Қазақ тілі сабағында мәтінмен  жүргізілетін

жұмыс түрлері

Қарағанды қаласы № 30 жалпы білім беретін орта мектебінің  қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі Мусатаева Жанагүл Сериковна

Қазақ тілін орыс мектептерінде оқытудағы басты мақсатымыз – оқушылардың сөздік қорын молайту, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс оқып айта білуге, берілген мәтінді қысқаша әңгімелеп беруге дағдыландыру, ойын қазақша жеткізе алатындай дәрежеге жеткізу. Оқулықтағы мәтінді оқудың негізгі міндеттері – дұрыс түсініп, жылдам әрі мәнерлеп оқу.

Дұрыс оқу дегеніміз – әрбір әріпті, буынды, сөзді бұрмаламай, сөздің соңғы буынын «жұтып қоймай», анық оқу, әрбір сөзге екпінді дұрыс түсіру.

Түсініп оқу – тіл үйренуде қажетті әдіс. Оқушы сөзді, сөйлемді, тұтас мәтінді түсініп оқымаса, ол жай механикалық түрде іс болып, оқушы сөзде, тіл де үйрене алмайды. Қазақ тілін төртінші жыл оқитын орыс оқушылары үшін, төртінші сыныпта «ежелеп» буынға бөліп тұрмай, орташа екпінмен оқу қажет.

Мәнерлеп оқу -  дауыс екпінін дұрыс түсіріп, анық және түсініп оқу, яғни оқушы әрбір сөзді анық айтып, тиісті тыныс белгілеріне тоқтап, басқа біреудің сөзін оқығанда дауысты өзгертіп, сөзді анық, бұрмаламай оқиды.

Мәтінді оқығанда дұрыс, түсініп, жылдам, мәнерлеп оқу жеке – жеке қолданылатын әдістер емес, қайта олар бір – бірімен тығыз байданыста, бірлікте болады. Мәтінді түсініп оқыған оқушы дұрыс та, жылдам да, мәнерлеп те оқи алады. Кезекті жұмыс мәтін бойынша сұрақтарды қоя білу және сұрақтарға дұрыс жауап беруді игеруде де оқушыға меңгертетіндей түрлі әдістер көп.

Мысалы: бір оқушы интерактивтік тақтадағы сұрақтарды оқып аударса, екіншісі оған жауап сөйлемді осы әдіспен жалғастырады. Осылайша берілген сұрақ – жауапты әрі оқып, әрі аударып түсініп алған соң, келесі оқушылар сұрақ – жауапты аудармай-ақ оқып шығуына болады. Тақтадағы жаңа сөзді, сұрақ-жауапты  бірнеше оқушы оқып шықан соң, кейбір сөздерді, сөйлемдерді хормен оқытуға болады.

Мәтінмен байланысты тіл дамыту жұмыстарының бір саласы – жатқа айта білуге үйрету. Жатқа тек өлең ғана емес, сонымен бірге мәтіннің аты, оның ішіндегі жаңа сөздер, сөз тіркестері, кейбір сөйлемдер, жұмбақтар, мақал – мәтелдер, грамматикалық анықтамалар алынады. Мұғалім сабақ сайын қадағалап оқушыларға жатқа айтуға тапсырманы үнемі беріп отырады.

Жатқа айту арқылы оқушының тілі ширайды, сөз қоры молаяды, сөз қоры молаяды, сөзді, сөз тіркестерін, сөйлемді бірнеше рет қайталау арқылы қазақ тілінде дұрыс сөйлеп, қатесіз жазуды, сөздерге екпінді дұрыс түсіруді  үйренеді . Оқулықта берілген тапсырмалар, жаттығулар алдына – ала сыныпта бірнеше рет оқытылып, айтқызылып барып берілгені дұрыс. 

Тіл дамыту жұмысын әр сабақта жүргізіп отыру үшін мұғалім керекті дидактикалық материалдарды, құрал – жабдықтарды күні бұрын дайындап, сабақты қызықты, уақытты үнемдеп ұйымдастыра білуі қажет.

Суретпен жұмыс істеу арқылы қазақ тілінде сөйлем құрастырып үйретуге, жаңа сөз жаттатқызуға болады. Бұл үшін оқулықтағы немесе интерактивтік тақтамен, қосымша слайд материалдары пайдаланылады.

Тіл дамыту жұмысының ең бір маңызды түрі – сөздікпен жұмыс. Сөздікпен жұмыс тек қана мәтінді өткенде жүргізілмейді.  Сонымен бірге  грамматикалық анықтамаларды, жаттығу жұмыстарын, суретпен жұмыста, өлең, жұмбақ түсіндіргенде, сұрақтарға – жауап бергенде де жүргізіліп отырады. Олай болатын себебі орыс мектептеріндегі қазақ тілінің әр сабағында жаңа сөз , жаңа ұғым түсіндіріледі.  Сондықтан сөздікпен жүргізілетін жұмысқа бастауыш сыныпта көп назар аудару керек.

Мысалы: «Бурабай» деген тақырып бойынша жұмысқа тоқталайық.

