ХАЛЫҚТЫҚ СПОРТ, ОЙЫН АТАУЛАРЫНЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ

 

Ақажанова А.А., С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Астана қ-сы

 

Халықтық спорт, ойын атауларының басым көпшілігі қазақ тілінің негізгі сөздік құрамына жататын байырғы сөздерінен жасалған. «Байырғы сөздер дегеніміз қазақ халқының өмір тіршілігі мен шаруашылығына, тұрмысы мен мәдениетіне, дүниетанымы мен түсінігіне байланысты жалпыхалықтық сипатта қалыптасқан, оның өзіне тән сөздері» [1,132-б].

Байырғы сөздердің қалыптасу жолы, біріншіден, қазақ тілінің негізгі сөздік қорындағы лексикамен байланысты, лексиканың бұл қорында жалпы түркілік сипат басым. Екіншіден, негізгі сөздік қор негізінде  сөзжасам тәсілдері арқылы жасалған туынды сөздерге байланысты [2,156-168 б]. «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» оқулығында қазақ тілінің байырғы туынды сөздері тарихи тума лексика деп аталған.

Халықтық спорт, ойын атауларының жасалуында осы екі жолдың екеуі де өнімді қызмет атқарған. Негізгі сөздік қордағы лексика арқылы мысалы, аңшылық спортына негіз болған аң-құс атаулары: аң(ау), бөрі, қасқыр, түлкі, қоян, аю, бұғы, қарсақ, мәлін, шибөрі т.б.; аулау құралдары: тор, тұзақ, ор, аран, қода, дара, қақпан, сере, найза, садақ, мылтық т.б.; құс атаулары: үйрек, қаз, қырғи, қаршыға, бүркіт, ителгі, сұңқар, бидайық, лашын, шіл, құр, кекілік, қырғауыл, т.б.; мал атаулары: ат, тай, құнан, дөнен, түйе, қой, ешкі, қозы, лақ, серке, марқа т.б.; асық ойнының атаулары: бүк, шік, тәйке, алшы, омпы (омпа), топай т.б; ойынның басқа түрлерінде кездесетін: хан, уәзір, күрес, арқан, ошақ, дойбы, сақина, орамал, жүзік жамбы т.б – бәрін де қазақ тілінің байырғы лексикасына жатқызуға болады.

Бұл сияқты сөздер тек спорт, ойын түрлерінде емес, тұрмыс - шаруашылықтың толып жатқан басқа салаларында да кеңінен пайдаланылады.

Халықтық спорт, ойын атауларының жасалуында тілімізде белгілі сөзжасам тәсілдерінің бәрінің де үлесі бар. Сөзжасам тәсілдері арқылы туған халықтық спорт, ойын атаулары бірінші номинативтік (атауыштық) атаулар негізінде қалыптасқан екінші номинативтік атаулар болып табылады.

1 Спорт, ойын атауларының көпшілігі сөзжасам жұрнақтары арқылы жасалған:

  -шы/-ші жұрнағы арқылы: аңшы, қызылшы, аушы, бүркітші, қақпаншы, моршы, саятшы, ізші, қағушы т.б;

-ма/- ме  арқылы: шалма, құрма, бұзаулатпа, жаңылма, салма, домалатпа, шаппа, қорлатпа, қамба, ақпа, ұшпа, қашпа (доп), т.б;

-мақ /- мек арқылы: ағызбақ, аударыспақ, санамақ, қарғымақ, көтеріспек, жасырынбақ, қоймек, ешмек, шертпек, тығылмақ, (тақия) таcтамақ, (тақия) теппек, (орамал) тастамақ, (бөрік) алыспақ, (ортаға) түспек, (сақина) салмақ т.б;

- лық /- лік : жағалық, бұғалық, ептілік, (үш) орындық, тұздық т.б;

- ман : аламан, аларман;

- дақ /- дек : дүмпілдек, шігедек, дырылдақ т.б;

- шақ /- шек : қуыршақ, әткеншек, әлпеншек т.б;

- уыр : қалжауыр, қалжуыр;

- кі /- қы : сүйреткі, атқы, шапқы т.б. ;

- мақыл /- мекіл : қақпақыл, атпақыл, үйірмекіл, шертпекіл, иірмекіл, көтермекіл, иірмәңкүл. Бұл жұрнақ қазақ тілінде негізінен асық ойнына қатысты атауларды жасауға қатысады.

