Набидуллин А.С.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Магистратура және PhD докторантура
институтының 2-курс магистранты
АУДАРМАТАНУ
ТЕОРИЯСЫ: ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ЗЕРТТЕУЛЕР
Аударма – адамзат
қарым-қатынасындағы ертеден келе жатқан ерекше
қызмет түрі. Аударма ісі тікелей тілмен байланысты.
Әртүрлі тілде сөйлейтін түрлі
қауымдастықтардың өзара байланысы үшін
аударманың маңызы ерекше. Сондықтан да аударма тіл
білімінің бір саласы ретінде қарастырылады. Сондай-ақ
аударманың теориялық және практикалық мәселелері
жалпы тіл білімінің мәселелерімен тікелей байланысты.
Жалпы алғанда,
әлемдік лингвистикада лингвистикалық аударматанудың негізін
салушылар ретінде А.Федоров, В. Виноградов, И. Резвин, К. Райс,
О.Каде, Ю. Найда, Ж. Мунин,
А. Швейцер, Я. Рецкер, В. Комиссаров, А.Латышев, З. Львовская
сияқты ғалымдардың есімдерін атауға болады. Осы
ғалымдардың еңбектерінде, біріншіден, «аударма» деген терминнің
нені қамтитындығы, яғни «аударма» дегеніміздің
анықтамасы беріледі.
Аударма теориясын
лингвистикалық тұрғыдан алғаш рет жүйеген
ғалым – А.В. Федоров. Ғалым: «бұл кітаптың, аударманы
тіл білімінің ауқымына қараған осы еңбектің
бірінші басылымы шыққан кезде ол осы бағыттағы
жалғыз және алғашқы еңбек болды» деп жазады [1].
«Аударма» сөзі
көп мағыналы және оның екі терминологиялық
мағынасы бар. Біріншіден, бұл ұғым бір тілде
көрініс тапқан мазмұнды екінші тілдің
құралдары арқылы жеткізу үдерісі ретіндегі ой
қызметін анықтайды. Екіншіден, осы үдерістің
нәтижесі – ауызша немесе жазбаша мәтін де аударма деп аталады.
Дегенмен бұл екі анықтама бір бірімен тығыз байланысты,
олардың біреуін екіншісінсіз анықтау мүмкін емес. Бұл
тұжырым осы мәселені зерттеумен айналысатын ғалымдардың
қай қайсысы да атап өтетін дәстүрлі
қағида. Қазақ тілінде де «аударма» сөзі осындай
анықтаманы иеленді: «аударма – бір тілден екінші тілге аударылған еңбек,
туынды; іс-әрекеттің нәтижесі және аударма – бір тілден
екінші тілге ауару ісі; жүргізілетін процесс [2, 10].
Ғалымдардың
пікірінше, аударылатын мәтінде аударма тілдің лингвистикалық
заңдылықтарын сақтаумен бірге,
түпнұсұқа тілді тұтынушы халықтың
ұлттық бояуы сақталуы тиіс. Бұл туралы В.Н. Комиссаров:
«Аударылатын мәтін «аударушының мәдениетіне көшірілуі»
тиіс болғанына қарамастар, аударылған мәтінде
түпнұсқа тілді қолданушының мәдени бояуы
сақталуы керек» [3].
В.Н. Комиссаров
өзінің «Слово о переводе» атты еңбегінде аударма жайында Д.
Селесковичтің мынадай пікірін келтіреді: «Кез келген аударма – бұл
түсініктеме (интерпретация). Аудармаға төрт элемент
қатысады: Х тілдегі сөйлеу сөйленімі (речевое высказывание),
аудармашының осы мағынаны түсінуі және У тіліндегі мағынасының
берілуі. Жалпы алғанда, бұл тілдік бірліктерге жүргізілетін
операция емес, идеяларға жүргізілетін операция, сондықтан
аудармашы тілдік мазмұнды ғана емес, сөйленім мазмұнын
түсіндіріп, түпкі мағынаға жетеді» [4].
Аударматанудың
көрнекті өкілі Л.С. Бархударов: «Аударма дегеніміз – бір
тілдің сөйлеу (тілдік емес!) шығармашылығын,
мазмұн межесін, яғни мағынасын өзгеріссіз (!) екінші
тілдің сөйлеу шығармашылығына айналдыру
үдерісі" деп атайды [5]. Демек, ғалым аудармаға
қойылатын ең басты талап мағынаның өзгеріссіз
берілуі дегенді айтады.
Алайда Л.С.
Бархударовтың бұл тұжырымына Дж. Кэтфорд мынадай түзету
енгізеді: «Аударма тілі мен түпнұсқа тілдегі мәтін «бір
ғана мағынаны білдіреді» немесе аударма үдерісінде
«мағына ауысуы болады» деген пікірдің негізі жоқ.
Мағына, біздің ойымызша, белгілі бір тілдің өзіндік
«қасиеті» [6] дейді.
Ал белгілі
ғалым Я.И. Рецкердің пікірінше, аударма үдерісін жүзеге
асыратын негізгі тұлға «аудармашының міндеті –
түпнұсқаның тұтастығы мен мазмұнын
басқа тілдік құралмен оның стилистикалық
және экспрессивті ерекшеліктерін беруі» деп анықтайды.
