Рапишева Жанат Дабыловна (канд.фил.наук, доцент),

Карамсакова Акзере Кудайбергеновна

Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова, Казахстан

 

ҒЫЛЫМИ ДИСКУРС: НЕГІЗГІ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

 

Қазіргі заманғы лингвистика ғылымының дамуы тілдің құрылымын, тілдің стильдік тармақтарын, қолданылу қызметіне тән ерекшеліктерін жаңа ғылыми бағыттармен байланыстыра қарауды қажет етіп отыр. Соңғы кездері (ХХ ғ. соңы – ХХІ ғ. басы) тіл білімі ғылымының дамуы антропоцентристік бағытта жүргізіліп жатқан зерттеулермен сипатталады. Антропоцентристік парадигма тілді санамен байланыста қарастырып, тілді  таным үдерістеріне, тұлғаға қатысы тұрғысынан, яғни тілді адам арқылы анықтауға назар аударады. Мақалада ғылыми дискурс теориясына қатысты кейбір мәселелер қарастырылады.

 

Соңғы жылдары дамып келе жатқан антропоөзектік лингвистика, когнитивті лингвистика, мәтін лингвистикасы, дискурс мәселесі сияқты  жаңа бағыттар тілдің (речь) жеке, оқшау тұрған қалпын емес, адамның қабылдау, ойлау, түсіну, өзгеге жеткізу қабілеттерімен байланыстыра қарастырылады, яғни тіл, жазылған мәтін бұрынғы түсіндіріліп жүргеніндей өз алдына бөлек формалды дүние емес, сол тілді пайдаланатын адамның ақпаратты, алынған хабарды қабылдауы мен жеткізуінің белгілі бір жемісі. Басқаша айтқанда, соңғы жылдарға дейін қазақ әдеби тіліндегі стильдер, жанрлардың түрлері, белгілі бір мәтін, тілдік құрылым, сөйлеудің белгілі бір типке түсірілген формалары ретінде қарастырылса, қазіргі кезде бұлардың барлығы хабарды айтушы (адресант) және хабарды алушы (адресат) арасындағы өзара қарым-қатынасқа негізделеді. Нәтижесінде қазіргі ғылымда дискурсмәтінжанр типтерін таратуға бағытталған  жұмыстар жүргізіле бастады.

Қазіргі лингвистикада «мәтін» және «дискурс» ұғымдарының концептуалдық сарапталуы арқылы екі ұғымның бір-бірімен тығыз байланыста болатыны анықталды. Әлемдік лингвистикада мәтінді әртүрлі сапекті тұрғысынан, яғни мәтіннің коммуникативтік аспектісі және мәтін прагматикасы тұрғысынан зерттеу қолға алынып жатқан кезде, өткен ғасырдың аяғында дискурстық сараптаудың жаңа бағыт ретінде қалыптасуы тегін емес.

Қазіргі ғылымда дискурс жайында зерттеушілердің бірнеше анықтамасы кездеседі. Бұл анықтамалардың мазмұны бір-бірімен ұқсас деуге болады: олардың негізгі мазмұны бойынша, дискурстың элементтері – баяндалатын оқиға, оған қатысушылар, оқиғаның негізгі фоны, оқиғаны айтушының//қатысушының//жазушының бағалауы, ақпаратты жеткізу жолындағы тілдік құралдарды пайдалану тәсілдері. Бұл – тіл үнемі қозғалыста болып, коммуниканттардың (айтушы мен қабылдаушының) тарихи кезеңге қатысы тұрғысынан дербес, өзіне тән сипаттары, сондай-ақ әлеуметтік ерекшеліктері айқын көрініп отыратын тіл ағыны. Дискурс – экстарлингвистикалық факторларды (әлем туралы білім, көзқарас, айтушының мақсаты мен бағыты) қамтитын күрделі коммуникативтік құбылыс. Дискурста коммуникативтік ситуация мен интеракцияға қатысушылар және тілдік материалдар тоғысып жатады. Дискурс – көпдеңгейлі үдеріс, ол айтушының вербалды мінез-құлқы (дауыс ырғағы, интонация, паузаларға бөлуі), кинесссикалық мінез-құлқы (ым-ишара) сияқты деңгейлерді қамтиды.

