Құсайынова Ж.А.

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті қазақ тілі кафедрасының доценті

 

ТРАНСПОЗИЦИЯЛАНҒАН ЛЕКСИКАЛЫҚ БІРЛЕКТЕР ЖӘНЕ СУБЪЕКТИВТІК МОДАЛДІЛІК МӘСЕЛЕСІ

 

Бұл мақалада транспозиция әсерінен орын алған ауыспалы қолданыстардың бойынан сөйлеуші көзқарасы немесе модалділік санатының мағыналық мәндерінің көрінісін талдауға назар аударамыз.

Қалыптасқан, дәстүрлі ғылыми тұжырымдар негізінде сипаттасақ, синекдоха тәсілі бойынша бүтін ұғымның орнын бөлшек ұғымдар (немесе керісінше) алмастырады. Яғни, «синекдоха – лебізде болмыстағы заттар мен құбылыстардың бүтін сипатын бөлшек мәнді, керісінше, бөлшек сипатын бүтін мәнді сөздерді қолдану арқылы алмастырып пайдаланып, сөздің көп мағыналылығын туғызу тәсілі» [1, 100 б.].

Бұл мәселені толыққанды сипаттаған зерттеу еңбектері баршылық           (К. Аханов [2], Ә. Хасенов [3], Ғ. Қалиев., Ә. Болғанбаев [4] т.б.). Сондықтан оның теориялық сипаттамасынан гөрі, субъекті көзқарасын даралауға қосар үлесі саралауды қажет етеді. Мұндай қолданыстардың ерекшелігін төмендегі мысалдар дәлелдейді. Шұбар өз сөзіне тыңдаулы құлақ таппағансып, әдейі іркілгенсіп, үнсіз қалды (М. Ә.). Табалдырықтан төрге дейін жайылған кілемдер жайнап жатыр, жаман аяқ басуға қалтырайды (Ғ. М.). Шешесі тағы екі-үш бауырсақ беріп еді, балалары қаспақ тұмсыққа көздерін аларта қарады (Ғ. М.). Бырт еткенде жаңағы қаспақ тұмсық сезіп қалып, әкесінің бармағына жабыса түсті (Ғ. М.).

 

                                   Есті құлақ аңсайды тұяқ күйін,

                                  Есер тақым аңсайды торы айғырды

                                                                                     (Қ. М.).

                   

                                 Күн көкірек аңсайды жұпар иіс,

                                 Құрыш білек аңсайды ақ шалғыны!

                                                                                     (Қ. М.).

 

Қолданыстағы «құлақ», «жаман аяқ», «қаспақ тұмсық», «тақым», «білек» сөздері – «адам» сөзінің орнын ауыстырған, транспозициялану әсерінен қалыптасқан қолданыстық нұсқалар. «Адам» бүтін ұғым болса «құлақ», «тақым», «білек» оның ішкі бөлшектері бола отырып, осы сөз мағынасын алмастырған. Ал модалді мағынаға қатысты сипаттасақ, мұндағы синекдохалық ауыстырулар субъектіні бағалауды айшықтаған. Бірақ әр сөйлемде әр түрлі реңк үстеген. Бірінші қолданыста «құлақ» сөзі жағымсыз реңкті ашуға тірек болып, субъектінің өзін басқалардан жоғары ұстайтын пасық мінезін ажыратуға негіз болса, екінші қолданыстағы «құлақ» сөзі мүлдем қарама-қарсы реңкте қолданылып, автор-субъектінің сенімін, бағалауын сипаттаған. Сол сияқты, «жаман аяқ» екі субъекті арасындағы әлеуметтік теңсіздік, астарлы сенімсіз, күдіктену мәндерінен хабардар етеді. Ал «қаспақ тұмсық», «құрыш білек» синекдохалық қолданыстары субъектіні бағалау мәндерін астарлайды.

Синекдохалық тәсіл арқылы «жан – жануар», «аң», «құс» сөздерінің де баламасы көрінеді, «аң» сөзін «тырнақты», «тұяқты» сөздерімен алмастыру –қалыпты, дағдылы құбылыс. «Тырнақты, тұяқты» сөздерінің адамға қатысты нұсқасын жаңа қолданыстар деп бағалар едік. Төмендегі мысалда аталған ауыстырулар арқылы автор-субъектінің өкініші астарлы көрініс тапқан.

