ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЕРІН ДАУЫСТЫЛАРЫНЫҢ
ҮНДЕСІМ БЕЛГІЛЕРІ
Б.К. Көпбосынов
Қазқстан,
Шымкент. М.Әуезов атындағы ОҚМУ
Резюме
В этой статье рассматривается сингармонизм в казахских
языках.
Қазақ тілінде
үнедстік заңына байланысты зерттеулер ерте кезден басталғаны
белгілі. Қазақ тіл білімінің негізін қалаған
ғалымдар А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы
еңбектерінде сингармонизм зандылығына ерекше мән берілген.
Өз кезінде Х.Досмұхамедұлы
"қазақ-қырғыз тілдерінде сингармонизм заңына
көнбейтін сөз, сөз өзгерісі жоқ. Сингармонизм
тілімізді үйренуге, үйретуге жеңілдетіп тұр, жаңа
сөздер тудырып, сөздер қосып, адастырмайтын
қарақшы даңғыл жол болып тұр" деп
анықтап кетеді [1, 85].
Қазіргі қазақ
тілі білімінде Ә. Жүнісбек, М. Жүсіпұлы
(сингармониялық теорияны қалыптастырушылар), Ж. Әбуов,
С. Мырзабековтің зерттеулерінде ерін үндестігінің
қазіргі қазақ тілінің жүйесіндегі қызметі,
сөз бойындағы таралу шегі анықталды. Ә.
Жүнісбеков өз зерттеулерінде [2,82] ерін дауыстыларының жасалу
жолдарын инструменттік талдау арқылы дәлелдеп, нақты
тұжырымдарды жаңаша қырынан түсіңдірді.
Ғалымның пікірінше, үндестіктің екі түрі
фонологиялық та, фонетикалық та тұрғыдан тең
құбылыстар. Сондықтан олар бүтін жүйенің
құрамды бөліктері болып саналады.
Проф.
Ж.Әбуовтың пікірінше, сингармонизмге деген жаңа және
шын мәніндегі шынайы көзқарас қазақ тіл білімінде
толық калыптасып болды деуге болады [3, 226]. Мысалы, проф. М.Жүсіпұлы
"Тілдің дыбыс қорын сингармонизм фонологиясының
бағытында зерттеу үшін, біріншіден, ізденушінің алдында
тұрған мәселелерге функционалдық (динамикалык)
көзқарасты қалыптастыру керек; екіншіден, қазақша
сөйлеу процесінде дыбысталу дағдысының және
қазақ артикуляциялық базасының (дыбыстау
мүшелерінің) сингармонизм заңына нық бейімделгенін
анықтау керек еді. Ал, бұлардың ұйтқысы
сингармонизм заңы екендігі, сондықтан ол сингармониялық
және бейсингармониялық (акцентті-фонемалық) дыбыстау
дағдылары мен артикуляциялық базаларды салыстырып зерттегенде
айқын байқалады" [4,7] деп, болашақ зерттеушілердің
алдына күрделі мәселе қояды. Егер сингармонизм
мәселесін толық шешу керек болса, онда оны жеке бөліп
қарамай, басқа тілдердегі өзі тектес тілдік бірліктермен
жарыстыра қарастыру керек екенін ұсынады. Сонымен қатар
сингармонизмді оның тілдік қызметі тұрғысынан
байыптағанда ғана оның табиғатын дұрыс
түсінетін боламыз. Басқаша айтқанда, "Сингармонизм -
сөздің фонетикалық және фонологиялық бейнесінің
просодиялық таңбасы, сөз құрамындағы
барлық дыбыстарды (дауысты, дауыссыз, жарты дауысты) қамтиды;
сөзді акустикалық және мағыналық жағынан
тура қабылдаудың кепілі... Сингармонизмнің тағы бір
коммуникативтік қызметі сөздің құрамындағы
дыбыстарды біріктіру. Сөз, сөздің
құрамындағы буындардың барлығы бір
сингармониялық тембрмен сипатталады [4,107]. Сөйтіп сингармонизм
түркі тілдеріндегі, оның ішінде қазақ тіліндегі
күрделі құбылыс ретінде сөздің просодикалық
белгісі, ол сөздің кұрамындағы дыбыстардың
бәрін қамтиды, соның нәтижесінде дыбыстардың басы
бірігіп, бүтін бір сөзге айналады, ол тек сингармонизм арқылы
ғана дұрыс айтылады, сингармонизм арқылы ғана
дұрыс танылады.