Интерактивтік тақтаға мына сөздерді жазамын:

Сабаққа байланысты меңгерілетін сөздер:

Таза ауа – чистый воздух

жарамсыз – непригодный

дем – дыхание

көңіл – настроение

ерекше – особенно

көл - озеро

Табиғат – природа

Сондай – ақ, сұраққа жауап беру бойынша мынадай сұрақтарды тақтаға жазамыз:

1.     Көкшетаудағы ең әдемі көл қалай аталады?

Көкшетаудағы ең әдемі көл Бурабай деп аталады.

2.     Бурабайдың суы қандай?

Бурабайдың суы тұщы, мөлдір.

3.     Ауасы қандай?

Ауасы өте таза.

Сабақта тақырыпқа байланысты суреттерді қолданып, онымен жүргізілетін жұмыс жоғарыда көрсетілген сөздік, сұрақтар бойынша жүргізіледі. Мұғалім тақтаға жаңа сөздердің мағынасын, аудармасын түсіндірген соң, оқушылар сөз тіркестерін, сөйлемдер құрайды. Келесі тапсырма осы сөйлемдерден шағын әңгіме құру болып табылады.

Оқу орыс тілінде жүргізілетін мектептерде қазақ тілін оқытудың негізгі мақсаты – оқушылардың сөздік қорын байыту және ауызекі сөйлетіп үйрету, жазуға дағдыландыру.  Оқушылар сөзді неғұрлым көп білсе, соғұрлым ойын еркін айтып беретін болады. Әрбір жаңа сөзді үйрету, оның мағынасын түсіндіру сол заттың өзін (қабырға, есік, қалам, тақта, кітап т.б.), болмаса суретін көрсету арқылы (мысық, ит, қой, ат, әтеш, сиыр, т.б.) сондай-ақ орысша аудармасын айту арқылы іске асырылады. Әрбір жаңа сөз оқушының есінде берік сақталу үшін, оны көбіне сөйлем ішінде (контексте) әр түрлі мағынасын аша, саралай түсіндіру керек.

Мысалы: Күндіз жылы болды, ал түнде суық болды деген сөйлемнен антоним сөздерді табу. Айнаш, бері қара! Қаламның түсі қара. Алыстан бір қара көрінді – деген сөйлемдерден омоним сөздерді табу. Айнаш – әдепті, сыпайы оқушы – деген сөйлемнен синоним сөздерді табу сияқты тапсырмалар беруге болады.

Үйретілген жаңа сөздерді үнемі қайталап отырудың да мәні зор. Бұрын түсіндірілген сөздер жаңа мәтінің ішінде ұшырасқанда, оқушынаң оны қалай меңгергендігін бақылау керек. Сурет бойынша әңгіме жүргізілгенде, әрбір жаңа сөздермен бірге, алдыңғы сабақта өткен сөздерді де қайталап отырған жөн.

Оқушылардың сөздік қорын байытуда сөздік жұмысының алатын орны ерекше, сабақ процесінде сөздік қорды байытудың мынадай жолдарын пайдалануға болады: Мәтін бойынша сөздік қорды байыту . Мұнда белгілі бір мәтінді өткенде, әрбір жаңа сөз кездескен сөйлемге арнайы тоқталып, бұрыннан белгісіз сөзді бірнеше рет айтамыз да, сонан соң тақтаға жазып қоямыз. Мысалы: «өткізу» етістігінің әр түрде қолданылатындығын көрсету үшін:

Жазды қалай өткіздің?

Жазды қалай өткіздіңдер?

Жазды қалай өткізгеніңді айт?

Ол жазды қалай өткізгенін айтты – деген сөйлемдерді пайдалануға болады.

Сөздік жұмысының енді бір саласы – әңгіме, өлең оқып, мақал – мәтел, жұмбақ жаттаумен байланысты. Әрбір сабақта жаңа сөздерді, сөз тіркестерін үнемі сөздік дәптерлеріне жазуын, жатталып отырылуын қадағалап отыру қажет. Әр сабақта игерліген жаңа сөздер ауызша, жазбаша сөзде үнемі қолданылып отырғанда ғана сөздік жұмыстары нәтижелі болады.

Нәтижесінде бала қабілетінің  жеткенінше қазақша әңгімелеуге қол жеткізуге болады.

Мәтін – сөйлеу процесінің жемісі.

Мұғалім баланың пәнге қызығушылығын ояту үшін оқиға желісін баяндауға, көркемдік шеберлігін,  сөйлеу мәдениетін  арттыруы керек. Өзге ұлттың баласын қазақша сөйлеуге дағдыландыру, олар мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысын белсендіру – орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің басты міндеті.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                 Ж.Адамбаева, Ш.Жұмағұлова. Тіл дамыту текстері. А., 1996

2.                 Б.Ш.Кәтенбаева «Қазақ тілі» оқулығына методикалық нұсқау. А., 1990.

3.                 Қазақ тілі мен әдебиеті журналы А., №5 1995.

4.                 Б.Ш.Кәтенбаева «Тіл ұстарту жұмыстары бойынша әдістемелік нұсқаулар» «Рауан» баспасы. А., 1988.

5.                 Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде журналы А., №10 2010ж.