БОЛАШАҚ  ЗАҢГЕРЛЕРДІҢ  ЭКОЛОГИЯЛЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІ

 

Молдалиев Мақсат Сүйіндікұлы

П.ғ.к., аға оқытушы

«Педагогикалық сервис пәндер»

кафедрасының меңгерушісі

 

 

Болашақ заңгер өз кәсіби қызметінде ең алдымен құқық маманы, әділеттілікті жақтаушы, бұқара халықтың құқықтық тұрғыда мүддесін қорғаушы, жоғары мәдени құндылықтарды тасушы, қоғамдағы құқықтық заңдылықты бұқара халыққа өз қызметінің барысында шығармашылық сипатта қызмет етуші кәсіби маман болып табылады.  Маманның мәдени қорының мәнін, тұлғаның қоршаған орта және табиғатпен қарым-қатынасына байланысты қарастырылады. Егер адамның тіршілік әрекетін, қоршаған ортамен қарым-қатынас жиынтығы ретінде қарасақ, онда мынадай жайларды ескеру қажеттігі туындайды: кәсіби мәдениетті; экологиялық мәдениетті (адамның табиғатпен байланысы); құқықтық мәдениетті (өндіріс, мекемеге адамның құқықтық қатынасы); саяси мәдениетті (қоғамға, билікке, партия, бірлікке қатысты); отбасылық қатынас мәдениетін; коммуникативтік мәдениетті; гносеологиялық мәдениетті; экономикалық мәдениетті.

Бұның бәрі білімділік пен мәдениеттің арасында сәйкестілік бар екенін, білімділік индивидтің мәдениеті болып табылатынын дәлелдейді. Сонымен бірге табиғатқа, қоғамға, қоршаған ортаға, еңбекке, қарым-қатынасқа деген аялы көзқарас қалыптастыратынын көрсетеді.

Болашақ заңгерлердің  еңбек ету мәдениеті жоқ болса, ол бұқара халықпен қарым-қатынас үрдісін қалыптастыра алмайды. Болашақ заңгерлердің оқу-тәрбие үдерісінде экологиялық-құқықтық мәдениетін қалыптастыру педагогика мен психология, экология құқығы мен экологиялық қауіпсіздік пәндерінде, оқу мен тәрбиелеу үдерісінде қабылдау, ойлану, түсіну, есте сақтау, бекіту қабілеттерін дамыту арқылы шешімін табады.

“Экологиялық-құқықтық мәдениет” ұғымы жалпы мәдениеттің құрамдас жеке бір бөлігі, яғни біздің зерттеу проблемамыздың аясында экологиялық-құқықтық мәдениет жалпы халық мәдениетінің құрамдас бір бөлігі болып, қоғамның материалдық, рухани құндылығының жиынтығын құрайды және болашақ заңгерлердің кәсіби іс-әрекет жүйесін жетілдіру үшін құрылып, оларға қызмет етуді көздейді [1].                   .

Экологиялық мәдениет - әрбір қоғамдағы жалпы мәдениеттің ең мәнді элементтерінің бірі болып табылады, өйткені әлеуметтік іс-әрекет ұдайы қоршаған ортаның өмір сүру талаптарымен байланыста болады. Яғни, экологиялық мәдениет әлеуметтік феномен ретінде қоғам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасын реттеу қажеттілігінен туындайды (Е.Н. Фадеев).

Б.Т.Лихачевтың пайымдауынша экологиялық мәдениеттің мәні экология- лық тұрғыдан дамыған сана мен эмоционалдық-психикалық жағдайлардың, ғылыми тұрғыдан негізделген еркін қолданбалы-практикалық іс-әрекеттің органикалық бірлігі ретінде қарастырылуы мүмкін. Экологиялық мәдениет тұлғамен, оның түрлі қыр-сырымен және қасиеттермен органикалық байланыста болады. Мысалы, философиялық мәдениет - адамға өзінің табиғат пен қоғамның өнімі екендігін түсінуіне, ой елегінен өткізуіне мүмкіндік береді; саяси мәдениет - табиғат жағдайы мен адамдардың  шаруашылық  іс-әрекеттері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыздандырады; құқықтық мәдениет – адамның табиғатпен өзара әрекетін заң талабына қарай шектеп отырады; эстетикалық мәдениет – адамның табиғат сұлулығы мен үйлесімді- лігімен эмоционалдық тұрғыдан  қабылдауы үшін жағдайлар жасайды; дене тәрбиесі мәдениеті-адамды өзінің табиғи күш-қуаты дамытып, нығайтуға бағыттайды; адамгершілік мәдениеті-тұлғаның табиғатпен, қоршаған ортамен және т.б. қарым-қатынасын жандандырады. Осы аталған барлық мәдениет түрлерінің өзара әрекеттерінен экологиялық-құқықтық мәдениет туындайды. «Экологиялық-құқықтық мәдениет» ұғымы арқылы «қоғам-табиғат-заң» жүйесін сақтау мен дамытуға септігін тигізетін мәдениет түсініледі [2].                  

