Эссе

Еліміздегі орта білім беру ұйымдарына (мектептерге) қазақ тілі пәні бойынша жаңартылған оқу бағдарламаларын енгізудің өзектілігі

         Еліміздегі білім беру үдерісіне енген жаңартылған оқу бағдарламасы  - келешек ұрпақтың сұранысына жауап бере алатын тың идея. Мектеп қабырғасында тілдік дағдыларды жетік меңгеру оқушының сыни тұрғыдан ойлау дағдылары мен танымдық дағдылары дамыған, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті, жаңа өзгерістерге бейім, шығармашыл да жаңашыл тұлға қалыптастыра алуына мүмкіндік жасауымен маңызды. Қазақстандағы орта білім мазмұнын жаңартудың көкейкестілігі жеке тұлғаға бағытталған функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, жаһандану заманында ұлы дала елінің тілі мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу, әлемдік деңгейдегі үздік тәжірибені қолдана отырып, солармен бағыттас болу мәселелерімен айқындалады.

  Функционалдық сауаттылық «қазақ тілі» пәні бойынша оқушының тіл сауаттылығы мен сөз байлығын, басқалармен еркін қарым-қатынасқа түсу қабілетін дамытады, логикалық қабілеттері мен когнитивтік қабілеттерін кеңейтеді. Тілді меңгеру арқылы белсенділік, шығармашыл тұрғыда ойлауға және шешім қабылдай алуға қабілет одан әрі дамып, үздіксіз білім алуға дайын тұрады.

Пәнді жаңаша көзқараспен оқыту барысында ұлттық құндылықтар, жеке тұлғаның ұлттық тілге, танымға, тәрбиеге деген көзқарасын қалыптастыруға өз септігін тигізеді. Сол арқылы ұлттық таным мен жаһандық азаматтық танымы, сол арқылы позициясы қалыптасады. Адамгершілік құндылықтарға негізделген білім беру үдерісі көпмәдениетті, өз елінің шынайы  патриоты болатын азаматты қалыптастырады деп түсінеміз.

Әлемдік аренада жеке тұлғаның бәсекеге қабілетті болуына бағыттау жаңашылдығымен өзекті. Төрт түрлі тілдік дағдыларды меңгеріп, әр түрлі ортада өз ойын еркін де сенімді жеткізіп, ашық қорғай алу мүмкіндігімен өзекті. Ұлттық мәдениет пен әлемдік мәдениеттің маңыздылығын түсінеді.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2 жылдай уақытқа созылған іс-тәжірибемізде кіріктірілген білім беру бағдарламасы туралы мейлінше мол түсінік қалыптастырдық. Аталмыш жұмыс орнына дейін жоғарғы мектеп, университет, қабырғасында жұмыс істеген едік. Түсінгеніміз – еліміздегі орта білім беру ұйымдары мен жоғары білім беру ұйымдарының арасында байланыстың жетіспеуі. Ертең ұстаз, бүгін студент атанып жүрген тұлғалардың ізденісі ертеден қалыптасқан дәстүрлі бағытта. «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәнінде студенттер фонетиканы, лексиканы, грамматиканы оқытудың әдіс-тәсілдерін меңгереді. Өкінішке орай, алған білімнің өміршеңдігі аз.

Біздің ойымызша, екі жақта да байланыс болу керек, бірі екіншісінің жалғасы болуы шарт деп түсінеміз. Сол себепті қазірден бастап жоғарғы мектептің оқу бағдарламасына таңдау пәні ретінде «қазақ тілі» пәні бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасы туралы пән енгізу керек деп пайымдаймыз.

Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі күнделікті өткізген сабақтарымыздан оқу үдерісіндегі белсенді оқу әдістерінен, командалық оқытудан оқушы кез келген ортада жұмыс істей алып, өз ойын ашық айтып, креативті ойлары мен пікірлерін дәлелді қорғай білу қабілеті жетілетінін байқадық. Сондықтан сындарлы оқыту әдістері - білім берудің дәстүрлі әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде оқу мақсаттарына жетуге қол жеткізетін үлкен мүмкіндік. Неге десеңіз, дәстүрлі әдістегі оқытуда мұғалім сабақтағы екпінді оқушыға ғана назар аударса, бірлескен оқытуда барлық оқушы сабаққа белсене қатысады, білім дайын күйінде берілмей, сабақтағы өзіндік белсенді әрекеттер арқылы қабылданады. Қазақ тілінің оқу бағдарламасы спираль тәріздес болып келгендіктен, оқушылардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге оң әсерін тигізеді. Егер ондай жүйе болмаса, білім терең, байланыссыз қабылданады. Үстірт алынған білім сын тұрғысынан ойлау, рефлексия жасауға кері әсерін тигізеді және алған білімнің өміршеңдігін туғыза алмайды.

Сайып келгенде, «қазақ тілі» пәнін жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде оқыту барысында ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, алған білімдерін әлемдік мәдениетпен ұштастыратын, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға жол ашар үлкен мүмкіндік деп есептейміз. Ендеше тың идея, үлкен өзгерістерге жол ашар кез келді. Өз ойымызды Н.Назарбаев сөзімен түйіндегім келеді: «Елдің болашағы – жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – бүгінгі ұстаз қолында.»