Нұржан А.,1-курс магистранты, Қазмемқызпу

 Ғылыми жеткешісі: ф.ғ.д., профессор Т.Ермекова

Сұраулы сөйлемнің прагматикалық сипаты

         Сөйлем айтылуына қарай хабарлы, лепті, сұраулы, бұйрықты болып бөлінетіндігі белгілі. Әсіресе осы сөйлемдердің ішінде жасалуы, қызметі жағынан ерекше түрі сұраулы сөйлемдер.

Қазақ тіл білімінде сұраулы сөйлемдер туралы А.Байтұрсынов, Х.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Р.Әміров, Ә.Төлеуов т.б. ғалымдар еңбектерінен біршама мағлұматтар ала аламыз.

         Ахмет  Байтұрсыновтың пікірінше: «Сұраулы сөйлем дегеніміз жауап сұрағанда айтылатын сөйлем болып табылады. Сұраулы сөйлемдердің соңынан сұрау белгісі қойылады (?): Сен тамақ ішесің бе?»...

Осыдан бастап, 1930 жылдардан бермен қарай сұраулы сөйлем және тыныс белгілері, интонация және оларды оқыту әдістері жеке мақалалардың, әдістемелік оқу құралдардың зерттеу обьектісі бола бастады.

         Профессор Қ.Жұбанов сұраулы сөйлем туралы былай дейді: «Сұрау есімдік, сұрау қосалқыларды қосып айтсақ та, қоспасақ та бәрі-бір сұрай сөйленсе, сөз сөзбен айтылмақ. Осы сазбен сөйленген сөйлем сұрау сазды атанады. Жазуда мұның соңынан сұрау белгісін қоямыз. Сөйтіп дауыс сазы деген – қосалқы, қосымша қосып білдіретініміз сияқты, сөз мағынасының түрленгенін білдіретін амал болып шығады».

                   Жалпы паргматиканың нақты белгіленген шекарасы жоқ, оған сөйлеуші субьект пен адресаттың ара қатынасынан туындайтын мәселелер кіреді. Тілдік бірліктерді прагматикалық тұрғыдан зерттеген ғалымдардың пікірлеріне көз жүгіртсек:

Р.С.Столнейкер: «Прагматика сөйлеу актілері мен олардың жүзеге асу контекстін зерттейді».

И.П.Сусов: «Прагматикалық лингвистика коммуниканттардың сөйлеу әрекетін зерртейді».

Т.В.Булыгина прагматиканы лингвистикалық зерттеудің мәні деп есептейді: «Прагматикалық аспект» тіл білімінен бөлінбейді, оны кейінге қалдыруға немесе жаңа құрамдас бөлік ретінде қосуға болмайды» дейді.

         Прагматика – сөйлесу актісіне тән тілдің сипаты емес. Ол тілдің жалпы коммуникативті қызметімен байланысты аспект. Қолданыс үстіндегі тілдік мән мен мазмұн арасындағы айырмашылықты ажыратуда прагматикалық бағыт негізгі ұстаным бола алады.

Ең негізгісі прагматиканы бағыт ретінде тіл білімінде негіздеумен байланысты болды. Адам тілдік таңбаларды өзара түсінісу үшін ғана емес, қарсы жақ тыңдаушының қызығушылығын оятып, оның реакциясын туғызу үшін де қолданады. Ол дегеніміз хабарды жай жеткізу ғана емес, белгілі бір түрде тыңдаушыны қабылдауға итеретін құралдарды пайдалана отырып, жеткізу көзделді. Сондықтан тілдің прагматикалық аспектісін зерттеу ықпал етуші тіл бірліктерін тілдің әр деңгейінде анықталуын қажет етті.

         Адамның тілді өз ыңғайына қарай пайдалануы тіл құрылысында соған жауап беретін бейімділіктің бар екенін байқатады. Тілдің қарым-қатынас жасау құралы ретінде ықпал етуші қызметті жүзеге асыруы оның ішкі мүмкіндігіне негізделеді: Сондықтан Т.В.Булыгина: «Прагматика – это далеко не аспект лингвистического исследования, это самая его сущность» деп тұжырымдайды.

