ӘӨЖ

 

Ө.ҚАНАХИННІҢ «АТА ҚОНЫС» ПОВЕСІНДЕГІ БЕЙВЕРБАЛДЫ АМАЛДАРДЫҢ ҚОЛДАНЫСЫ

 

Жолаева Әсемгүл

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің магистранты

Қазақстан,

Ақтөбе

 

Өтебай Қанахин – қазақ жазушысы. Туған жер-атажұртын қара  сөзбен тебірене толғаған көрнекті қаламгер, Ырғыз елінің аймаңдай перзенттерінің бірі. Туған жерге, ата қонысқа деген сүйіспеншілік, елге деген махаббат Ө.Қанахин шығармаларының алтын арқауы, жібек желісі еді. Олай болатыны – киелі Ырғыздың топырағы мен суының қасиеті жазушы ағаның қанына жарық дүние есігін ашқан сәттен-ақ сіңген болар. Әйтеуір, ел мен жерге деген мәңгілік махаббатын аялап өткен екі қаламгер болса бірі, біреу болса Өтебай Қанахиннің өзі екені айқын аңғарылады.

Біз бұл мақаламызда Ө.Қанахиннің «Ата қоныс» атты шығармасы әңгіме-сұхбат түрінде жазылған ел мен жер туралы толғау десе де болады. Өйткені, туған халқымыздың ежелден келе жатқан ата кәсібі мен ата қонысы төңірегіндегі әңгіме бүгінгі ауыл өміріндегі шындықтармен қат-қабат өрбіп, ұласып жатады. Халқымыздың ғасырлар бойы өзімен бірге жасасып, атадан балаға үздіксіз жалғасып келе жатқан өнегелі салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр рәсімдері де шығарма шырайын арттыра түседі. Белгілі  бір ойды, образды беруде фразеологизмдер – поэтикалық экспрессияның ең бір ұтымды құралы. Қай қаламгердің болмасын өз шығармаларында фразеологизмдерді дайын күйінде де, авторлық өңдеумен де (перифраза жасап) қолданатыны сөзсіз. Әрине, мұнда жазушының талғамы мен тілдік қоры шешуші болмақ, соларға орай фразеологизмдер біреуде аз, екінші біреуде мол кездеседі.

       Ө.Қанахиннің «Ата қоныс» повесінде қолданылған фразеологизмдердің дені әдеби тіл қазынасынан алынып, жалпытілдік    топ құрайды. Ө.Қанахин өз шығармасында жалпыхалықтық тіл қазынасына жататын бейтарап мәнді тіркестерді еркін пайдаланған. Атап айтқанда, төбе көрсету, көңілін аулау, көзге шалыну, тісіне басу, тер төгу, тілді үйіреді т.б. тіркестер – жалпыхалықтық қолданыстар.

       Сен төбе көрсетіп қалар деп жеңгеңнің арнайылап алып қойған сүрісі ғой бұл [1, 6]. Кәрі жеңгеңнің көңілін аулай білген сендей қайныдан айналмассың ба! [1, 6]. Сол сәтте мінер жағымыздан шетсіз-шексіз жазық даланың өр кеудесі, осы өлкенің құзар биігі, бітімі желмаяның өркешіндей оқшау тау – еңселі Сұңқарқиям, бойына жан теңгермей маңқиған күйі, бұлдырай мұнартып, мен мұндалап қияннан көзге шалынады [1, 7]. Нұрекең бидайдың бір масағын алып алақанына салып үкті де, қауызын үрлеп ұшырып, түйір дәнді тісіне басты [1, 8]. Соншама тер төгіп жыртылған жерге зор бейнетпен себілген дәннің бітік егін боп шыққанына не жетсін! [1, 9]. Уылжып піскен торламаның тіттілігі ерекше екен: салғаннан тілді үйіріп ала жөнелді [1, 15].

       Фразеологизмдер образды беру, ашу мақсатында қолданылады, бірақ  экспрессивтік бояуы жағынан тең дәрежеде болмайды, бірінің күші басым болса, бірінің әсер ету күші солғындау болып келеді [2, 233]. Мысалы, тілдегі ауызбен орақ орады фразеологизмі жазушыға күші сәл бәсеңдеу болып көрінеді, сондықтан ол аузымен орақ орып, қолымен шыбын қаға алмайды (қолынан түк келмеу) деген мүлде тың тіркес жасайды. Аузымен орақ орып, қолымен шыбын қаға алмайтындардан жек көрерім жоқ! [1, 11]. Бала кезімнен көкіректе хатталып, жүректе жатталған баяғы сол заңғар да маңғаз қалпы; өзіне жалғаса жатқан аласалау екінші тау – піл сауырлы «Қосбүйрегі» әрқашан қасында [1, 8], - деген сөйлемдегі көкіректе хатталып, жүректе жатталған фразеологизмі турасында да осы мәселені айтуға болады. Себебі жай ғана көкіректе хатталған деп берсе экспрессивтік реңкі бәсең, сондықтан да автор өз тарапынан оқушыға ерекше әсер беретін тіркес жасаған. Сондай-ақ, жазушы қалыпты қолданыстағы тіркестердің сыңарларын өзгерту тәсілі арқылы жасалынған тұрақты тіркестер де жиі ұшырасады. Мысалы,  Жер, халық, ел тағдыры қабырғасына қатты батып, қамыға айықпас бір ауыр ойға шомғандай, Сұңқарқия алыстан мұнарта түнеріп, алдыр-бұлдыр ғана көзге шалынады [1, 265]. Берілген сөйлемдегі қабырғасына қатты батты тіркесі бұрыннан қолданыста бар жанына бату мәнінде жұмсалып тұр. Жасалу жолы қарапайым ғана, жан сыңары қабырға сөзімен алмастырылған, ал беретін мәні, экспрессивтік реңкі жағынан келгенде жанына батты фразеологизміне қарағанда қабырғасына батты тіркесінің бояуы басым болып тұр. Көріп отырғанымыздай, жазушы шығармасында фразеологизмдерді қалыпты түрінде қолданумен бірге, олардың құрамындағы сөздерді басқа сөзбен алмастыру, сонымен бірге, тілімізде бұрыннан бар фразеологизмдерге мәндес қаламгердің өз шығармашылығынан  туындаған қолданыстар да көптеп кездеседі.  Көркем туындыда сезім  күйін, іс-әрекетті айшықты сөздерді қолдану арқылы беру шығарманың үндестігін күшейтіп, эмоциялық бояуын арттырады.