 

                            Аңдысқанда тырнақты мен тұяқты,

                           Сен олардан табам деме ұятты

                                                                               (Қ. М.).

 

Нақты мысалдарды салыстырудан байқағанымыз – ауыспалы мағынаның үш түрі өзара байланыста дамитыны. Яғни, кейде метафорадан метонимиялар, кейде метонимиядан синекдохалық қолданыстар туындап жатуы мүмкін. Мәселен, төмендегі мысалда «үй» сөзінің орнын «мұржа» сөзінің ауыстырғанын байқаймыз. Мұндағы синекдохалық ауыстырулар сатылана дамуымен көзге түседі. Әуелі «үй» сөзі метонимиялық ауысудың әсерінен қалыптасса (үйдегі адамдар→үйдегілер→шаңырақтағылар), соңғы қолданыстағы «мұржа» сөзі синекдохалық ауысу нәтижесінде орныққан (үйдің мұржасы →шаңырақ мұржасы→мұржа). Бұл ауыстырулар аса сезімтал автордың әр адамға деген тілектес, ниеттес, адамдық көзқарастарын көркем сөзбен айшықтап, модалділік санатының бір қырын толықтырған. Мысалы:

 

                           Жоғары ұшса деп түтіні әр мұржаның,

                           Жақсы болса елім деп,

                          Бәйек болып жүр жаным

                                                                                  (Қ. М.).

 

Бұндай ауыстырулар қаламгердің жазу машығына, көркемдеу тәсіліне сәйкес толығып, бір бірінде қайталанбайтын тың сөздермен жаңарып отырады. Адам сөзін алмастыратын мұндай лексикалық ауысулар тіл шеберлерінің жазу машығын түрлендіріп, астарлы психологиялық рең, ажар беруге, жанды сурет қалыптастыруға игі әсерін тигізеді. Келесі мысалда «маңдай» сөзі «адам» сөзінің орнын басып, бағаланушы субъектінің адамдық келбетін тым төмендетіп («адам» бүтін ұғымын «маңдай» бөлшек ұғымымен алмастыру автор-субъектінің жағдаятқа сай бағалауын дәл ашқан), автор субъектінің психологиялық күйін, ішкі наразылығын дөп баса көрсеткен. Мысалы:

 

                           Сүймеймін мен маңдайларды тырысқақ,

                          Ойымда жоқ ондайлармен ұрыспақ.

                          Сен келдің де бұрқан-талқан бұзылдың,

                         Не болғанын ұғып алмай дұрыстап...

                                                                                     ( Қ. М.).

 

  Төмендегі мысалдарда да осындай астарлы модалді мәнді ашқан лексикалық тіректер көрініс берген. Мысалдарға назар аударсақ: Іштерінде көп қалтаға көп есептер салып кеп отырған атқамінерлер (М. Ә.). Сөзқұмар, бәлеқұмар Баймұрындар аз ба? (М. Ә.). Құнанбай босаңсыған пішіндердің барлығына жалғыз көзін оқтай қадап, атып жіберердей қарайды (М. Ә.). Немене, Байсалдың дауын айтар тіл, жақ жоқ деп пе ең? (М. Ә.). Талданған мәселелер лексикалық ауысулардың сөздің бастапқы мағынасында көрініс беретін сын-сапалық, заттық мағынасындағы негізгі белгіні қатар меңгере отырып қалыптасатындығын және сөйлеу тіліндегі заңдылықтарға сәйкес барынша түрленуге бейімделгенін, модалді мәнді астарлы түрлендіруде ықпалы барын байқатады.

Метафоралық қолданыстардың да лексикалық ауысулардың қатарын кеңейтуге әсері бары белгілі жайт. «Метафора құбылысының лебіздегі орны ерекше, мағынаны кеңейтетін, сөздердің жаңаша қолданысын туғызатын тәсіл – осы тәсіл» [1, 94 б.].