Сұраулы сөйлемдер қазақ тіл білімінде жан-жақты зерттелген, стильдік қолданысы, түрлері, құрылымы кеңінен қарастырылған мәселеге жатады. Кейде, сұраулы сөйлемге сұрауды, жауап алуды мақсат етеді деген анықтама беріліп, жалпы сұрақ, арнайы сұрақ, альтернатив сұрақ деп мағыналық түрлерге бөледі. Бұлар сұраулы сөйлемдердің негізгі мақсатында қолданылуы болса, жұмсалым үстінде сұраулы сөйлем арқылы өтініш, бұйрық, бағалау да беріліп жатады.  Себебі: шекарасы тереңдеп қарастырылмайды. Біздің пайымдауымызша, сұрақ пен сұраулы сөйлемдердің арасын ашып, сұраулы сөйлемге берілетін анықтаманың мазмұнын кеңейткен дұрыс. Сұраулы сөйлем қолданыспен, қарым-қатынаспен байланысты сөйлеу бірлігі болса, оның жұмсалымдағы түрлерін толық қамтитын анықтаманың болуы қажет.

         Ал альтернативтік сұрақты білдіретін сұрау есімдігі қатысты сұраулы сөйлемдердегі сұрау сазы ашық сұрақ формалы сөйлемдер интонациясынан өзгеше. Өйткені мұндай сөйлемде сұрау мағынасы сұрау есімдігі мен сұраулық шылаулардың үндесуінен туындайтындықтан, көтеріңкі дауыс екпіні сол екеуіне бірдей түседі. Мысалы: Неге, жалғыз кемпірім бар емес пе? (Н.Шакеев). Осы бай атаулының бәрі сараң ба, қалай? (С.Жүнісов).

         Сұрау есімдіктері арқылы жасалған риторикалық сұраулы сөйлемдерге келсек, олардың да өзіндік интонациясымен ерекшеленетіні белгілі А.Нұрмақановтың пікірінше, осындай сөйлемдерде күшті дауыс екпіні сұрау есімдіктеріне түспей, бүкіл сөйлемге жайылады. Әрине, риторикалық сұраулы сөйлемдердің интонациясы сұраулы сөйлемнің айтылуынан бөлек. Біздіңше, бұл сөйлемдер арқылы да белгілі бір дәрежеде сұрақ қойылатындықтан, сұраулы сөйлемдегідей болмаса да, сұрау есімдіктеріне көтеріңкі дауыс екпіні түсетін сияқты. Мысалы: Әйелсіз үйдің берекесін алмай орнықты біреуді кіргізе қоюға даяр тұрған кім бар?! (С.Жүнісов). Қолдан келер шара қайсы? (К.Аманов).

         Ғалым З.Ерназарованың пікіріне сүйенетін болсақ «жұмсалымда сөйлем мақсаты мен сөйлеуші мақсаты үнемі бір-бірімен сәйкес келе бермейді дейді.

Сұраулы сөйлемдер арқылы жағымсыз бағалаудың берілуі прагматикалық мақсатты, ашып айтсақ, тыңдаушыға ой тастап, түрткі болып, қажетті бағытта қорытынды жасауға итеріп, сөйлемнің ықпал күшін арттырады. Ту, сол да  қиын ба? Бағалау модальдігі басым сипатта көрінетін, сұраулы сөйлем құрылымын сақтаған мұндай сөйлем түрлері прагматикалық мақсатта қолданылады. Оларда сұраулы сөйлем құрылымы ғана сақталған, ал негізгі сұрау мақсаты жойылған.

Мына  сұраулы сөйлемдер сөйлесу жағдаятына қарай іс-әрекетті тоқтату, тыйым салу немесе бір әрекетке түрткі болуды мақсат етуі мүмкін: осылай жүре береміз бе?  «бер» етістігі сұраулық шылаумен тіркесіп негізгі етістікке шектеу мағынасын үстейді. Жалпы сұраулы сөйлемнің мақсаты хабар алу болса, жанама сөйлесу актісінде ол хабарды алуды емес, сөйлеушінің сөзінде берілген пропозицияны – ойды нақтылау мақсатында жұмсалады. Бұлар негізінен, тыңдаушының келісімін алуды көздейді. Мұндайға мән беріп керек пе?

Нақтылау, тыйым салу, өтіну мақсатында конвенцияланған сұраулы сөйлемдер жұмсалады.

Анау тұрған анаңнан ұялмайсың ба?

