МОДАЛЬДІЛІКТІҢ ПСИХОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ АСТАРЫ ТУРАЛЫ

                                                                                        Құсайынова Ж.А.ф.ғ.к.

                    С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

 

Қазіргі лингвистика әлемі жалқылаудан гөрі, басқа ғылымдармен байланыстыра қарауды қажет етеді. Бұған тілдік бірліктердің қолданылу мақсаты, қызметі, табиғаты еріксіз апарады. Өйткені грамматикалық құрылымдар коммуникативтік қарым-қатынасты жалаң сипаттамайды. Яғни, олар - сөйлеудің жанды көрінісін, субъекті көзқарасының астарын, адамдар арасындағы әрекеттің психологиялық, эмоциялық қырын жеткізуге тірек болатын, көп функциялы қызметімен дараланатын күрделі қолданыстар. Осындай ауқымды мақсаттарды жүзеге асыратын грамматикалық құрылымдардың жұмсалуын, модальді реңкін ажыратуға келгенде, көп қиындықтарға кездесеміз. Біріншіден, құрылымдық синтаксис деңгейінде талдауға бой алдырсақ (мұнда тілдік бірліктердің қызметін жалқылап қарау басым), екіншіден, тек лингвистика шеңберінде салыстырып, экстралингвистикалық факторлардың әсерін ескерусіз қалдырамыз.

Дегенмен сөйлеу тілін жанды құбылыс деп қабылдасақ, кез-келген грамматикалық қолданыстың қалыптасуын, жұмсалу мақсатын, ішкі құрылымдық сабақтастығын лингвистикалық заңдылықтармен ғана түсіндірмей, экстралингвистикалық себептермен де байланысты қарауға тиіспіз. Себебі кейбір грамматикалық заңдылықтардың табиғатын тереңдеп түсіну үшін, субъектінің ақпаратты жеткізудегі немесе қабылдаудағы эмоция-психологиялық жағдайымен ұштастыра қарауға тура келеді. Яғни, субъекті сөйлеу актісін жүзеге асыруда белгілі бір эмоциялық, психологиялық жағдайға бағына қозғалады.

Тілдік деректермен талдасақ, төмендегі мысалда бірнеше сөйлемнің мазмұнын бағындырып тұрған «өкіну» эмоциялық шеңберінің рөлі ерекше. Бірінші сөйлем контекстің мазмұнында сақталатын модальді реңкті дәл айқындап, сол эмоциялық қалыпты ашуда соңғы сөйлемдерді бағындырады.  Мысалы: «Әттеген-ай, - деп өкінді Райымбек іштей, - сан мың сарбаз ішіндегі екі қызды жау жаққа даралап тұрып аттандырғаным қалың құрақ арасындағы екі тал гүлді үзіп алып, аулаққа лақтырып тастағанмен бірдей болыпты-ау. Оларсыз да дүние қараң қалмас еді ғой! Уысымнан бекер шығарған екем! Менің бұл ісімді өзге түгіл өзім де ешқашан кешірмеспін де, көкейімнен де шығармаспын. Егер осы жолда Күніш мерт боп кетсе, өмір бойғы өкінішім сол болар!» (Ж.Тұрлыбаев). Бір контекстегі бірнеше сөйлемнің бір психологиялық, эмоциялық жағдайда айтылуы - заңды құбылыс. Себебі адамның бір эмоциядан екінші эмоцияға өтуі белгілі-бір кезеңмен ситуацияға сай жүзеге асады.

Бұл мәселені Р.Ромметвейт талдай келе: «Естественный язык напоминает язык дорожных знаков в нескольких важных отношениях: совершенно ясно, что синтаксические, семантические и прагматические правила естественного языка переплетены очень тонким образом, и мы лишь тогда сможем полностью понять свойства языка, когда обратим внимание на исследование высказывания в его экстралингвистическом коммуникативном окружении», - деп сыртқы факторлардың әсеріне мән беру қажеттігін анық ұғындырады (1,54).

Осы жағдайға сәйкес тілдегі лексикалық, грамматикалық бірліктерді арнайы бір қызметтік бағытқа сай шектеп, топтай алмаймыз. Олар қолданыста көп функциялы қызметімен дараланды.

Яғни, грамматикалық бірліктер ішкі грамматика-семантикалық байланысқа, сыртқы тілдік емес факторларға бағына отырып, сан қырлы қызметімен көзге түседі. Сыртқы факторлардың әсері бір синтаксистік немесе лексикалық бірлікке бірнеше коммуникативтік мақсатты өтейтін сипат үстейді, демек олардың қызметі тілдік емес факторлардың ықпалынан түрленгіш, қозғалмалы болады. 

