Жүзім шаруашылығы өндірісін қарқындатуда жүзім сұрыптарының маңызы

 

Сейтбаев Қ.Ж. а.ш.ғ.к., доцент. Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті.

Мурсатова А.Ж. магистр. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

Сағындықова А.И. магистр. Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті.

Қазіргі кезде Қазақстанда жүзімнің ассортименті өте кедей. Өндірістік маңызға ие жергілікті халық селекциясы тарапынан жаратылған сұрыптар ғылыми денгейде толық зерттелінбеген. Республикамызда қазіргі кезде кейбір мемлекеттерден әкелінген жүзім сұрыптары көптеп егіледі. Ең көп таралғандары кавказалды сұрыптардан Баян ширей, Саперави, Ркацителі, тавквери; Батыс Еуропа сұрыптарынан-Каберне совиньон, Рислинг, Морастель, Алеатико. Қазақстанда бұл сұрыптар жақсы өседі, мол өнім береді және олардан жоғары сапалы шараптар дайындалады.

Кіш-міш сұрыптарының шоқ жүзім бастары ақ (ақ кіш-міште) немесе қара (қара кіш-міште) түсті, көп жағдайда тұқымсыз, жүзім басы ірі болады. Бұл сұрыптар піскенде көп мөлшерде қант топтайды, құрғатып кептіріп мейіз дайындайды. Өзбекстанның Самарқан облысында мейіз дайындау ұшін кіш-міш сұрыптардан басқа асханалық сұрыптардан да жоғары сапалы мейіз дайындалады. Асханалық сұрыптардан Султон, Катта–курган, Нимранг және т.б. сұрыптар мейіз дайындауда қолданылады. Дәнекті мейіз ұзаққа тасымалдауға және сақтауға төзімді болып келеді.

Шарап өнімдерін дайындайтын жергілікті сұрыптар кем болып, олар кең таралмаған. Олардың кейбір сұрыптарынан ақ асханалық және шампан шараптары дайындалады (сояки, бишти).

Қазақстанның оңтүстік өңірінің климат жағдайы: жарық және ыстық күндердің көп болуы, топырақтың құнарлығы, шаруашылық мақсатында түрлі мезгілде пісетін жүзім сұрыптарын өсіруге қолайлы мүмкіншіліктер бар. Бұл жергілікті халықты жаңа үзілген жүзімге, шарап өндіруші өндірісті шикізатқа деген талабын қанағаттандырып қана қоймай, жаңа үзілген жүзім өнімдерін көрші мемлекеттерге де шығаруға болады.

Қазіргі кезде Қазақстанда төмендегі жүзім сұрыптары егіліп аудандастырылған. Асханалық және мейіздік сұрыптардан: Венгр мускаті, Александрия мускати, Нимранг, Катта–курган, Өзбекстан мускати, Қызғылт тайфи, Октябрский, Гузал қара.

Шараптық сұрыптардан; Қызғылт мускат, Рислинг, Алеатико, Мамыр қарасы, Ркацители, Баян ширей, Саперави, Пино фран, Венгер мускаты, Алиготе.

Бұл сұрыптар бір-бірінен биологиялық, морфологиялық және шаруашылық белгілерімен ерекшеленеді.

 Мысалы, шараптық жүзім сұрыптары үшін төмендегі қасиеттерді келтіруге болады: олардың көпшілігінің жүзім түптері күшсіз өседі, бұтақтары нәзік және буын аралықтары қысқа, жидектері домалақ пішінде болып тығыз орналасады. Көпшілік шараптық сұрыптар қолайсыз сыртқы орта жағдайларына және ауруға, зиянкестерге төзімді келеді. Шараптық сұрыптардың өнімділігі жоғары, өнімділік коэффиценті 1,31,6-ға тең. Сондықтанда олардың өнімділігі жоғары келеді.

Асханалық мейіздік сұрыптардың жүзім түптері негізінен күшті өседі, бұтақтары жуан, буын аралықтары ұзын, шоқ жүзім бастары ірі, жүзім жидектері әртүрлі түсте және пішінде болады, жидектері шоқ жүзім басында селдіреп тұрады. Бұл сұрыптар ауруларға төзімсіз, суыққа және қолайсыз ықлым жағдайына шыдамсыз келеді. Жалпы жеміс беретін бұтақтарының 30 пайызы өнім береді, өнімділік коэффиценті 1,01,0-ге тең. Сондықтан бұл сұрыптардың өнімділігі шараптық сұрыптарға қарағанда төмен келеді.

