Ахаева К

 

Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы

№64 Ж.Аймауытов атындағы көп салалы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып бірлестігінің жетекшісі

 

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ                  ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТІН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ

 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында мемлекеттік               саясат негізінде «әр баланың қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы – жеке адамның дарындылығын таныту», - деп көрсеткен [1].

Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарда білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басты қағидалары ретінде жеке адамның білімділігін ынталандыру және шығармашылық қабілетін дамыту мәселелері айқындалып, басым міндеттер қатарына қойылған [2].

Еліміздің қоғамдық-экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлес қосатын, әлемдік өркениетке көтерілетін білімді де мәдениетті, денсаулығы мықты, парасатты азамат тәрбиелеу, оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру - мектептің, ұстаздар қауымының бүгінгі таңдағы баға жетпес міндеті. 12 жылдық білім жүйесіне көшу жағдайында жас ұрпаққа білім беру оның жеке даралық ерекшеліктеріне мән беріп, оқушылардың мектепте алған білімдері бүкіл өмірлік азығы болатындай етіп білім беру, оны өмірге дайындау, мамандық таңдауға бағыттау мәселесі жаңа қоғамның білім саласындағы негізгі мәселенің бірі болып табылады.

Баланың шығармашылық қабілеттерін дамыту өте ертеден зерттеліп келеді. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі. Шығармашылық -  адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі болып табылады. Өмірде дұрыс жол табуы үшін адам ой түйіп, өздігінен саналы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек.

«Шығармашылық» сөзі «шығару», «ойлап табу» деген ұғымды білдіреді. Философиялық сөздікте «шығармашылық қайталанбайтын тарихи-қоғамдық мәні бар, жоғары сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет», - деп көрсетілген [3]. Психолог Л.С. Выготскийдің пікірінше: «Шығармашылық  жаңалық ашатын әрекет», деп атаған [4].

            Оқу-тәрбие үдерісінде оқушылардың қабілетін, шығармашылығын  дамыту мәселесі Б.М.Теплов, К.К.Платонов, М.Ә.Құдайқұлов, Г.Қ.Нұрғалиева, Б.П.Тұрғынбаева, А.Б. Мырзабаев еңбектерінде қарастырған.

Баланы жастайынан шығармашылыққа қалай баулу қажет? Психологтардың зерттеуі бойынша өскелең ұрпақты шығармашылыққа баулуға өзекті болардай өзіндік ерекше қабілет, бейімділік қажет. Баланың шығармашылық қабілетін дамыту мәселесін талдау ең алдымен «қабілет» ұғымының мәнін терең түсініп алуды қажет етеді. Философияда «қабілеттерді» тұлғаның белгілі бір әрекеті орындауға жағдай жасайтын жеке ерекшеліктері дей келе, олар қоғамдық-тарихи іс-әрекеттердің нәтижесінде қалыптасып, әрі қарай дамып отыратындығын атап көрсеткен [5].

Демек, бастауыш сынып оқушыларының тұлғалылығын тәрбиелеу үшін, ең алдымен олардың қабілеттерін дамытудың мәні зор. Біріншіден, адамдардың қабілеттер деңгейі жағынан тең дәрежеде болмауы. Сыныптағы оқушылардың қабілеттері бірдей емес әрқайсысы әр пәнге және әр деңгейде қабілетті болатындығымен дәлелдеуге болады. Бірі есепке жүйрік болса, екіншісі тілге бай, ал енді біреулері сурет салады. Олардың қабілеттерінің құрылымы, оны құрайтын компоненттер әр түрлі болады. Мысалы: математикалық қабілеті басым балаларда ойлау операциялары тез, бейнелеу өнеріне қабілетті балаларда нақты заттардың бөліктерінің арақатынасын жылдам анықтай білу, музыкаға қабілетті бала есту, ритмді түсіну, сезімталдық сияқты сапаларымен ерекшеленеді. Екіншіден, адамдар бойында қабілеттің бір түрі ғана бола ма, әлде әр түрлі қабілеттің белгілері бола ма деген сауал төңірегіндегі пікірлер. Ғалымдар керісінше көзқарастардың бар екендігіне қарамастан, адам бойында әрекеттің бірнеше түрін орындай алу мүмкіндіктерін бар екендігін дәлелдейді. Мысалы: ақындығымен қатар музыкаға, суретке қабілетті адамдар және т.б.

Психологтар қабілеттердің екі түрлі деңгейін көрсетеді:

1.Репродуктивті – іс-әрекетті, білімді берілген үлгі бойынша қабылдай алу деңгейі.

2.Шығармашылық – жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі.

Балалардың шығармашылық қабілетін дамытуда қажетті жағдайлардың мазмұнына тоқталамыз:

- мұғалім ең алдымен шығармашылық көңіл-күй тудыру арқылы балалардың назарын бір нәрсеге бағыттау;

- шығармашылық жаттығулар мен ойын, тапсырмалардың мазмұны балалардың жас ерекшелігіне, қызығушылығына үйлесуі;

- оқушыларды шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай туғызу;

- шығармашылық бағытқа оқушыларды жүйелі, саналы түрде қалыптастыру.

Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалу тиіс:

-         шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу;

-         жүйелі түрде шығармашылық әрекет жағдайында болуы;

-         ойлау мүмкіндігінің ең жоғарғы деңгейіне жету;

-         оқушының шығармашылық іс-әрекетіне жағдай туғызу.