В.А. Богородицкий түрлі түркі тілдерінің сөз
формаларындағы сингармонизм заңдылықтарын тұжырымдап
шықты. Ол түркі тілдеріне тән сегіз дауысты дыбысқа (о
– ö, u – ü, a – ä/e, y(ы)-i) негізделген сегіз тордан
тұратын кесте жасады да, көлденең төрт қатарына
түбір буынындағы төрт ерін дауыстыны, яғни о – ö
(жуан), u – ü (жіңішке); аффикстік вокализмнің екі типіне
сәйкес кестені тігінен екіге бөліп, еріндік: a – ä/e
(ашық), y-i (қысаң) дыбыстарын орналастырды.
В.А. Богородицкий
түрлі түркі тілдерінде қосымшалардағы ерін
үндестігі біркелкі болмайтынын анықтады. Барлық түркі
тілдері қосымшалардағы ерін үндестігін толық
қолданулары және аз қолдануларына байланысты белгілі бір
шкала бойынан орын алады. Бұл шкала бойынша түркі тілдері
төмендегі тәртіппен берілген:
1)
қырғыз және алтай тілдері,
2)
қарайым және шор диалектілері,
3)
қазақ және чулым тілі,
4)
қызыл және барабин диалектілері,
5)
хакас диалектілері,
6)
батыс-сібірлік татарлар диалектілері,
7)
мещеряк диалектісімен татар тілі және башқұрт тілі,
8)
қарағас диалектісі және тува тілі,
9)
Синь-Цзян диалектілері, қазіргі ұйғыр, өзбек
және оңтүстік тілдері,
10)
Көне жазба ескерткіштер.
Чуваш тілі кейбір
морфологиялық сипаты бойынша оңтүстік түркі тілдерімен
бірігеді, ондағы ерін үндестігі тек диалектілерде ғана
көрінеді және оның өзінде қазан-татар типіне
ұқсас болып келеді [5, 92].
Ф.Г. Исхаков өз зерттеуінде
қазіргі түркі тілдерінің материалдарын пайдалана отырып,
түрлі түркі тілдеріндегі ерін және езу дауыстылар
үндестігінің ортақ және айырым белгілерін
көрсететін мол салыстырмалы материал келтіреді.
Түрлі түркі
тілдеріндегі сөзформаларын езу үндестігіне қатысты
салыстырудан мынандай ерекшеліктер байқалады.
1. Тіл арты ашық
дауысты негізге 1) көптік жалғауы тіл арты ашық дауысты а
дыбысымен, 2) тәуелдік жалғауы қысаң y дыбысымен
және 3) локальды септіктер
жалғауы ашық а
дыбысымен, ілік пен табыс септіктері - қысаң y (ы) дыбысымен
жалғанады. Тіл алды ашық ä дауысты негізге
аталған қосымшалар жіңішке болып жалғанады.
Чуваш және якут
тілдерінен басқа түркі тілдерінің барлығында бұл
қосымшалар бірдей болып келеді, олардың айырмасы тек белгілі бір
тілдегі ассимиляция заңдылығы бойынша қолданылатын дауыссыздарда.
Есімдер мен етістік формаларының қосымшаларындағы дауыссыздарға
қатысты да бұл қағида күшінде қала береді.
Мысалы, жалпытүркілік mal – mal-y, mal-lar (~ maldar), mal-lary (~
maldary), mal-da т.б.
