Досова А.Т.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

 

Ұлттық салт-дәстүрдің көркем мәтіндегі көрінісі

 

 Тіл – адамның қабылдаған ақпаратын өңдеп санада реттеген нәтижесін көрсететін құрал. Көркем шығармадағы тілдік жүйенің құрылымын, ұлттық тілдің табиғатын шынайы танудың бір жолы – тілдік таңбаларды, оны құрайтын элементтерді, олардың мазмұндық жағы мен тұлғалық жағын тілдің өз заңдылықтары негізінде қарау болса, екінші жолы оларды тілдік емес құндылықтармен, яғни ақиқат өмір, ойлау, танымдық тұрғыда бір-бірімен тығыз байланыста қарау болмақ. Ал бұл тұрғыдан алғанда  көркем шығарма, ондағы тілдік бірліктер ақиқат өмірді, яғни ойлау мен тілді ұштастыратын категория ретінде танылады.

  Тіл – жалпыхалыққа ортақ, қарым-қатынас жасау құралы. Бұл тілдің негізгі қызметі. Қазақ тіл білімінде халықтың болмысын, тұрмыс-тіршілігін оның тілі арқылы тану қағидасына сай зерттеу тіл біліміндегі жаңа бағыт ретінде қалыптасты. Бұл бағыт тілдегі адам факторын тіл табиғатымен тығыз байланыста қарастыратын антропологиялық лингвистика саласының негізін қалады. Бұл сала “адамды адам ретінде танытатын – тіл” деген В.Гумбольдтің лингво-психологиялық концепцияларынан бастау алады.

  Адам қоршаған ортаны ой қабілеті арқылы танып біледі. Ал тіл ой қызметін бейнеге, модельге түсіреді. Адамзат баласының шындық болмысты танып-білуі барлық халықта бірдей екендігі анық. Яғни таным-түсінік тіл арқылы емес, ми қызметі арқылы жүзеге асады. Ми қызметінің нәтижесінде тілдік бірліктер объективті дүниемен байланысады. Ми қызметі арқылы адам дүниені таниды. Ал осы адам танымының нәтижелері дыбыстық кешендер арқылы тілден көрініс табады. Ал дыбыстардың тілде белгіленуі тілдік таңба болып табылады. Осыдан барып тілдің мазмұндық және тұрпаттық межелері айқындалады.  Олай болса, тіл - ойлаудың құралы, ал ойлау, яғни таным – шындық дүниенің бейнесі. Бұл ғалам бейнесінің тілден көрініс табуы, яғни ғалам туралы ақпаратты тілдік таңбалар арқылы айқындау – ғаламның тілдік бейнесі деген ұғымды тудырады. Тіл – ғалам бейнесін объективтендіретін форма. Демек, “ғаламның тілдік бейнесі” дегеніміз – тілдік жүйеде таңбаланған, тіл арқылы көрінетін тіл иесінің ғалам туралы білімдерінің жиынтығы. Ғаламның тілдік бейнесінде адамның ғалам туралы түсініктері ғана емес, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, наным-сенімі сияқты ұлттық дүниетанымы да көрініс тауып отырады.

  Тіл – дүниетаныммен тығыз байланысты ұғым. Кез келген ұлттың өзіне ғана тән дүниетанымдық түсініктері болады. Ұлттық дүниетаным – қандай да бір ұлттың басқаларға ұқсамайтын өмір сүру дағдысы, адам және сол дүниедегі тіршілігіне деген көзқарасы. Тілді мифтік таным тұрғысынан қарастырған Б.Ақбердиева: “Тіл – тек ойды білдірудің құралы, я оның тікелей құрылысы емес. Тіл – ең әуелі сол ойды әр ұлттың өзіндік танымына ғана тән, мыңдаған жылдар бойына дарытқан дүниетанымдық негізде құрап беруші құрал. Яғни, ғаламды тану тәсілі мен оның біртұтас танымдық моделі тілдің терең құрылымдарынан бастау алады”, -деп жазады [1, 4]. Демек, тілде әр халыққа тән ұлттық дүниетаным көрініс тауып отырады.

  Тіл – мәдениеттің бір көрінісі. В.Гумбольд “ұлттың өзіне тән, іштей дамитын рухы бар, сол рухтың ерекшелігін сыртқа шығарып, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа беруші күш – тіл” деп көрсетеді. Ғалым тілді адамның ойымен, санасымен, оның мәдениетімен және рухани өмірімен тығыз байланысты қарайды. Тіл мен рух Гумболдьтің пікірінше, біртұтас ұғым. Оның пікірінше, тіл дүниені тікелей, тура бейнелемейді. Тілде адамның дүниені қалай түсінетіні көрініс береді. Ғалым: “Язык – это объединенная духовная энергия народа, чудесным образом запечатленная в определенных звуках, в этом облике и через взаимосвязь своих звуков понятная  всем говорящим и возбуждающая в них примерно одинаковую энергию. Разные языки – это отнюдь не различные обозначения одной и той же вещи, а различные видения ее…”,– дейді [2, 349].

