К.ф.н. Агабекова Б.Н.
Казахский
национальный педагогический университет имени Абая, Казахстан
Тіл
және мәдениет
Бүгінгі таңда тіл білімі
ғылымының алдына қойған мақсаттарының бірі
– ұлт тілі және оның мәдениетке қатысты
мәселелері мен оның ерекшеліктерін қарастыру болып табылады.
Тіл мен мәдениет – қоғам дамуының әлеуметтік
азығы. Тілдің әлеуметтік маңызы тіл мен мәдениетті,
тіл мен қоғамды бірге алып қарағанда ғана
ашылады. Адамның жан дүниесі мен болмысының,
мәдениетінің калыптасуына үлкен үлес қосатын
халықтың баға жетпес байлығы – оның тілі. Себебі
бүкіл бір ұлттың әдет-ғұрпын,
дүниетанымын, рухани мәдениетін тек тіл арқылы ғана
танып біле аламыз. Тіл мәдени байлықты жасайтын құрал
ғана емес, сонымен қатар, ол – мәдениеттің көзі,
ұлт өмірінің айнасы екендігі көптеген ғылыми
еңбектерде баса айтылып келеді. Тілдің кумулятивтік қызметі
арқылы өткен ғасырларда өмір сүрген
халықтардың мәдениеті мен жан дүниесінен, даму
тарихынан, дүниетанымынан ақпарат ала аламыз. Ұлттық
ерекшелік оның санасында, мәдениетінде, салт-дәстүрінде
т.б. десек, кез келген халықтың (соның ішінде
қазақ, ағылшын) ұлттық мәдениетін танытуда
фразеологиялық теңеулердің орны ерекше.
Тіл мен мәдениетті зерттеуші ғалымдар тіл мен
мәдениетке, олардың арақатынасына қатысты
әртүрлі анықтамалар береді. Осы мәселелер
төңірегінде зерттеу жүргізген Т.Ғабитов «мәдениет
– халықтың мыңдаған жылдар бойындағы
шығармашылығы, онда қауым мен жеке адамның рухани
ізденісі, халықтың даналығы мен адамгершілік нышандары
жинақталады. Адамзаттың рухы мен келбеті, оның
ерік-бостандығы мен тарихы, зейіні, философиялық жүйелері мен
рәмізтаңбалық өсиеттері, орны толмайтын шығындары
мен өмірлік сабақтары, діні мен тілі, ділі мен мұраты –
осының бәрі мәдениетпен біте қайнасқан», - деп
анықтама береді [1, 128 б.].
Ұлт өкілдерінің ұжымдық
дамуындағы құндылықтар жиынтығы туралы айта
келіп, ғалым Ю.М. Лотман - мәдениетті ең алдымен
ұжымдық ұғым деп түсініп, «жеке адам
мәдениетті тұтынушы, оның дамуында белсенділік танытушы болуы
мүмкін, дегенмен, мәдениет табиғатына қарай тілі
сияқты қоғамдық құбылыс, яғни
әлеуметтік. Мәдениет – ең алдымен сана, күрделі
семиотикалық жүйе, оның қызметі – сана, негізгі
ерекшелігі – жинақтап сақтау», - деп тұжырымдайды [2, 399
б.].
Осы келтірілген анықтамалардан мәдениет –
халық дамуындағы
ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын,
ұлттық құндылықтар жиынтығы деген
қорытындыға келеміз. Әр ұлттың ана тілінде
оның бүкіл өмірі, тарихы, тыныс-тіршілігі, жан дүниесі,
яғни мәдениеті көрініс табады. Ол туралы М.Н.Маковский былай
деп жазды: «Адамзат тілі адамның көне мәдениеті мен тарихын
сақтайтын құнды қазына. Тіл барометр сияқты
барлық ауытқулар мен дәстүр, сенім ерекшеліктерін,
ойлау тәсілдерін көрсетеді; онда тарихтың өн
бойындағы жекелеген адам ұйымына тән «дүние
танудың» әр түрлі модельдері айна-қатесіз
көрсетіледі» [3, 416 б.].
Тіл ғасырлар бойы дүниеге келіп
қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына
жинап, сақтап, оны келешек ұрпаққа асыл мұра
ретінде жеткізіп отырады. Тіл тек қарым-қатынас құралы
ғана емес, халықтың көп жылғы
тәжірибесінің негізінде жинақталған ақпаратты
беруші құралы. Тілдің осы қызметі туралы Ж.Манкеева
«Тілдегі мазмұнның сақталуы оның кумулятивтік
қызметіне тікелей байланысты. Ол өз кезегінде қабылдау,
ойлау, жад сияқты психологиялық ұғымдармен тығыз
байланыста болып, тұтас күйіндегі когнитивті парадигма
құрайды», - деп
тұжырым жасайды [4, 39-43 бб.].
