Секей Ж., филология ғылымдарының кандидаты

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті

Әдеби шығармадағы характер мен жағдай ара қатынасының теориялық аспектілері

 

Қоғамдық құрылымдардың жиі өзгеруінің сөз өнеріне қатысы ең алдымен жағдай мен адам образынан көрінеді. Қоғамда орын алған әртүрлі оқиғалардың тарихи себептері мен әсерін, олардың көркем әдебиетте қандай дәрежеде бейнеленгенін типологиялық жағынан анықтаудың әдебиеттану ғылымы үшін мәні зор.  Жеке тұлғаның өміріне әртүрлі объективті, субъективті түрде әсер ететін жағдайларды ғылыми тұрғыдан зерттеу олардың әлеуметтік, этикалық құндылығын, эстетикалық мағынасын айқындайды.

Көркем шығармада  қаламгер бірде характерді белгілі бір қалыпқа салуға тырысса, бірде оның жиынтық (типтік) белгілерін алға шығарып, оның ойшылдық, сезімталдық, интуитивтік,  рационалдық қасиеттеріне жетекші мән бергенін байқауға болады. «Мінез – адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы» [1, 67 б.] деген пікір де мінездің қоғаммен, ортамен байланысына баса назар аудару қажеттігінен туындаса керек. «Характер бейнелеу құралы емес, бірақ сол бейнелеу әдеби образдың бір қыры, әдеби мінез қашанда шындық өмірге, нақты тұлғаға қарағанда адамның сапалық өзгерістерін көркемдік дәрежеде шынайы бере алады» [2, 75 б.] деген үстеме пікір туынды авторы көзқарасының ұстанымдарын айрықша қуаттайды.

Әдебиеттану ғылымында бір кезде «типтік жағдайдағы типтік характер» деген түсінік қалыптасқаны белгілі. Онда кейіпкердің характері оның ішкі рухани әлемі, өзіне тән белгілерінің бірлігі, әр түрлі жағдайдағы адамның мінез-құлқының жетекші типі деп бағаланған. Жалпы «жағдай» әдебиеттануда көркемдік-эстетикалық ерекшелігі өте күрделі әдеби категория қатарынан орын алады. Ол көркем шығармада автордың,  қоғамның, заман мен ортаның мақсат-мүддесі мен талап-тілегі бойынша қалыптасатын болғандықтан, сол қоғамдық-әлеуметтік кезеңге тән көріністерді бейнелейді. Жағдай ұғымының астарына қоғамдық жағдай, әлеуметтік жағдай, психологиялық жағдай, тұрмыстық, тарихи, философиялық жағдай деген ұғымдар кірігіп  кеткен. «Жағдай  дегеніміз – адамның сезімдері, ойы, іс-әрекетімен бірге өзі өмір сүріп отырған ортаның барлық саяси, экономикалық, экологиялық сипаттарын өз бойына сіңірген тарихи ортасы» [3, 32 б.] деген пікірдің кемшін тұстары да көзге ойпырымдап көрінеді.  

Характер мен жағдайдың ара қатынасын гармониялық түрде бейнелеу мәселесі күн тәртібіне бүгін ғана қойылып отырған жоқ. Өмір материалын, ортаны, жағдайды білу керектігін М. Әуезов ертеде арнайы атап көрсеткен: «Өзің таңдап алған материалды сүю ғана емес, барлық шетін, нәзік жайларына дейін түгелімен қиялдап та іштен кеміру шарт. Таңдап алған ортасын және тиісті байланысты жайларын сүйіп сезінген көңілге ғана шыншыл, терең,  сенімді суреттер сай келеді» [4, 96 б.]. «Адам мінездерін жағдай жасайды»  [5, 68 б.] деген пікірмен «характердің жетілу үдерісін, өсу бағытын белгілейтін  жағдай» [6, 89 б.] деген көзқарас үндес. Сонымен қатар  «характер мен оның даму логикасын анықтайтын нақты тарихи сәт сол мінездің ашылуына қатысы бар жағдайды да анықтайды. Демек, мінез бен жағдай  байланысы көркем шығармадағы шындықты танудың, игерудің нәтижесі» [7, 56 б.] деген ой құнды.

Адамды іс-әрекетке бастайтын идеяға тікелей қатысы бар жағдай характерге өзінше талап қояды, сол арқылы кейіпкердің әлі ашыла қоймаған, жасырын сырларын ашуға көмектеседі. Шығармадағы қаһарманның мінез-құлқын кеңінен көрсетуде жағдаймен қатар авторлық идея, тақырып, сюжет, сәт (ситуация), коллизия, перипетия сияқты ұғымдардың қызметі ерекше.

