Ахметова К.Н.

Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжі,Қазақстан

Қазақстандық ғылым: кеше, бүгін, ертең

«Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постиндустрия­лық әлемге қарай жылжып келеміз.

БҰҰ жанындағы халықаралық ұйым­дар, жетекші еуропалық көш­бас­шы­лар, көптеген белгілі экономистер мен саясаткерлер қазірдің өзінде Үшін­ші индустриялық революция тұжы­рым­дамасын ресми түрде қабылдап үлгерді.

Бұл тұжырымдамаға белгілі амери­ка­лық ғалым Джереми Рифкин өте айқын түсініктеме берді.

Алғашқы революция бу қозғалт­қы­шын ойлап шығарумен байланысты болса,екіншісі – электр және тұңғыш бай­ланыс құралдарын ойлап шығару­мен, үшіншісі сандық байланыспен бірге басталды.

Жақын жылдары Интернет технологиялар мен қайталама көздер Үшінші индустриялық революция үшін жаңа инфрақұрылым құру мақсатында бірігіп кетеді» - деп Елбасымыз таяуда «Назарбаев Университетінде» оқыған интерактивті дәрісінде ғылымның дамуының өзектілігін баса атап көрсетті.

Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасына қарай қазақ халқы өзінің мемлекеттілігін сезіне бастады, ұлттық рухы оянды, өзінің ұлттық құндылықтарын ақтап алды, ұлттық дәстүрлі мәдениетін, тілін қалпына келтіре бастады, имандылыққа мойнын бұрды. Осы кезеңді мемлекеттің атауына негіз болып отырған қазақ ұлтының ұлттық санасының ерекше ояну кезеңі, ұлттық рухының ерекше көтерілу кезеңі десе де болады.

Кеше. Ғылымның дамуы мен гүлденуі табиғаттың шынайы заңдылықтарын үйренуге және оған қоғам мүшелерін тартуға тікелей байланысты. Кеңес Одағы жүйесінің күйреуі барысында республика ғылыми мекемелері дағдарыс жағдайында болды. Мұның себебі бірнешеу:

-       ғылыми зерттеулердің негізгі көздері мен бағыттарын белгілеу КСРО кезінде орталықтан жүзеге асырылды. Одақтық ведомстволар зерттеу институттарын көбіне республикалардың қалауынсыз жүргізіп келді;

-       республика ғылыми-техникалық әлуетінің басым бөлігі жалпыодақтық ғылыми құрылымға тартылғандықтан, олар Қазақстан ғылымына қосалқы түрде көңіл бөлді;

-   Ғылым академиясы мен салалық ғылым мекемелері (КСРО энергетика және электрлендіру министрлігі 6 мұнай және газ өндірісі министрлігінің батыс қазақстандық институты, т.б.) өзара және академиялармен тығыз байланыста жұмыс істей алған жоқ;

-   экономикалық дағдарыс салдарынан ғылымды қаржыландыру едәуір қысқартылды;

-  коммунистік қызметке арналған бағаны ырықтандыру ғылыми мекемелерді ұстап отыру мәселелерін одан сайын қиындата түсті;

-       90-жылдары белең алған құнсыздану ғалымдардың айлық жалақысын төмендетті, көптеген жас та дарынды мамандар бизнеске, шетелге кетті;

1991 жыл еліміздің ұлттық жетістігі есебіндегі отандық ғылым дамуының жаңа кезеңі басталғандығымен ерекшеленді. Қазақстанның құқықтық меншігіне 100-ден астам жалпы одақтық мемлекеттік ғылыми-техникалық мекемелер өткендіктен ғылымды мемлекеттік қолдаудың маңыздылығы күрт өсті. Жаңа жағдайларға байланысты қысқа мерзім ішінде мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты айқындау қажеттілігі туындады, елдің ғылыми-техникалық күш-қуатын сақтап қалу мен одан әрі дамыту үшін ғылыми-техникалық саланы мемлекеттік басқарудың тиімді құрылымын қалыптастыру мәселесі туындады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен “Қазақстан Республикасының ғылым және ғылыми-техника саясаты туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы жылы ҚР Президентінің “Экономикалық реформалар жағдайында Қазақстан Республикасы мемл. басқару органдарының іс-қимылдары мен ұйымдастыруын жетілдіру” туралы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технология министрлігі құрылды. Министрлікке мынадай міндеттер жүктелінді: республиканың ғылыми-техника саласының дамуы жолында мемлекеттік саясат жүргізу; ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау жұмыстарын үйлестіру; ғылыми-технологиялық салада халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру.