Мұнда бір зат не құбылыстың қасиет, белгісіне екінші заттың белгісін ұқсастыра қолдану ерекшелігі негіз болады. Мысалы: Жаңа заманның кінәмшіл байы кірлі көпшіктерді неғылсын (Ғ. М.). Көп жыл бойы сырлас жақын боп кеткен, тіпті сыйласыңа ғана емес, қимасыңа, аяулыңа айналған адамға да көңілің қалатын, тіпті, одан түңіліп біржола безіп шығатын сәттер де болады. Кейде, керісінше, көп жыл бойы өзіңе қатысы жоқ көптің бірі санаған, тіпті, түкке алғысыз арзанға балаған адамға аса разы болып, құлап түсетін де бір сәттер болады. Мұның екеуі де сын сағатта ашылмақ. Алғашқысы жасанды алтындай, екіншісі қоспасыз таза күмістей (С. Д.). Сен біздің жел жақтағы панамыз, ық жақтағы саямызсың (С. Д.). Мысалдарда назар аудартатын метафоралар –  «көпшіктер», «арзан», «пана», «сая» сөздері. Тура мағыналы сөздердің ішкі белгісін меңгере отырып қалыптасса да, бұл сөздердің бойында бейнелілік бар, сондықтан әсерлілігі басым. Метафоралардың модалді мәннің астарлы бояуын күшейтіп, субъекті көзқарасын бейнелі жеткізуде ұтымдылығы бірден көзге түседі. Көрсетілген мысалдарда алынған ауысулар субъектінің астарлы бағалауын, сенімін, құптауын, тілегін даралаған. Мұндай мысалдардың қатарын төмендегі қолданыстар да толықтырады: Қалың сауырлы, қара нарым екен дедім ғой! (М. Ә.). Бақшадағы бұлбұлым, тұғырдағы тұйғыным ешбір уайымсыз деп жүр едім (Ғ. М.). Азаматтық пен ақындықтың, ерлік пен махаббаттың, өмірге деген құштарлықтың қуатты оты болатын ол (С. Д.). Біздің Нұрбала гаухар ғой. Гаухарды қашан көрсең де, қай қырынан көрсең де шұғыла шашып тұрады (С. Д.). Алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы емес пе ол (С. Д.).

Бірін-бірі құптау, субъекті тарапынан оң баға беріліп, оның болашағынан жарық сәуле күтіп, үмітті көзқарасты ашуға тірек болған төмендегі мәнмәтінде «диқаншы» сөзінің ауыспалы мағынасының орыны маңызды. Аттаншы қара шоқпармын ғой! Сен берекелі диқаншым! Елімнің диқаншысы емессің бе?! Жеміс күтіп, нәр алатыны сенсің ғой! (М. Ә.). Мәнмәтіндегі «қара шоқпар» ауыспалы тіркесі мен «диқаншы» ауыспалы тіркесі антитезалық  қатынаста қолданылған. Сол арқылы екінші субъектіні бағалауда көрініс беретін модалді мағына өңделе түскен. Әрине, бұл жердегі антитезалық реңк астарлы салыстыру арқылы жағымды көзқарас шеңберінде көрініс тапқан. Көркем шығарма ізімен салыстырсақ, «қара шоқпар» Дәркенбайға қатысты айтылған ауыспалы қолданыс болса, «диқаншы» –Абайға қатысты қолданылған лексикалық ауыстырулар. Автор-субъекті көзқарасын ескере талдасақ, «қара шоқпар» мен «диқаншы» қолданыстарының астарынан тек жағымды көзқарасты қабылдаймыз.

Автор-субъект модалді мағынаны бір-біріне аналогиялық қатынаста болатын (жағымсыз реңкті ашуда) сөздердің ауыспалы мағынасымен де жеткізе алады. Мысалы: Е, көп суыр! Көбің қосылып ін қазамын деп жатырмысың! Күнту деген бір томар табылыпты. Енді тобыңмен тырналап, тістелеп тырмысқаның сол жалғыз бір томардың түбін кеміру ғой! Жә, жә! Суыр болған соң, суырлығын етеді де сол! (М. Ә.). Әзімбай деген көкауру қазір кесел болып өсіп келе жатқан (М. Ә.).

