Алдашева К.С.
Абай атындағы
ҚазҰПУ
Магистратура
және PhD докторантура
институтының
2-курс докторанты
НЕОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ
ҚАЗАҚ ТІЛТАНЫМЫ ПАРАДИГМАСЫНА ҚАТЫСЫ
Қазақ тіл білімінің барлық салаларын нақты
бір парадигма түрінде қарастырғанда, салыстырмалы-тарихи
жағынан, жүйелі-құрылымдық жағынан болсын,
яки қазіргі таңда қарқынды зерттеліп келе жетқан
антропоөзектік тармақ жағынан болсын, тілдік
бірліктердің талдануы осы зерттеу бағыттарында бөлек,
оқшау түрде емес, керісінше өзара байланыста
жүргізіледі. Мысалы, тілдік бірліктердің жүйелі
құрылымы сөз болған жағдайда тарихи фактілер мен
қазіргі белгілер, диахронды-синхронды даму сипаттары қатар
талданып, салыстырылып отырады. Осы тұрғыдан келгенде, жаңа
сөздер туралы ғылыми тармақты да қазақ тіл
ғылымының көптеген салаларымен тығыз байланыста
қарастыру қажет болады.
Ең алдымен, жоғарыда баяндалған, қазақ
тілші-ғалымдарының пікірлері көрсетіп отырғанындай,
тілге енген жаңа сөз тарихи құбылыс болып табылады, ол
қоғам дамуындағы белгілі бір мерзімге, сол мерзім
аралығында болатын сыртқы өзгерістерге байланысты. Жаңа
сөз қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде пайда
болады, ол узус қатарына қосылуы да, тілге қажетсіз болуы да
немесе келесі мерзімде архаизм қатарына өтуі де мүмкін. Л.В.
Щерба «Бывают эпохи, подобные переживаемой нами, когда слова
появляются и исчезают с калейдоскопической быстротой…» деп
жазған болатын [1, 75].
Бұған академик Р.Сыздық көрсететін бастауыш, баяндауыш, демеулік (А.Байтұрсынұлының
терминдері) аталымдарының тілде
орнығуы және қышқылтуым,
сутуым, үндеуіш, төбе ағасы
(Х.Досмұхамедұлының терминдері) сияқты атаулардың
тілдегі сипаты дәлел бола алады.
Тілдегі жаңа сөздер әлеуметтік лингвистиканың
проблемаларымен де тығыз
байланыста болады, осы саланың негізгі бағыттары арқылы
анықтала түседі. Қазақ ғалымы Э.Сүлейменова
тілдің қайта жаңғыруы (возрождение языка), тілдің
өміршеңдігі (витальность языка), тілдік жоспарлау (языковое
планирование), корпустық жоспарлау (корпусное планирование) деген
терминдер арқылы Қазақстандағы қазіргі тілдік
жағдаятты талдай келе, қазақ тіліне қатысты болып
жатқан қазіргі өзгерістерге «тілдік Ренессанс» деген
анықтама береді [2, 56-59]. Корпустық жоспарлаудың бір арнасы
ретінде ғалым жетілдіру (модернизация) мәселесін көтереді,
сөйтіп, зерттеушінің пікірі бойынша «кейбір ұғымдарды
беруде тілдің сөздік қоры жеткіліксіз болған
жағдайда жаңа сөздер жасалады, кірме сөздер
қабылданады. Модернизация
арқылы тілдің сөздік қоры молаяды, сонымен
қатар жаңа стильдер мен дискурстың жаңа нысандары пайда
болады» [2, 60]. Нақты айтқанда,
Қазақстандағы тіл саясаты мен тіл стратегиясы, тілдік
жоспарлау іс-шараларының тиімділігі, мемлекеттік тіл мәртебесіндегі
қазақ тілінің өміршеңдігін сақтап
қалу және оның қолданылу аясын кеңейту, тілдік
жағдаяттағы инновациялық үдерістерді әрдайым
бақылап отыру сияқты
қазақ әлеуметтік лингвистикасының қазіргі
көкейкесті мәселелері жаңа сөздердің
табиғатын тануға, жаңа сөздер туралы ғылымды
орнықтыруға ықпал етеді.
