам деген ардақты ат», «Дүниеқор – дүниенің құлы», «Ақылың болса арыңды сақта, ар-ұят керек әр уақытта», «Әлсіз адам – сүріншек, ақылсыз адам – еріншек», «Тәнім – жаным садағасы, жаным – арым садағасы», «Адам болып туған соң адам болып өлу лазым», «Адам болатын жігіт: әуелі өз нәпсісін билейді, сонан соң ауылын билейді, сонан соң аймағын билейді» [1, 50-56 бб.]; «Әдет – әдет емес, жөн – әдет», «Өлімнен ұят күшті», «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», «Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені, шын достықтың белгісі – көп кешікпей келгені», «Көзі соқырдан қорықпа, көңілі соқырдан қорық», «Аманат, аманатқа қылма қиянат», «Мал сақтама, ар сақта», «Бермегенді беріп ұялт», «Таспен ұрғанды – аспен ұр», «Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кешір», т.б. [1, 68-75 бб.].

Хикмет дәстүріндегі насихат өлеңдері – адамгершілік-имандылық ұлағаттын тыңдаушылардың, оқырмандардың санасына сіңіретін туындылар. Насихат өлеңдерде халық даналығын танытатын мақал-мәтелдердегі, қанатты сөздердегі, шешендік толғаныстардағы ой өрілімдерін Ислам діні қағидаларымен тоғыстыра, тұтастыра жырланады. Діл тіл тазалығы, ар-ұятты берік сақтау, адалдық, әділдік, жомарттық, қайырымдылық, мейірімділік, еңбексүйгіштік, ауызбірлік, достық, жолдастық, т.б. саналуан сипатты – ізгілік ұлағатын ұлықтау насихат өлеңдерінде жырланған. Академик З. Ахметовтің осы жанрдағы өлеңдер хақындағы ойлары әдебиет шығармаларының тәлім-тәрбиелік қуатын ғылыми тұрғыдан байыптарға дұрыс бағдар береді: «Насихат өлең – уағыздау, ақыл-кеңес айту сарыны басым келетін өлең, қазақтың ауыз әдебиеті дәстүріндегі ақындық поэзиясында өте жиі кездесетін. өлең-жыр нұсқалары. Насихат өленнің таңдаулылары өнеге боларлық, тағылым аларлық, ғибраттылық, дидактикалық мәнімен, ойды көркемдеп, нақышты сөздермен жеткізетін бейнелілігімен, тартымдылығымен құнды болған. Насихат өлеңнен сол замандағы қоғамдық көзқарастар, арман-мұраттар, халықтың адамгершілікке, еркіндікке, әділдікке ұмтылысы, жақсы мен жаманды қалай түсінетіні айқын танылады.  Ақындар поэзиясындағы насихат өленнің озық үлгілері бүгін де өзінің тәрбиелік, көркемдік мәнін жойған жоқ, олар оқырмандарды, әсіресе, жастарды адамгершілікке, жақсы мінез бен саналы қылыққа үйретеді» [2, 147 б.].

Адамгершілік-имандылық  қағидаларын уағыздау, насихаттау қазақ әдебиетінің орта ғасырлардағы ғұлама ақындары Қожа Ахмет Иасауидың, Ахмет Йүгінекидің, Жүсіп Баласағұнның туындыларында орыг алды. Насихат өлеңдерде адамгершілік асыл мұраттарды уағыздады. адалдық, байыптылық, әділдік, қайырымдылық, т.б. алуан қырлы жақсылықты, дағдыны үлгі-өнеге етіп, насихаттады.

Қожа Ахмет Иасауидың хикметінде адамдардың нәпсіден аулақ болуы насихатталған:

Нәпсіге сен ерік берсең не тілемес,

Еңіресең де Алла саған мойын бұрмас.

Қолға алсаң жаман құстай қолға қонбас,

Қолға алып, түнгі ұйқыны төрт бөліңдер.

 

Нәпсі жолына кірген кісі рәсуа болар,

Жолдан азып-тозар, жұртта қалар.

Жатса, тұрса шайтанменен бірге болар,

Нәпсіні теп, нәпсіні теп, ей, патшағар.

 

Нәпсің сені ақырында торға салар,

Діннен қуып, жақсылықтан ада қылар.

Өлер кезде иманыңнан жұрдай қылар,

Ақылға ерсең ит нәпсіден безер болғай.