Ал «жүйріктер» қолданысы ауыспалы мағынада бірде «адамға» қатысты, бірде «жылқыға» қатысты сөздерге мәндес қолданылады. Адамға қатысты айтылған «жүйрік» сөзі метонимия мен метафора қолданыстарының ішкі байланысынан қалыптасқанын айта кету орынды. «Жүйрік» сөзі жануар, жылқы сөзімен тура мағынадағы тіркестік қолданыста болып, сын есімнің заттық белгілерді меңгеру қасиетіне орай, осы сөздің орнын басып, ауыспалы мағынаға ауысқан. «Жылқы» малының жүйріктігін адам мінезіне, іс-әрекетіне ұқсастырудан метафора қалыптасып, «жүйрік» сөзі адам сөзінің мәнмәтіндік баламасы болып қабылданады. Яғни, ұқсас белгілер нәтижесінде метафора қалыптасса (жүйрік жылқы→жүйрік адам), тіркестегі бір сөз мағынасының екінші сөзге берілуі нәтижесінде метонимиялық қолданыстар көрініс берген (жүйрік жылқы→жүйрік адам→жүйріктер). Көп жүйріктің ішінен бір Абдолланың суырылып шығарына сенуші едім! (С. Д.).

 

                                   Ән – арман,

                                  Бақыт болар ән – ұл үшін,

                                  Жүйріктер жаралады халық үшін.

                                                                                   (Ғ. Ж.).

 

Бұдан мәнмәтінде жүзеге асатын грамматикалық құбылыстардың байланысы бір-біріне ілесе, ішкі қатынаста дамитынын байқаймыз.

Әр түрлі заттың бір-біріне қатыстығы негізінде бірінің мағынасы екіншісінің атауымен берілуі арқылы жасалатын метонимиялық қолданыстар да лексикалық ауысулардың қатарын толықтырады. Бір аңғаратыны, метонимиялық қолданыстар – тіркестік ықшамдалу әсерінен пайда болатындығы. Яғни, тіркестің басыңқы сыңары ықшамдалып, оның мағынасы бағыныңқы сыңарға ауыса қолданылады. Метонимиялық тәсілдің ауыспалы мағыналы сөздерді қалыптастыру ерекшелігін мына мысалдардан байқаймыз: Тек балталымен алыссаң да, қалталымен алыса көрме... (Ғ. М.). Мұндағы «балталы», «қалталы» сөздері сөйлем мазмұнында орын алған күдіктену модалді мәнін астарлы жеткізуге тірек болған. Төмендегі мысалда «қара сирақ» қолданысы адам сөзіне қатысты (қара сирақ бала) ауыспалы мағынаны меңгеріп, субъектінің үмітін, өсу жолдарын анықтайды. Мысалы:   

                                     

                                     Өмір – жарыс!

                                    Сынаққа сап не түрлі.

                                    Қара сирақ қатайды да,

                                   Бекінді

                           (Ғ. Ж.).

Төмендегі мысалда «әже» сөзінің орнын сын есімді тіркестегі «ертегішіл» сөзі ауыстырып, субъектаралық қарым-қатынастың, бағалаудың астарлы мәні, көрінісі дараланған.                                                     

                        

       Ел парызы тұмар болып мойнында

     Тумай жатып бөлінді ме ой мыңға

                                   Бөбек кезін өткізді ол

                                  Ұршықты

 Ақ жаулықты ертегінің қойнында

                                               (Қ. М.).

 

Келесі мысалдағы «тарих» сөзі де субъектінің бағалауынан хабардар етіп, транспозицияланған лексикалық бірліктердің қатарын толықтырған. Бұл қолданыста «шежірешіл адам» тіркесіндегі «шежіре» сөзі «тарих» сөзімен алмастырылып, «адам» сөзінің барлық мағынасын, белгісін меңгеріп, осы сөздің мәндес, жуық нұсқасы болып қалыптасқан және субъекті көзқарасын ашатын негізгі тірек сөздер қызметін атқарған.

 

                                   Шәкірт кезін өткізді ол,

                                  Шерлі де

                                 Шежірелі абыз тарих қасында

                                            (Қ. М.).

 

Сонымен, лексикалық ауысулар да – көздеген мақсатпен, қажеттіліктен қолданыста көрініс табатын, көп функциялы қызметімен көзге түсетін модалділік санатының жасалуына негіз болатын белсенді тілдік амалдар. Олардың жасалуы да, модалді мәнді түрлендіру қызметі де белсенді, алуан қырлы. Яғни, біз талдаған мысалдармен шектелмейді.

Модалділікке қатысы жағынан тура, ауыспалы мағыналы лексикалық бірліктер әр түрлі құрылымда қолданылатынын да байқаймыз. Нақтырақ айтсақ, бір қолданыста дербес тұрып модалді мағынаны дараласа, бірде синонимдер, бірде антонимдер ретінде жұп құрап қолданылып, субъекті көзқарасының мәнін өз дәрежесінде айқындауға, түрлендіре, күшейте, үстемелей жеткізуге сеп болады.

