Ю. Мутянова

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың магистранты

Алматы, Қазақстан

yultuzaika@mail.ru

КӨПТІЛДІ БІЛІМ БЕРУ МЕН МУЛЬТИМӘДЕНИЕТТІЛІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

Жаһандану кең етек алған бүгінгі таңда көптілділік және көптілді білім беру, соның нәтижесінде көптілді тұлға қалыптастыру әлем елдерінде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың, соның ішінде тіл саясаты мен білім беру үдерісінің маңызды тармағы болып отыр. Қазақстан үшін де аталған мәселе өзінің өзектілігін танытып отырғандығына еліміздегі тіл саясаты мен білім беру салаларындағы алға қойылған стратегиялық мақсаттар мен көптілділік үшін жасалып жатқан іс-шаралар айқын дәлел бола алады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы көптілді білім беру жүйесін дамытуға үлкен назар аударып, Қазақстандағы адами қапиталды дамытуда «көп ұлттылық пен көп тілділік біздегі құндылықтардың бірі және біздің еліміздің басты артық­шылығы болып табылады» деп атап көрсеткен болатын.«Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» іске асырылуы үш кезеңге бөлініп отыр. 2011-2013 жылдар аралығында (бірінші кезең) тілдерді дамыту мен қолданудың нормативтік-құқықтық және әдіснамалық негізін арттыруға арналған шаралар кешенін өткізу жоспарланған. 2014-2016 жылдарда (екінші кезең) мемлекеттік тілді оқыту мен қолдану технологиялары мен әдістерін енгізу практикалық шаралар кешенін жүзеге асыру және тілдердің көптүрлілігін сақтау жұмыстары көзделіп отыр. 2017-2020 жылдар аралығында (үшінші кезең) өзге тілдердің қолданысын сақтаумен қатар, қоғамдық өмірдің барлық салаларында мемлекеттік тілдің қажеттілік деңгейін, оның қолданылу сұранысының сапасы мен меңгерілуін жүйелі мониторинг арқылы нәтижесін шығару белгіленген. Бағдарлама бойынша мемлекеттік тілді қазақстандық өзге ұлт азаматтарының 2014 жылы – 20%-ы, 2017 жылы – 80 %-ы, 2020 жылы – 95 %-ы, сонымен қатар, орыс тілін 2020 жылы қазақстандықтардың 90%-ы, ағылшын тілін 2014 жылы – 10%-ы, 2017 жылы - 15%-ы, 2020 жылы -20%-ы меңгеру керек деген мақсат қойылуда. Үш тілді меңгерген халықтың бөлігі 2014 жылы - 10%, 2017 жылы - 12%, 2020 жылы - 15% құрау керек деген міндет қойылып отыр [1].

Ана тілімен немесе екінші тілмен шектеліп қалмай, бірнеше тілді меңгеру – бүгінгі жаһандану заманының талабы болып отырғаны белгілі. Сондықтан да көптілді білім беру, соның нәтижесінде мультимәдени тұлға қалыптастыру – мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдени қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады.

Көптілділік – бұл бәсекеге қабілетті, жан-жақты, мультимәдени тұлға қалыптастырудың алғышарты. Сондықтан да көптілділік мәселесі ең алдымен көп тілді білім беру жүйесімен тікелей байланысты.

Біз өмір сүріп, еңбек етіп отырған кезең – адам әрекетінің барлық салаларында жаһандану жүріп жатқан кезең. Бұл білім берудің артықшылықтарын қайта қарастыруды қажет ететін үдеріс. Сондықтан да ақпараттық және коммуникативтік құзіреттіліктің қатарында тұрған көптілдік және мультимәдениеттілік әлімдік білім беру қауымдастықтарында білім берудегі базалық құзіреттілік және әлемдік білім беру кеңістігін қалыптастырудағы магистральды бағыттардың бірі ретінде анықталып отыр.

Ел Президенті Н. Назарбаев отандық білім берудің алдына жоғары деңгейдегі қадағалуды қажет ететін жоспар ұсынды. Яғни қазақстандық мектептердің түлектері шетелдік ЖОО-ында өз білімдерін жалғастыра алатындай, Қазақстандағы білім беру бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы болуы тиіс. Сондықтан білім берудегі маңызды стратегиялық міндет, бір жағынан алдыңғы қатарлы қазақстан білім берудің дәстүрлерін сақтау болса, екінші жағынан мектеп түлектерін, жалпы азаматтарды халықаралық біліктілік сапасымен қамтамасыз ете отырып, олардың лингвистикалық санасын дамыту болып табылады. Осының негізінде әрбір жеке азамат – мемлекеттік тілді, ана тілін және шет тілдерін еркін меңгереді. 

Көптілді білім беру – ҚазақстанРеспубликасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы да басым стратегиялық бағыттардың бірі екендігін айттық. Сондықтан да көптілді білім беру, соның негізінде мультимәдени тұлға қалыптастырудың негізгі мақсаты мен міндеттері, түптеп келген білім беруді жетілдірудің бір тармағы болып табылады. Білім беруді жетілдіру – қазіргі кездегі оқу-тәрбие процесін оқушылардың патриотизмін, мораль және адамгершілік нормаларын, ұлтаралық келісім мен төзімділігін, физикалық және рухани дамуын, заңды құрметтеуін қалыптастыруына бағыттайды. Бұл құндылықтар қазіргі тәрбие жұмысының негізі болуы тиіс [2].