Лексика қатарына енетін
және енген жаңа сөздердің сипаты стилистика,
қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдері
бойынша зерттеулерде ұдайы қарастырылып отыратындығы неология
ғылымының осы салалармен де қарым-қатысының бар
екендігін көрсетеді. Бұл қарым-қатысты тікелей
және барынша тығыз деп те есептеуге болады. Өйткені
қазақ тілі дамуының қай кезеңінде де болмасын,
әсіресе қазіргі кезде лексикалық
құрамның жаңа
сөздермен, жаңа аталымдармен толығуында қазақ
әдеби тілі функционалдық жазба стильдерінің үлесі
барынша салмақты болып отыр. Ғылыми және
оқу-ағарту әдебиеті ғылым мен техниканың
барлық салалары бойынша «қазақыландыру» үрдісі
негізінде қазақ тілінің өз ресурстары арқылы
жасалған терминдер мен терминдік орамдарды енгізуде. Ресми іс
қағаздары стилі қарқынды өріс алып,
заңнамалық және нормативтік құжаттардың
өз терминдерін қалыптастыруда. Қазақ мерзімді баспасөзінің
тілі жаңа сөздерді жасауда және пайда болуда
тәуекелшілдік пен батылдық танытып отыр, мерзімді
басылымдардың тілі жаңа тілдік бірліктің, пайда болған
вариант сыңарлардың узусқа енуін немесе әдеби тіл
айналымына қажетсіздігін анықтап, дәлелдеп, мойындатып
беретін доминант сала ретінде танылуда. Ауызекі сөйлеу тілі мен
көркем әдебиет тілінде жаңа сөздер
(бірқолданыстағы, авторлық-индивидуалдық тілдік
бірліктер) пайда болуда. Функционалдық стильдердің ерекшеліктері
сөз болған еңбектерде жаңа сөздердің де
назардан тыс қалмауы неология мен стилистика тармақтарының
байланысын көрсетеді.
1989 жылдан бастап дербес сала ретінде танылған қазақ
тілінің сөзжасамы саласы, осы сала бойынша теориялық
тұжырымдар жаңа
сөздердің жасалу жолдары
туралы толық мәлімет бере алады. Сөзжасам жүйесі
жаңа сөздерге тікелей қатысты, ғалымның пікірі
бойынша «тілдің сөзжасам жүйесі қазақ
тілінің сөздік қоры мен сөздік құрамын
жаңа сөздер жасау арқылы толықтырып отыратын негізгі
тілдік құбылыс» [3, 7].
Тілдік бірліктердің
мағыналық жағы зерттелетін семасиология (семантика)
саласының зерттеу нысанасы, зерттеу әдістері негізінде жаңа
сөздің, оның ішінде тілдің өз ресурсы
арқылы жасалғандардың (сөз мағынасының
кеңеюі, синонимдердің мүмкіндіктері, жергілікті тіл
ерекшеліктері мен кәсіби лексика қатарынан жаңа, терминдік
мағына иелену) табиғатын анықтауда семасиология
шеңберінде талданатын жүйелілік сипат, сөз
мағыналарының өзара байланысы мен осы
мағыналардың бір-біріне тәуелді болуы немесе сөз
мағыналарының дифференциясы нақты көмек бере алады, тілдің
өз әлеуеті арқылы жасалған жаңа сөзге
семантикалық талдау жасау, термин үшін алынған қазақтың төл
сөзінің ішкі формасын таныту жаңа сөздің тілге
ену қабілетін, әдеби норма ретінде танылу мүмкіндігін (немесе
керісінше) дәлелдеп береді. Бұл ретте семасиология ғылымында
америкалық структурализм ұсынған дистрибутивті талдау
(сөз мағынасын нақтылаудың жолы – оның
тіркесімділік қабілетін көрсету) және Прага структурализмі
қолданған компонентті талдау
(сөз мағынасы
компоненттердің жиынтығынан, яғни семантикалық
«көбейткіштерден» немесе «семалардан» тұрады) деген
бағыттардың, сондай-ақ В.В.Виноградов мектебі ілімінің (парадигмада тіркелетін сөздің
мағынасын және сөз тіркесі, мәтін арқылы
синтагмада жүзеге асырылатын сөздің
лексикалық-семантикалық вариантын ажырату) теориялық негіздері – осылардың
қай-қайсысы да жаңа сөздердің табиғатын
тануда тиімді болып табылады. Мысалы, бағам
сөзі 1976 жылғы Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігіне енгізілмеген; бағамда
лексемасы «жерг. шамалау, пайымдау»
мағынасында көрсетілген [4, 8].