Экологиялық-құқықтық мәдениетті қалыптастыру жалпы өзара байланыс пен даму диалектикасының маңызды принциптерін түсіну негізінде ғана жүзеге асады. Қоғамның «қоғам-табиғат-заң» бірегей жүйесінің бөлігі ретінде өмір сүруі мен дамуы экологиялық-құқықтық мәдениеттің жанды заттарды «абсолютті пайдалы» немесе «абсолютті зиян» деп қарама-қарсы қоюды құқықтық тұрғыда жеңуінен көрінеді. Адамзат тарихындағы тәжірибе көрсеткендей ол, не бұл табиғи құрылымдардың «пайдалылығы» мен «зияндылығы» жеке жетістіктермен, дербес қасиеттермен емес, қоғамдағы құқықтық заңдылық деңгейімен анықталады.

«Құқықтық мәдениет» ұғымының аясы кең мағыналы болып келеді. Ол құқықпен заңдылықтың кемелдену деңгейі мен әлеуметтің одан қаншалық хабардар болуынан бастау алады және заңдылық пен қоғамдық реттіліктің нығаюынан көрінеді. Яғни, құқықтық мәдениет құқықтық іс-әрекеттің тұтас-тұлғалық қасиетін көрсетеді. Ол адамның табиғи тума құқықтары мен бостандықтарын өрбітуші әрі оған кепілдік беруші күші іспеттес. Ол- адамның даралық қасиетін дамытуға жол ашады және жеке тұлғаның өз билігін өзіне алып бере алады.

Құқықтық мәдениет адамдардың құқықтық тұрғыдан білімділіктерінің көріну қасиетінің ең жоғарғы жиынтық көрінісі түрінде көріне отырып, олардың бойларында қалыптасқан әрі олар үшін аксиомалық ақиқаттылыққа айналған құқықтық және моральдық-этикалық жоғары деңгейдегі адами жағымды қадір- қасиеттердің жиынтығын білдіреді. Осы тұрғыдан  қарастыра отырып құқықтық мәдениеттің міндетінің және қоғамда атқаратын қызметінің  мәні: қоғам мүшелерінің заңды құқықтық мінез-құлықтарын реттеп отыру; адамдардың бір-біріне сыйластықпен, құрметпен қарауларына, өзара қарым-қатынаста биік адамгершілік қадір-қасиеттер аясында сұхбаттасуларына, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қатаң ұстануларына мұрындық болу; қоғамда тәртіп пен тыныштықтың сақталуына, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұйтқы жасау болып табылады деп ой түйіндейміз. Құқықтық мәдениеттіліктің ең жоғарғы көрінісі - басқа адамдарға сүйіспеншілікті, сыйластықты көзқарастан, өзара қарым-қатынастағы әдептіліктен, басқалардың құқықтары мен бостандықтарын бағалай білуден, заңдылықты қатаң сақтаудан білінеді. Құқықтық мәдениеттіліктің ең негізгі көрсеткіші - құқықтық білімділік, жоғары моральдық- адамгершілік қасиеттер, рухани азаматтың көзқарасы, ұлтының дәстүрлі мәдениетіне сүйспеншілікті сезім, жағымды мінез-құлық, пен заңдылықты сақтау білу [3]. Сонымен мәдениет, соның ішінде экологиялық және құқықтық мәдениет – бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Егер адамның іс-әрекетімен, жасампаздығымен және шығармашылығымен тікелей байланысты мәдениет кәсіби іс-әрекет пен материалдық тұрғыдан көрініс табатын, құқықтық  нормада және адамның қабілеті мен күшінің өнімі болып табылса, экологиялық-құқықтық мәдениет адамның табиғатты құқықтық нормалар мен адамгершілікті рухани мәдениеттің негізінде басқаруының ерекше бір іс-әрекеттік тәсілі болып табылады. Экологиялық-құқықтық-мәдени іс-әрекеттің негізін субъективтік-объективтік құқықтық нормалар негізіндегі қарым-қатынас, яғни адамның субъект ретіндегі қоршаған ортамен табиғи ортаның объекті ретіндегі өзара құқықтық қарым-қатынасты құрайды. Сонымен бірге экологиялық-құқықтық мәдениет субъективті-субъективтік құқықтық қарым-қатынассыз, адамдардың қарым-қатынас мәдениетімен өзара әрекеттерінсіз, бір-бірімен экологиялық-құқықтық мәдени құндылықтармен пікір алмасуынсыз жүзеге асуы мүмкін емес. Экологиялық-құқықтық мәдениет адамның табиғат заңдылықтары мен  құқықтық білімдерді жеткілікті меңгергендігін көрсететін іс-әрекетінің нәтижесі. 