         Оқушының шығармашылық іс-әрекетіне жағдай туғызу - оқушыны ойлай білуге үйрету екені сөзсіз. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіннен шығармашылық қабілетті талап етпес бұрын, оны соған үйреткен жөн. Оқушының зейіні, есі, қиялы, интеллектісін дамыта отырып, ойлау қабілетін, шығармашылық іс-әрекетін жоғары деңгейде көтеруге болады. Мысалы: Математика сабағында оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында «ой жаттығуынан» төмендегідей тапсырма береміз:

1.     Цифрларды өсу ретімен тауып, атау.

2.     Кему ретін атау.

3.     Тақ және жұп сандарды өсу және кему ретімен атау.

4.     Цифрларды кезектесіп санау. 1, 3, 5, 7…(жұптасып) 2, 4, 6, 8…

5.     Топпен жұмыс істеу. 1–5 тура және кері сана. 6-10 санау.

5

14

12

23

2

16

25

7

24

13

11

3

20

4

18

8

10

19

22

1

21

15

9

17

6

 

Жаңа заман талабына сай оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту барысында қабілетті балаларға білім беруде, әр ғылымның бүгінгі даму дәрежесіне сәйкес жүргізу, бір жағынан, қоғамға талантты мамандар даярлауда тиімді болса, екінші жағынан, ерекше дарынды балалардың жеке өзіндік интеллектуалдық дамуын қанағаттандыруды қамтамасыз етеді.

Бастауыш сынып оқушыларының қабілеттері екі түрлі әрекетте дамиды. Біріншіден, кез-келген бала оқу әрекетінде адамзат баласының осы кезге дейінгі жинақталған тәжірибесін меңгерсе екіншіден, кез-келген оқушы шығармашылық әрекеттер орындау арқылы өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Оқу әрекетінен шығармашылық әрекеттің айырмашылығы  ол баланың өзін-өзі қалыптастыруына өз идеясын жүзеге асыруына бағытталған жаңа әдіс-тәсілдерді іздейді. Мәселелерді жаңаша шешуге талпыныс жасайды.

Сонымен ана тілі, қазақ тілі сабақтарында бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттін арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілді. Оқытудың жаңаша мазмұны барлық пәндерде қолданылатын көрнекі құралдарға, олармен жұмыс істеуге де жаңаша талаптар қояды. «Соңғы алма» сюжетті суреті бойынша әңгіме құрастырып жазуға тапсырма бердім. Мұрат бақтың ішімен келе жатып, ағашта қалып қойған бір жалғыз алманы көріп қалды... Ары қарай не болуы мүмкін? Оны өздерің аяқтап жазыңдар», - деген мәселені алдарына қойдым.

Соңғы алма

Әр бастауыш сынып оқушылары суретке қарап әңгіме құрастырады, яғни өзіндік көзқарасы, қабілетіне орай әр оқушы шығарма жазады, шығармашылық қабілетін арттырады.

Осыған орай, ғалымдар жүргізілген тәжірибе барысында, барлық пәндердегі білім мазмұнында оқушының шығармашылық қабілеттерінің дамуы басты нысана болып алынуымен байланысты, оқулықтарда берілген тапсырмалардан басқа өздігінен бақылау жүргізу, қарапайым тәжірибе, эксперимент қою, мәтінмен, сызбамен, суретпен, диаграммамен жұмыс істеу, жекеден жалпыны шығару, жалпыны жекелей қолдану т.б. сияқты оқушыны іскерлікке, дербестікке баулитын, ойына түрткі болып, шығармашылыққа жетелейтін, өздігінен ізденіске салатын, айналадағы дүниемен қарым-қатынысқа түсіретін, «жаңалық ашып», оның нәтижесінің «қызығына» бөлейтін әдіс-тәсілдер мен мазмұндық ойындар, қызықты тапсырмалар тұрақты жүргізіліп отырылуы біз көтеріп отырған мәселенің нәтижелі екендігін нақтылады. Біздің ойымызша, бүгінгі бастауыш сынып оқушылары шығармашылық тапсырмалар шешуді табыспен меңгере алады. Тек ол жұмысқа дұрыс басшылық, шебер ұйымдастырушылық қажет.

Бастауыш сынып оқушыларының бойындағы шығармашылық қабілетін дамыту төмендегідей бағыттардан тұрады:

·        қоршаған ортаны сезе білу, құбылыс себептерін іздей білу;

·        ақыл-парасатты игеріп, ойлау, сезім қабылдауын арттыру;

·        өзін-өзі талдауды, өзін-өзі бағалай білуді меңгерту;

·        қарым-қатынас мәдениетін сақтау білу;

·        қоршаған ортада өз орнын, жеке ролін анықтай білу.

Жалпы қорытындылай келе, мұғалім тұтас педагогикалық үдерісте  бастауыш сынып оқушыларын шығармашылықпен айналыса отырып оқу сапасын арттырады. Шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін, зеректігі, ізденімпаздылығы, еңбекқорлығы, шабытын, белсенділігін, қызығушылығын, ұстанымын оқушының жеке дара қасиетін, жан-жақты жетілген тұлға болуға тәрбиелейтіндігі сөзсіз. Бастауыш сыныпта математика, ана-тілі, қазақ тілі, еңбекке баулу, дүниетану, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, бейнелеу өнері сабақтарында және мектептен, сыныптан тыс жұмыстарда оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыруға мол мүмкіндік бар екендігіне көзіміз жетті.

 

Әдебиеттер

1.     Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана, 2007.

2.     Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарда білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы.

3.     Философский энциклопедический словарь. – Москва, 1983. - С. 130.

4.     Выготский Л.С.  Педагогическая психология. Москва, 1997. – С.123.

5.     Злобин Д.Ф. Основы философии. - Алматы: Гылым, 2004. − 272 с.