Тілдің кумулятивтік қызметінің маңызы зор. Ол
халықтың мифтік танымы, салт-дәстүрі, әлем туралы
түсінігі, тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы
ақпаратты өз бойына жинақтап, сақтап,
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады.
Әлем бейнесіне қойылған атау
ұлттық таным мен ұлттық дәстүрге тікелей
байланысты. Кез келген атаудың ішкі мәнінде таным түсініктері
жатады. Атау ақиқатқа қатысты да, мифке қатысты
да қалыптаса береді. Ақиқатқа қатысты атау сол
нысанның табиғатта, қоғамда қатысты болуына
қатысты берілсе, «мифке» қатысты атау белгілі бір нысанның
адам санасындағы жеке тәжірибесіне негізделеді. Ұжымдық
сана арқылы туындаған атау субъективтік негізде
құрылады. Ал коннотативтік мағына не тілдік
бірліктердің қалыптасуы сол тіл иелері санасындағы
аялық білімге (фоновые знания) байланысты, сондықтан тілдің
кумулятивтік қызметін анықтау үшін олардың
бойындағы сан ғасыр бойы қалыптасып, жинақталған
аялық білімге талдау жасалуы қажет. Осындай талдау арқылы
тілдік бірліктердің кумулятивтік қызметінің қалыптасу
ерекшеліктері ажыратылады, яғни, ол салт-дәстүрге,
кәсіпке, шаруашылыққа, тарихи оқиғаға,
материалдық заттар символына, немесе мифтік танымға т.б. негізделгені
анықталады.
Бұдан сөз тарихын халық тарихымен,
мәдениетімен, ел дамуын ой дамуымен байланыстыра қарастыру
қажеттігін көреміз, себебі, заттардың атауларында
адамның сезімі, қабылдау түйсігі мен ұғымы,
күнделікті тәжірибесі мен тұжырымдары көрінеді.
Тіл, С.Аманжолов анықтағандай, бір
жағынан қоғамдық құбылыс, екінші
жағынан, танымдық құрал, себебі, ол белгілі бір
этнолингвистикалық, ұлттық-мәдени қауымдастықтың
көрсеткішін құрай отырып, жеке адамдардың өзіндік
өзгешелігін танытатын, қайталанбас ойлау мен таным
әлемінің шоқтығын бейнелейтін универсалды
құбылыс ретінде қабылданады, яғни «... көрінген
бір сөздің қайдан шыққанын бірден біле
қоюға болмайды. Мұның үшін адам баласының ойлау тарихын,
заттық мәдениетінің тарихын ... түрге бөлу керек»
[5, 47б] деген пікіріне сүйенер болсақ, тілдік құралдар
ішкі-сыртқы себептер тоғысын құрай келе, адамның
психофизикалық қабілеттерімен ұштаса, мәдени
негіздерімен үйлесе қалыптасады.
Тілде де әзір бейнелеу құралдары,
халықтың әр түрлі құбылысты өзара
салыстыра суреттеу, бірін-біріне теңей сөйлеу
тәжірибесінің, ойды тыңдаушыға әсерлі етіп,
көркем түрде жеткізу дағдысының нәтижесінде
қалыптасқан тіркестер, афоризмдік орамдар, контексте емес, тіпті
жеке тұрғанда да экспрессиясы айқын сөз де,
сөйлем де мол болатындығын негізге алған ғалым
Е.Жанпейісов зерттеулерінде тілтанымдық деректердің дені
тарихи-этимологиялық барлау арқылы тіл мен халық, оның
мәдениеті ұғымдарының ажырамас бірлігін анықтауға
бағытталған [6].
Адамның тану, салыстыру, бақылау сынды
әрекеттеріне негізделген түрлі тұжырымдар, біріншіден,
физиологиялық даму мен психологиялық қабылдаудың
жемісін құраса, екіншіден, әр дәуірдің өз
келбетін айғақтар әлеуметтік-мәдени нормалардың
көрсеткішіне айналып отыр. Адам психологиясын, оның когнитивтік
процесінің дамуын, жеке басының көріністерінің
қалыптасуын ең алдымен, табиғатпен
қарым-қатынасы, шаруашылық кәсібі арқылы
өзектеген Ж.Манкеева тілдік құралдардың да ұлттық
мәдени генезисін этнопсихология мен биосфера заңдылықтарынан
өрбіте зерттеді [7]. Зерттеуде ғалым «халықтың
көкірегі», «халықтың жады», «ұлттық сезім»,
«рухани дүние», «халықтық психология» секілді
ұғымдардың маңыздылығына тоқталады.
