автор:Шарипова Айжан Сейлхановна
Магистрант
2 курса университета имени
Ш.Уалиханова г. Кокшетау
Тіл
- ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы - оның
ана тілі. Тіл - халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр
ұлттың тілі - оның бақыты мен тірегі. Елбасы
Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен
толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек
ғана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің
болашағы» деген болатын.
Қазақ сөз мәдениеті туралы
түсінік, ұғым, пайымдаулар ғылыми пән ретінде
өмірге кездейсоқ келмегені белгілі. Тілдің қасиеті,
сөз құдіреті жөніндегі өмірден түйген
түйінді ойларын (тіл туралы мақал-мәтел, фразеологиялық
сөз орамдарын т.б.) халықтың метатілдік рефлексиясы деуге
болады. Әсіресе сөз мәдениетіне қатысты
мақал-мәтелдердің мазмұнындағы терең пайымдаулар
тілдің қоғамдық-әлеуметтік тіршілігімен
байланысты екенін айқын аңғартады.
Дискурс ұғымы XX ғасырдың
70-жылдарынан бастап философияда кеңінен қолданыла бастады.
Тұңғыш болып «дискурс» ұғымын Ю. Хабермас
өзінің «Коммуникативтік компетенция теориясына дайындық» атты
еңбегінде қолданған болатын. Содан бері бұл термин
батыстық философияда кең қолданылып жүр. Хабермас
«дискурске» мына төмендегідей белгілер тиесілі деп қарастырады — қарым-қатынасқа,
сұхбатқа имманентті (іштей тиесілі), сол кезеңнің
қоғамдық өмірінде қалыптасқан нормалар,
ережелер және негізгі құндылықтар жинағынан
тұратын идеологиялық тіл. Ондағы идеология деп
отырғанымыз жалпы белгілер жүйесі деген мағынада
қолданылып отыр.
Дискурс — тілдік коммуникация түрі. Кең шеңберде,
дискурс дегеніміз уақыттың мәдени тілдік контексті.
Оған рухани-идеологиялық мұра, көзқарас,
дүниетаным кіреді. Тар мағынада, дискурс деп қандай да
болмасын мағыналы, құнды іс-әрекеттің
(актінің) нақты тілдік шындығын айтады.
Классикалық лингвистика тілді қоғамның
барлық мүшелеріне ортақ, түсінікті константты
(өзгермейтін) құрылым деп қарастырады. Ол
түсініктің пайда болуына тілге деген мынадай
көзқарастар әсер етті. Біріншіден, тілде бір нақты
нәрсені білдіретін белгі және сол нәрсенің өзі
бірін-бірі анықтайды деген түсінік; екіншіден сол тілді
қолданатын тілдік ұжым мүшелері үшін тілдік
белгілердің бәрі бір мағынаға ие; үшіншіден, осы
жоғарғы айтылғандардың нәтижесінде тіл
қоғамның барлық әлеуметтік топтарына бірдей
қызмет етеді.
Тіл – қоғамның
ең қажетті қатынас құралы. Сондықтан
қоғамды дамытудың басты ұстанымы – мемлекеттік
тілдің қолданыс аясын кеңейту. Тілді әлеуметтік
проблемалар қатарында әлеуметтік құбылыс ретінде
қарастыру, оның қоғамдағы орны мен қызметін
анықтау бүгінгі күннің басты мәселелерінің
бірі болып саналады. Оған тілдің әлеуметтік сипатын саралау,
әдеби тіл мен диалектілердің арақатынасын қарастыру,
тілдік форма мәселелеріне көңіл
бөлу, т.б. жатқызылатындықтан,
қазақ тілін оқыту негіздерін де бұл проблемалардан сырт
қалдыруға болмайды.[1;62]
Тіл
тек қоғам бар жерде және оның тікелей
ықпал етуімен дамып отыратындықтан, қоғамдық
нормалар және қалыптасқан ережелер тілді өркендетуші
әрі жүйелеуші қызмет атқарары даусыз. Тіл үйрену
мәселесі де қоғамдық қажеттіліктен туындайды.
Барлық мемлекеттер бір-бірімен экономикалық, саяси
қарым-қатынаста болғандықтан, тіларалық байланыс
деңгейі жоғары. «Қазіргі кезеңде
халықаралық байланысы күшті барлық елдерде тілдік
қатынас мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Тілдік
қатынастың бүкіләлемдік маңызы ел мен
елдің, ұлт пен ұлттың саяси байланысына жан-жақты
жол ашудан көрінеді» [2, 8].
Ал енді ұлттық тілге
келетін болсақ, тілдің болмысын шынайы тану үшін тілдің
өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның
түпкі тамыры сол тілде сөйлеуші этностың ғасырлар
бойғы тарихымен, тұрмыс-салтымен, мәдениетімен,
дәстүрлі менталитетімен тікелей байланысты екені сөзсіз.
Сондықтан тілді үйретуде сол этностың дүниетанымымен, мәдениетімен,
тарихымен біріктіре қарастыру мәселесі туындайды.
Кез келген халықтың
этномәдени тұрмысын ұлттық тілдің жетегінде,
әлеуметтік мәдениеттің ауқымында, дүниетанымын
қоғамдық ғылымдар аясында сөз ету мәселесі
этнолингвистика ғылымында қарастырылғанымен, осы
құбылыстың қоғамдағы
әлеуметтік-мәдени өрісі – лингвомәдениеттанудың
үлесіне тиіп отыр. Нәтижесінде тіл мен мәдениеттің
шекарасында халық тілі мен ұлт мәдениеті арасындағы
қызметі анықталады. Әр мәдениетте дүние,
қоршаған ортаға деген сан қилы көзқарас,
түсінік қалыптасады. Себебі әр мәдениет
заманына, діліне моральдік нормаларына қарай адамға,
өмір-өлімге, адамның іс-әрекетіне,
сұлулыққа тағы да басқа әр
халықтың басында бар негізгі құндылықтарға
байланысты өзінің көзқарас жүйесін
қалыптастырады. Міне, осы көзқарастың көрінетін,
таралатын, сақталатын құралы – тіл.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Воробьев В.В.
Лингвакультурология. Теория и методы. – Москва.
Изд. РУДН,
1997.
2.
Оразбаева Ф.Ш. Тіл әлемі. Мақалалар, зерттеулер. –Алматы:
АнАрыс, 2009.