Алдаш А.
Филология ғылымдарының докторы, профессор
ҚАЗАҚ ЕМЛЕСІНІҢ
КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақ орфографиясы мен
графикасы қазіргі кезеңде маңызды өзгерістердің
алдында тұр: бұл, ең алдымен, қазақ графикасын
латын әліпбиіне көшіруге байланысты болып отыр. Бұл бағытта саналуан
жұмыстар басталып та кетті: қазақ әріптерін латын
графикасымен таңбалаудың 70-тен астам үлгі-нұсқалары
ұсынылғанын айтпағанның өзінде, қазақ зиялыларының
тарапынан жеке сөздерді қалай жазудың, тіпті жаңа
әліпбиге көшудің қажеттілігі мен қажетсіздігін
талдаған-пікір көзқарастар жиі айтылып келеді. Ішкі
саясаттың бір саласы болып табылатын бұл мәселе таяу жылдары
біржақты шешілетіні сөзсіз.
Түркі халықтары
тілші-ғалымдарының қолданбалы лингвистикаға қатысты
еңбектерінде «қазақ емлесі мен жазу әбден
жетілдірілген, үлгі ретінде алуға тұрарлық» деген
бағалаулар кездеседі[1]. Осындай
пікірдің қалыптасуына, сөз жоқ, 1983 жылы бекітілген
емле ережелері, қазақ емлесі мен тыныс белгілерінің
ережелерін жинақтап баяндайтын
анықтағыш құралдар [2] елеулі ықпал
жасады.
Емле
ережелерінің сақталуы мен
қолданылуы үшін, бір қарағанда, үкімет тарапынан
бекітілген заң күшіне ие
қағидалардың жиынтығы болса жеткілікті
сияқты болып көрінеді. Алайда заңнамалық
құжат түріндегі емле ережелерінің жиынтығында
қазақ тілінің барлық ерекшеліктерін нақтылап,
айқындап түсіндіріп беретін мысалдар шектеулі болады.
Мәселен, емле қағидаларының қатарында бірсыпыра
түсіндірілгенімен, қазақ орфографиясының әлі де
болса, нақтылай түсуді қажет ететін жақтарының
бірі біріккен сөздердің
жазылуына, яғни қандай
құрама сөздер біріге алады,
бірнеше сөзден құралған ұғым
атауының біріктіріп жазылуына себеп болатын факторлар қандай
деген проблемаға байланысты болып
отыр.
«Жазуда
қиындық тудырып келе жатқан жайт ереженің өзі
емес, сол ережеге бағынатын біріккен сөз категориясын ажыратуда
болып келе жатыр», - деп көрсетеді академик Р.Сыздық [2].
Әрине,
кезкелген жеке сөздердің біріге бермейтіндігі белгілі. Демек,
сөздердің бірігу заңдылығы неге байланысты деген сауал
пайда болады. Бірігу
заңдылығы сөздердің жаңа мән, жаңа
атау алуына негізделеді, сөйтіп, жеке сөздер бір
бүтіннің құрамды бөлшектеріне айналады да, бірге
таңбаланатын болады. Бұл
– жаңа сөз жасаудың
өнімді тәсілдерінің бірі және бұл әдеби
тілдің даму үдерісінде үзбей жүріп жататын
үдерістердің қатарынан танылады. Сондықтан да
терминжасамды қазақыландыру үдерісін қарқынды
ету, реттеу жолында соңғы жылдары жарияланған саналуан
типтердегі лексикографиялық еңбектерде, ғылыми
әдебиетте сөз біріктіру амалы белсенді көзге түседі.
Біздің
тарапымыздан Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы
Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен 31 томдық көлемді
еңбектің бірқатар ғылым салаларына (мәдениет
және өнер, әдебиет және лингвистика, философия
және саясаттану, әскери іс және заңтану, іс
жүргізу және мұрағат ісі) қатысты томдарынан
және орта мектептерге арналған биология, анатомия, астрономия,
физика салаларына арналған
оқулықтарынан тілдік фактілер жинақталып ұсынылып отыр
(шамамен 200-ге жуық сөз іріктелді). Бұлар бекітілген
терминдердің қатарынан алынған, оқу-ағарту
әдебиетіне енгізілген, оларды
осылайша емле қалпында пайдалану керек деп қабылдау міндеті де сезіліп тұрады. Оның
үстіне көрсетілгендей
терминдер мен атаулар стихиялы, автоматты
түрде жасалған деп те есептеуге болмайды. Бұл арада
мамандардың қатысуы, ұсынылатын әрбір сөзге
олардың жауапкершілікпен
қарауы, әрбір
сөздің талқыдан өтуі сияқты жайттар бар. Демек, бұлайша жазылуына
да бірқатар әсер етуші факторлар бар.