Сонымен, тіл, сана, таным, мәдениет ұғымдары бір-бірімен
тығыз байланысты. Сондықтан да оларды бөліп
қарастыруға болмайды.
Тіл мен мәдениеттің баға жетпес
ұлттық құндылықтарды жеткізетін қазына
ретінде қарастыру керектігі туралы Сепир: «Тілдің бір
тұғыры бар. Ол мәдениеттен тыс өмір сүрмейді. Ол
дәстүр болып жалғасқан біздің тыныс-тіршілігіміз
мүлде қабысып кеткен салт-дәстүр мен наным-сенімдерден
арыла алмайды. Тілдегі лексика өзі қызмет етіп тұрған
мәдениетті өз қалпында көрсетеді. Осы
тұрғыдан алғанда, тілдің тарихы мен мәдениет
тарихы жапсарлас дамиды деуге болады», десе [8] Ж.Манкеева осы мәселе
жөнінде өз ойын былайша қорытады: «Мәдениетті тілден
бөліп қарамаймыз. Тіл мәдениеттің бір көрінісі.
Ол екеуінің арақатынасы ерекше де маңызды. Кез келген
мәдениеттің түрлері, атаулары тіл арқылы бейнеленіп,
кумулятивтік қызмет арқылы көрінетіні,
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетіні белгілі» [7, 53
бб.].
Сонымен, халықтық рух, ең алдымен,
тілде, содан кейін әдет-ғұрып, салт-дәстүрде,
шығармашылық өнерде т.б. көрініс береді екен.
Әрбір ұлтқа тән рухани және материалдық
мәдениеттік құндылықтардың көрсеткіштері
тілде шоғырланған. Сондықтан, бір-бірімен астасып
жатқан аталмыш екі ұғымды, екі құбылысты
жеке-дара емес, тұтастай қарастырғанда ғана өзара
ықпалы, мәні, дүниені танудағы алатын орны,
қызметі анықталады және ұлттың тарихы мен
мәдениетіне т.б. қатысты мағлұматтар жиынтығы
соңғы кезде көптеген зерттеулердің нысаны болып
жүрген дүниенің тілдік бейнесін қалыптастырады.
Сонымен, тіл мен мәдениет арасында байланыс бар екені, олардың өзара қарым-қатынаста екендігі еш күмән келтірмейді, себебі тіл мәдениеттің бір бөлігі, сондықтан, тілдің қызметі мен іс-әрекеті бірге қараластыруы керек. Ал лингвистикалық талдау тек қажетті мәлімет алатын құрал ғана емес, сол тіл иелері пайдаланатын мәдениет туралы білімнің қайнар көзі, бұлағы. Тіл мәдениеттің бір бөлігі, ал мәдениет тек тіл арқылы ғана беріледі, тіл арқылы ғана өмір сүреді. Мәдениет – адамдардың өмірі мен іс-әрекетінің ұйымдастыру тәсілінен, сондай-ақ олардың материалдық және рухани байлықты жасауынан көрінетін қоғам мен адамның белгілі тарихи даму дәрежесі.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1.
Ғабитов Т.
Лингвомәдениеттануға кіріспе. Алматы: Санат, 1996.-128 б.
2.
Латман. Внутри
мыслящих миров.-М., 1999. - 198 с.
3.
Маковский М.М.
Сравнительный словарь мифологической символика в индоевропейских языках: Образ
мира и миры образов. М., 1996.-415 с.
4.
Манкеева Ж.
Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері// Тілтаным,
2001. -№4.-39-44 бб.
5.
Аманжолов С.
Қазақ тілі теориясының негіздері.-Алматы: Ғылым,
2002.-368 б.
6.
Жанпейісов Е.,
М.Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясының тілі.- Алматы:
Ғылым. 1976.-168 б.
7.
Сепир Э.
Избранные труды по языказнанию и культурологии.-М.:Наследие, 1993.-656 с.
8.
Манкеева Ж.А.
Қазақ тілінің заттық мәдени лексикасы: филол.
ғ.док ... автореф. – Алматы, 1997.-51 б.