Болашақ заңгерлердің экологиялық-құқықтық мәдени деңгейі мемлекеттің жүргізіп жатқан құқықтық саясатының қоғамда, оның ішінде жоғары оқу орындарында тиімді шешілуіне байланысты.

Экологиялық білім берудің біртұтас жүйесін қалыптастыру Қазақстанда білім берудің жаңа жүйелері мен әлемдік стандартқа сай мемлекеттік оқу жоспарларын жасауды, қаржыландыруды, экологиялық білім беретін оқытушыларға қамқорлық көрсетуді, жоғары мектепте экологиялық білім мен тәрбие беруді көздейді. Кез-келген ғылым саласы сияқты экологияда біріншіден - таным шеңберін кеңейтуді, екіншіден – жинақталған білімді қоршаған ортаға қатысты проблемаларды шешуде қолдануды, экологиялық-құқықтық  мәдениеттілікті қалыптастыруды мақсат тұтады.

Бүгінгі таңдағы жоғары оқу орындарының экологиялық білім беру мен тәрбие беру мәселелеріне жасалған талдау экологиялық-құқықтық мәдениетті қалыптастыру жолдарына әліде болса назар аударылмай отырғанын дәлелдейді. Біздің пайымдауымызша экологиялық-құқықтық мәдениетті  қалыптастыру үшін ең алдымен мынандай жолдарды айқындап алу керек: экологиялық мәдениетті қалыптастыру барысын жалпы білім беру мен тәрбиелеу контексінде қарастыру; оқу жүйесіне тұрақты даму мәселелерін енгізу жолымен үздіксіз экологиялық білім берудің жүйесін қалыптастыру; экологиялық білім мазмұнын, яғни сырттан енетін ақпаратты сипаттама түрінде ғана емес, интеллектуалдық ой-әрекеттерді дамытатын қырынан берілуін көздеу; табиғатты эстетикалық тәрбие құралы ретінде танытып, адам мен табиғат арасындағы қатынастарды кәсіби педагогикалық аспектіде қарастыру; экологиялық мәдениетті жетілдіріп, қоршаған ортаны қорғауда жоғары мектепте оқытылатын жаратылыстану, өнер, техникалық саладағы пәндерді кіріктіру арқылы қалыптастыру.

Экологиялық кәсіби білім мен тәрбие беру жоғары білім беру жүйесінің құрылымына еніп қана қоймай, оның негізгі бағытының бірі болуы қажет. Экологиялық кәсіби білім мен тәрбие беруді жоғары білім беру мекемелерінің барлық деңгейлерінде сабақтастықпен жүргізген жөн. Оларды жүзеге асыру үшін білім жүйесін тұтасынан және оның жеке кезеңдері мен деңгейлерін кешенді түрде жетілдіретін шаралар қажет. Үздіксіз кәсіби білім беру мен тәрбие беру жүйесін қалыптастыру мен жетілдіру үшін теориялық жағынан негіздейтін ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру– уақыт талабы. Осыған орай барлық пәндерді экологияландыру мәселесі де күн тәртібінен түспей отыр. Ал бұл болса кәсіби білім беру жүйесінде барлық мамандыққа қатысты экологиялық-құқықтық мәдениетті қалыптастыру жолдарын іздестіруді талап етеді [4].                   .

Экологиялық-құқықтық білім беру саласында орындалған зерттеулер «экологиялық-құқықтық мәдениет», «экологиялық-құқықтық білім беру»,  «экологиялық-құқықтық жауаптылық», «экологиялық-құқықтық сана» түсініктерінің  ғылымда да өмірде де маңыздылығын кеңінен дәлелдейді.