Тілдегі жаңа сөздердің қолданысқа түсуі
сөз мәдениеті және әдеби норма салаларының
аспектілеріне байланысты. Сөз мәдениеті арқылы ауызша
және жазбаша әдеби тілдің нормаларын (сөз
қолданысы, сөздің дыбысталу дұрыстығы,
грамматикалық заңдылықтардың сақталуы),
сондай-ақ айтылатын (жазылатын) сөйлеудің (речь)
мақсаттары мен мазмұнына қарай
қарым-қатынастың әртүрлі жағдаятында
тілдің көріктеуіш құралдарын орнымен қолдануды
білдіретіні белгілі. Норма межелері бойынша
тілдік бірліктің бірі үлгі ретінде алынады, сөйтіп,
«дұрыс-дұрыс емес» «орынды-орынсыз» деген бағалаулар пайда
болады. Теориялық және практикалық пән болып табылатын
сөз мәдениетінің нысанасы – лексикадағы,
грамматикадағы, стилистикадағы барлық жаңа белгілерді
қадағалай отырып, тілдің қолданылу практикасына жедел
ықпал жасау, ұсыныстар, реттеу іс-шаралары арқылы тілді пайдаланушылардың
сауаттылығын көтеру, тілдің табиғилығын
сақтау. Сөз мәдениеті және әдеби норма
аспектілері арқылы әсіресе жаңа сөздерге айрықша
көңіл бөлінеді, бір ұғым-түсінікті,
зат-бұйым атауларын, ғылыми-техникалық терминдерді беру
үшін пайда болған бірнеше варианттың, осы мақсатта
таңдалған жергілікті тіл ерекшеліктері мен кәсіби
лексиканың орынды-орынсыздығы, дұрыстығы мен
бұрыстығы анықталады. Қазақ тілтанымының
сөз мәдениеті тармағында бұндай жайттар 1968 жылдан
1980 жылдарға дейін жүйелі түрде қарастырылған.
Тілдік жаңа бірліктердің сипаттары терминология және
аударматану салаларының аспектілеріне де тікелей қатысты.
Қазақ терминологиясындағы соңғы
кезеңдердегі қарқынды үдерістерді ескерсек, ғылым
мен техниканың барлық саласындағы қазақша
терминдердің жаңа сипаты бар екендігін көреміз, сөз мағынасының
өзгеруі, сөзжасамдық амал-тәсілдер, синонимия,
көпмағыналылық арқылы жасалған жаңа
терминдердің белгілі бір
ұғымның ішкі семантикалық өлшеміне сай келуі
немесе басқаша болуы – осыларды анықтау неология саласының да нысанасы болып табылады.
Жалпы, қазақ тіліндегі қазіргі кездегі жаңа
сөздер туралы айтқанда, бұл түсінікті жаңа
терминдерден бөлек қарауға болмайды.
Кейінгі кезеңдерде іргетасы
қаланған қазақ лингвистикалық аударматану
ғылымы тармағының қарастыратын мәселелері,
әсіресе бір тілден екінші тілге аударма жасаудың практикалық
жағы тілдегі жаңа
бірліктердің сипаттарымен астасып жатады. Қазақ тілінің
мемлекеттік мәртебесіне байланысты
заңнамалық құжаттарды орыс тілінен
қазақ тіліне аудару ісі көптеген жаңа
терминдердің, жаңа тілдік бірліктердің пайда болуына қарқынды
әсер етті. Мәселен, аударматанушы ғалымы А.Алдашева 31 томдық
екі тілді терминологиялық сздіктер кешенінің арасынан «Әскери
іс» саласы бойынша (12 том) материалдарды қарастыра отырып, жаңа
сөз сипатындағы терминдердің ішінде аударма тәсілдері
арқылы жасалған терминдер жөнінде мынадай пікір айтады:
«бұнда лексикалық, семантикалық, сөзжасамдық
және синтаксистік калька амалын сүйеніш еткен жайттар жиі
ұшырасады (ауытқушылық – аномалия, атаулы тізім – именной
список, атыз кезегі)» [5, 66]. Ал нормативті-жарлықшы
құжаттардың аудармасы турасындағы зерттеулердің
авторы Б. Аширова «ресми құжаттарда көрініс тапқан
кейбір терминдерді бекітілген, нормаланған деп есептеуге тура келеді,
өйткені жаңа аталым; термин
қолданылған мәтін Үкімет, Мемлекет басшысы тарапынан
бекітіліп, заң күшіне енеді; нормативті-жарлықшы
құжаттардың аудармасында Мемтерминком тарапынан бекітілген
терминдер жүйелі түрде жұмсалады, олардың
қолданысы бекітілген атаусөздердің әдеби тілде
орнығуына жол ашады» [6, 18-19].
Лексикография – сөздіктер жасаудың теориясы мен практикасы
туралы саланың бір міндеті – сөз мәдениетінің,
әдеби тілдің нормаларының сақталуы мен дұрыс
қадағалануына ықпал ету. Сондықтан да сөздіктердің
қай типінде болмасын, тілдің қолданыстағы сипаты мен
заңдылықтары көрініс табады. Сөздіктер тілдің
динамикасы мен өміршеңдігіне үлес қосады, осы себепті дамыған тілде сөздіктердің
неше алуан түрлері жасалуы тиіс. Қазақ тіліндегі нормативті,
екітілді және түсіндірме сөздіктерде бірқатар
жаңа сөздер тіркелген, сонымен қатар белгілі бір
кезеңдегі жаңа тілдік бірліктердің тіркеуші сөздігін
жасау және оны сериялы түрде жалғастыру, неография саласын
қалыптастыру маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Жоғарыда айтқанымыздай, тіл ғылымының әр
саласы өзбетінше оқшау дамымайды, олардың зерттеу нысандары
мен әдістері әр басқа болғанымен, тілдік
бірліктердің табиғатын тануда ортақтық болады.