 

Күнәң үшін тәуба қылып, жылап жүргіл,

Кетермін деп жол басына барып тұрғыл.

Кеткендерді көріп сен де ғибрат алғыл,

Ғибрат алсаң жатқан жерің болар гүлзар [3, 88-89 бб.].

арасында ХV–ХVIII ғасырлардағы Қазақ хандығы дәуірінің ақын - діни-исламдық насихат өлеңдері ұлттық діліміздің адамгершілік ұлағатымен баюына зор ықпал жасаған казына. Хикмет дәстүріндегі Дулат Бабатайұлының да біраз насихат өлеңдері бар. «Алладан сұрап иманды», «Пайғамбардың ұлын айтар он бір деп», «Әуелі Алла айталық», «Иманды бұл дүниеде ер сұрайды», «Ей, мұсылман, қарындас», т.б. өлеңдерінде адамгершілік-имандылық насихат уағызы тіл бейнелеулерімен өрнектелген. «Алладан сұрап иманды» өлеңінде халықтың ортасындағы тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастардың аса қадірлісі де, құрметтісі де, ар-ұждан тазалығын биік ұстау керектігі насихатталған.  Тіршілік қозғалыстарының барлығында да адамдардың Алланың құдіретін, ислам қағидаларын бағдар-бағыт арқылы өсіп-өркендейтіні жырланған. Фәнидегі жасаған жақсылықтардың да кемшіліктердің де бағасы аңғартылады:

Ахиретке барған жоқ,

Махшар күні болғанда,

Сауал сұрай келгенде,

Жауап таппай тұрғанда,

Тар лахатқа кірген соң;

Қас жаман сол болар,

Намаздығын білмейді,

Белсе білер өлгенде,

Тәңір алдына барған соң,

Сонда бір қас, дұшпанды

Дұшпан демей, не дейміз?[4, 112 б.].

Фәнидегі әрекеттер – тұрмыс қозғалысындағы саналуын қарама-қайшылықтардың болмысы. Іс-әрекеттердің әділ таразысын жасаушы -  Жаратушы Алла. Алланың Елшісі пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі қызметі арқылы бағаланатын саралау жолы да насихат өрнегімен жырланған:

.. Құдай жақсы көрер ме,

Шариғатты бұзған соң,

Имансызға бейіш жоқ,

Имандының көңілі тоқ,

Разы болып Құдайға,

Қажылықты қылған соң,

Сол бір жол жігітті

Жол демей, не дейміз?

Оқи білген молдалар,

Санасын біліп мақтанса,

Бейішке кірген мақтансын,

Иманды болып өлген соң,

Күнәдан аузын сақтаса.

Әулие демей, не дейміз,

Жақыныңа бұрылмай,

Тура сөзін айтқан соң?

Жақсыға өлім сол болар,

Уағдасында тұрмаса,

Жігіт кәміл бітер-ді,

Тәңірім өзі берген соң,

Қиямет күн болғанда,

Сонда халің не болар,

Тәңірім қазы болғанда?

Азырақ демің аларсың,

Мұхаммед атты пайғамбар,

Сололлаһи ғалайһи уассәләм

Шарафатын қылған соң.

Бұл заманғы билерге

Ахиретте не болар?

Қиын демей не дейміз.

Шариғатты сатқан соң,

Адамға кеңес не керек? [4, 113-114 бб.].

Дулат ақын патшалық Ресейдің отарлау бұғауына шырмалған қазақ халқының ауыр халін («Замана ақыр болғанда алуан-алуан жан шықты»),әлеуметтік ортаның әділетсіздігі мен байланыстырған. Мұңды-шерлі, сыншыл ойларымен қазақ тағдырының ауыр сипатын жырлаған..

Ай, зар заман, зар заман,

Зарлап өткен су заман.

Артыңа бір қарап кет,

Жақсылар қалған болған соң.

Сөздің басы бисмилла –

Мұсылманның жарығы.

... Бағасы кеткен жігіттің,

Бетінен алар зайыбы.

Бір Алладан басқаның.

Көпті қылған ғайыбы.

Әуелгі бай жоқ болды.

Сондағы жоқтар тоқ болды.

Жөн білмеген жамандар,

Ел билеген шақ болды.

Көтере алмас билігін

Асқан үлкен кер болды.