Қазіргі кезде Қазақстанда жүзімдіктердегі сұрыптардың құрамындағы негізгі кемшіліктерге төмендегілерді келтіруге болады:

1.Қолда бар шаруашылықтағы жүзімдіктердегі сұрыптардың аралас болуы жүзімдіктерде әрбір сұрыпқа қажетті агротехникалық жұмыстарды атқаруда қыйыншылық туғызатынын.

2.Жүзімдіктерде сапасы төмен, климат жағдайына бейімделмеген жүзім сұрыптарының болуын.

3. Гүлдері функциональ аналық типтегі болған, тозаңдаушы сұрыптарға және жасанды тозаңдауды қажет ететін жүзім сұрыптарының көп болуын.

4. Ерте мезгілде пісетін сұрыптардың аз болуын.

5.Бағалы шараптық сұрыптарды жетістіретін жүзімдіктер көлемінің аздығы және жүзімдіктер майданының кіші көлемде болуын келтіруге болады.

Қазақстан жүзімшілігі (Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары) тұрақтанған сұрыптармен сипатталады. Байырғы заманнан бері жергілікті жерде тұтыну және алысқа тасымалдау үшін жаңа піскен жүзімді шығыс экологиялық тобының халық сұрыптауынан шыққан ежелгі сұрыптары береді. Бұларға Қара кіш–міш, Ақ кіш–міш, Қызғылт тайфи сияқты асханалық сұрыптар жатады.

Ақ Хусейн, Александр мускаты, қазіргі іріктелімнен кейбір сұрыптар – Октябрь, Паркент қызғылт жүзімі, сондай-ақ әмбебап бағытта пайдаланылатын сұрыптар – Тербаш, Баян Ширей, Ашхабад Қара Жүзімі, Құлжалық, Венгер мускаты және басқалары Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында аудандастырылған. Жүзімдік патшайымы, Сенсо, Інжу сабасы, Ертегі ВИР, Ризамат, Тагоб сияқты сұрыптар аудандастыруда 40 жылдан астам уақыт болсада өндірісте кем таралған.

Мадлен анжевин, ақ шасла, қызғылт шасла сияқты ежелгі асханалық сұрыптар кейбір кемшіліктеріне бола аудандастырылудан шығарылған, енді тек жеке түптер немесе шағын телім түрінде ғана кездеседі. Мадлен анжевин өте ерте мерзімде пісетін сұрып болып табылады, жоғары өнімділігімен, аса шырынды жидектерімен сипатталады, бірақ тасымалдауға жарамайды. Оның функционалды ұрғашы гүлі шаруашылық тұрғыдан олқылық болып табылады. Бірақ дәл осы себепке байланысты ол сұрыптау жұмысы үшін өте қолайлы болады, өйткені будандастыру кезінде гүлдерді аталықсыздандыру сияқты көп еңбек қажет етілмейді. Шасла ерте пісетін асханалық сұрып, реңсіз түрі, кәдімгі дәмі бар, бірақ өнімділігі жоғары және шоқ жемістері бір қалыпты толық болады, сондықтан іріктелім үшін құнды саналады.

Саяжайлық жерлерде Ертегі кибрай, Ертегі ертегі күлгін, Молдова, Жақұт мускаты, Жаркенттік күлгін, Ұйғырлық ақ және басқа сол сияқты сұрыптардың жекелеген өсімдіктері кездеседі. Қазақстан Республикасында пайдаланылуға жіберілген Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізіліміне жүзімнің жергілікті сұрыптарының бірсыпырасы (Қазақтың жеміс шаруашылығы және жүзімшілік ҒЗИ іріктелімдері): Ерте пісетін Алматылық, Қаракөз, Алматы, Қызыл таң, Медеу, Қазақстандық мускат енгізілген.