XX ғасырдың 90-жылдарындағы республика ғылымының өрісі, оның жаңа технологиялармен жабдықталуы бүгінгі күн талабына жауап бере алмады.

Аталған кемшіліктердің орнын толтыру бағытында Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технология министрлігі нақтылы жұмыстарды қолға ала бастады. Министрліктің ұсынысына сәйкес 1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «Ғылымды жетілдіру және республиканың ғылыми-техникалық потенциалын дамыту туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жергілікті жерлердегі бөлімшелері мен материалдық-техникалық базаларының жоқтығына қарамастан, аталған министрлік Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында үш аймақтық бөлім құрды. 1992-93 жж аса маңызды мәселелерге байланысты 7 ұлттық ғылыми орталықтар дүниеге келді. Олар: электроника мен байланыс жүйесі бойынша, ақпаратты және есепті техника бойынша, биотехнология, экология, жаратылыс ғылымдары бойынша, минералдық шикізаттарды кешенді өңдеу, жаңа ғарыштық технологиялар бойынша ұлттық ғылыми орталықтары.

Бірақ бұл аталған шаралар дер кезінде материалдық ресурстармен қамтамасыз етілмеді. Елдегі экономикалық ахуал мен құнсыздану бұған кері әсерін тигізді. Дегенмен іргетасы бұрыннан қаланған ғылыми ошақтар, атап айтқанда, геология, химия, механика, т.б. бүкіл-одақтық жүйенің күйреуі мен құрылымдық құлдырауына қарамастан, өз тұрғыларын сақтап қалды.

1994 ж. Ғылым және жаңа технология министрлігі жанынан ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды мемлекеттік сараптау бөлімі құрылды. Аталған құрылым ғылымға арналған бюджеттік ассигнадиялардан қаржыландыруға қабылданған ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардың бәрін дерлік сараптаудан өткізуге тиісті болды.

1996 ж. ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында ғылымды басқарудың мемлекеттік жүйесін жетілдіру шаралары туралы» Жарлығы шықты. Мемлекет ғылыми саланы қайта жаңғыртуға, академиялық ғылымның реформалық жолдарын анықтауға бет бұрды. Осы мақсатта Ғылым және жаңа технология министрлігін, Ұлттық академияны, ауыл шаруашылығы ғылыми академиясын біріктіру жүзеге асырылды. Сөйтіп, жаңадан Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясы дүниеге келді.

2000 жылы қайта құрылған ҚР Білім және ғылым министрлігі – ғылым мен ғылыми - техника саладағы іс-әрекеттерді жүзеге асыратын, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын ғылыми-зерттеу бағдарламаларына үйлестіретін бірыңғай мемлекеттік өкілетті орган болып табылады. Министрлікке білім және ғылым мен техника саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру, кепілдік етілген көлемде ақысыз білім алуды мемлекеттік оқу орындарында қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету, ғылым мен техниканы дамытудың басым бағыттарына қорларды шоғырландыру, сондай-ақ, ғылыми және педагогикалық кадрларды аттестациялау мен даярлау міндеті жүктелген. Министрлік қарамағында әр түрлі бағыттағы 130 ғылыми мекеме бар. Ғылыми зерттеулерді ҚР Президенті ұсынған “Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуы стратегиясы” аясында халықтың рухани мәдениетін түлетуге, сондай-ақ республикадағы өзге де әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және ғылыми-техникалық мәселелерге байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағыттауға ерекше назар аударылды. Ғылымды ұйымдастыруды жетілдіру мен ғылыми-техникалық потенциалды дамыту, ғылыми-техникалық саланы мемлекеттік басқарудың бірыңғай жүйесін жасау Қазақстан Республикасының егемендік жолындағы стратегиялық қадамдары болды. Осы мақсатта мемлекет көлемінде ұлттық ғылыми орталықтар құру, академиялық ғылымдарды реформалау, жоғары оқу орындарының ғылыми потенциалын арттыру, республика аймақтарында ғылыми зерттеулерді дамыту, ғылымды ұйымдастырудың жаңа формаларын мемлекеттік қолдау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне байланысты жұмыстар жүргізілді.