-ди: тұзди

- маш : қуырмаш, т.б

2. Спорт, ойын атауларының жасалуында сөздерді тіркестіру тәсілі де өнімді қызмет атқарған. Мұндай атаулар сөздердің әртүрлі жолмен тіркеу модельдері (үлгілері) арқылы пайда болған. Қазіргі емле ережесі бойынша бұл туындылардың көпшілігі біріктіріліп жазылады [3].

-                     зат есім + зат есім сөздердің тіркесуі арқылы: аламан бәйге, ошақ бәйге, тауықкүрес, сақақұмалақ, ханталапай, аюбиі, балақбау, қазандоп, қолтұзақ, бурақотан, тайжарыс, құнанжарыс, жорғажарыс, бұқатартыс, т.б;

-                     зат есім + есімше : қосан жылаған т.б;

-                     зат есім + сын есім : ханжақсы, т.б;

-                     зат есім + қимыл атауы : атомыраулату, саусақсанау, шалматастау, қызқуу, жігітқуу, жамбыату, күмісалу, алдыналу, арқантарту, сақинатастау, тымақұру, белбеутастау т.б;

-                     зат есім + 1 жақ бұйрық райлы етістік: балтамтап, кәлмен ап, инемтап т.б

-                     зат есім + сұрақ есімдігі : ханқалай?

-                     сын есім +  зат есім : жаманүй, асау мәстек, қызылту, жаяужарыс

-                     қимыл атауы + зат есім : айдауат, т.б.

-                     көсемшелі етістік + қимыл атауы : жатып күресу, көтере қағу, көтере итеру, шалқайып лақтыру, еңкейіп лақтыру, жүрелей секіру т.б.

-                     көсемшелі етістік – 1 жақ бұйрық райлы етістік : қуалапсоқ, айдапсал, байқапқал т.б.

-                     етістік + сан есім : кетсінбір т.б.

-                     үстеу + зат есім : қазақша күрес т.б.

-                     есімше + зат есім : түйілген орамал т.б

3.Спорт, ойын атауларының үлкен бір тобы сөз тіркестерінен қалыптасқан біріккен атаулар. Олар да әртүрлі модельдер (үлгілер) бойынша жасалған:

-                     зат есім + зат есім : аяқ күрес, құсбегі, атбегі, ортеке, қантамар, майтүбіт, қантүбіт, мұзбалақ, тастүлек, құмтүлек, алтынқабақ, алтынбалдақ, түйебас, әуетаяқ, қызбөрі, қолтұзақ т.б.;

-                     зат есім + сын есім : нарынсары, оралқара т.б.,

-                     зат есім + етістік : атаспас, атөтпес, белбасар т.б.;

-                     сын есім + зат есім : көктүбіт, сомтүлек, ақтүлек, ақырғы түлек, қоңыртүлек, қандыбалақ, алакүшік, ақсүйек, соқыртеке, көктабан, кәрітүлек, ақиық, сарушыда, ақбұршақ, аққасқа, көкмойын, сардала, ақтаяқ, қарабие, қандықақпан, қарашелек, қақсойыл, ақсойыл т.б.;

-                     сын есім + сын есім : көксерек, еренқара т.б.;

-                     сан есім + зат есім : тоғызқұмалақ, үш табан, төрт асық, бас асық, қырықаяқ, бестас т.б.;

-                     сан есім + етістік : алтатар т.б.

Ал көкпар, қарабие, айгөлек, т.б атаулар біріккен сөздердің әбден кіріккен түрлеріне жататын сияқты.

4. Қос сөз түрінде жасалған ойын атаулары да баршылық. Олардың модельдері мынадай:

-                     етістік + етістік : ұшты - ұшты, тартылып - шертіліп, қуыр - қуыр.

-                     зат есім + зат есім : хан - уәзір, үлек пен тайлақ, мысық пен тышқан, мүйіз - мүйіз, көрші-көрші, күн-түн, т.б.;

-                     сын есім + сын есім : ақсерек - көксерек, жұппа-дақ т.б.;

-                     еліктеуіш - еліктеуіш : құр - құр, қарт - құрт, жым-жырт, жұм-жұм т.б.