Шығыс экологиялық тобының ежелгі асханалық және әмбебап сұрыптары (Қызғыш тайфи, Тербаш, Баян ширей, Кара изюм Ашхабадтық, Қара кіш–міш, Ақ кіш–міш, Ақ хусайне) барынша көп таралған. Батыс–еуропалық ежелгі сұрыптар – Венгер мускаты, Інжу саба және басқалары аз таралған, маңызы да кем көрінеді. Нимранг, катта-курган сияқты ежелгі сұрыптар да орынсыз көлеңкеде қалған. Олардың олқылығы гүлдерінің функционалды ұрғашы түрі болып табылады, сондықтан бұлар тозаңдатушы–сұрыптардың қатар отырғызылуын қажетсінеді. Бұл өсіру технологиясын қиындатады және нашар тозаңдандыру тұрақты жоғары өнім алуға мүмкіндік бермейді, осының бәрі ірі-тауарлық өсімтал жүзімшілік үшін үлкен кемшілік болып табылады. Кеш мерзімде пісетін бұл екі сұрып Қазақстанның белсенді температуралар жиынтығы 4000°С жететін оңтүстігінде сапасы аса жоғары өнім қалыптастырады, дәмі ұнамды, ірі доғал жидекті шоқ жемістері өте үлкен әрі жұмсақ болып келеді. Осындай сапаларының арқасында бұл сұрыптар жоғарыда көрсетілген жетіспеушіліктерге қарамастан, аулалық, саяжайлық жерлерде, сондай-ақ бөлшек саудамен айналысатын шағын шаруа қожалықтарының жерлерінде өсіріле береді. Мұндай сұрыптар қазақстандық базарларды толтырып тұрған ірі жидекті, тектік-үлгілік сұрыптармен сәтті бәсекелесе алады. Ерекше әдемі қызғылт жидектері бар Ризамат сұрыбы, бірақ оның өнімділігі жоғары емес. Асханалық жүзімнің жоғарыда атап өтілген ежелгі сұрыптары Қазақстанның оңтүстік-шығысында ондаған жылдар бойы өсіріліп келеді және өз маңызын әлі ұзақ сақтайды. Сонымен бірге, жүзімнің осы және басқа ежелгі асханалық сұрыптары іріктелімде пайдалану үшін перспективалы әрі пайдалы болады. Қазақстанда асханалық сұрыптарды жетілдіру мен дамытудың басты міндеті бұл сұрыптарды қарқынды технология бойынша өсіру, сондай-ақ өте ерте, ерте және орташа-ерте мерзімдерде пісетін жоғары сапалы сұрыптармен толықтыру болып табылады. Қазақстанның жүзімшілігінде ежелгі техникалық (шарап) сұрыптар да үлкен маңызға ие. Мұндай 15 сұрып қазіргі уақытта Мемлекеттік тізілімге енгізілген.Олардың ішінен үшеуі (рубиновый, рубиновый «Магарача», Алмалы) қазіргі іріктелім сүрыптары болып табылады. Қалған 12 сұрып ежелгі халық іріктелімінен шыққан. Бұл сұрыптардың көпшілігі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің жүзімшілігі дамыған елдерінде де (Франция, Италия, Испания, ФРГ, Аргентина, Чили және т.б.) маңызды рөл атқарады. Мұндай сұрыптарға – рислинг, алиготе, пино фран, кабарне фран, саперави, ркацители жатады. Ежелгі сұрыптарды сақтау және өндірісте кеңінен пайдалану мүмкіндігі көптеген елдердің жүзімшіліктегі тәжірибесімен дәлелденеді. Батыс Еуропада таза шараптың негізгі бөлігі көп ғасырлардан бері халық іріктелімінен шыққан ежелгі, жоғары сапалы жүзім сұрыптарынан (каберне фран, семильон, мерло, алиготе, рислинг, пинофран және т.б.) өндіріледі. Ал кептірілген жүзім Түркияда, Иранда, Иракта, Испанияда, АҚШ-та негізінен ежелгі сұрып ақ кіш-міштен және оның әр түрлі клондарынан жасалады.