Жинақталған
тілдік фактілер мыналарды көрсетеді:
Ø екінші компоненті өсімдіктің, жан-жануардың,
аң-құстың нақты атаулары болған
жағдайда олардың алдыңғы сыңарымен біріктіріліп,
бір терминдік атау ретінде таңбаланатыны
емле ережелерінің жиынтығында көрсетілген; мысалы, «түлкіжем, орамжапырақ, қарғакөз, жолжелкен,
жүзбеқанат, жүзбежарғақ,
жұмақторғай сияқты фактілер, әсіресе биология
саласына қатысты емле
нормаларының орныға бастағанын көрсетеді
Ø қазақ емлесінің қазіргі қалпында бірінші
компонент болатын, сыртқы
құрамы ықшам (көп дегенде үш-төрт фонемадан
тұратын және бір, екі,
үш, бес,он сан есімдері)
сөздердің лексикалық-синтаксистік шекарасының
сақталуына соншалықты талап қойылмайды, сөйтіп, көпұлтты,
көпорталықтық, қосотаншылдық,
жалпымемлекеттілік, қосазаматтылық,
мөртабан, мөрқалып, түрөзгеріс,
теңтөраға, төлқұжат, тікұшақ
,тұсқағаз,
жарқағаз,
басқосу түрінде
таңбалау 31 томдық
сөздікте бекітілген және осылайша жазуды мерзімді басылымдардан, заңнамалық
құжаттардың мәтіндерінен кездестіреміз. Ал жай, хат, қап, ақы
сияқты тағы да сыртқы формасы ықшам сөздерге
қатысты мыналарды айтуға
болады: осы сөздер екінші
компонент болған жағдайда алдыңғы сөзге
біріктіріле жазылатындығының
алғашқы үлгілері 1988-1990 жылдары (кейбірі тіпті одан
да әріректе) жаңа қолданыс ретінде пайда болған еді (саяжай, құлаққап,
саябақ типтестер) осы үлгілер арқылы тәлімбақ,
тынымбақ, өсімдікжай (оранжерея), көшетжай, жылыжай. жемісқап,
тозаңқап, қаламқап (пенал), қаламөзек (грифель), өсімдіктек, жануартек, қайнаркөз, дереккөз,
әділсот, кеппешөп (гербарий), себетгүл, бітеугүл,
гүлсағақ, шәкіртақы, сыйақы,
жәрдемақы,
айлықақы (оклад), үстемеақы, мағлұмхат,
ықтиярхат (вид на жительство), жазбахат,
баянхат, тұрақжай, сапаржай тәрізділер
жасалып, ақы, хат, жай, гүл, қап типтес сөздерінің
терминдік ұғымды нақтылай түсетін демеуші
тұлғаға айнала бастағанын танытады.
Ø Бекітілген терминдер сөздігі мен мектеп оқулықтарында
дағдыға айнала бастаған жазу нысанының тағы бір
түріне кейбір ұғымдардың орыс тілінен аударылуы себепкер
болып отыр. Тілдік фактілер іріктелген сөздіктер мен мектеп
оқулықтарында дыбыселіктеу (звукоподражание), дыбысбейнелеу (звукосимволизм),әлемитүйсік (мироощушение), өмірсезіну (мироощущение), өміртүсінік(миропонимание), орынбасу(замещение), кітапбасу (книгопечатание), тынысалу, қанайналым, асқорыту, жылуреттеу қызметі,
ұсақағза (микроорганизм), тәрізді сөздер орын
алған (мектеп оқулықтарындағы қолданылу жиілігі
жоғары мысалдар көрсетіліп отыр).
Ø Бекітілген терминдер қатарынан бірге жазылуы қарқынды
бола бастаған төмендегідей нысандарды да көрсете кетеміз;
олар: ақаутапқыш
(дефектоскоп), арақашықтық, баспатабақ, дыбысқұжат,
әміртыйым (вето), әралуандық
(плюрализм), әріпсан (индекс), бағакөрсеткі (прейскурант), баяндаухат, бейнеүнхат, бейнехат, бетбағыт (тенденция), дәлбедер(муляж), дерексөздік (тезаурус), келемежсурет, жеделақпар(депеша),
заңсыйлаушылық(законопослушность),
заттаңба//затбелгі (этикетка), қалаулеп(кондиционер), қолдаухат, маңдайшажазу
(вывеска), пікірсарап(рецензия), ықпалшара (санкция), сәулебелгі(водяной знак), сыйқұжат,
заңқұзыреті (юрисдикция),
жөнсілтер(путеводитель), ұсақтауарлы,
үзіксызық//көпноқат(пунктир), үнқұжат, телқұжат,
түпқұжат, шағынфильм. Дей тұрғанмен
осылар мазмұндас және
құрылымдас атаулар сөздіктерде әр басқа
таңбаланған (мысалы, құдайіздемпаздық
кей сөздіктерде босаралықпен, тіркес ретінде берілген, жеке
меншік, кіші пейілділік, қоғам тану, заң
құзыреті, заң сыйлаушылық типтестер сөздіктің әр
салалық томдарында бірде бірге,
бірде бөлек жазылған).
Осылайша таңбалану мәселемен
тікелей айналысатын мамандардың дәйектемелерін қажет етеді,
өйткені қазақ әдеби тілінің қазіргі
динамикасында сөз біріктіру амалының жандана
түскендігінің сыртқы және ішкі себеп-факторларын норма
регламентациясы тұрғысынан реттеу айрықша қажет.