Бірқатар ойын атаулары қазақ тілінде бұрыннан белгілі сөздердің семантикалық өзгерісінен туған:

Ақсүйек: 1) тұқымынан байлық арылмаған қанаушы тап қауымы

                2) ашық алаңда ойналатын ұлттық ойынның бір түрі.

 

Аран:      1) нәпсі, құлқын;

                2) түбіне басы ұшталған қазықтар қағылған, тереңдігі 5-6 м қазылған ор.

 

Ашық:       1) жабылмаған деген мағынада,

                   2) асық деген мағынада.

 

Бөлеу:       1) бөле (баланы) етістігінің қимыл атауы;

                   2) бүркітті орап алатын құндақ.

 

Аусар:       1) алаңғасар, есер;

                   2) аң аулайтын тордың бір түрі.

 

Күлдіру:    1) күлдір етістігінің қимыл атауы;

                   2) асық ойынның атауы.

 

Қағу:          1) қақ етістігінің қимыл атауы;

                   2) аң қағу, аң іздеу.

 

Қазан:        1) тамақ пісіретін шойын я мыстан жасалған үлкен ыдыс;

                   2) тоғызқұмалақ ойнының атауы.

 

Қайтыс:     1) етістік негізді есім (қайтыс болды, өлді мағынасында);

                   2) сақаны қайта иіру.

 

Қима:         1) майлы ішек;

                   2) ұлттық ойынның бір түрі.

Қырықаяқ: 1) көп аяқты жәндік;

                   2) ашық алаңда жастар ойнайтын ойын түрі.

 

Қоржын:    1) жүннен тоқылған, зат салатын екі басты кішкене қап;

                   2) ашық алаңда ойналатын балалар ойыны

 

Құстыру:    1) құстыр етістігінің қимыл атауы;

                    2) асық ойнының атауы

 

Мола:          1) бейіт, зират;

                    2) қартайған бүркіттің молаға қонып тышқаншылауы.

 

Орда:          1) орта ғасырдағы саяси басқару орны, ел билеушілердің тұрағы;

                    2) «тоғызқұмалақ» ойынының атауы

 

Отау:          1) ұлдың енші алып, бөлек шыққан үйі;

                    2) «тоғызқұмалақ» ойынындағы ұя

 

Өлді:           1) өл етістігінің жедел өткен шақ тұлғасы;

                    2) асық ойнының атауы

 

Сасыр:        1) иісі сасық қурай түрі;

                    2) асық ойнының бір түрі

 

Сейіл:          1) серуен, бой жазып, көңіл көтеру;

                     2) аңшылардың қыста қос тігіп салбурын жасауы

 

Таз:              1) шашы жоқ (адам) ;

                     2) тәйке асық

 

Тұздық:       1) туралған ет, т.б. тағамға қосылатын, пияз туралған сорпа;

                     2) тоғызқұмалақ ойынының атауы

 

Хан:            1) феодалдық дәуірдегі елбасы;

                   2) асық ойынының бір түрі

 

Ілу:            1) іл етістігінің қимыл атауы;

                  2) қарсыласының аяғын балуан бүгілген өз аяғымен іліп алып жығуы.

 

Дом, көйіп,  пұш,  тақуа, әйзік, бестемше, мырышын (мағынасы белгісіз сөздер).

            Спорт, ойын атаулары лексикалық құрамы жағынан алғанда жеке сөздерден (сайыс, аударыспақ, тұздық (тұзди),құмар т.б ) , екі сөзден (жамбы ату, қызқуу, аламан бәйге, атомыраулату, қашпадоп, сақинатастау, соқыртеке, ханталапай т.б), үш және төрт сөзден ( ханды қара басты, Қудың қу қасқасы («тоғызқұмалақ» ойнында), иықтан асырып лақтыру, бастан асырып тастау, үй артында қолағаш, тоғызаяқ - тоғызтабақ, неше емшек - неше өркеш, ондай қылма - мұндай қыл, тоқты бермек - көз қыспақ т.б) тұрады.

 

 

Әдебиеттер

 

1.     Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. 3-басылым. Алматы: Сөздік, 2003. – 262 б.

2.     Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы: Мектеп, 1974 – 408 б.

3.     Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Өңделіп, толықтырылып бесінші басылуы. Жауапты редакторы, Р.Сыздық. Алматы: Арыс, 2005. – 614 б.