       Жазушы Ө.Қанахин фразеологизмдерді таңдап, талғап жұмсай отырып, айтайын деген ойын ұғымды, дәл басып жеткізе білген. Фразеологиялық оралымдардың  ішінде құрылымы жағынан да, мазмұны жағынан да тілдің коммуникативті единицасы – сөйлемге сәйкес келетіндері бар. Бұлар – мақалдар мен мәтелдер, қанатты сөздер [3, 233].

       «Ата қоныс» повесі түйдек-түйдегімен шығып жататын халықтың мақал-мәтеліне, нақыл сөздеріне де толы. Мысалы, Әйтпесе, «ит – қораның құлағы» деп, бөтен кісі келгенде үріп хабар беруші еді...[1, 5]

        - «Сауынсыздың жазы болмас, қауынсыздың күзі болмас» деп те айтады [1, 15]. «Орында бар оңалар» деген ғой [1, 18].  «Мыңмен кеңес, бірмен сырлас» деген де бар ғой...[1, 19]. «Біреуге жан – қайғы, біреуге мал – қайғы» деп, қайтадан өктемси бастаған байлар мен атқамінерлерге бір кісідей боп бірлесіп қарсы тұруға пәтуаластық [1, 21].  «Жақсы әзіл жан семіртеді»,  «Бажа бажаны көрсе басы қышиды» деген де бар емес пе? [1, 38].

Қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың мақал-мәтелдерге үндес жасалған әрі көркем, әрі терең мағыналы сөз өрнегі нақыл сөздерге айналып, халық арасында кең тарап кетеді. Олардың нақыл сөздерге айналуы үшін терең мағыналы болуымен бірге, мақал-мәтелдер сияқты құрылысы жағынан ықшам, әрі көркем, айтуға жеңіл болуы шарт.

Жазушы Ө.Қанахиннің біз талдап отырған шығармасынан осы  талапқа сай жасалған терең мағыналы, нысанаға дәл тиерліктей әрі өткір, әрі көркем нақыл сөздердің сан алуан түрлерін кездестіруге болады. Мысалы, - Бақпасаң мал қысырайды, екпесең жер қысырайды,- деп ренжи сөйледі [1, 10]. Маған салсаң, сөздің қысқасы, жігіттің ұстасы жақсы [1, 24]. Не туралы айтпасын, нақыл түрінде қысқа қайратын: «Мезгілінде істелген іс мезі қылмайды»; «ісмер қолдан іс қалмайды»; «бүгіннен қалған іс өзіңе ауыр»; «ертеңі көбейген істе береке болмайды»; «аяқталмаған істі аузыңа алма»; «ертеңге қаратқан мың істен бүгін бітірген бір іс артық»; «өзің тындыратын іс болған соң күні не, түні не » деп, жұрт тегіс жатып қалса да, бірнеше майшамның жарығымен, Иекең қолға алған ісін бітірмей дүкенінен шықпайтын [1,26]. «Көгілдірік, көк байталға жарасар өмілдірік »... [1, 213]. Қазақ тал өсіргенді мал өсіргенен қиын көреді [1, 83].

       Ө.Қанахин қаламынан туған мақал-мәтелге ұқсас әрі нәрлі, әрі көркем,  «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиерліктей» жоғарыдағы сөз түйдектері шығарманың мән-маңызын кеңейте түскен.

 

Пайдалынылған әдебиеттер

1 Қанахин Ө. Ата қоныс.  – Алматы: Жазушы, 1990 – 288бет

2 Ахмет Ә. Қазақ тіліндегі троптардың парадтгматикалық және лингвостилистикалық негіздері. ҚР ҒА-ҒА хабарлары – Алматы, 1997 – 456 бет.

3 Хасанов Б. Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы – Алматы: Ғылым, 1996 – 272бет.

 

 

 

Резюме

В статье освещаются пути использования бейвербальных способов при изучении произведений У.Канахина.

           

Resume

The article is about the ways of usage of nonverbal methods while studying the works of U.Kanakhin.