Ниетіне қазақтың

Құрылып қойған тор болды [ 4, 117 б.].

Насихат өлеңдерінде Жаратушы Алланың («Сөз бастайын бисмилла, әуелі Алла, Құдай деп екі дүние айтады жаратқан егіз жұбай деп», «Тоқсан тоғыз ақылды өзі білер Құдайым тентек пенен мақұлды»), Мұхаммед пайғамбардың елшілігін («Құдайдан соң, жарандар, Мұхаммедті айталық»), кәпірлікті, имансыздықты («Өз көңілімен іс қылған кәпірді айтса болмай ма», «Өтірік, жалған сөйлейді, иманына қас кісі, бейішті қайтіп көреді, бұл дүниеден бос кісі») саралайды. Ақын фәнидегі адамзат әрекеттерінің бәріне де Алланың құдіретімен берілетін бағалаулардың болатынын, өмірлік шындық аясында көрсеткен. Бақидағы күнәһарлар тағдырын («Ғарасат күні болғанда, тозаққа салар кәпірді», «Өлмеймін деп ойлама, бір көрерсің ақырды», «Ажал келер алдыңнан жарақты жаудай сайланып, Алладан келген өлімді уайым жеп айтпаңыз», «Қайыры жоқ малыңның ахиретте шаяндай», т.б.) сыншылдықпен бағалаған. Фәнидегі жалғандықтың ахиреттегі жазалаумен аяқталатыны айқын айтылған. Алланың ақ жолымен айнымаған мұсылмандар мен алдаушылардың өз қасиеттеріне орай бағаланатын тағдырларын егіздей жырлаған. Адамзат ұрпақтарының танымы арқылы бағаланатын қайшылықты нәтижеледі сыншылдықпен бағалаған:

1. Иманды бұл дүниеден ер сұрайды,

Тітіреп дәретсізден жер жылайды.

Көп жеген кісі ақысын залым-зұлым,

Бек қысып қабырғаңнан көр сұрайды.

Иманы адал құлдың дайын болар,

Көңілге жамандығы аян болар,

Бұлдаған сүтін-күшін сүт қорлықтар,

Көріңе өлгеннен соң шаян толар [4, 139 б.].

 

2. Қанша дәулет бітсе де,

Әлі пенде тойған жоқ.

Пайғамбар мен Шәһәриәр

Уағдадан тайған жоқ.

Өзгенің бәрі халатты,

Бір Құдайдан жалған жоқ.

Ыдырыстан басқа еш кісі,

Бейішке тірі барған жоқ,

Молда болған молдалар,

Молдамын деп мақтан ба!

Молдалығың сол болар.

Қауындай бөліп жемесең,

Бұйрықсыз ысқат алмасаң,

Аят айтқан толымдар,

Алдамшы болған зәлімдер,

Мен өтірік айтпаймын.

Кітаптан қарап көріңдер [4, 141-142 бб.].

Пайғамбарлардың, әулие-биелердің адамгершілік-имандылық іс-әрекеттерінің («Қасиетті әулие жоқ, Шайхы менен Нақыптай, анасын күткен адам жоқ, Түсіп менен Жақыптай, тілеуі дұрыс пенде жоқ, Аюп менен Сақыптай, Құданың сүйер шын досы молда болған Мұхаммет ұстазға беріп оқытпай») үлгі-өнегесі дәріптелген. Имандылық жолындағы Алланың құлдары мұсылмандардың Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) үмбеттері ұрпақтарының, салауатты ғұмыр сүретін өнегесін насихат еткен:

... Жеті дарияның біреуі,

Көз жеткісіз нұр болар,

Дуа қонса аузыңа,

Айтқан сөзің бұл болар.

 

Құдай артық жаратқан

Әуелі «қап» пен «нүн» болар.

Жеті дария біреуі

Гаяты ғылым сабыр-ды [4, 140-141 бб.].

Насихат өлеңдер – халықтың, көркемдік-эстетикалық ойлау кеңістігіндегі ежелден қалыптасқан адамгершілік, тәлім-тәрбие ұлағатының көрсеткіштері. Байырғы түріктік және шығыстық, сонымен бірге еуропалық тарихи-мәдени ықпалдастықтар тағылымын бойына сіңіре қалыптасқан дамыған ұлттық жан ділі әлемі үнемі ұлықталады.

