Халидуллин Ғизатулла -тарих ғылымының докторы, профессор

(Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы)

 

Тіл мәдениетінің философиялық танымы

 

Мәдениет қоғам дамуының біршама анықталған деңгейі болып табылады. Адамзат қызметін, формалары мен түрлерін ұйымдастырудың, сондай-ақ олардың қолымен жасалатын материал мен рухани құндылықтардың өзара айқындалған қарым-қатынасы. Адам мен мәдениет егіз ұғым. Мәдениет ұғымы адамзатты өмірдің өзге биологоиялық түрлерінен ерекшеленетін белгі іспеттес. Қоғам дамуына қарай мәдениет бірліктері де сараланып, ерекшелене түсетіндігі анық. Белгілі бір кезеңдерде қоғамның, халықтар мен ұлттардың түйсіну ерекшелігі, мінез-құлқы мен өмірдің нақтылы жағдайларындағы қызметі, еңбек, қарым-қатынас мәдениеті т.с.с. көрініс алған.

Қазақ тіліне мәдениет сөзі араб тілінен («маданият»-қала, қалалық деген мағынаны білдіреді) енген. Ал, көне заманда культура сөзі «жерді өңдеу» деген мағынада қолданылған. Цицеронның еңбектерінде бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «жанды жетілдіру» ұғымымен қатар пайдаланылады¹. Көне грекияда ерте заманның өзінде-ақ өмірге икемді білім беру жүйесі болғаны белгілі. «Адамзаттық» қасиеттерді жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп отыратындықтан, мұнда жастарды қоғамдық өмірге дайындауға басымдылық берілген.

Бұл бағыттағы мәдени білімнің мақсаты адамның ойлау, пікір айту, пайымдау қасиеттері мен эстетикалық сезімдерін дамыту болды. Әлемнің түрлі елдерінің қоғамдық даму жүйесінде бұл идеялар сан түрлі бағытта өрістей бастады.Мәселен, уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде  «культура » сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік» сияқты мағыналарға ие болды².

Сөз өнеріне қатысты ұлттық философиялық тұжырымдар орта ғасыр ойшылдарынан Абай мен Алаш арыстарының  идеяларынан бастау алады. Қазақ философиясының өзіне тән ерекшелігі – ақ пен қара, көркемдік пен сұлулық, өмір мен өлім, болмыс пен батырлық, адам мен табиғат үйлесімін ұстануы. Сөзді кие тұту, оған жауапкершілікпен қарау хақындағы түйінді ойлар сөзді өнер деп бағалаған ақын-жыраулардың қай-қайсысының мұрасынан ұшырасатыны да кездейсоқтық емес Сол себепті тіл мәдениетіне тән заңдылықтарды зерделегенде, сөз зергерлерінің шығармаларына да талдау жасалды. Мысалы, сөйлеуге қойылатын талаптар мен ережелерді Бөлтірік шешен:«Сөзден тәтті нәрсе жоқ, сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ, сөзден ауыр да нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл, қашан сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады»,-деп, бір ауызбен сөзбен түйіндейді.

Тілдік қатынастың психологиялық негізі-тіл арқылы ойды айту, жеткізу, қабылдау. «Тіл ішкі сырды сыртқа шығаратын құрал»,-дейді Ж.Аймауытұлы³. Белгілі бір тілде сөйлеу үшін адам тілдік құралдардысанада дұрыс пайдалана білуі керек.Ойшылдар мәдениетте адамдық пайым-парасат, ақыл-ой, ізгілік пен  әдемілік заттандырылады деп көрсетті. Мәселен, Э.Тэйлор «Мәдениет-рухани құндылықтарды дамыту арқылы адамзат баласын жан-жақты жетілдірудің жолы» деген тұжырым жасады4. Бұл жерде «тілдік қатынас – сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен өмірде өзіндік орыны бар, қоғамның амуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алысуы, адамдық қатынастың түп қазығы дегенді білдіреді»5.

Қазақ халқының ұлы зиялылары Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уалиханов жалпы адамзаттың ойы санаға ықпал ететін қазақ философиясының дамуында адам тәрбиесі мәселесінің өзекті орын алатынын көрсетіп, зерттеулерінде, шығармаларында ерекше мән берген.

Соңғы уақыттары мәдениет мәселесімен шұғылданып жүрген көптеген ғалымдар оның антропологиялық сипатын атап көрсетіп жүр. Адамзат - мәдениет мазмұнындағы ең бағалы орын иегері. Демек, мұндай жағдайда мәдениет адамзаттың өзіндік белсенді қызметі нәтижесінде қол жеткізген құрамдас бір бөлігі ретінде анықталады.

Т.И.Ойзерман мәдениетті «Адамзатқа ғана тән қасиет, сондай-ақ адамзаттың өзіне және өзі жасаған мәдениет әлемі» ретінде анықтайды. Тіптен мәдениет адамды адам ретінде танып білуге қызмет етеді. Адамзат сан алуан мәдениет түрлерін тудырады, өзі де мәдениет өнімі болып саналады десе6.

П.В.Струвеннің мәлімдеуі бойынша «Жеке тұлға мәдениет арасында тығыз байланыс орнаған. Жеке тұлға мәдениетпен бірлесе өмір сүрсе, мәдениет жеке тұлға бойынан көрініс табады. Әйтсе де, жеке тұлға мәдениетпен үздіксіз күрес жүргізеді және өз мақсатында пайдаланады. Үнемі шиеленісіп, қайта түлеп отыратын, қозғалыстағы және ағымдағы қарама-қайшылықтар негізінде мәдениет дамып, бекиді»7.

Мәдениеттің даму деңгейі қоғамда қол жеткізілген адамгершілік қасиетімен байланыстыратын А.В.Швейцердің қызметін үлгі етіп алады. Өз еңбектерінде А.В.Швейцер қазіргі кезеңде мәдениеттің өзін өзі жою үрдісі белең асып келе жатқандығын атап өтеді8.

Тіл адамзаттың рухани дамуымен астарласып жатыр және өз бойында ілгерілеу мен кейін кетудің әрбір баспалдағына сай, мәдениеттің әрбір кезеңін бейнелейді9.

Демек, тіл-мәдениет деңгейін танытатын таңба. Мәдениет оның материалдық көрінісі. Ал адамзат әрекетінде танылатын мәдени сауаттылық оның таңбасы болып табылады. Мәдениет бірліктері тілдік бірліктер көмегімен көрініс алатындықтан, екеуін бірге қарастыруға болады.

    

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Цицерон. О наилучшем виде ораторов в кн: Эстетика.Трактаты, речи, письма. М., Искусство, 1994. С. 82-83

2.Ғабитов Т.Х., Өмірбеков М.Ш. Мәдениеттану негіздері. Алматы, 2003. 240 б.

3. Аймауытұлы Ж.Таңдамалы шығармалары. Алматы, 2000. с.176.

4.Тэйлор Э. Первобытная культура. М., Политиздат,1989. 578 с.

5.Оразбаева Ф.Тілдік қатынас. Алматы: «Сөздік-словарь», 2005. 272 б.

6.Ойзерман Т.И. Существуют ли универсалии в сфере культуры? Вопросы философии. 1989.№2.С.51-63.

7.Струве П.Б. Индивидуализм и социализм. Вопросы философии.1992. №12. стр. 85-91.

8.Швейцер А. Благоговение перед жизнью. М., 1992. стр. 230-231

9.Морозова Л.А. Технология педагогического общения. 1998, стр.190.