Бұл қажеттіліктің
жауапты жағы мынада деп ойлаймыз: біріншіден, ұлттық
мазмұнға ие аталымдардың
немесе биологиялық, анатомиялық бірқатар
терминдердің емлесі орныққан, дәлелденген десек те,
сөз біріктіру амалы тек осылармен ғана шектелмей, бірнеше сөздің тіркесі
арқылы жаңа ұғымды білдіретін қоғамдық-саяси, ғылыми аталымдарды,
терминдік орамдарды біріктіріп жазудың ең өнімді амалға
айналып бара жатқандығы байқалады. Мерзімді баспасөз
беттерінен сөз біріктіру амалында еркіндік бар. Олардың жазылуындағы әрбасқалық
проблеманы тереңдете талдаудың өзектілігін байқатады.
Біріккен сөз емлесінің талданып тұсіндірілуі терминжасам ісінде де, мектепте білім беруде
де аса маңызды.
Ұсынылған сөздердің біріге жазылуы тілдің
үнемдеу заңдылығынан туындап отыр немесе бұл жайт
әралуан мазмұндағы ақпаратты жеткізудегі
қазақ тілінің мол мүмкіндігін танытатын белгі деп те
бағалауға болар; дегенмен бұл ретте нақты бір
ұғымның атауын қазақша жеткізуде, өзге
тілдік терминге балама іздеген кезде
жеке тұлғаның санасында өзгетілдік терминнің, атаудың
семантикалық сыйымдылығы, мағынасымен қатар
құрылымдық пішіні көз алдында тұратындығы
анық байқалады. У.Вайнрайх
«тіларалық бірдейлестіру» деген терминді атаған болатын,
ғалымның пікірінше, қостілді адам өзара қарым-қатынаста болатын екі тілдің
өзара ұқсас элементтерін теңдестіреді, бұл ретте
теңдестіру бірінші тілдің ерекшеліктеріне бағынады.
Осыған байланысты қазақ тілінің тіпті жазу-сызуда да «тіл-реципиент» ыңғайында келе
жатқандығы, демек, сөз біріктіру амалының кейбір
сипаттарын әлеуметтік
лингвистика, психолингвистика тармақтары арқылы
түсіндірудің маңыздылығы ғалымдарды ойландыруы тиіс. Екіншіден, бекітілген терминдер
қатарынан орын алып, орта білім беру жүйесінің
лингвовдидактикалық құралдарына енгізілген біріккен
тұлғалардың емлесі сауаттылық, әдеби норма
үшін басшылық алынатын орфографиялық сөздік
арқылы орнықтырыла ма; яки оларды жинақтайтын тіркеуші жеке
сөздік түзілуі мүмкін бе;
мектептерде қазақ тілін оқыту-меңгерту
ісіндегі пәрменділігі,
қолданысы қандай (бүгінгі көптілділік заманында ресми,
публицистикалық, ғылыми стильдерген қарағанда, кірме
сөздердің әсіресе
ауызекі сөйлеу тілінде қолданылу жиілігі басым екенлігін
ескерсек, оқушының
коммуникативтік актісінде кеппешөп – гербарий;
ұсақағза – микроорганизм; тәлімбақ – питомник
дегендердің қайсысы көбірек пайдаланылады, яғни
хатқа түскен қазақша аталымдар тіл қолданысында
проформа түрінде қала ма) деген де жайттар бар. Осындай
мәселелердің нақты ғылыми-практикалық
тұжырымдалуы сонымен
қатар латын әліппесіне
көшуге арналған іс-шаралардың қатарында да назарда
болғаны жөн. Академик Р.Сыздық «жаңа жазуға
көшуіміз керек, бірақ оған емле ережелеріміз дайын емес»
деген сөзді бұдан он бес жыл бұрын айтқан болатын [3].
Емле мен жазу,
әдеби норма мен сөз
мәдениеті ұлт тілінің қалыптаса бастаған
кезеңінен бастап-ақ
орныға бастайды, алайда қоғам дамуының әр
тұстарында олардың тұрақтылығы мен бірегейлігі
және әлеуметтік лингвистикалық мәні өзгеріп
отырады, демек, қазақ емлесі мен жазуы мәселесі де
ұдайы жетілдіріп, толықтырып, қайырадан зерделеп отыруды
қажет етеді.
Пайдаланылған
әдебиет
1. Мусаев К.М. (гл. ред.) Орфография тюркских языков СССР. – М.: Наука, 1976.
2. Сыздық Р. Қазақ тілінің
анықтағышы(емле, тыныс белгілері, сөз сазы). – Астана,
Елорда, 2000.
3. Сыздық Р. Жаңа жазуға көшуіміз керек, бірақ
оған емле ережелері дайын емес. – Қазақ әдебиеті, 1998,
19 қаңтар.
4. Қазақша-орысша/орысша-қазақша терминологиялық
сөздік. 31 томдық (Философия және саясаттану- 23-том;
Мәдениет және өнер – 26-том; Әскери іс – 12-том;
Заңтану – 30-том; Әдебиет және лингвистика – 27-том; Іс
жүргізу және мұрағат ісі – 29-том). –
Алматы, Рауан, 2000.