Кейбір көркем шығармаларда кейіпкер алдында тұрған кедергілерді аттап өте отырып, қай жағдайда болмасын өз мақсатына жетуге талпыныстар жасалды. Назар аударатын басты мәселе –характердің өзі жаңа сәт пен жағдайдың тууы мен қалыптасуына белсенді түрде кірісуі. Жағдай мен характердің прозалық мәтіндегі байланысының мұндай типін теориялық еңбектерде «қалыптастырушы» деп атау қалыптасқан. Мұндай атауда шарттылық та бар, бірақ жағдайдың мінезді қалыптастыратын, өзгертетін әлеуетін Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романынан  кездестіреміз.

Адам өмірінде түрлі қиындықтар, алмағайып кедергілер болатынына «жазмыштан озмыш жоқ» деген нақылдың да маңызына ыңғайлас кездер барына қарсы дау айтатындар табыла қоймас. Тірі жанның бұларды аттап өтуге, жоюға, қарсыласуға, олардың әсерін кемітуге қам-қаракет қылатыны бар. Мұндайда іс-әрекет, қимыл сипаты әр түрлі болатыны тағы түсінікті. Әңгіме-повестерде авторлар кейіпкерлерін осындай бөгеттердің ар жағында қалдыруы жиі кездесіп отырады. Қоғамдық, әлеуметтік, тұрмыстық жағдай тудырған кедергі-қиыншылықтарды оңайлықпен жеңе алмасын білген образ – персонаж енді орныққан жағдайды адамгершілік ұғымдар тұрғысынан талдап-таразылауға кіріседі, яғни жазушының жағдай мен мінездің байланысының «бағыттаушы» типі арқылы характердің рухани-мәдени болмысын ашып көрсету мүмкіндігі бар. Оған қоса көркем бейненің гуманистік көзқарастарын, өмірдің мәні туралы толғамдарын анықтауға амал мол, себебі аға ұрпақтар тәжірибесіне, бабалар тағылымына жиі жүгіну де мәселеге басқаша сипат беретінін авторлар үнемі есте ұстауға тырысады. Мұндайда моралдық құндылықтар, адамгершіліктің бағалы ұғымдары,  бабалар мұрасы характер үшін жағдайды танып-білудің, бағалаудың басты қағидаларына айналады. Ол адам өз айналасы, ортасы, заманы туралы терең толғаныстарға іштей даяр, бірте-бірте ол белсенділікке ауысады, ақырында ол болмысты жаңғыртуға, өмірді өзгертуге іштей-сырттай тырыса бастайды. Демек, жағдай мен мінездің арасындағы байланыстың бұл типінде жағдай шығармада адамгершілік-моральдық катализатор рөлін атқарады, яғни характерге екпін мен қуат дарытады, оның іс-әрекетіне үдеу береді. Нәтижесінде көркем бейне екі қарама-қайшы сапада көрінеді: жасампаз немесе қиратушы, ар-иман иесі немесе  ұяттан безген пенде. Мұндай байланыс типі  М. Әуезовтың «Қасеннің құбылыстарында», Б. Майлиннің «Арыстанбайдың Мұқышында», О. Бөкеевтің «Қар қызы», «Сайтан көпір», Д.Исабековтің «Гауһартас», шығармаларында айқын көрінеді.

Адамның болмысын жан-жақты тануға деген ұмтылыс кейіпкерлерді бейнелеудің жаңа формаларына жетеледі. Шиеленісті тартыстар молайды, оларда мәңгілік рухани байлықтар мен сол кезеңдегі адам санасындағы, тұрмысындағы негативтік сәттер арасындағы қарама-қайшылық суреттелді.

Жағдай мен характердің байланысының «айқындаушы» типінің негізінде кейіпкер мінезінің ішкі тұтастығының сипатына ерекше маңыз беріледі де, бұл орайда өмір тәжірибесінің қорытындысында адамгершілік бірінші қатарға қойылады, ұрпақтар арасындағы рухани үндестікке ерекше мән беріледі. Барлық жағдайлар адамның рухани болмысын тексеріп, талдауға, бағалауға жұмылдырылады, яғни жағдай мен характер бір-бірін жан-жақты айқындауға қызмет етеді.

Қорыта айтқанда, характер мен жағдайдың арасындағы айқындаушы-бағыттаушы-қалыптастырушы байланыстар көркем тұлғаның көкжиегін кеңейтуге, дүниетанымын тереңдетуге деген ұмтылысымен ерекшеленеді.

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

1 Қабдолов З.Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 351 б.

2 Бочарев С. Г. Характеры и обстоятельства // Теория литературы,основные проблемы в историческом освещении. Образ, метод, характер. – М: Наука, 1962. – 368 с.

3 Иезуитов А. Н. Проблема характера в эстетике и литературе. – М. -Л.: Изд. Ан. СССР, 1962. – 318 с.

4 Әуезов М. ХХ томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы,
1985. – 18 т. – 449 б.

5 Ғабдуллин Н. Уақыт сыры. – Алматы: Жазушы, 1978. – 224 б.

6 Бердібаев Р. Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері // Әдебиет және искусство. – 1956. –№12

7 Драгомирецкая Н. Характер в художественной литературе // Проблема характера в современной советской литературе. – М.:  Изд. АН.СССР, 1958. – 353 с.