Аударманың «тұтастығы» ұғымының астарынан
жаңа тілдік негіздегі мазмұн мен тұрпаттың бірлігін
түсіну керек.
Аударма қызмет
ретінде бірқатар ғылымдардың зерттеу нысаны дегенді ескерте
отырып, А.Д. Швейцер «соңғы жылдары аударманы үйрету бойынша
көптеген мектептер пайда болды, олардың әрқайсысына
тән аударманы ұғымының түсініктемесі және
қол жеткізген нәтижелері бар» екендігін айтады. Ғалым өзінің «Перевод и
лингвистика» деп аталатын еңбегінде аударманы зерттейтін
ғылымдардың қатарына лингвистиканы, әдебиеттануды,
психология мен этнографияны жатқызады [7].
Лингвистер аударма
мәселелерін лингвистикалық аударматану щеңберінде
қарастырып, «тіл ақпаратты жеткізу құралы,
аударманың дербес теориясы, аударманың трасформациялық
теория» және тб.
Мәселелерге сәйкес аударманы лингвистикалық пән ретінде
қарастырады. Аударманың лингвистикалық аспектілері В.Н.
Комиссаровтың «Слово о переводе», «Я.И. Рецкердің «Теория перевода
и перевоческая практика» және жоғарыда аталған А.Д.
Швейцердің «Международные отношения» атты еңбектерінде
қарастырылған.
Қазіргі
уақытта кейбір лингвистер, мәселен, Ю.Найда жеке «аударма
ғылымының» әдіснамалық негізін жасауға
қадамдар жасауда. Дегенмен Ю. Найданың еңбектерінде
тұтас теория берілмейді, тек автор «аударма ғылымының» негізі
болуы мүмкін бірқатар жаңа теориялық тұжырымдарды
баяндайды [8].
Қазір
әлем бойынша аударманың жаппай практикасының дамуы оның
теориясын әлі де тереңнен зерттеу қажет екендігін
көрсетеді. Аударма ғылымының теориялық
мәселелерінің қатарында сөйлеу қарым-қатынасының
негізінде жатқан аударма үдерісінің
әдеби-лингвистикалық, психологиялық және басқа да
ерекшеліктерін ашу міндеті тұр.
Осымен байланысты
Қазақстанда да аударманың практикалық жақтан
жаппай дамуы, ілгері басқандығы қазақ
аударматануының теориялық тұрғыдан әлі де
қарастыратын мәселелерінің бар екендігін дәлелдейді.
Қазақ
аударматану ғылымының зерттелуі, іргелі тұжырымдар А.
Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, М. Әуезов еңбектерінен
бастау алады. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында
қазақ тілінің өміршеңдігін сақтау,
лексикалық қорын сақтау, қазақ тілін ғылым
тіліне айналдыру мақсатында жасалған шаралардың басында А.
Байтұрсыновтың тіл білімінің терминдерін қазақ
тіліне аударуын, Қ. Жұбановтың қазақ
терминологиясына қатысты тұжырымдарын, М. Әуезовтың
көркем аударма мәселелері төңірегіндегі пікірлерін
атауға болады.
ХХ
ғасырдың 50 жылдарының өзінде-ақ 300-ден астам
көркем шығарма (орыс және шетел әдебиеті өкілдері
жасаған) қазақ тіліне аударылған; оларды зерттеу
көбіне әдебиеттану ғылымы аспектісінде қарастырылған
[9].
М.
Әуезовтің пікірлерінен соң кейінгі жылдарда бір тілден екінші
тілге аударудың тілдік мәселелеріне арналған, оның
ішінде көркем әдебиеттің аударылуы қарастырылған
бірнеше жұмыстар болды. Бірқатар жұмыстарда қазақ
көркем әдебиетінің ағылшын, неміс, француз тілдеріне
тәржімасы зерттелді (Ю. Сушков, Д. Алтайбаева, З. Жантикеева, Ә. Ипмағамбетов және
т.б.). Бұл еңбектер қазақ аударматану ғылымына
айтарлықтай үлес қосқандығын сеніммен айта
аламыз.
60-70 жылдарда
аударматану саласында бірқатар зерттеулер жүргізілді, бірақ
олардағы аударма мәселелері тағы да әдебиеттің,
шығармашылықтың шеңберінде болды. (С. Талжанов,
Ә.Сатыбалдиев және т.б.).
Қазақ
аударматануына алғаш рет таза лингвистикалық тұрғыдан
келген зерттеу Ө. Айтбаевтың «Аудармадағы фразеологиялық
құбылыс» атты еңбегі.
Бұл – 70-інші жылдарда орыс тілінен қазақ тіліне
аударылған көркем шығармадағы фразеологиялық
тілдік бірліктерді тілдік-стильдік тұрғыдан жүйелі етіп
талдаған алғашқы еңбек.
Қазақ
тіл біліміндегі аудару ісінің лингвистикалық тұрғыдан
зерттелуін жүйелі талдап, бағдарламалық нақты
ғылыми тұжырымдар ұсынылған еңбек ретінде А.