Бүгін. Ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында ғылым саласын одан әрі жаңартудың 20072012 жылдарға арналған стратегиясы белгіленді.

2011 жылы жаңа Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы жарық көрді.

Осы Заң ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылыми жүйесінің  жұмыс істеуінің және оны дамытудың негізгі қағидаттары мен тетіктерін айқындайды. «Ғылым туралы» жаңа Заңға ғылымды одан әрі дамыту үшін үлкен жетістіктерді уәде ететін, өте маңызды жаңа ереже енгізілді: ол ғылыми жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. 

  ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысында ғылымды дамытудың 5 басым бағыты бекітілді: энергетика, шикізатты және өнімдерді терең өңдеу, ақпараттық және телекомм-уникациялық технологиялар, өмір туралы ғылым, елдің интеллектуалдық әлеуеті.

Жаңа ереже базалық қаржыландыру болып табылады. 2012-2014 жылдары жылына 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарлануда. 

2011 жылы ғылыми ұйымдарға 26,8 млрд. теңге бөлінді. 2012 жылға арналған бюджет жобасында 49,7 миллиард теңге қарастырылған – бұл 61 %-ға өскенін көрсетеді 

Оларға халықаралық тиімділік сараптамасы және ғылыми зерттеулер сапасы енгізілді, сондай-ақ рейтингісі жоғары шетел журналдарында жарияланымдардың болуы талап етілуде. 2011 жылы Thomson Reuters (АҚШ) компаниясының Ұлттық Лицензиясына қол қойылып, Springer (Германия) баспасының журналына тегін жазылу ұйымдастырылды.

Бұл заң отандық ғалымдарға не береді? Біріншіден, индустриалдық дамудан кейінгі кезеңде алға жетелеуші күш - инновациялық ілгерілеу болады. Ал оның қайнар көзі - ғылымның жетістіктері. Сол үшін де ғылымды дамыту керек, оның заманауи, экономикалық және әлеуметтік жүйесін енгізу қажет. Оның маңыздылығы жайында Елбасы бірнеше рет айтқан болатын. Қазақстан халқына арналған Жолдауында ол «біз ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге тиіспіз» деп қадап айтты.

Көптеген халықаралық сарапшылардың пікірінше, соңғы бес жылдан бері бүкіл әлемде ғылымға деген қызығушылық төмендеп келеді екен. Осынау үрдісті есептен шығармаған Елбасы ғылым саласын басқарудың жаңа үлгісін ұсынды. Бұл үлгі Қазақстанда қайталануы мүмкін жаңағы әлемдік тенденцияның орнын толтырып қана қоймай, ғылымды елдің даму жүйесіне қосудың озық шараларын қабылдауға бағытталған. Әрі бұл тек ғылымға ғана қатысты емес, Елбасының болашаққа негізделген стратегиялық бастамалары Қазақстан өмірінің барлық салаларына қатысты.

Екіншіден, бізде ғылым ұзақ жылдар бойы жасанды түрде жоғары білім жүйесінен бөлініп келді. Бұл - кеңестік жүйенің жұрнағы. Бірақ енді бұған көніп отыруға болмайды. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, заманауи маман тәрбиелеп шығару үшін білім беру мен ғылым үдерістерін біріктіру керек. Шығармашылық ойлау қабілетін, жаңа білімді үйрену қабілетін арттыру үшін студенттер ғылыми зерттеулерге міндетті түрде қатысуы тиіс. Қазір Қазақстан ішкі ғана емес, сыртқы еңбек нарығында да бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға бетбұрыс жасап отырғандықтан, жоғары білімнің халықаралық сапасына ұмтылыс жасап отырғандықтан, ғылымды жоғары мектептегі білім беру ісімен біріктіру мәселесіне баса мән берілгені қажет.

