Бокаева Алина Тлеубековна

П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

 

Музыкалық колледжде кәсіби қазақ тілін оқыту

(орыс топтарында)

 

Бүгінгі таңда көптеген оқу орындары студенттерді өз мамандығы бойынша кәсіби лексикаға үйрету мақсатында түрлі мамандықтарда «Кәсіби қазақ тілі» пәнін енгізуде. Мемлекеттік тілді оқытуда арнайы мамандандырылған лексикаға ерекше көңіл аударылып, экономика, заң, халықаралық қатынастар тағы басқа мамандықтар бойынша кәсіби қазақ тілін оқытатын оқу құралдары жарық көре бастады.     

Музыкалық оқу орындарында кәсіби қазақ тілі музыкалық лексиканы, музыкалық терминологияны оқытуды болжайды. Мұнда атақты музыканттардың өмірбаянымен және шығармашылығымен таныстыратын мәтіндер негіз болады. Кәсіби қазақ тілі болғандықтан, қазақ ұлттық ерекшеліктер басты назарда ұстанылуы тиіс. Яғни, мәтіндер көбіне қазақ халқының күйшілерімен, сазгерлерімен, әншілерімен таныстырады. Сонымен қатар, болашақ музыканттарды қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен, ұлттық маңыздылығы зор музыкалық шығармаларымен таныстыру қажет. Әр мәтін оқушының қазақ тіліндегі кәсіби лексикасын молайта отырып, олардың кәсіби-танымдық көкжиегін де кеңейту керек. Бұл үшін әр мәтінге арнайы тапсырмалар беріліп, сөздік жұмысын, мазмұндама, аударма жұмыстарын қатар жүргізіп отыру шарт. Музыкалық материалдың негізінде ауызша сөйлеу тілін де дамыту назардан тыс қалмау керек.

Кәсіби қазақ тілі тілді үйренушінің жалғастырушы сатысында жүргізіледі. Яғни, кәсіби қазақ тілін үйренуші тілді меңгерген адам, тілді үйренуді кәсіби дәрежеде жалғастырушы. Сондықтан «Кәсіби қазақ тілі» пәні де оқушылардың жалғастырушы топтарында жоспарланған. Осыдан сөздік жұмыстары мен мәтінге берілетін тапсырмалар оңайылық туғызбайды.

Әр музыкалық мәтінге төмендегідей тапсырмалар берілуі тиіс: жаңа сөздермен танысу, мәтінді аудару, мазмұндау, жаңа сөздерді жаттау, жаңа сөздермен сөйлемдер құрастыру. «Күй» бөлімінде күйшілердің өмірбаяны және шығармашылығы туралы қысқаша мәліметі бар мәтіндер беріледі. Яғни күй авторлары және күйші-орындаушылар туралы мәтіндер. Бұл Қорқыт, Құрманғазы, Ықылас, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина сияқты тұлғалар. Мұндағы жаңа сөздер: төкпе ақын, қобызшы, үн, тиек, күй тағы басқалар.

«Ұлттық музыкалық аспаптар» бөлімінде қазақ ұлттық аспаптарын сипаттайтын мәтіндер беріледі. Мұнда оқушы қазақ ұлттық аспаптардың атауларын үйренеді, ұлттық аспаптармен, олардың шығу тарихымен танысады. Әр мәтіннен кейін сөздік жұмысын жүргізіп отыру керек. Мәтіндерде кездесетін жаңа сөздер: тілше, жылқы қылы, шанақ, ішек, қыл ішек, саз, үрлемелі аспап, ұрмалы аспап тағы басқа.

Аталған бөлімде «Домбыра», «Шаңқобыз», «Қылқобыз», «Жетіген», «Сыбызғы», «Сазсырнай», «Керней», «Шертер», «Қоңырау», «Дабыл», «Дауылпаз» мәтіндері беріледі. Әр аспаптың шығу тарихымен қоса, олардың жасалуы, толық сипаты, құрайтын бөлшектері де беріледі.  

«Ән және қазақ даласының бұлбұлдары» бөлімі «Ән» мәтінімен ашылып, шығарма, ән құрылысы, бастама, қайырма, деген сөздермен, әннің құрылысымен таныстырады. Мұнда Ақан сері, Абай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Біржан сал, Әміре Қашаубаев, Естай және Естайдың Қорланы, Құлтума, Үкілі Ыбырай, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманалиев, Күләш Байсеитова, Беташар сияқты мәтіндер беріледі.

«Қазақ композиторлары» бөлімі Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусин, Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Шәмші Қалдаяқов, Кеңес Дүйсекеев сияқты тұлғалардың өмірбаяны мен шығармашылығымен таныстырады.

Әр мәтін, әрине, оқушының сөздік қорын жаңа сөздермен байытып, толықтырады. Ал жаңа сөздердің оқушының сөздік қорында берік ұстануы үшін тиісті тапсырмаларды орындап отыру, жаттығу міндетті түрде қатар жүруі тиіс. Мәтінді аудару оқушыға мәтіннің мазмұнын түсінуге көмектеседі. Ал мәтінді түсінген оқушы сол мәтінді мазмұндауға қабілетті болады. Осы ретте ескеретін жәйт – мәтінді мазмұндауда өз түсінігін өз сөздерімен жеткізуге тырысу керек. Өз сөзімен мазмұндау оқушының тілді меңгеру дәрежесін жоғарылатады. Тілді үйрену сапасын күшейтеді. Мазмұндаудан кейін мәтіндегі жаңа сөздермен жұмыс жасау қажет. Бұл жаңа сөздерді есте бекітуге көмегін тигізеді. Яғни, сол сөздермен түрлі сөйлемдер құрастырып, сөздерді мәтіннен тыс, басқа сапада қолдану. Ал үй жұмысына міндетті түрде жаңа сөздерді жаттауға беру керек.

Сабақ үстінде бір мәтінді жан-жақты талдау, жоғарыда аталған барлық жұмыстарды белсенді жүргізу қазақ тілінің кәсіби музыкалық лексикасын жетік меңгеруге көмегін тигізері сөзсіз.

Дегенмен де кәсіби қазақ тілінің бағдарламалық, оқу құралдық сапасы әлі тіл мамандарынан талай зерттеулерді, бағыттық жұмыстарын, жүйелілікті қажет етеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болған бұл пән мүмкін болашақта өзінің тиісті жоғары дәрежесінде, жүйелі түрде жүргізілетін болар. 

Резюме

Данная статья посвящена введению предмета «Профессионального казахского языка» во всех учебных заведениях разных специальностей, с целью обучить учащихся профессиональной лексике по своей специальности. В частности - профессиональный казахский язык в музыкальном колледже в русских группах.