Б.Қуантқан, э.ғ.к.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті

Салықтық бақылауды ұйымдастырудың

экономикалық аспектілері

 

Салықтық бақылау деп салық заңдылықтарының, яғни Салық кодексі және заңдық нормативтік актілерді т.б. орындалуын бақылауды түсіну кажет. Негізгі заңның бұзылмауын қадағалау – ол Заңның әр бір саласына қатысты жалпы мемелекеттің міндеті. Құқықтық нормативтік актілерді шығарып және оның орындалуын бақылауды жүзеге асыра отырып, мемлекет қоғамдық саяси жүйенің субъектісі ретінде әрекет етеді. Сол арқылы мемлекеттік бақылау заң мен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. Сол жағынан салық –заңдылықтарының сақталуын бақылаудың басқа салалардан ешбір айырмашылығы жоқ.

Қазіргі таңдағы экономистер салықтық бақылауға төмендегіше белгілермен сипаттамалар береді:

Біріншіден, салықтық бақылау мемлекеттік бақылаудың бір түрі болып табылады, яғни оны мемлекеттің бақылау қызметін атқарушы мемлекеттік орган жүзеге асырады. Сонымен бірге, бұл мемлекеттік орган біржақты мемлекеттің өкілетті органы ретінде бөлініп, сол берілген функцияны атқару мүмкіндігіне ие.

Екіншіден, салықтық бақылау қаржылық бақылаудың бір түрі болып табылады. Қаржылык бақылауға А.И.Худяков: "Бұл мемлекеттік және қоғамдық органдардың орталықтанған және орталықтанбаған ақша қорларының қалыптасуы, бөлінуі және қолданылу процестерін тексеруге негізделген іс-әрекеті"- деп анықтама береді [3, 219 б]. Оны жүргізу барысында мекемелер мен кәсіпорындардың және азаматтардың ақша қорларын заңды және мақсатты пайдалануын тексереді. Сол арқылы экономиканың дамуына, халық жағдайын жақсартуға және оны тиімді қолданылуын қадағалайды.

Салық бақылауын жүзеге асыру іс жүзінде мемлекеттің қаржылық іс әрекетіне бағытталған, ақша корларын құрауға кететін және осы мемлекеттің қаржы жүйесінің құрамына кіретін табыстарды жинау болып табылады.

Үшіншіден, салықтық бақылау мемлекеттік бақылаудың арнайы түріне жатады. Бұны бірінші кезекте салықтық бақылауды тек арнайы өкілетті орган ғана жүзеге асыра алатындығынан көруге болады. Салықтық-бақылаудың арнайылылығы оның төртінші қырын - функционалдығын ашады, кез-келген салықтық міндеттері бар заңды және жеке тұлгалардың меншік түрлеріне, ұйымдастыру - құқықтық нысанына және айналысатын іс-әрекет түріне қарамай кез-келгені оның обьектісі бола алатындығынан көруге болады.

Салықтық бақылау – ол салықтық тексеру немесе тексеру мақсатындағы бақылау болып табылады. Салықтық бақылауды жүзеге асыру үш кезеңнен тұрады: 1) тексерілетін салық төлеуші туралы ақпараттарды жинау; 2) жиналған ақпараттарды бағалау; 3) жиналған ақпараттар бойынша шамалау немесе мөлшерлеу. Ақпарат жинау процесінде салықтық бақылау субъектісі, тексерілетін объектінің жұмыс жағдайы туралы мәлімет алуы керек. Алынған мәліметтерді талдай отырып, бағалап тексеруші тексерілуші объектіге заңды немесе заңсыз екендігін көрсетіп қорытынды сипаттама береді. Сол сипаттама бойынша тексерілуші объект салық заңын бұзған, бұзбағандығын шамалап, оған бұзған жағдайда қандай дәрежедегі жауапкершілікке тартылатындығын шешеді.

Қазақстан Республикасының салық органдарында салықтық тексерудің жоспарлануына мұкият көңіл бөлінеді, өйткені, салықтық тексерулерді жүргізудің жоспарының түзілу сапасы, тексерілетін салық төлеушінің дұрыс іріктелуі жұмыс уақытын тиімді пайдалануға, жалпы салық органының бақылау-экономикалық нәтижесіне өз әсерін тигізеді. Салықтық әкімшіліктендіруді жетілдіруде «Салық аудитінің электрондык бақылауы» (әрі қарай САЭБ) ақпараттық жүйесін енгізу үлкен жетістік болып отыр. Бұл ақпараттық жүйе салықтық тексерулерді жүргізуді және жоспарлауды автоматтандыруға мүмкіндік береді.

САЭБ жүйесіндегі бақылау жұмысын жоспарлау процесін автоматтандыру - салық мамандарына нүктелік аудитті жүргізу құралы ретінде бақылау шараларын жүргізуін тиімдірек етуге мүмкіндік береді [4]. Салық органдарының ақпараттануы шеңберінде салық төлеушілерді іріктеу әдісі -автоматтандырылған камералдық бақылау мен жоспарлаудың прогрессивті әдісі және салықтық тексеруді алып барушы - сияқты өзара байланысты шаралар кешені есебінен шешіледі. Салық төлеушіні тексеруге автоматты түрде іріктеу - салықтық есептіліктерден қателіктерді, есептіліктердегі мәліметтер мен басқа мәліметтердің қарама-қайшы келуін табу және оларға терең талдау жасау арқылы жүзеге асырылады.

Қорыта келгенде, біздің көзқарасымыз салықтық бақылауды ұйымдастырудың экономикалық мазмұны, оның экономикадағы алатын орны мен маңызына байланысты болып отыр. Оның үстіне мемлекеттің нарықтық экономикаға араласуы мен реттеуінің бірден-бір құралы – салық саясаты болғандықтан, салықтық бақылау да мемлекеттің мүддесін қорғау мақсатында қолданылатын әдіс болып табылады.

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

1.  Ермекбаева Б.Ж. Жалпы мемлекеттік салықтар. Оқу құралы. Алматы, 1997 жыл.

2.  А.Смит. Исследование о природе и причинах богатства народов — Кн.5/М.,1962, 588 с.

3.  А.И.Худяков, Финансовове право РКУизд. Қаржы-қаражат, Алматы, 1995год.

4.  Е.Чикаева. Анализ современного состояния автоматизации процессов налогового администрирования.// Вестник налоговой службы РК № 13 (40) декабрь 2002 год.