Модальді реңк тудырушы грамматикалық бірліктердің қызметін сипаттаған тұста да осындай пікірлерге сүйенеміз. Синтаксистік бірліктердің модальді реңк үстеудегі көп қырлы қызметінің бағытын, жұмсалу мақсатын айқындап талдау үшін, 1-ден, сыртқы экстралингвистикалық факторлардың,    2-ден, ішкі лингвистикалық факторлардың әсер етуін салыстыра қарау қажет. Өйткені жинақталған мысалдарды талдау барысында модальділік категориясын жасауға қатысатын грамматикалық амалдардың көп функциялы қызметін ашуда, тілдік факторлармен қатар тілдік емес факторлардың қызметін теңдікте ұстау қажеттігіне көз жеткіздік. Ойымызды Л.М.Шайкенова пікірімен төмендегіше бекітуге болады: «Следует отметить, что наряду с четко выделяемыми типами нередко встречаются смешанные типы, характеристика которых может быть осуществлена только с учетом всех факторов, воздействующих на осуществление коммуникации. В этом плане особо важную регулирующую функцию выполняет так называемый ситуативный фактор, то есть должны учитываться иллокутивная цель, психологическое состояние говорящего, направление отношений между пропозиционным содержанием речевого акта и положением дел в мире, отношение к интересам говорящего и адресата и др.» (2,15).

Сонымен, грамматикалық модальділікті реттейтін тілдік бірліктерге контекстік семантика әсерін бұған дейінгі тарауларда барынша талдадық. Ендігі жерде сол контекстік шеңберге (жоғарыдағы мысалдан көз жеткізе отырып) тілдік емес факторлардың әсерін сөз етуге болады.

Лингвистикалық, экстралингвистикалық себептердің өзара қарым-қатынасын тілдің психолингвистикалық бағыты зерттейді.

О.С.Ахманова  аталған ғылымдардың ішкі байланысын жүйелей келе: «Все эти вопросы не только теснейшим образом связаны, но и не могут плодотворно исследоваться в отрыве друг от друга» - деп лингвистика мен психологияның ішкі заңдылықтарының бір-бірімен ұштасып жататындығын саралаған (3,3).

Бүгінде лингвистика мен психология ғылымдарының ішкі байланысы әбден мойындалып, зерттеудің осы бағыты тереңірек қарастырылуда.

Өйткені Ш.Елемесова ескергендей, «тіл табиғатының осындай кешенді сипатын анықтау барысындағы өзекті де күрделі мәселелер оның психологиялық және лингвистикалық қырларымен астасып жатады» (4,107-110).

Ә.Алдамұратов «Психолингвистика және оны зерттеудің мақсат-міндеттері» атты мақаласында сөйлеу әрекетінің психологиямен байланысын түсіндіре келе: «Сөйлеу әрекетінің дамуын әлеуметтік жағдайға тәуелді әрі  сол жағдайға бейімделіп отыратын шындық деп санайтын болсақ, онда адамның сөйлеуді қабылдап, оның мән мағынасын ұғыну өз алдына психолингвистикалық мәселе деп саналады» - деп тұжырымдаған (5,28).

Т.Слама-Казаку психология мен лингвистиканы бірлікте қарауда кейбір заңдылықтарды тереңірек түсінуге мүмкіндік туатынын айта келе: «Это не означает, что появляется некоторый новый объект, делающий необходимым появление новой науки, напротив, глубже выявляются некоторые неизвестные стороны уже существующего объекта благодаря комбинированию методов двух наук и благодаря различным способом интерпритации», - деп қорытады (6,21).

 Сонымен, сөйлеуде көрініс беретін  модальділікті талдауда, психолингвистикалық бағыттың әсеріне назар аудару шарт. Өйткені психолингвистиканың зерттеу объектісі - негізінен сөйлеу әрекеті және оның қалыптасу ерекшелігі. Егер модальділіктің сөйлеу әрекетінде жанданатынын ескерсек, оның семантикалық, құрылымдық белгілерін саралау үшін, психолингвистикалық бағытта сипаттау еріксіз қажет етіледі

 Бұл проблемалы мәселелер лингвистердің зердесінен қалыс қалған жоқ.                                                                                                                                                                                                                            

Психолингвистиканы зерттеушілер бұл бағыттың нысанын, мақсатын қол жеткізетін мүмкіндіктерді сипаттай отырып талдайды.

Дж. Маршалл бұл бағытта ақпараттың кодталу, декодталу мәселесі, оны субъектінің қорытуы маңызды мәселе болып табылады деген. Сондықтан Дж. Маршалл психолингвистикада әр бөлшектің маңыздылығын, олардың ішкі байланыста болатынын үнемі ескереді. Бұл туралы автор төмендегідей ой түйген: «Следовательно, в число важных (и по большей части нереализованных) целей психолингвистической теории выходят: 1) объяснение того, как структурные описания, отраженные в грамматиках, перекодируются в сообщении и как сообщения декодируются и получаются такие структурные описания; 2) изучение того, как их репрезентации запоминаются и воспроизводятся «памятью» 3) разработка мер лингвистической сложности и «важности» (importance), приспособленных к различным психологическим задачам» (7,46).