Тура, ауыспалы мағыналы бірліктердің семантикасы арқылы стилистикалық әсірелеу, экспрессивтік реңкті тереңдету мақсаты көзделсе, бір сөйлем құрамында синонимдік нұсқалары қатарласа жұмсалады. Бұндай қолданыстар субъектаралық көзқарас негізінде көрініс беретін модалді мағынаны да жандандырады. Әзімбайдың маңынан қаскөйлік, қорлықтан басқа не шығушы еді? (М. Ә.). Өмірде алдына үлкен мақсат қойып, айтулы бір қиындықты жеңбеген адам – ең құнарсыз, құнсыз, нәрсіз, әлсіз адам                 (С. Д.). Бағалаушы субъекті тірек еткен «қаскөйлік», «қорлық», «құнарсыз», «құнсыз», «нәрсіз», «әлсіз» сөздерінен бағаланушы субъектінің іс-әрекеті, мінезі, өмірге көзқарасы және бағалаушы жақтың да болмыс-бітімі, өмірлік ұстанымы және өзара қарым-қатынас астары да дәл ажыратылады.

Транспозиция құбылысы нәтижесінде қалыптасатын лексикалық ауысулардың антонимдік жұп құрауға тиек болуы – сөйлеу тілінде орнығуының бір көрінісі.

 Осындай сапада өзгеріске түсіп, түрленетін лексикалық бірліктердің қалыпты және мәнмәтіндік антонимдік жұпта қолданылып та, екі субъектінің мінезін, болмыс-бітімін салыстыра айқындап, бағалаушы субъектінің көзқарасынан хабардар етеді. Мысалы: Оларда пасықтық бар, адамдық жоқ (М. Ә.). Мысалдағы «пасықтық», «адамдық» мәнмәтіндік антонимдер қызметінен астарлы модалді мағынаны қабылдаймыз.

Мәнмәтіндік антонимдер – тіл білімінде зерттелуі жағынан қызығушылық тудырып жүрген қолданыстар. Олардың негізгі белгісі мағына қарама-қарсылығына негізделеді. Дегенмен, тұрақты немесе лексикалық антонимдермен салыстырғанда, мәнмәтіндік антонимдердің қалыптасу құрылымы еркін, қозғалмалы. Олар автордың стилистикалық мәнерлеуіне, сөз саптауы мен терең талғампаздық, әсірелеу талантымен байланыста қалыптасады. Сонымен, жинақталған тілдік деректерден антонимдердің мәнмәтіндегі көріністерінің орныққанын байқадық. Ал олардың көркем шығармадағы көріністерін, сапалық өсуін, модалді мағынаны даралаудағы қызметін нақты деректерге сүйеніп, төмендегіше сипаттауға болады.

Мәнмәтіндік антонимдердің қалыптасуына уақыт, аралық, қашықтығы жағынан семантикалық белгілері алшақ жатқан сөздер негіз болады.

Мысалы: Тағы да манағыдай секундтардың «аруағы артып, терісіне сыймай үлкейіп, ғасырыңыздың өзін менсінбейтін» халге келді. Секунд шіркін есірсе есіргендей бар енді! Себебі тап қазір ғасырлардың қолынан келмейтін жамандықты да, ғасырлардың қолынан келмейтін жақсылықты да жасай алатын сол бір қас-қағым сәт (Ә. Т.).

Осы мысалдағы «секунд-ғасыр» сөздері бір-біріне қарама-қарсы мәнде  қолданылған. Әрине, мұндай ауыстырулар қолданысқа ерекше реңк үстеп, оқырманның рухани қажеттілігін өтейді. Ал модалділікке қатысын сипаттасақ, мысалда өмірді бағалау ақынның жан дүниесімен сабақтаса көрініс берген. Бұндай лексикалық тіректер – субъектінің ішкі көзқарасын жеткізуде ұтымды қолданыстар. Жағымды, жағымсыз мәнді ажырататын мәнмәтіндік антонимдер субъектаралық көзқарастың, өмір ұстанымдарының қайшылығын бейнелі астарлайды. Және өмір сүру ұстанымдары әр түрлі субъектілердің мінезін бір құрылым аясында жинақтап беруде ұтымды қолданыстар болып табылады.