Қоғам мүшелерінің әлемді тануы, ол туралы білімі абсолютті емес, ол – әлеуметтік конструкт. Тіл белгілі бір салада жұмыс істейтін адам үшін қызмет етеді. Сондықтан нысанаға алынған объектіні сипаттау үшін тілді білумен қатар, сол объекті (нысан) туралы айту үшін сипаттаудың әдіс-тәсілдерін білу қажет. Егер бұрынғы онтологияда талдау объектісін анықтап, айқындау үшін оның кеңістіктік-уақыттық шекарасын көрсету қажет болса, жаңа онтологияда бір нәрсені кім, кімге, қайда, қашан, қалай, не туралы, қандай мақсатпен айтқанын білу аса маңызды. Сондықтан да дискурс – мәтінді жасап, оны қабылдау үшін синхронды түрде жүзеге асырылатын үдеріс [1, 7].

Дискурсқа жинақталған мәтіндер, қалай болса да, ортақ тақырыпқа бағытталады. Дискурс мазмұны (тақырыбы) жеке мәтінмен емсе, көптеген мәтіндердің кешенді байланысы арқылы ашылады. Осы тұрғыдан келгенде, дискурс бір сферада қызмет ететін бірнеше мәтіндердің (мәтін типтерінің) кешенді байланысынан қалыптасады. Ал тарихи қалыптасқан адам танымы мен коммуникацияны арнайы дискурс немесе дискурс типтері ретінде қарау ұсынылады. Мысал ретінде медициналық, заңи, саяси, жарнамалық және т.б. дискурс типтерін келтіруге болады.

Егер мәтінді сөйленімдердің қатары ретінде қарастырсақ, дискурсты бір-бірімен байланысқа түскен мәтіндердің жиынтығы ретінде қарастыруға болады. Дискурсты лингвистикалық тұрғыдан зерттеу арқылы коммуникация үдерісі мен адамның сөйлеу әрекетін ғана емсе, адамдар қарым-қатынасы кезіндегі әлеуметтік жағдай мен психологиялық факторды да бағалауға болады.

Сонымен, қазіргі кезге дейін әртүрлі тілдер материалдарында ғылыми сипат берілген дискурстың төмендегідей түрлерін атап көрсетуге болады. Бұл тізімді (классификацияны) толық немесе аяқталған деуге болмайды. Себебі бұл бағытта әртүрлі тілдерде олардың қызмет ету аяларына қатысты көптеген зерттеулер жүргізілуде: 1. әскери дискурс; 2. газеттік дискурс; 3. іскери дискурс; 4. балалық дискурс; 5. өнертану дискурсы; 6. магиялық дискурс; 7. масс-медиа дискурсы;                     8. ғылыми (академиялық) дискурс; 9. парфюмерлік дискурс; 10. педагогикалық дискурс; 11. поэтикалық дискурс; 12. публицистикалық дискурс; 13. жарнамалық дискурс; 14. спорттық дискурс; 15. техникалық дискурс; 16. террористік дискурс; 17. феминистік дискурс; 18. көркем дискурс; 19. экономикалық дискурс;                     20. электрондық дискурс;  21. этикалық дискурс; 22. заңи дискурс және т.б. [2, 69].

Қазіргі дискурста әртүрлі лингвомәдениеттегі ерекшеліктер, идиоэтникалық сипаттар да көрінуі қажет. Мысалы, қазіргі кезеңде барлық халықтардың мәдениетінде саяси дискурс барынша кең өріс алуда. Саяси дискурс – билікті одан әрі бекіте түсу және оның бар екендігін көрсету мақсатындағы ауқымды дискурс. Бұл саланың типтік жанрларында әрбір халықтың лингвомәдениетіне тән вербалды және бейвербалды тілдік бірліктер жүзеге асырылады.