Сұраулы сөйлемнің риторикалық қызметі тыңдаушыға ықпал ету үшін қолданылатыны белгілі. Риторикалық сұрау жауапты, хабар алуды көздемейді. Мұндай сөйлемдер қарсылық білдіру, кекету сияқты мақсаттың прагматикалық ықпалын арттарады. Сөйлеушінің қарсылық білдіруден гөрі дәлел, негіздемені келтіре отырып, сұраулы сөйлем түрінде мақсатын жеткізуі сөйлеу актісінің ықпал ету күшін арттырады. Сөйлеушінің өз мақсатын жасырын беруі үшін сұраулы сөйлем құрылымын таңдауы прагматикалық қажеттілікпен байланысты. Өзінің мақсатын, ішкі ниетін ауыртпалықсыз жеткізуді, тыңдаушымен сыпайы қарым-қатынасты сақтауды мақсат етеді. Мысалы: Жер өртеп шыққан аттың несі мұрат? Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар?

 Ал, Алматыда мен де болғам талай рет.

– Ә,ә, солай ма?

– Қой, әй! Рас па?  Сөйттім, сөйдеп пе әй, дәмесін қара, солай де сияқты сөйлесім түрлері алдыңғы сөйлеуші сөзіне баға беру, қорытындылау мақсатында жұмсалса, болса, болар, әрине сөйлесімдері мәртебесін көтереді.

Жалпы мәнді сұраулы сөйлемдердің прагматикалық қызметі, олардың жанама сөйлеу актілерінде жиі қолдануы сөйлеу актілеріне қатысты барлық зерттеуледе айтылады. Олардың прагматикалық қызметі әр түрлі. Сөз бастаудан, сөйлеу әрекетіне түрткі болудан бастап, өтініш білдіру, қарсылық білдіру, мақұлдау және т.б. қызметте жұмсалады. Не дейді? шын айтасың ба? не біледі? Сұраулы сөйлемдері алдында айтылған сөздерге қатысты реакцияны білдіреді.

Қолдаушы сөйлесімдер тыңдаушының мақұлдауын, қызығушылығын, нақтылауын, сөйлеу кезегін өзіне алуын, беретін бағасын жеткізуі мүмкін.

Жанама сөйлеудің классикалық үлгісі – «қантты беріп жібере алмайсыз ба?» сөйлесімі. Сұраулы сөйлем түрінде сөйлесімнің негізгі ықпал ету күшімен қабаттаса қосалқы, тыңдаушы түсінуге, ажыратуға тиіс ықпал ету күші беріледі.

Қорытындылай келсек, қазақ халқы – сөйлеуге, сөз арқылы ықпал етуге, мақсатына жетуге ерекше көңіл бөлген, сөйлеу өнерін жоғары бағалаған халық.

Қазақ тіл білімінде прагматикалық бағыттың дамуы кездейсоқ емес. Прагматиканың ең басты үлесі сөйлеумен байланысты зерттеу назарынан тыс қалған немесе қалыпты ережелерге көнбейтін тілдік көрсеткіштерді жинақтап, оларға ғылыми негіздеме беруінен көрінеді. Сөйлеуші өз мақсатына жету үшін белгілі бір стиль түрін таңдайды. Ол коммуникацияда прагматикалық салмаққа ие болады. Сұраулы сөйлемдер арқылы бағалау, сендіру, қарсылық білдіру, бұйыру сияқты сөйлесу мақсатының бірнеше түрлері біріліп отырады. Яғни, сұрау-шақыру, сұрақ-ұсыныс, сұрақ-кешірім, сұрақ-өтініш мақсаттары берілетінін есте сақтағанымыз жөн.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.А.Байтұрсынұлы «Тіл тағлымы» 1992 ж.

2. З.Ш.Ерназарова «Қазақ сөйлеу тілі синтаксис бірліктерінің прагматикалық негіздері» 2002 ж.

3.Ш.Қ.Джусакенова «Қазақ тіліндегі сұаулы сөйлемнің табиғаты мен стильдік ерекшеліктері» диссертация 1994 ж.

4.Е.Б.Тяжина «Одағай сөздердің прагматикалық қолданысы» диссертация 2006 ж.

5.Д.Әлкебаева «Қазақ тілінің прагмастилистикасы» 2007 ж.

6.Б.А.Омарова «Сұрау есімдіктері, оның грамматикалық ерекшеліктері» 2000 ж.

7.Қазақ грамматикасы 2003 ж.

8. Ф.Жақсыбаева «Газет мәтінінің прагматикалық функциясы» 2002 ж.