Жүзім сұрыптарының тектік қорын сақтау және жетілдіру жүзімшілік саласын қалыпты дамытудың айқындаушы шарты болып табылады. Жүзімшілікті тиімді жүргізу үшін биологиялық ерекшеліктері өңірдің климаттық жағдайына сәйкес келетін сұрыптарды ғылыми негізде іріктеу қажет. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстікшығысы сапасы өте жоғары жүзім алуға мүмкіндік беретін табиғи-климаттық жағдайларымен ерекшеленеді. Алайда өндірістік жүзімшілік мұнда тек өткен ғасырдың  60-жылдарында ғана басталды, ал 80- жылдардың аяғында Қазақстанда 26 мың. га астам жүзімшілік болды. Осы біршама аз уақыт ішінде Қазақстан ғалымдары жүзімнің жергілікті жағдайларға бейімделген, бірсыпыра асханалық және техникалық сұрыптарын өсіріп шығарды. Жұртты жалықтырған, көпірме «алкогольсіз саясат» республикадағы жүзімшілік шаруашылықтарының экономикасын қатты күйретіп кетті, ал одан кейінгі нарық жағдайына көшу бұл саланы құлдыратып жіберді. 2007 жылы жүзім өсірілетін жерлер тек 9,8 мың. га құрады, жүзімнің жалпы өнімі күрт қысқарды. Жоғары сапалы сұрыптар жойылудың аз-ақ алдында тұрды. Осының салдарынан Қазақстанның нарығы көбінесе сапасы төмен, шеттен әкелінген өнімдермен толтырылды. Жүзімнің генетикалық қорларын сақтау және оларды жаңа жоғары өнімді сұрыптар шығару үшін жүргізілетін іріктелімдерде тиімді пайдалану жөнінде мақсатты бағдарлама жасау Қазақстанда жүзім-шарап өндіру саласын қалпына келтіруге және одан әрі дамытуға жағдай туғызады. Жүзім сұрыптарын жаңа талаптар тұрғысынан толықтыру мен жетілдіру мақсатында сұрыптарды жерсіндіру, олардың агробиологиялық белгілерін зерттеу, Қазақстан жағдайында өсіруге жарайтындарын бөліп шығару, сондай-ақ жаңа сұрыптар алу мақсатындағы іріктелім жұмысына одан әрі пайдалану үшін донор–сұрыптарды талғау жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанда жүзімнің генетикалық қоры 500 астам сұрып үлгілерін құрайды, мұнда әлемнің барлық жүзімшілік өңірлерінің сұрыптары жиналған, соның ішінде 28 сұрып Жеміс шаруашылығы және жүзімшілік ғылыми-зерттеу институтында іріктелген.

Шарап өндірісі негізінен Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында шоғырландырылған. Осы кәсіпорындарда шарап пен коньяктың түр-түрі шығарылады. Қазақстанның маркалы шараптары мыналар:

асхана шараптары – херес, чилийское, иссыкское;

десерттік (тәттті) шараптар – күлгін мускат, қызғыш мускат, Ақбұлақ, Қазақстан, Целинное;

күшті шараптар – қызыл-кум, шырын;

көбікті, шымырлайтын – бабына келген кеңес шампаны (жеңіл, жартылай жеңіл, брют), акратофорлық шарап.

Коньяктардың арасынан Қазақстан қарапайым коньягын және Алматы және Жеңіс маркалы коньяктарын атап айтуға болады.

Алматы қаласы мен Алматы облысындағы негізгі шарап өндірушілер: «Бахус» АҚ, «Винзавод Казахстан» АҚ, «Винзавод «Дионис» ЖШС және «Зергер» ЖШС («Семиречье» шарап зауыты).

Жүзім өсіретін шаруашылықтарда мол өнім алу үшін сұрыпқа ерекше мән беру керек. Сұрыптар дұрыс аудандастырылса олардың өнімі де 1,5–2 есе артады, сол себептен жүзім отырғызар алдында сұрыптарды дұрыс таңдай білудің маңызы зор.

Қазіргі кезде өнеркәсіптік жүзім шаруашылықтарында жүзім өсімдігінің топыраққа көмбейтін суыққа төзімді сұрыптарын өсіру кең өріс алуда. Аудандастырылған сұрыптар арасында өнімді ерте салатын, қуаңшылыққа, суыққа төзімді сұрыптар таңдап алынады.

Мардымды (қарқынды) сұрыптардың жеміс сапасы (дәмі, түсі, тасымалданғыштығы, сақталғыштығы) ерекше бағаланады.

Жүзім сұрыптарына тән биологиялық ерекшеліктерге: өнімді ерте, сол салуды, жақсы тіршілік етуді, суыққа төзімділігі, вегетативтік және жеміс беретін бұтақшаларының түрлері, жемістерінің дәмі, түсі және тағы басқа ерекшеліктері жатады.

Асханалық сұрыптар: нимранг, қызғылт тайфи, Өзбекстан мускаты, қара кіш-міш, венгер мускаты, александр мускаты, тербаш, ертегі ВИР, інжу сабасы, сенсо, октябрьский, гузаль қара, ақ хусайни, қызғылт кіш–міш, ақ шасла, қызғылт шасла, чарас, мадлен анжевин, чубаш, катта-курган, астрахандық, астрахандық қалың қабықты.

Техникалық сұрыптар: қызғылт мускат, баян ширей, ркацители, саперави, рислинг, каберне, алиготе, алеатико, қара пино, матраса, рубиновый, құлжалы, күлгін мускат, мамыр қарасы, серексия, морастель.

Жүзімнің қазіргі қолданылып жүрген аудандастырылған сұрыптары ұсынылады.