2. Тіл арты
қысаң дауысты негізге 1) көптік жалғауы тіл арты
ашық дауысты а дыбысымен, 2) тәуелдік жалғауы қысаң
y (ы) дыбысымен және 3) локальды септіктер жалғауы ашық а дыбысымен, ілік пен табыс септіктері -
қысаң y (ы) дыбысымен жалғанады.
Тіл алды
қысаң дауысты негізге жалғанғанда аталған
қосымшалар жіңішке болып келеді. Мысалы, жалпытүркілік qyš
– qyš-y, qyš-lar, qyš-lar-y, qyš-ta, qyš-ny.
Чуваш және якут
тілдері өздерінің фонетикасында болған өзгерістерге
сәйкес формаларды қабылдайды [Исхаков 1955; Щербак 1970].
Сингармонизмді
жоғалтуына байланысты өзбек әдеби тілінің де
өзіндік ерекшеліктері бар: көптік жалғаудың бір
ғана lär формасы бар (ол өзбек тіліндегі l фонемасының
жіңішкеруімен байланысты), локальды септіктер – жатыс пен шығыс –
жалғаулары кез келген позицияда тіл арты ашық дауысты а
дыбысымен, барыс септігі –gä/-ga варианттарымен, табыс септік - қысаң
y (ы) дыбысымен келеді [СГТЯ,1994, б. 448-449].
Ерін үндестігі
құбылысы қазақ тіл білімінде де өз
дәрежесінде зерттеу еншісіне ие болмады. І.Кеңесбаев, Ж.Аралбаев
сынды ғалымдар өз еңбектерінде ерін үндестігіне
қысқаша тоқтала келе: "Ерін үндестігі (лабиалдық
аттракция немесе лабиалды сингармонизм) қазақ, тілінде езу
үндестігіне қарағаңда өте сирек кездеседі.
Қазақтардың ауызекі тілінде аздап болса да ерін
үндестігі байқалады [6, 283-284], "сөзді" бірінші
буынында ерін дауыстысының (о, ө, ұ, ү) біреуі келетін
болса, одан соңғы екінші кейде үшінші (өте сирек)
буындағы езу "е, ы, і" дауыстылары кейде сөйлеуде
"ө, ұ, ү" ерін дауыстыларымен үндеседі – комбинаторлық
түрде алмасып айтылады", -деп [6, 91], ерін үндестігін екі,
кейде үш буынмен шектеген. Оған себеп кезінде түркі тіл
білімінде қалыптасқан қазақ тіліңдегі ерін
үндестігі қырғыз және алтай тілдеріңдегідей аса маңызы
жоқ делінген пікір үстем болғаңдығыңда еді.
Әрі түркі тілдерінің кейбіріңде әлсіз
байқалатын ерін үндестігін желеу етіп, түркі тіл біліміндегі
бұл құбылыс кейін пайда болған деген пікір
қалыптасты.
Түркі тілдерінің
ішіндегі қырғыз тілінде ерін үндестігінің күшті
екендігі анық. Осы заңдылықты И.А.Батманов жүйелі
түрде зерттеген болатын. Ғалым сингармонизмнің төрт
белгісін байланыстыра қарап, ерін үңдестігінің сингармонизм
жүйесінде тұрақты да айқын орны барын дәлелдеді.
Сөйтіп жалпы түркілік дәуірден келе жатқан ерін
үндестігінің түркі фонетикасындағы
маңыздылығы көрсетілді [7, 93].
Ерін үндестігі қазіргі түркі тілдерінің біріңде
мүлдем кездеспесе, екіншілерінде әрқилы көрініс беріп,
өзінше ерекшеліктерге ие. Бір түркі тілдерінде құбылыс тек
қана түбір сөздермен шектелсе, ендігі бірінде бүткіл
сөздің қосымшаларын (қосымшалар құрамын)
қоса қамтып, ал үшіншісінде бір қосымшаның
құрамында ғана байқалып, онан кейінгілеріне әсері
болмауы мүмкін. Қырғыз, алтай бұлардан кейінгі тува, хакас,
якут тілдерінің фонетикалық жүйесінде ерін үндестігі
тіл үндестігімен бірдей маңызды қызмет атқарады. Тува,
хакас, якут және басқа түркі тілдеріндегі ерін
үндестігі көбіне кейінгі буындардағы қысаң
дауыстыларға тән болса, қырғыз, алтай тілдерінде
қысаң мен ашық дауыстыларға да тән қасиет [8,
158]. Міне осы тілдердегі құбылыстың жайын ғалым
Ф.Г.Исхаков сөз қылып, ерекшелікте көрсетіп берген.
