Бокаева Алина Тлеубековна

Каспий Қоғамдық университетінің ассоцпрофессоры, филология ғылымдарының кандидаты

«Өмір – дала, тапыл басқан мен бала»

(М.Жұмабаев өлеңдеріндегі «дала» образы)

Дала образын Мағжан қазақ халқының кең даласындай кең түрде қолданған. Дала – бұл қазақ халқы, оның барлық жағынан кеңдігі, дала – бұл қазақ халқының бесігі, дала – бұл табиғаттың натурал қалпы. Бұл ретте де Т.Шапайдың дала туралы айтқан сөздерін еске аласың: «Дала болса-ақ – кеңдік, дала десе-ақ – жомарттық, дала – ырыс, дала – дастарқан, дала –тарих, дала – қазақ... Дала – фон. Дала – декорация.» [2, 127 б.]. Шапайдың пікірі бойынша дала – бұл «халықтық болмыс, ұлттық рухтың символы...» [2, 135 б.].                  

Дала – қазақ: Қайғылы сар даланы күңіренткен/ Зарына адам шыдап тұра алмаған? (“Жаралы жан”). Қазақ халқы ежелден кең далада көсілген   еркін халық. Бірақ ақын өмір сүрген заманда сол қазағы, сол даласы ауыр кезеңдерді бастан өткізеді (Бұл – қазақ, тәңіріге зар еткен қазақ!). Ақын даласы қайғыға батады. Ресей патшасы билік құрған заман қазақ даласын қараңғылыққа батырады: Қараңғы, дауылды түн сар далада,/ Патшалық құрған өлім айналада. («Қараңғы, дауылды түн»). Ақын сол зарлы даланы үміттендіріп, өлеңдерімен қараңғылықтан алып шықпақшы болады: Далаға өлік, жан салып,/ Әлсін-әлсін ән салып,/ Өлеңдетіп қоюшы ем... («Адастым»).

Дала – жұмбақ: Дала – жұмбақ (“Жұмбақ”). Дала бұйық, ескен жел, көшкен ел – өлеңнің өзі оқырманнан бір жұмбақ жасырғандай болады. Бұл жұмбақ – дала. Ал дала – бұл қазақ. Қазақ – жұмбақ.

         Дала – өмір: Өмір – дала, тапыл басқан мен бала (“Сырым”), Өмір – дала (“N...альбомына”), Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған («Берниязға»). Ақын өзін сол далада, яғни өмірде қаңғырған балаға теңейді. Бұл далада ақын сүрінеді де (Тапыл-тапыл, дамыл-дамыл сүрінем.), көз жасын да төгеді (Жан сусынын көз жасымен қандырған.). Дала шынымен өмір іспетті. Кең, жолыңды білмесең адасасың, және көкжиекті (болашақты) анық көру мүмкін емес. Сонымен қатар, даланы тұтас қамту, өмірді түгел құшу мүмкін емес. Қараңғы түн. Сар дала./ Көрінбейді айнала. Сар далада адасып,/ Суық кебін жамылып/ Қалармын, кім біледі? («Қысқы жолда»). Өзінің өміріндегі қысқы жолды бере отырып, ақын боран ашылмады, жарық көрінбеді деп – осындай күйде өмірде адасып қалуға қорыққандай. «Жазғы жолда» атты өлеңінде де жазғы жол ақынға оңай соқпайды: ақын жалғыз. Себебі: Дала – өлік. Жоқ бір үн.

Дала. Дала. Сар дала!

Жапан түзде бір қара.

     Келем жалғыз, жаяумын.

Жаныма ерген жолдас жоқ.

Төрт жағым дала – жер де көк.

     Жылауға да таяумын.   

«Дала!.. халықтың дархан мінезінің, алыс тарихының, сапары шексіз келешегінің, жомарт пейілінің, қонақжай ықыласының, ұлан-ғайыр елдігі мен ерлігінің белгісіндей болып кеткен ұлағатты ұғым. Сол даланың өзіндей байтақ мағыналы, қай-қайсымызға да қадірлі, қастерлі сөз...» [2, 127 б.].

 Сонымен, дала:

·        кеңдік;

·        қазақ;

·        өмір;

·        жұмбақ;

·        шексіздік;

·        ұлылық.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Жумабаев М. Шығармалар. 3-томдық, 1-т. А., Білім, 1995.    

2.     Шапаев Т. Ой түбінде жатқан сөз. – Алматы: «Жазушы», 1989. – 192 б.