Сонымен қатар ғылымға өз жетістіктерін инновациялық үрдістер арқылы нарыққа шығара алатындай мүмкіндік туғызу керек. Бұл - үшінші міндет.

Осы үш міндет тың тетіктерді, ең алдымен заңнамалық тетіктерді қажетсінеді. Ғылым саласындағы заңдарды түбегейлі жетілдірудің маңыздылығы да осыған келіп тіреледі.

Елбасының бастамасымен еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарында құрылған ашық үлгідегі ұлттық зертханалар мен инженерлік зертханалар ғылыми инфрақұрылымның басты элементтерінің біріне айналуы тиіс. Бұл жайлы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан білім қоғамы жолында»  атты интерактивті дәрісінде де қадап айтты.

Ертең. Ғылым ел өмірінде өзінің    жаңа    рөлін        табуы    тиіс. Қазақ- стандық ғылымда сапалы серпіліс күтіледі. Біріншіден, толыққанды құқық аясы мен ғылымды басқарудың барлық тиімді тетіктерін іске қосу үшін әлі көптеген ішкі заңнамалық актілер қабылдануы тиіс.

Екіншіден, бұл тетіктерді іс жүзінде жолға қойып алу керек.

Үшіншіден, мемлекет бұл бағытта тек құқық аясын, ресурстар мен ұйымдастырушылық құрылымдарды ғана беретінін түсіну қажет. Қалғаны       ғалымдардың    қолында.

Ғылыми жаңалықтар ғылымның алғы шебі мен мығым ядросының арасында шекістер туғызады, бұл заңды процесс. Оны шешудің бірден-бір дұрыс жолы – ғылыми жаңалықтарды негіздеу және дәлелдеу. Сонда ғана ғылыми жаңалық ғылымның алдыңғы шебінен мығым ядроға көшеді.  «Энергетикалық Интернет» мил­лион­даған адамға өз үйлерінде, офис­тер­де және зауыттарда таза энергия өндіруге және онымен еркін алмасуға мүмкіндік береді. Қайталама энергетика кәсіпші­лік­тің біздің халқымыз үшін дәстүрлі түр­лерін,сондай-ақ жайлау мал ша­руа­шылығын қайта жаң­ғыртуға мүмкіндік береді. Иелігінде кішігірім жел және күн стансасы бар кез келген шабан өзіне ыңғайлы тұрағы, байланысы және суы бар қолайлы жайлауды салып ала алар еді. Қазақстанда жердің 90 пайызы химикаттармен және пестицидтермен ластанбаған. Сондықтан халықаралық рыноктарда үлкен сұранысқа ие таза органи­калық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге мүмкіндік бар. 2050 жылға қарай азық-түлікке сұраныс әлемде 40 пайызға артады. «Жасыл экономика» беретін бар­лық осы басымдықтар үшінші индус­триялық революцияның негізі болады.

Ойымызды тұжырымдасақ, ғылымның дамуы – дәстүрлер мен жаңалықтардың диалектикалық бірлігі процесі болып табылады. Ғылым бұрыннан келе жатқан дәстүрлерге сүйеніп және оны жаңалықтармен то-лықтыра отырып дамиды. Бұл күрделі процесс. Ескінің жаңаға орын беруі қашан да қиын жүреді. Бірақ қоғамның дамуы ғылымнан оның жаңалықтық сипатта болуын, жаңа идеялар арқылы қоғам сұраныстарына жауап бере білуін талап етеді, онсыз ғылымының өзі мәнсізденеді.

 

Пайдаланылған әдебиет:

1.     Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы. Астана, 2011

2.     Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты «Назарбаев Университетінде» оқыған интерактивті дәрісі. Егемен Қазақстан, 2012, 6 қыркүйек

3.     Жұмағұлов Б. Жаңа заң бізге жаңа бағыт береді?//«Айқын»,22.02.11

4.     http://kk.wikipedia.org/wiki/Қазақстан_ғылымы