Осы аталғандардың ішінде ұлтаралық келісім мен төзімділікті қалыптастыру тікелей көптілділік мәселесімен байланысты. Мультимәдениеттілік пен көп тілді берудің жалпы мақсаты жоғарыда атап өткендей, көпұлтты және мультимәдени ортадағы белсенді өмір әрекетіне қабілетті адамды қалыптастыруға негізделеді. Жеке тұлға ретінде ол түрлі ұлт, ұлыс және түрлі сенімді ұстанушы адамдармен бейбітшілік пен келісімде өмір сүре алатын, басқа мәдениетті құрметтейдін, түсінігі мол болуы тиіс.

Мультимәдени тәрбие беруге деген қызығушылық халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюімен, аз этностар мен нәсілдердің полиэтникалық құрамды қауымдастықта өз құндылықтарын сақтау және дәріптеу керек.

Мультимәдени тәрбие беру идеясы алғаш рет 1960-жылдардың ортасында Америкада туып, «полиэтникалық білім беру» деген атқа ие болды. Алайда ондаған жылдар өткен соң зерттеушілер өз еңбектерінде «көптілді білім беру» деген терминді қолдана бастады, осылайша бұл термин ғылыми айналымға енді.

«Көптілді білім беру» терминінің анықтамасы алғаш рет 1977 жылы «Жоғарғы білім берудің халықаралық сөздігінде» «ұйымдастыруға және педагогикалық үдерістің мазмұнына енген, тілдік, этникалық, ұлттық немесе нәсілдік белгілері жағынан айырмашылықтарға ие екі немесе бірнеше мәдениет ұсынылатын тәрбие» деп берілген болатын[3, 269].

Ғалымдардың пікірінше: «көптілділік – көпмәдениетті тұлғаны қалыптастырудың негізі болып табылады. Ынтымақтастықтағы халықаралық өзара қарым-қатынастар көптілдік білім берудің дамуына түрткі болды. Ел мен елдің арасындағы мәдени ықпалдастық болмайынша, ол ел дамудың жоғарғы сатысына көтеріле алмайтындығы да анық» [4; 344].

Бірқатар ғалымдар тілді тұтастықтың бір бөлшегі ретінде мәдениетке тиесілі десе, енді бір ғалымдар тіл – мәдениетті танытатын форма ғана дейді. Ғалымдардың үшінші бір тобы – тіл мәдениеттің формасы да бөлшегі де, емес дегенді айтады. Э. Сепирдің пікірінше, «белгілі бір мәдениеттен сол қауымдастық не істейтіндігі және нені ойлайтындығын анықтауға болады, ал тіл – адамның қалай ойлайтындығы» «Мәдениет пен тілдің арқатынасы, - деп жазады Н.И. Толстой, тұтастық пен оның бөлшегінің арақатынасы сияқты қарастырылады. Тіл мәдениеттің бөлшегі, мәдениеттің қаруы ретінде қабылдануы мүмкін. Сонымен қатар тіл мәдениетке қатысты жеке де бола алады, оны мәдениеттен бөлек, немесе әртүрлі мәндегі және әртүрлі бағадағы феномен ретінде мәдениетпен салыстыруға болады».

Ал тіл мен ұлттық рухты байланыста қараған В. Гумбольдтың пікірінше, тіл – халықтың айнасы, онда белгілі бір мәдени қауымдастыққа тән әлем бейнесі тікеледі және сақталады [5, 73].

Бұл пікірлерден байқайтынымыз, тіл мен мәдениеттің арақатынасы бұдан бұрынырақ та айтылып, бүгінгі ғылымдар тоғысындағы антропоцентрлік зерттеу нысандарының аясында қайтадан өзінің өзектілігін танытып отыр.  

Қазіргі таңда Қазақстанда көптілділік жүйесінде оқытудың бірнеше қағидалары қалыптасып үлгерді: 

·                        қазақ тілі – орыс тілі – ағылшын тілі;

·                        тілдерді үйрету параллельді сипатта болуы тиіс, оның негізгі діңгегі ана тілі болып табылады;

·                        шет тілін үйрету сөйлей отырып ойлауға, ойлаудың үйреніп отырған тілдегі жаңа құралдарын меңгеруге бағытталуы тиіс [6, 249]. 

Ал зерттеушілер тарапынан көптілді білім берудің мынадай міндеттері сараланды:  

·     мәдениет және мәдени көптүрлілік туралы түсінік қалыптастыру; 

·     Қазақстанда тұратын халықтардың мәдени құндылықтарын қосу, қазақстандық мәдениетке позитивті құндылық бағдарын қалыптастыру; 

·     мәдени айырмашылықтарға позитивті қатынасты қалыптастыру, жағымсыз этно-әлеуметтік таптаурындарды меңгеру; 

·     түрлі мәдениетті тұтынушылармен өнімді өзарабайланысқа түсудің шеберлігі мен дағдысын дамыту; 

·        ұлтаралық қарым-қатынастың мәдениетін қалыптастыру[6, 251]. 