  Штейнталь, М.Лацарус рух, халықтық рух деген ұғымдарды “халықтар психологиясы” дегенмен алмастырып, тілдің ішкі формасы – психологиялық процесс, ал мақсаты – халықтың психикалық (рухани) қызметін анықтау деп таниды.

  Ал кейінгі қолданыста бұл аталған “халықтар психологиясы” “этнопсихология” деген атаумен аламастырылып жүр. Ол халықтардың ұлттық ерекшелігінің негіздерін, себептерін, дамуын зерттейді.

  А.А.Потебня: “Тіл – ойды туғызушы тетік, тіл оқшау тұрған құбылыс емес, ол халықтың мәдениетімен біртұтас байланыста, себебі халық – тілді жасаушы, тіл – “халықтық рухтың” жемісі, сондықтан тіл ұлттық ерекшелікті көрсетеді”, - деп жазады  [3, 46].

  Қазіргі тіл білімінде тілтанымдық зерттеулер негізінде көркем шығарманың тілдік ерекшеліктерімен қоса дүниетанымдық ерекшеліктерін де зерттеу қолға алынды. Бұл көркем шығарма авторының тілі мен дүниетанымдық ой-пікірін, көзқарасын тұтас ұлт тілі, ұлттық ерекшелік ретінде танып білуге әкелді.

  Шешендік сөздердегі дүниетанымды зерттеген Г.Қосымова: “Адамзат, тіршілік, өмір т.б. туралы адамдардың алған білімдерінің көпшілігі абстрактылы ойлаудың маңызды бір формасы – ойқорытындының көмегімен алған білімдер. Олар тіл арқылы біреуден біреуге жетіп отырады. Біз өзімізді қоршаған дүние туралы білімді ұғым, пайымдау, пікір, ойқорытынды формасында тұжырымдаймыз” [4, 213]  деген  ой  айтады.

  “Тіл – қандай да бір ұлттың дүниетанымының, тарихының, барлық бітім-болмысының көрінісі. Сондықтан ұлттық үрдіс пен ұлт тілінде жазылған кез келген шығарманың негізінде аталған дүниетаным, тарих, бітім-болмыс ұғымдарымен қатар сол ұлттың өмірі, өмір сүру сипаты, ұлт қоғамында болған оқиғалардың ізі, ерекшеліктері жатады” [5, 77].

  “Жалпы дүниетаным ұғымы объективті және субъективті факторларға тікелей байланысты. Шығарма авторының  қиял дүниесі субъективтік факторға жатады. Дегенмен біз жазушы дүниетанымын абсолютті субъективтік деп айта алмаймыз, себебі ол оны ақиқат дүниеге негізделген объективтік факторларға, ұлт тәжірибесіне сүйене отырып қалыптастырады. Яғни жазушы дүниетанымының қалыптасуына белгілі бір тарихи кезең, қоғамдағы әлеуметтік орта, ұлттық дүние бейнесі өз әсерін тигізеді” [6, 75]. Ұлттық дүниетаным мен жазушының қиял дүниесі, яғни автор дүниетанымы астасып жатады.

Қазақ халқының көрнекті жазушысы Т.Ахтанов «Қаһарлы күндер», «Шырағың сөнбесін»  романдарында ұлттық дүниетанымды көрсететін тілдік құралдар мол қолданылған. Солардың бірі – ұлттық салт-дәстүрлердің жазушы шығармаларындағы тілдік көрінісі болып табылады. Т.Ахтанов романдарында қан майданның ортасында да қазақ өнері – ән-күйі ешқашан ұмтылған жоқ деген тұжырымдамасымен қатар, жиын-терін болған жерде ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді шығарма мазмұнына енгізіп, көркем шығармаларының ұлттық нышанын сақтап отырады.  Мысалы, “Вагонға қыздар келгесін жауынгерлер тіпті жайдары болып кетті.

  – Ал, кәне қонақ кәде беріңіздер! Ән салыңыздар! – деп жармасты Бөрібай қыздарға.

  Келмей жатып қонаққа қолқа салған қай атаңнан қалып еді. Алдымен қонақтарға сый-құрметін ұсынар болар, - деп Қартбай оны тойтарып, Кәрібайға бұрылды.

  Жігітім, кәнекей, сен жол баста. Көрсет өнеріңді осындайда” (Қаһарлы күндер, 72).