Терминдердің шығу тегін зерттеу бізге құқықтық  білім беру теориясының шеңберінде пайда болған және ол терминдерді құқық саласы мамандары кең көлемде пайдаланған деп ой тұжырымдауға мүмкіндік береді. «Экология»  сөзі  мен  «құқық» сөзін  қосатын сөзжасам алғаш рет 1995 жылы пайдаланыла бастады. «Экологиялық-құқықтық білім беру» мен «экологиялық-құқықтық сана» терминдері В.В.Петровтың оқу құралында көрініс алады және оларға «экологиялық-құқықтық білім беру – қоғам мен табиғаттың өзара әрекеті  аясындағы қоғамдық  қатынастарды құқықтық  реттеу туралы  білім жүйесі», ал «экологиялық-құқықтық сана - экологиялық  және  заң  мәдениетін  меңгеру, экологиялық заңдарды білу және оны дұрыс қолдана білу» деген анықтама беріледі [5].                    .

Жоғары оқу орындарында экологиялық-құқықтық білімнің қалыптасуы ХХ ғасырдың 1970-жылдарынан бастап барынша қарқынмен жүргізілді. Бұл экологиялық-құқықтық білімнің қалыптасуы жөнінде жарияланған оқу  құралдарының санымен  дәлелденеді,  материалдың  көп жиналуы және негізгі басты ғылыми мектеп өкілдері көзқарастары, табиғатты құқықтық қорғау жүйесінің  бағыттары бойынша бірігуі үдерісінің жүруімен сипатталады. Оның айқын  көрінісіне 1976 жылы «КСРО-да  табиғатты құқықтық  қорғау» оқу құралының басылып шығуы дәлел болады. Бұл оқу құралы экологиялық-құқық бойынша  алғашқы оқу-әдістемелік құрал болып табылды және барлық жоғары  құқықтық білім беретін оқу орындарында ғылыми түрде  мойындалып, кеңінен  таралды. Бұл оқу құралының авторлық ұжымына барлық басты экологиялық-құқықтық мәселелермен айналысатын оқу орындары мен ғылыми  орталықтар- дың  көшбасшылары енді. Осы аталған кезеңде шыққан бірқатар еңбектердің қатарында «Шығыс Европа елдерінде қоршаған табиғи ортаны құқықтық қорғау» атты оқу құралы оқшау  тұр. Бұл оқу құралында Болгария, Венгрия, Германия, Польша, Румыния, бұрынғы КСРО, Чехия мен Словакия  және Югославияның заңдары бойынша қоршаған табиғи ортаны қорғауға  салыстырмалы-құқықтық  талдау  жасалынған деп орындалған жұмыстарды жүйеге келтіріп, жан-жақты сипаттама беруге мүмкіндік туғызды.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңда экологиялық-құқықтық мәдениетті қалыптастыру болашақ заңгерлер үшін қоғам тіршілігінің маңызды элементі болып саналады. Бұл мәселе болашақ мамандық иелерін табиғатты қорғау мен экологиялық мәселелердің шешімін табудағы белсенділікті нақты жағдайларда танытуға міндеттейді.  

 

1. Табиғатты пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауды болашақ бакалавр мамандарына ұғындырудың педагогикалық қырлары //Қазақстан қоғамының рухани келісім және толеранттығы: Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты Қостанай, 2008. – Б. 140-144.

2. "Экологиялық құқық" пәнін оқытудағы базалық пәндердің дидактикалық байланысы //Білім-образование.№6(42). – Алматы, 2008. Б. 74-76.

3. “Экологиялық құқық” пәнінен студенттердің өзіндік жұмыстарының мазмұнын жетілдіру жолдары //Ұлт тағылымы. – №3.(1) Алматы, 2008. – Б. 114-116. (О. Сыздықовпен авторлық бірлестікте)

4. Экологиялық құқық пәнін оқытуды жетілдіру //Еуразия гуманитарлық институтының  хабаршысы. № 4.– Астана, 2008. Б.181-185. (О.Сыздықовпен авторлық  бірлестікте)

5. “Экологиялық құқық” пәні негізінде заңгерлерді оқыту мен тәрбиелеудің мәселелері //"Ізденіс" журналы № 4. – Алматы, 2008. Б. 272-275.