Алдашеваның «Аударматану: лингвистикалық және
лингвомәдени мәселелер» деген монографиялық еңбегін
атауға болады. Ғалым былай деп жазады: «Адам факторының тілдегі
көрінісін, тіл мен сол тілді иеленуші адамның ойлау-пайымдау
қабілетінің арасындағы байланысты, ұлттық
мәдениеттің ұлт тіліне ықпалын зерттеуде аударма
әдебиет көп көмек жасайды. Аударма әдебиетті
түпнұсқамен салыстыру бірнеше тілдерде бар универсалды бір
ұғым, образ, стереотиптер үшін жұмсалатын тілдік
единицалардың ұлттық-мәдени
құндылығын дәлірек танытуға мүмкіндік
береді» [9, 17].
Жалпы
соңғы жылдары аударма теориясының шеңберінде
контрастивті лингвистика және аударма, универсалий мәселері (Э.Д.
Сүлейменова), жалпы теориялық мәселелер (А. Алдашева, А.
Жұмабекова) зерттеліп, оқу бағдарламалары (Н. Шаймерденова),
аударма ғылымының метатіліне қатысты сөздіктер (А.
Жұмабекова) шығарылды.
Сондай-ақ
аударманың дербес теориясына қатысты ағылшын, қытай,
араб, түрік тілдерінен қазақ тіліне аудару талдана бастады,
бұған байланысты Г.Бегимованың, П. Дәулетованың,
А. Донбайдың еңбектерін атауға болады.
А.
Қайдаровтың, З. Ахтамбердиеваның және Б.
Өмірбековтің, Ш. Жарқынбекованың, Ф.
Ахметжанованың, Р. Садықованың еңбектерінде түс
атаулары арқылы ұлттық мәдени мазмұнның
жеткізілуіне мән беріледі.
А. Жұмабекова
аударманың жалпы, жеке және арнайы теориялары бар екендігін атап
өтеді. Оларды осы жіктемелер бойынша кімдер зерттегенін мақсатына
сай төмендегіше сипаттайды:
Аударманың
жалпы теориясының мақсаты – аударма ісінің жалпы
заңдылықтары мен ерекшеліктерін анықтау (осы саланы зерттеген
ғалымдар: В.Н.Комиссаров, Я.И.Рецкер, Ю.Найда, Р.К.Миньяр-Белоручев,
С.В.Тюленев, т.б.).
Аударманың
жеке теориясының мақсаты – бір тілден екінші тілге аудару кезіндегі
заңдылықтарды анықтау. Мыс., қазақша-орысша,
орысша-немісше аудармасының
теориясы. (А.М.Алдашева /орысша-қазақша/, В.Г.Гак
/французша-орысша/, Л.К.Латышев /орысша-немісше/, т.б.).
Аударманың
арнайы теориясының мақсаты – аударманың әр алуан жанрлары мен стильдерінің ерекшеліктерін,
заңдылықтарын анықтау. Мыс., көркем аударманың
теориясы, ауызша аударманың теориясы, т.б. (Г.Гачечиладзе,
А.Л.Пумпянский, А.Д.Швейцер, т.б.) [10, 9].
Демек,
жоғарыда аталған еңбектерге шолу жасау барысында
қазақ тілінен басқа тілдерге тәржімалаудың
үдерісі мен нәтижесіндегі ұлттық ерекшеліктердің,
аударылған мәтінде сақталуы тиіс ұлттық-мәдени,
когнитивті сипаттардың
көрінісі, сондай-ақ аударматанудың негізгі
катеогриялары жеке-дара зерттеуді қажет ететіндігіне көз жеткізуге
болады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Федоров А.В. Основы общей теории перевода (лингвистические проблемы). –
Учебное пасобие. – 4-изд., перераб. и доп. – М.: Высшая школа, 1983. – 303 с.
2. Алдашева А. Аударматану: аударманың жалпы және дербес теориясы
\\ Ілеспе аударма жұмысын ұйымдастыру мәселелері.
Республикалық ғылыми-практикалық семинар жинағыю. –
Павлодар, 2009 . – 80 б.
3. Латышев Л.К. Курс перевода: эквивалентность перевода и способы его
достижения. – СПб., 1992. – С. 105-108.
4. Комиссаров В.Н. Слово о переводе (очерк лингвистического учения о
переводе). – М.: Международные отношения, 1973. – 215 с.
5. Бархударов Л.С. Язык и перевод. Вопросы общей и частной теории
перевода. – М.: Международные отношения, 1975. – 240 с.
6.
Catford, J.C., A Linguistic Theory of Translation: An
Essay in Applies Linguistics. - London, 1965.
7.
Швейцер А.Д. Перевод и лингвистика. (Газетно –
информационный и военно – публицистичсекий перевод.) – М., Воениздат, 1973. 280
с.
8.
Nida Е. Toward a Science of Translating. Leiden, 1964.
9. Алдашева А. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени
мәселелер. – Алматы: Арыс, 1998. – 243 б.
10. Жұмабекова А.Қ. Аударма теориясы: Оқу құралы.
– Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2010. – 264 б.