  Жоғарыдағы мәтінде қазақтың “қонақ кәде” салты жайлы ақпарат берілген. Бірінші ақпарат жиынға сырттан кешігіп келген қонақ қыздардан “қонақ кәде” сұрауы,  екінші ақпарат – қонаққа келісімен қолқа салмайтын қазақ дәстүрі, үшіншіден – келген қонаққа алдымен іште отырғандардың сый-құрмет көрсетуі. Осы үш түрлі ақпарат жоғарыда берілген шағын мәтінде көрініс табады.

  Қазақы тұрмыста үлкен ұлдың тұңғыш баласын кемпір-шалдың бауырына салатын салт бар. Бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін ауылды жерлерде әлі жалғасып келеді. Ата-әжеге бауыр басқан бала өз анасын “жеңеше” деген немесе атын атайды. Жасында анасының атын атаған бала өсе келе өз анасын мойындағанмен “мама” деуге қиналып жатады. Бұл қазіргі қазақы тәрбиедегі отбасылардың көбіне тән.  Т.Ахтанов бұл ұлттық дүниетанымды “Шырағың сөнбесін” романында кейіпкер-баяндаушы сөзімен береді. Мысалы,

 “…қазақта кемпір-шалға бауыр басқан үлкен баласын еркелетуге туған әке-шешесі үлкендерден қысылады, ал үлкенге бауыр басқан бала өз әке-шешесін мойындауға тіпті арланады”  (Шырағың сөнбесін, 217-б).

  Т.Ахтанов романдарында қазақтың бойжеткен қыздары мен жеңгелері арасындағы тату қарым-қатынас  ұлттық салт-дәстүрдің бір көрінісі ретінде көрінеді. Мысалы, “Басқа халықты білмеймін, қазақтың қыз баласының сезімін оятатын тек жыр мен кітап қана емес, көбіне жеңгелері. Олар жай адамның қолы жетпейтін алыстағы ғашықтықты айтып әуре қылмайды, жас денедегі оянып келе жатқан сезімге жақын, ұрымтал тұстан дәл басып, нағыз қытықты жерден түртеді. “Күйеу деген жақсы болады. Қу тізеңді құшақтап, қураған төсекте дөңбекшігеннен, беу, ойбай-ай, жас жігіттің ыстық құшағына не жетсін”, -деп бастап, түк білмейтін шығарсың, әбден –ақ. Бой жетіп қалдың, ішің бәрін біледі ғой” деп онсыз да мазаңды алып, денеңді қыздыра бастаған табиғаттың отына май құяды. Одан әрі тұрмысқа шығудың, бір үйдің қазан-ошағына ие болудың артықшылығын құлағыңа құйып, “о бастан пешенеңе жазылған” болашақ тірлігіңе баулиды” (Шырағың сөнбесін, 31-б).

  Басқа ұлттарда қыз-бозбалалар көбіне кітап оқып, теледидардан көріп немесе махаббат, ғашықтық сезімі жайлы жазылған өлең-жырлардан оқып ғашықтық сезімдерін оятып жатса, ал қазақ ұлтының байырғы дүниетанымында ұлды ұяға, қызды қияға қондыруға себепші жеңгелері болған. Бұл ұлттық дүниетаным “басқа халықты білмеймін, қазақтың қыз баласының сезімін оятатын тек жыр мен кітап қана емес, көбіне жеңгелері” деген жолдарда көрініс тапқан.

  Қазақ дүниетанымында келін боп түскен қыз барған жерінде күйеу жұртының – атасының, енесінің, қайынаға, қайынапа, қайны, қайын сіңлілерінің атын атамаған. Бұл қазақтың ибалық сақтау мәдениетімен байланысты. Бұл әдет-ғұрыптың нышаны Т.Ахтанов шығармаларында да кездеседі. Мысалы, Дариға қазақтың салты бойынша менің атымды атамайды, бірақ меншіктеп ен салып, ат та қоймайды, жәй “қыз-ау” дейді” (Шырағың сөнбесін, 31-б).

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1Ақбердиева Б. Лексика-фразеологиялық жүйедегі мифтік-танымдық тұжырымдар: филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы: Тіл білімі институты, 2000.– 146 б.

2 Гумбольд В. фон. Язык и философия культуры.– М.: Прогресс, 1985. –456 с.

3  Потебня А.А. Слово и миф.– М.: Правда, 1989.– 622 с.

4 Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік танымы. – Алматы: Ғылым, 2005. – 296 б.

5 Османова З. І.Жансүгіров поэзиясы тілінің көркемдік ерекшеліктері: филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы: Абай атындағы  Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, 2004.–131 б.

6 Қожахметова Ф. Тұрмағамбет Ізтілеуов тілдік тұлғасының дискурстық сипаты: филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы: Тіл білімі институты, 2004. – 110 б.