Белгілі бір субъектінің іс-әрекеті бірінде жағымды, екіншісінде жағымсыз белгіге ие болып, мәнмәтіндік антонимдерді қалыптастырады. Мысалы: Арзан менен маржанды ажырата алмайтын бәзбіреулер оны мақтап та жүреді (С. Д.). Иә, тереңдер ақынсың деп бағалайды, тайыздар үйің жоқ деп табалайды (С. Д.). ...Бүйтпеген күнде менің күнім қараң, мына менімен істейтіндердің бәрі жұлдыз болғанда мен аймын. Жарықпын ба, күңгіртпін бе, ол өз алдына, әйтеуір ай екенім анық. Ал Құпия – ән өнерінің жаңа шығып келе жатқан күні. Ай мен жұлдыздарға күннің қажеті жоқ. Өйткені кеме келсе, қайықтың судан шығатыны сияқты, күн келгенде ай, жұлдызға орын жоқ (С. Д.).

                                       

                                       Жазылып кәрі дене құрысқаны,

                                      Жадырап атады ылғи ырыс таңы.

                                     Көбелек болғың келіп кетер еді,

                                     Көрмесең қара шаруа құмырсқаны

                                                                                     (Қ. М.).                      

 

Мысалдағы «арзан-маржан», «терең-тайыз», «ай-күн», «көбелек-құмырсқа» сөздері астарлы салыстыру нәтижесінде бірі жағымды көзқарасты, екіншісі жағымсыз көзқарасты айқындап, аз сөзбен ұтымды ой айтып, астармен субъектінің ішкі көзқарасын, олардың қарым-қатынасын, ішкі көзқарастарындағы қайшылықтарды ашуға тірек болған.

Мәнмәтіндік антонимдерді тілге тиек ете отырып, суреткер өмір шындығын шебер суреттеп, өзінің де рухани дүниесін, авторлық бейнесін, көзқарасын ашады. Сол арқылы суреткер мен оқырман арасындағы модалді мәннің, бағалаудың бар қыры ашылады, астарлы сабақтасады. Өйткені суреткер кез келген екі құбылысты алып теңестіре немесе салыстыра бермейді, оның астарында шығарманың идеялық мазмұнымен, суреткердің эстетикалық талғамымен астарласқан мақсат жатыр. Ойымызды төмендегі мысалдармен бекітуге болады: Тау дегеніңіз төбе, асқар дегеніңіз аласа, тұлпар дегеніңіз тұғыр болып қалмасын қайдан білдіңіз!? Төбені ғана көргендер тауды қайдан танысын. Қыран деген кісілеріміздің жылан болып шыққанын да, шалқар теңіз дегендердің шалшық қана екенін де көріп жүрміз (С. Д.).

«Құс атаулары метафоралы мағынада қолданылып, жағымды не жағымсыз мағынаны білдіреді. Мысалы, лашын, қаршыға, сұңқар сияқты қыран құстардың атаулары, бұлбұл, сандуғаш сияқты құс атаулары жағымды эмоцияны білдіру үшін қолданылса, сауысқан, қарға, күшіген, тоты, құзғын, байғыз сияқты құс атаулары жағымсыз мағынаны білдіру үшін қолданылады» [5, 120 б.]. Осындай антонимдердің жасалуына «бұлбұл-қарға», «сұңқар-қарға» т.б. сөздері де тірек болады. Мысалдарға назар аударсақ: Айналасы бір-екі айдың ішінде «Ашылып сайрау» аяқталды да, іле-шала: «Сайрағанның бәрі бұлбұл емес, шешек атқанның бәрі гүл емес»... Бұлбұлданқарғаны, гүлденарам шөпті ажыратуымыз керек!» деген ұран көтерілді (Қ. Ж.). Әлдеқандай көріп, сұңқар екен деп жүрсем, жемтік басындағы қарға екенсің ғой (Е.Д.).

        

        Ақын жүрек жандармен дос болайын,

                                 Қырандарға қызығып өскен едім,

     Қарғалардың тобына қоспа, ағайын...

                                      (Ғ. Ж.).

 

Әрине, біз қарастырған мысалдармен олардың жасалуын, санын шектей алмаймыз, себебі мәнмәтіндік антонимдер стильдік шеберлікпен жаңаланып, еселеніп, толығып отырады.