Т.Слама-Казаку психолингвистикалық бағыттың артықшылығын тілдік бірліктерді әр түрлі жағдаяттағы қолданыстық мақсатын дәл анықтай отырып талдайтындығымен бағалайды.  Бұған автор: «Психолингвистика изучает язык в его конкретных реализациях, в «сообщениях, в отношении между говорящим и слушающим в различных ситуациях» деген маңызды ой тастайды (6,25).

Н.И.Жинкин – тілді меңгерудің психологиялық мәселелерімен шұғылданған кеңестік психолог ғалым. Ол сөйлеуді, қабылдау мен түсінуді тілдік құрылымдармен шектелмейтін аса күрделі семантикалық үрдіс деп санаған (8).

Жоғарыдағы ғылыми еңбектерге сүйеніп, модальділік категориясының психолингвистикалық сипатын есепке алып, белгілі жағдаяттарға мән бере қараудан контекстегі синтаксистік бірліктердің жұмсалу мақсатын дәл айқындауға қол жеткіземіз. Бұл жағдайда психолингвистикалық салыстырулар бүткіл шығарма деңгейіндегі ситуациялық, әлеуметтік, қарым-қатынастық жағдайды есепке ала отырып сипаттауды қажет етеді. Өйткені сөйлеу, оның құрылымы – күрделі грамматикалық байланыстан, бір-біріне тәуелді мағыналық-құрылымдық байлаулардан тұратын, қозғалмалы функционалды жүйесі бар құбылыс. Бұл туралы В.П.Белянин: «Отметим также, что согласно психолингвистическим представлениям речевая организация человека не является пассивным хранилищем, сведений о языке. Это динамическая (подвижная) функциональная система. Кроме того, существует постоянное взаимодействие между процессом приобретения речевого опыта и его продуктом. Иными словами, получая новую информацию речевого плана, человек не только перерабатывает ее, но и перестраивает всю систему своего речевого опыта. Это все позволяет считать речевую организацию человека достаточна сложной самоорганизующейся системой» , - деген болатын (9,19).

Модальді реңк үстеуші грамматикалық құрылымдарды психолингвистикалық бағыттың ізімен талдасақ, сөйлемдер, контекст аралық мағыналық, құрылымдық, әсіресе, ситуациялық байланысқа тереңірек мән береміз. Өйткені психолингвистикалық бағытта контекстің өзі сөйлеуді қалыптастыратын тілдік бірлік ретінде қаралып, текст пен текстің аралық байланысына, ситуацияға сәйкес әрбір тілдік бірліктің жұмсалу мақсатына ерекше көңіл бөлінеді. Демек, психолингвистика берілген ақпараттың модальділігін ажыратуды ситуациялық астармен қабылдауды үйретеді. Яғни, модальді бірліктерді жалқылай талдамай, сөйлеу әрекетінің бағытына, мақсатына сәйкес жұмсалу мүмкіндігін тексереді. Психолингвистикалық бағыт бойынша талдасақ, жағдаятты бірінші орынға, ал соған сәйкес грамматикалық бірліктің түрлену қызметін екінші орынға қоямыз. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Р.Ромметвейт: Слова, значения и сообщения //Психолингвистичекое исследование синтаксиса // «Методология психолингвистики и некоторые ее применения» // Психолингвистика за рубежом. М: Наука, 1972. -125с:

2. Шайкенова  Л.М. Перформативы: виды и способы выражения. Алматы: Қазақ уноиверситеті, 2003. - 69с.

3. Ахманова О.С. О психолингвистике. Материалы к курсам языкознания. – Москва: Изд. Московского университета, 1957. - 63с.

4. Елемесова Ш. Көркем мәтіннің психолингвистикалық қырлары // ҚРҰҒА-ның Хабарлары. Тіл мен әдебиет сериясы. 2003. №1. 107-110бб. 

5. Алдамұратов Ә. Психолингвистика және оны зерттеудің мақсат-міндеттері// Қазақстан мектебі. 1997. №6.  26-31бб.

6. Т.Слама-Казаку «Методология психолингвистики и некоторые ее применения» // Психолингвистика за рубежом. М: Наука, 1972. -125с.: 

7. Дж. Маршалл: Психолингвистичекое исследование синтаксиса// «Методология психолингвистики и некоторые ее применения»// Психолингвистика за рубежом. М: Наука, 1972. -125с.

8. Жинкин Н. Механизм речи. М, 1958.

9. Белянин В.П. Психолингвистика. - Москва: Флинта, 2005. -232с. .