Дискурс тілдік феномен ретінде өзі әртүрлі ауысымдардан (мәтін, интеракцияға қатысушылар) тұрады да, осы ауысымдардың қатынасы мен бірігуіне байланысты дискурстың түрлері (типтері, топтары) пайда болады. Осындай типтердің бірі – іскери дискурс. Іскери дискурсты жан-жақты қарастырған Г.Г.Бүркітбаева оған мынадай анықтама береді: «Іскери дискурс – белгілі бір адамдар тобымен белгілі бір коммуникативтік интеракциялық жағдайда жүзеге асқан дискурстың арнайы жанрларда көрініс тапқан нақты ұғымы» [3, 47].

Дискурс пәнаралық ұғым ретінде адам әрекетінің әртүрлі салаларына, оның ішінде кәсіби аяға енеді. Осы тұрғыдан келгенде, кәсіби дискурс когнитивтік қажеттіліктердің жиынтығымен, көпшілік қауыммен қатынасымен сипатталып, құқық, медицина, әлеуметтік сала, білім беру, ғылымның өзге де салаларында көрініс табады.

Кәсіби дискурс дегеннің өзін күрделі түсінік ретінде бағалау қажет. Бұл ұғым мамандандырылған, арнайы мамандандырылған, мамандандырылмаған аудиторияға бағытталады, осыған байланысты белгілі бір ғылым саласына қатысты жазылған мәтіндер де кәсіби позицияны ұстанады. Мысалы, арнайы мамандандырылған мәтін өте жоғары деңгейдегі адресатқа арналады. Ал мамандандырылмаған мәтіннің арналатын аудиториясы – қалың жұртшылық. Осыған байланысты ғылыми-көпшілік мазмұндағы мәтіндерде тар аядағы терминдерден гөрі, қалың жұртшылыққа таныс, әлеуметтік-мәдени нормаларға сәйкес келетін, бағалау және иландыру жақтарынан айрықша сенімді сөздер мен сөз тіркестері қолданылады.

Қазіргі кездегі ғылыми дискурс – мәтін – жанр типтерімен тығыз байланыста болады.  Ғалымдар тілдердің функционалдық типтерінің мәтін жасайтындығын коммуникативтік актінің бір түрі ретінде (адресант пен адресат бар екендігін) атап қана кетеді.  Ал қазіргі жаңа ғылым салалары осындай тезис түрінде айтылған пікірлерді одан әрі тереңдете зерттеуге бағытталған. Көптеген ғалымдар «мәтін» дегенді динамикалық түрде ұлғайып отыратын тіл үзіндісі ретінде қарайды да, дискурс пен мәтінді тілдің немесе сөйленістің (речь) формалары бойынша ажыратады: дискурс – ауызша сөйленіс формасына, ал мәтін  – жазбаша сөйленіс формасына тән деген пікір бар. Дегенмен, бұл екі терминнің ұғымдық және мазмұндық жағында айырмашылықтар бар. Дискурс – тілдің қолданыстағы формасына тән. Сонымен, дискурс дегеніміз – экстарлингвистикалық факторларға негізделе отырып жасалатын, белгілі бір жүйеге түскен, оқиғасы, қатысушылары бар, қатысушының баға беруі қажет етілетін тұтас мәтін. Осы тұрғыдан келгенде, ғылыми мазмұнда жазылған материалдарды ғылыми дискурс деп тануға болады.

Көрсетілген дискурс типтерінің классификациясы қазіргі заман лингвистикасында дискурсқа деген қызығушылықтың артқанын, «дискурс» және «дискурс типі» ұғымдарын анықтауда қатаң қағидалардың (формальды-логикалық) жоқтығын, зерттеушілер арасында «дискурс» ұғымын анықтауда және дискурс типтерінің бір-бірімен айырмашылығы шартты түрде берілгенін көрсетеді.

Дискурс сияқты күрделі феноменге анықтама беру зерттеудің методологиялық-концептуалдық негізіне және зерттеушінің логикалық құрылымды қаншалықты қатаң ұстанғанына тәуелді болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Макаров М.Л. Основы теории дискурса. – М.: ИТДГК «Гнозис», 2003. – 280 с.

2. Сүлейменова Э. Дискурс в дискурсе казахстанской лингвистики / Современные проблемы дискурса: теория и практика. – Алматы, 2006.

3. Буркитбаева Г.Г. Деловой дискурс. Онтология и жанры. – Алматы: Ғылым, 2005. – 232 с.