Төменде автор көрсеткен қазіргі түркі тіддеріндегі ерін
үндестігінің сипаты осы шамада.
|
қазақ |
бүтін |
күміс |
көмір |
отыз |
мұрын |
|
қырғыз |
бүтүн |
күмүш |
көмүр |
отуз |
мурун |
|
алтай |
будун |
күмүш |
көмүр |
отус |
(тумчук) |
|
якут |
пүдүн |
көмүс |
көмөр |
отут |
мурун |
|
хакас |
пүдүн |
күмүс |
көмер |
отыс |
пурун |
|
құмық |
бүтүн |
г 'үмүш |
к'өмүр |
отуз |
бурун |
|
тува |
пүдүн |
(мөңгүн) |
хөмүр |
— |
(думчук) |
|
үйғыр |
пүтүн |
күмүш |
көмүр |
оттуз |
бурун |
|
шор |
пүдүн |
күмүш |
көбүр |
одус |
пурду |
|
түрікмен |
бүтен |
күмүш |
көмүр |
отуз |
бурун |
|
татар |
бөтөн |
көмеш |
күмер |
утыз |
борын |
|
башқүрт |
бөтөн |
көмөш |
күмер |
утыз |
борон |
Кестеде әр тілге
қатысты фактілер ішіндегі қазақ тілі деректерінен ерін
үңдестігі байқалмайды. Яғни, сол кездегі
қалыптасқан дәстүр бойынша, бұл
құбылыс еленбеген. Оның үстіне автор бұл кестеде
тек мысал алынып отырған тілдердің сөздіктерде беріліп
жүрген жазу үлгісін пайдаланған. Ал сөздіктер болса,
олардағы сөздердің жазылуы емле тәртібімен берілетіні
түсінікті. Мұны қазақ тілінен келтірілген мысалдардың
жазылуынан анық көруге болады. Егер кестедегі қазақ
мысалдарын транскрипциялау үлгісімен берер болсақ, сөз
жоқ, былай таңбаланар еді: бүтүн, күмүс,
көмүр, отұз, мұрұн.
Қорыта
келе айтарымыз, қазақ тілінде ерін үндестігі өз
дәрежесінде сақталған. Қырғыз тіліндегідей
анық байқалмаса да, ерін дауысты дыбыстар айтылу барысында
көрініс беріп жатады. Өкінішке орай жазба тілідің белгілері
сөйлеу тілінің бұзылуына жол беріп, орфоэпиялық
норманың ауытқушылығы қазіргі кезде белең алып
жатқаны жасырын емес.
1. Досмұхамедұлы X. Аламан. — Алматы: Ана тілі, 1991.
2. Джунисбеков
А. Инструментальный анализ гласных // Строй казахского языка. Фонетика, —
Алматы: Наука, 1991.
3. Абуов Ж. Перцептивная
фонетика. -Алматы: КазГЮА, 1999. -226 с.
4. Жүсіпұлы М. Ахмет Байтұрсынов және
қазіргі қазақ тілі фонологиясы. -Алматы: Ғылым, 1998.
-215 б.
5. Кеңесбаев I., Мұсабаев Ғ. Қазіргі
қазақ тілі. — Алматы, 1962.
6. Аралбаев Ж. Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер. — Алматы:
Ғылым, 1988.
7. Батманов
И. Фонетическая система современного киргизского языка. — Фрунзе, 1946.
8. Дыренкова
Н.П. Грамматика шорского языка. — Ленинград, 1941.