Келесі мысалда адамның жастық шағындағы мінезі мен балалық шағындағы мінезі астарлы салыстырылып, «дана-бала» антонимдік жұптарымен берілген. Мұндағы «дана» сөзі ақылды, «бала» сөзі аңқау сөздерінің орнын басқан. Субъекті мінезіндегі қасиеттер осы сөздермен дараланып, ішкі бағалау көріністері орнығып, белгілі жағдаятқа сәйкес автордың көзқарасын астарлап тұр.

 

                                 Айтқан кезде сөзін айтып дананың,

                                Алданғанда алданушы ең баладай...

                                                                                    (Қ. М.).  

 

Мәнмәтіндік синонимдер сияқты мәнмәтіндік антонимдер де ауыспалы мағынаның ішкі тәсілдері арқылы жасалады. Яғни, тура мағыналы сөздің орнын ауыспалы мағыналы сөздер ауыстырып, антонимдерді сандық, сапалық жақтан кеңейте түседі. Мысалы: 

 

                                  Мақсатсыздың қашаннан құйын алды,

                                 Екі бөлек тұрағы тиын, ардың

               - Мен өмірге ғашықпын - дейді біреу,

               Сәл тергесең аузына құйылар құм

                                                                   (Ғ. Ж.).

 

Талданған мысалда «тиын-ар» антонимдік жұптары – қалыпты қолданыстағы арлы-арсыз сөздерімен мағыналас. Мұндай метафоралар жаңа мағыналардың пайда болуына тірек болып, автор-субъектінің кейіпкерін бағалаудағы өткір көзқарасын сөзбен кестелейді. Қолданыстағы метафора нәтижесінде қалыптасқан антонимдік жұптардың модалді, эмоциялық, экспрессивтік бояуы әсерлі де бейнелі, тосын, көркемдік деңгейі жоғары.

Астарлы метафоралық қолданыстардың әсерінен жасалған антонимдерді төмендегі «тікенек-гүлім» жұптарынан аңғарамыз. Ішкі ниеті жаман адам, жауыздық «тікенек» сөзімен астарласса, нәзік, жүрегі ақ адам «гүл» сөзіне теңестірілген.  

      

                                   Арманым өзің үшін мен,

                                   Алысып талай батты күн.

                                  Тікенектердің ішінен,

                                  Табатын менің ақ гүлім

                                                                             (Қ. М.).

                      

Дәл осындай сападағы мәнмәтіндік антонимдерге «бұлт-жұлдыз» нұсқасын жатқызуға болады.

 

                                 Арманым өзің үшін мен,

                                 Аяусыз кесем тілді ұзын.

                                Тал түсте бұлттың ішінен,

                                Табатын менің жұлдызым

                                                                           (Қ. М.).

 

Мысалдағы бейнелі антонимдік қолданыстар субъектіні бағалауда дәл, ашық мінездеудің ұтымды тіректері болып табылып, автор-субъектінің өткір қаруы іспетті қызмет атқарады.

Кейбір лексикалық бірліктердің мағынасы тура және қолданыста орныққан ауыспалы мағынасынан бөлек стилистикалық құбылтуға да икемделеді. Мұндай қолданыстарда сөзге тән, әбден қалыптасқан негізгі ұғым екінші қырынан түрленеді. Осы мәселеге қатысты «ит» сөзінің мағыналық жаңару сатысына көз жүгіртсек. Мысалы: Есенейдің иттері әуелі шыға салып таласып алды. Тайыншадай дырау, қасқыр азу иттердің тістері қанжардай жарқылдап кетті. Иттерде қай бұрын жығылғанын талайтын әдет бар (Ғ. Мүс.). Бұл мысалда «ит» сөзі тура мағынада. Ал екінші қолданыста тура мағынаның ізімен қалыптасатын «ит» сөзінің ауыспалы мағынасын ажыратамыз. Мысалы: ...Әлдекім әлдеқашан айттырып, құда түсіп қойған болар-ау... Оған сөз жоқ қой. Ит-ай, не деген маңдайы жарылып туған ит еді! (Ғ. Мүс.). Үшінші мәнмәтінде  «ит» сөзінің тура мағынасы, онымен байланыста қалыптасқан ауыспалы мағынасы жаңа сапада, екінші қырынан танылған. Бірінші, екінші мысалда жағымсыз реңк орын алса, соңғы мысалда субъектінің сағынышын, қуанышын ашуға тірек болған «ит» сөзінің тосын қолданысын аңғарамыз. Мысалы: Артекең Садыр батырмен ерекше сағынышты амандасты: – Батырым-ай, оқ өтпесім-ай, найзагерім-ай, сені де көретін күн бар екен-ау! Сен ит он бес жыл бойы неге ат ізін салмай кеттің? Өліп қалған шығарсың деп жүр едім (Ғ. Мүс.).