Бұл ретте неологизмдер антропоцентрлік парадигманың негізгі
бағыттары болып саналатын этнолингвистиканың,
психолингвистиканың және лингвомәдениеттанудың зерттеу
нысандарының қатарына енеді. «Тіл – халықтың рухы»
болса, тілдің ең негізгі бірлігі – сөз. Ұлттық
тілдің сөздік қорындағы белгілі бір үлесті
жаңа сөздер құрайтыны белгілі. Жаңа сөздер
тілдің ішкі заңдылықтарынан бөлек, сол тілді
тұтынушы халықтың ойлауына, қабылдауына,
таным-түсінігіне сай жасалса ғана жаңа сөздің
тілде бекітілуіне жағдай жасалады. Бұған Г.В.
Гумбольдтың «тіл рухтың заңдылығы бойынша дамитын
болса, оған қоса тіл адам санасының заңдылықтары
бойынша да дамиды» деген тұжырымы дәйек болады. Бұл –
неологияның психолингвистикамен байланысының айқын
көрінісі.
Сонымен қатар тілдегі жаңа сөз ең алдымен – ұлттық-мәдени құбылыс.
Біріншіден, «тіл мен мәдениеттің өзара
қарым-қатынасы, әсіресе мәдениеттің тілге
ықпалы, мәдениеттің тілдегі көрінісі ғылым
үшін жаңалық емес. Әр халықтың дүниетанымы
мен мәдениетінде ерекшелік бар; бұл ерекшелік тілге
сіңіріледі дегеннің бастапқы негізі Э. Сепир мен Б. Уорфтың
«лингвистикалық ықтималдылық теориясында қаланған
болатын» [7, 122]. Демек, мәдениеттегі өзгерістер тілге
әсерін тигізеді, ал тілдегі өзгерістер, ең алдымен оның
лексикалық қабатынан сезіледі. Бұл ретте тілдің ішкі
заңдылықтарына сүйенілген жаңа сөз тууы
мүмкін, екіншіден, жаңа сөздердің бір тобы
бұрыннан тілде бар, бірақ мағынасы күңгіртеніп,
қолданыс аясы шектеле түскен сөздердің жаңа
мағынаға ие болуынан жасалады. Бұған дәлел
қазақ тіліндегі жәдігер,
кәдесый, тұсаукесер сияқты неологизмдер. Бұл тіл
мен мәдениеттің тоғысындағы лингвомәдениеттану,
этнолингвистика салалары мен неология байланысының қарапайым
дәлелі.
Қорыта келгенде, адамзат тіліне динамикалық, үздіксіз
даму тән. Бірақ тілдің қабаттарындағы
өзгерістер ұзақ жылдар бойында байқалады, ал
сөздік қордың толығуна үдерісі уақыт шамасы
бойынша тездік тән. Жаңа сөздердің табиғаты тіл
ғылымының тек жүйелі құрылымдық
парадигмасында ғана емес, салыстырмалы-тарихи және антропоцентрлік
парадигмасының шеңберіндегі салалармен тығыз байланыста
анықтала отырып, неология ғылымы қалыптасады.
Пайдаланылған әдебиет
1.
Будагов Р.А. Академик Л.В. Щерба // Кітапта: Человек и
его язык. – 2-изд., М.: 1976. – 343-352 с.
2.
Сулейменова Э.Д., Смагулова Ж.С.
Языковая ситуация и языковое планирование в Казахстане. – Алматы: Қазақ
университеті, 2005. – 344 с.
3.
Оралбай Н. Қазақ
тілінің сөз жасамы: Оқулық. – Алматы, 2002. – 213 бет.
4.
Қазақ тілінің
түсіндірме сөздігі. 2-том. Б-Г. Алматы, Қазақ
ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1976. – 695 б.
5.
Язык и ментальность.
Меж.конференция «Ахановские чтения» под эгидой МАПРЯЛ (материалы и собщениий).
– Алматы: Қазақ университеті, 2009. – Т.1. – 314 с.
6.
Б.Аширова.
Нормативті-жарлықшы құжаттардың аудармасы:
құрылымдық және лексикалық ерекшеліктері. -
автореферат канд.дисс. – Алматы, 2004. – 30 б.
7.
А.Алдашева. Аударматану:
Лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер. – Алматы:
«Арыс», 1998. – 215 б.