ХІХ–ХХ ғасырлардағы және қазіргі XXI ғасырдың басындағы қазақ поэзиясы дамуының әдеби-тарихи сипатынан ұлттық және жалпы өркениеттік көзқарастар тұтастығын танимыз.

Қазақ поэзиясындағы сопылық философияның хикмет дәстүрімен  жырланған насихаттық шығармалар әдебиетіміздің жалпыадамзаттық гуманизм мұраттары биіктігіндегі деңгейін байқатады. Адамзаттқа ортақ адамгершілік туралы толғаныс насихатын қазақтың тұрмысындағы өмірлік шындық құбылыстарымен сабақтастырудан ұлттық діл, сана аясындағы азаматтық-отаншылдық көзқарас іргетасының мықтылығы көрінеді.

Көрнекті шығыстанушы ғалым, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі қазіргі жаңа әлемдегі жаңа мемлекетіміз азаматтарына діни-исламдық дүниетанымының тарихи-мәдени қалыптасу жолына ғылыми-танымдық баға береді: «Ислам – салауатты өмірге шақыратын дін. Ислам – ғылым, қайырымдылық, иман, шапағат, мәдениет, өркениет. Қазақстанға Ислам діннің таралғанына да мың жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде ол көптеген халықтар санасына бүкіл адамзатқа ортақ биік моральдық құндылықтарды, рухани пәктікті, имандылықты, салауаттылықты етті. Қасиетті Құран Кәриммен бірге қазақ даласына үлкен Ислам өркениеті келді. Ғылым, білім жанданды. Көптеген қалалар салынды. Онда медреселер мен ғылыми ошақтар жұмыс істеді. Жергілікті халық арасынан Әбу Нәсір әл-Фараби, Қожа Ахмет Иасауи, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри секілді терең ойлы – өз шығармаларында гуманизмді марапаттаған ғұламалар шықты. Сол себепті де олар тек қазақ елі немесе Орта Азия ғана емес, бүкіл мұсылман Шығыс мәдениетінің мақтанышына айналды» [5, 6-б.]. Сопылық-философиялық поэзиядағы діни-исламдық насихат өлеңдерінің қалыптасуы мен дамуын осы айтылған жетістіктер нәтижелермен тұтастық тұрғысынан бағалаймыз.

Сопылық-философиялық поэзиядағы хикмет дәстүріндегі насихат өлеңдері ғасырлар бойы ұрпақтар тәрбиесіне игі ықпал жасап келеді. Ұрпақтардың өмір шыныдығы қозғалысындағы қақтығыстардан, қайшылықтардан аман-есен өтіп, жаңа, жарқын тұрмыстың белсенді мүшелері болуы үшін насихат өлеңдер үздіксіз жырланады. Бұл – әлемдік әдеби үдерістегі шығармашылық көркемдік жалғастық жолы.

Қорыта айтқанда, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетінде де орта ғасырларда негізі қаланған хикмет дәстүріндегі насихат өлеңдері көркемдік-эстетикалық болмысымен жаңғыра, жалғаса жырлана береді.

 

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1.    Қазақтың мақалдары мен мәтелдері. – Алматы: Білім, 2004. – 272 б.

2.    Әдебиеттану терминдерінің сөздігі/Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі,  1996. – 240 б.

3.    Иасауи Қожа Ахмет. Диуани хикмет. Ақыл кітабы. – Алматы: Мұраттас, 1993. – 262 б.

4.    Бабатайұлы Дулат. Шығармалар: Өсиетнама, өлеңдер мен дастандар. 1-кітап; Дулат тағылымы: сын зерттеулер. 2-кітап. – Алматы: Раритет, 2003. – 288 б.

5.    Дербісәлі Ә. Ислам және заман. – Алматы, 2003. – 560 б.

 

 

РЕЗЮМЕ

В статье анализированы стихи поэтов Ходжа Ахмета Иасауи, Дулата Бабатайулы воспеты по традиции суфийско-философском мировозренческого взгляда.

 

RESUME

 

         Кілт сөздер: хикмет дәстүрі, насихат өлеңдер, мұсылман, ислам, пайғамбар, ұлттық діл, жалпыадамзаттық гуманизм

         Ключевые слова: традиия хикмета, мусулман, ислам, пророк, национальный менталитет, общечеловеческий гуманизм.