М. Оразов ит сөзінің мәнмәтіндегі осындай қолданысына назар аудара келе: «...күнделікті өмірде ит сөзі өзі қатар өскен құрбы-құрдастар арасындағы жеңіл әзіл, өзімсініп еркелеу (жағымды) мағынасында да қолданылады»,– деп негізгі қалыптасқан мағынасынан бөлек қолданыстық мағынасының  да болатынын ескерген [5, 120 б.].

Белгілі бір ұқсас белгілері арқылы көрініс беретін ауыспалы мағыналы сөздерден стилистикалық бояуы басым коннотациялық мәндегі бұндай сөздердің өзіндік ерекшелігі бар. Нақтылай айтсақ, қалыпты ауыспалы мағыналы сөздер мен тура мағыналы сөздердің мағыналық, экспрессивтік бояуында белгілі бір жақындық орын алса, стилистикалық бояуы басым коннотациялық ауыстырулардың экспрессивтік реңкінде елеулі өзгерістер көзге түседі. Яғни, жағымсыз мағынада қолданылатын зат есімдер жағымды бояу үстейді немесе керісінше. А. Таусоғарова тілдік белгілерге тән мұндай мағыналық кеңеюді тіл біліміндегі «коннотаттық» мағынамен ұштастыра түсіндіріп, оның теориялық белгісін төмендегідей дамытады: «... бұл объект туралы қалыптасқан лексикалық мағынаның синтаксистік құрылым барысында өзгеруі болып табылады. Мысалы: Сүй жан сәулем, тағы да сүй, тағы да// Жылы тәтті у тарады қаныма (М. Жұмабаев). Объективті дүниеде «у» сөзінің жағымсыз жағы басым болса, көркем контексте лирикалық субъекті қабылдауында басқаша. Өзгертуші контексте «у» сөзінің тілде қабылданған негізгі ұғымы жойылған» [6, 16 б.].

Сөздердің мағынасы коннотаттық мағынада түрленгенде, әрине, тілдік белгіні синтаксистік құрылымда, мәнмәтінде салыстыру – негізгі шарт. Сонда ғана тілдік белгінің семантикалық жақтан жаңару сапасының астарын ұғынамыз. Бұдан тілдік белгілердің семантикалық құбылуы үздіксіз даму үстінде болатынын, сөздік қордың, ішкі амал-тәсілдердің грамматикалық заңдылықтардың кешенді қызметінен толыға беретініне көз жеткіземіз. Лексикалық бірліктердің тура және қолданыста орныққан ауыспалы мағынасынан басқа коннотаттық мағынасының қалыптасу сатысы бар. Егер тура, ауыспалы мағыналы тіркестермен салыстырсақ, коннотаттық мағына жалпы қолданыста кең етек ала алмайтын, стилистикалық айшықтауы басым, соны шеберліктің жемісі деп бағаланатын екінші сатыдағы қолданыстар болып табылады. Экспрессивтік бояу әр түрлі грамматикалық тәсілдердің функционалдық қызметінен яғни біріге, жұптаса қолдану нәтижесінде сарапталады. Бұдан шығарар қорытындымыз: синтаксистік байланыстан, грамматикалық ортадан тыс лексикалық бірліктердің модалді мәнін дәл анықтай алмаймыз. Лексикалық бірліктердің қолданыстық мағынасы грамматикалық амалдардың мәнмәтінге тәуелділігін дәлелдейді.

 

 

            Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Салқынбай А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Эверо, 2008. – 464 б.

2.     Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат, 1993. – 496 б.

3.     Хасенов Ә. Тіл білімі. – Алматы: Санат, 1996. – 416 б. 

4.     Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы: Сөздік-словарь, 2006. – 264 б.

5.     Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. – Алматы: Рауан, 1991. – 216 б.

6.     Таусоғарова А. Өлең мәтінінің синтаксистік ерекшеліктері. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 185 б.