Демек, көптілді білім берудің түптамыры мультимәдени тұрғыдан білім беру дегенге саяды. Ал мультимәдени білім берудің мазмұны көп аспектілі және жоғары дәрежедегі пәнаралықтықпен ерекшеленеді, бұл өз кезегінде мультимәдени білім беру мәселелерін гуманитарлық, жаратылыстану оқу пәндерінің, көркем-эстетикалық циклдердің және жекелеген халықтардың тарих пен мәдениет бойынша арнайы курстардың құрамында қарауға мүмкіндік береді.  

Біздің ойымызша, көптілді білім беру рефлекция тетіктерін дамытуға себепкер болатын өзін өзі тану, өзін өзі дамыту үдерістерін белсендіреді; оқытушылардың қызметін білім беру субъектілерімен олардың қажеттіліктерін және әрбір адам өмірлік тұлғалық мәнді мақсаттарын айқындауға құқылы (өзін өзі дамытудың индивидуалды саласы) падагогикалық өзара әрекеттестік үдерісін ұйымдастыру бойынша мәселелерді бағыттайды; сабақтастық, ақпараттық және практикалық сипаттағы тұлғалық бейімделудің, қорғаудың және қолдаудың құралдары мен формасын іздеуді өзектілендіреді.

Қазақстанда көптілді және мультимәдени тұлға қалыптастыру білім беру мекемелерінде де, отбасында да, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да жүргізіліп жатыр, яғни бұл үздіксіз білім беру сипатындағы үдеріс болып табылады. Мектептерде үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқыту енгізілді. Оқушылар түрлі тілдерді үйреніп қана қоймай, үйреніп жатырған тілдің негізгі тұтынушысы болып табылатын халықтың мәдени мұрасымен де танысады, адамзаттық құныдылық қауымдастығына негізделген өзіндік индивидуалдылығын басқаша ойлайды. 

Қазіргі уақытта көптілді білім беру мен мультимәдениеттілікті қалыптастырудың мақсаты әлембірлестігінің жағдайында бәсекеге түсе алатын көптілді, мәльтимәдени тұлғаны дамыту болып отыр. 

Көптілді білім берудің оңтайлы ұстанымдары мен оны ары қарай дамытудың тетіктерін жетілдіре түссек, Қазақстанда білім алған әрбір адам көптілдееркін сөйлей, ойлай алатын, өзін-өзі әлеуметтік  және кәсіби билеуге, өздігінен дамуға, өздігінен жетілуге, ізденуге қабілетті тұлға болып шығары сөзсіз. Ол жауапкершілігі мол, өз мамандығы бойынша халықаралық стандарт деңгейінде тиімді іс-әрекетке қабілетті, кәсіби деңгейінің өсуіне ынталы, әлеуметтік және кәсіби бейімділігі жоғары, үш тілді: мемлекеттік тілді-қазақ тілін, ұлтаралық қатынас құралы ретінде орыс тілін, дүниежүзілік экономикалық кеңістікке кірігу тілі ретінде ағылшын тілін еркін меңгерген тұлға болуы тиіс.

Қорыта келгенде айтарымыз, көптілді тұлға – мультимәдени тұлға. Дәл осы мультимәдени тұлға ұғымының астарынан «дамыған лингвистикалық саналы индивид» [7, 23] дегенді түсінуге болады. Бүгінгі таңда мультимәдени тәрбие беру мәселелері білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі.  Бұл Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуымен, тұрғындардың этномәдени ерекшеліктерімен және адамдарды өз халқының тарихынан, тілінен және мәдениетінен алыстауына әкелген жарты ғасыр бойына үстемдік еткен білім берудің бірыңғайланған жүйесімен байланысты.  Сондықтан да көптілді білім беру мен мультимәдени тұлға қалыптастыру – уақыт, замана талабы, себебі бүкіл әлем көпэтносты және көптілді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.       Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1100000110

2.       Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1000001118

3.       Международный педагогический словарь. Лондон, 1977. - http://www.scienceforum.ru/2014/470/1179

4.       Шаханова Р., Тымболова А. Көптілді мәдени тұлғаның ұлттық сипаты. ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы, №1 (135), 2012 – 356 бет;

5.       Л. В. Базарова. К вопросу о соотношении языка и культуры. Образование и культура России в изменяющемся мире. - Новосибирск, 2007. - С. 72-76

6.       Жетписбаева Б. А. Полиязычное образование: теория и методология. – Алматы: Білім, 2011. – 343 с.

7.       Формирование и развитие языковой личности в условиях реформирования системы образования РК № 5 (2007. стр. 23-24).

 

АҢДАТПА

Мақалада бүгінгі әлемдік қауымдастықтағы тіл саясаты мен үздіксіз білім берудің маңызды стратегиялық тармағы болып отырған көптілділік, көптілді білім беру және мультимәдени тұлға қалыптастырудың өзектілігі сөз болады.